№12 Желтоқсан, 2021
Кез-келген дәстүрлі діннің адамзат тарихында алатын айрықша орны бар. Тарихта діни санадан жұрдай халық болған емес. Дегенмен, дінге деген халықтың көзқарасы заманына қарай әртүрлі болып қалыптасады. Сол үшін алдымен дінге деген қып адамның рухани қажеттілігінен туындайды.
Қазақ халқы үшін, әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері мұндай рухани қажеттіліктің орны ерекше байқалды. Бұл жайт дербестігімізге қол жеткізіп имандылыққа бет бұрған қазақ халқының айы оңынан туып, рухани бесігі қайта түзелгендігінен көрініс тапты.
Ортағасырлық қойнаулардан бастау алған қазақ тарихында халықтың діни татулығы пен ынтымағы мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Кез-келген қоғамның руханияты мен құндылықтарының дамуына діннің ықпалы зор екенін ескерсек, мемлекетімізбіжәне ұлтаралық келісімнің тұрақты нығаюына әрдайым сүбелі үлес қосып келеді. Мұндай қоғам тұтастығы өз кезегінде әрбір зайырлы мемлекетте еркін қызмет атқаратын дәстүрлі діндердің баға жетпес құндылығы саналады
Соңғы жылдары елдің руханиятына оңтайлы өзгеріс әкелген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қоғамға дер кезінде ұсынылды. Аталмыш бастама бүгінде қазақ үшін бағдаршам іспетті ұлттық салт-сананы, дүниетаным мен руханиятты жаңғыртатын негізгі қозғаушы күшке айналды.
Осыған байланысты қазір елімізде руханияттың жаңғыруына
айтарлықтай үлес қосып келе жатқан дəстүрлі діндер бар. Олар ислам, христиан жəне иудей діні. Аталмыш діндер бүкіл әлем бойынша адами құндылықтарды, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен татулықты дамытуда ерекше рөлге ие.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы өзін зайырлы мемлекет ретінде бекіткені белгілі. Мемлекет тұрақты түрде қоғамдағы келісім мен ынтымақты сақтауға және оны дамытуға бағытталған дін саласында сындарлы саясат жүргізіп, осыған қатысты көптеген бағдарламалар қабылдады. Олардың жүзеге асуына елдегі түрлі діни бірлестіктердің өкілдері атсалысып келеді. Себебі, қазір әлемде орын алып жатқан көптеген ұлтаралық және дінаралық келеңсіздіктер барша адамзатты алаңдатып отыр. Осыған орай, Қазақстан билігі конфессияаралық бейбітшілік пен қоғамдағы келісім жұмыстарына әрдайым басымдық беріп келеді.
Бүгінде Қазақстан əлемге тек табиғи ресурстарға бай ел ретінде ғана емес, сондай-ақ бейбітсүйгіш әрі конфессияаралық ұстанымын айқындаған, діни-рухани ізгілікті дәріптеуші қоғам ретінде де танылды. Әрине, бұған басты себеп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Әлемдік жəне дəстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін айтуға болады. Аталмыш іс-шара әлемге дінаралық қатынастағы қазақстандық моделді паш етіп, әлемдегі діни мәселелер мен қақтығыстарды өркениетті түрде реттеудегі сындарлы рөлін көрсетуде.
2003 жылдан бері ұдайы ұйымдастырылып келе жатқан Съез маңызды заманауи дінаралық сұхбаттың алаңына айналды жəне онда дін басылары көптеген жаһандық маңызы бар мəселелерді шешіп келеді.
Әрдайым халықтың игілігі үшін аянбай еңбек ететін Н. Назарбаев ең алдымен қоғамның тыныштығына ден қойып келді. Бұған 2014 жылғы халыққа жолдауында айтқан мына сөзін келтіруге болады: «Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар уақыт сынынан өткен қазақстандық жол тәжірибесі. Біріншіден, бұл – Қазақстанның Тәуелсіздігі және Астанасы. Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл зайырлы қоғам және жоғары руханият».
30 жыл егемендік елімізде, әсіресе осындай ынтымақтастық пен татулықты дәріптейтін діни құндылық мәселесі қашанда маңызын жоғалтқан емес. Қазақ әркезде дінді ұлттық ұйығудың алғышарттары ретінде қарастыра отырып, онымен бірге ұлттық құндылық пен руханияттың бет қаймағын шайқалтпай тұтастырып ұстанып келеді.
Қазақ мəдениетіндегі мұсылмандық дəстүрді бейнелейтін
жəдігерлер, халық ауыз əдебиетінің мұралары, ақындар мен жыраулардың жырлары, ұлт зиялыларының шығармалары, мешіттер, белгілі кесенелер халқымыздың діни мəдениеттен ажырамағандығын айғақтайды. Яғни, қазақ халқының мəдениеті мен руханияты – ислам өркениетінің ажырамас бөлшегі ретінде қарастырса болады.
Әу баста елімізге ислам күшпен емес, бейбіт жолмен енді. Бұл жайында елде танымал діни басшы болған, ғалым Əбдісаттар Дербісəлі өзінің сөзінде: «Ұлттың ділі оның дінінен айырып алғысыз. Ділді адамның жан дүниесі мен ұлттық шынайы болмысы деп түсінсек, қазақтың жан дүниесі мен табиғатын ата-бабамыздың асыл діні – ислам құрамай ма? Демек, екі діңгек бірінсіз-бірі жоқ деп түсінгені абзал», – деп көрсеткен.
Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде өзінің билік жүйесінде дін істеріне араласпағанымен, сан ғасырдан қалыптасқан бейбітшілік пен бауырмалдықты насихаттайтын діни құндылықтар халық арасында тереңге тамырын жайған еді. Бұл өз кезегінде қазақтың ұлттық болмысы мен діни ұстанымы ертеден сәтті үйлескендігін көрсетеді. Мәселен, халқымызда сүндетке отырғызу, жас жұбайлардың некесін қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан айту, садақа, пітір, бата беру сынды т.б. діни дәстүр-әдептер өзінің өміршеңдігін айқындап келеді.
Атеизм салтанат құрған Кеңес одағы құлағаннан кейін, елімізде рухани дәстүрлер мен діни құндылықтар қайта жаңғырды. Мешіт, шіркеу, мінәжат үйлері сияқты жаңа ғибадатханалар салынды, ескілері қайта жаңартылды. Құрбан айт пен Христиандық Рождество діни мейрамдары демалыс күндері болып жарияланды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен көптеген діни бірлестіктер арасында өзара сенімге негізделген қарым-қатынастар орнады. Осындай дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген құлшыныстың алғашқы серпіні тәуелсіздік алумен тікелей байланысты болды. Бұның барлығы қазақ халқының қашанда өз руханиятын жоғары бағалап, мәдениеті мен тарихын қайта жаңғыртудың нәтижесінде қол жеткізіп отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Әйтседе, әр жетістіктің артында кедергілер мен кемшіліктер де болатыны өмірдің заңдылығы. Әсіресе, қазір руханият құндылығы мен ұлттық мәдениетті зерттеп, оны өскелең ұрпаққа насихаттау ісі аса өзекті болып отыр. Бұл тұрғыда, халықтың рухани дүниетанымдық көзқарасын, ұлттың өзіне тән бітім-болмысын, мәдениетінің рухани негіздерін танып-білу үшін өткен тарихымызға үңілудің қажеттілігі зор. Өйткені, бастан өткен отаршылық кезеңінде қазақ қоғамының рухани қазынасы едәуір әлсіреді. Екінші жағынан, мемлекет діни сенімге еркіндік берілген уақытта, теріс пиғылды жат ағымдар мен миссионерлік қызметтердің соққысына ұшырады. Яғни, елімізде дәстүрлі діни құндылықтарды жаңғыртуға деген табиғи құлшыныс пен оны қоғам өмірінен ысырып тастауға деген жасанды талпыныс қатар жүрді. Осылайша сыртқы күштердің ықпалымен заманауи барлық ақпараттық технологияларды тиімді қолдана отырып, қоғамдағы дәстүрлі құндылықтардың негізгі бейнесін өзгертудің үрдісі жүре бастады. Нәтижесінде, дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан рухани құндылықтарға, ұлт пен дінаралық үйлесімділікке, жалпы ішкі тұрақтылыққа қауіп төнді.
Мұндай керітартпа құбылыстардың алдын алу үшін елімізде республика деңгейінде әр салада түрлі жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтар болсақ, мектептерде болашақ ұрпақтарға діни ақпарат беру үшін «Дінтану негіздері» пәні қосымша пән ретінде енгізілді. ЖОО дінтану кафедралары ашылып, оларға жыл сайын мемлекеттік гранттар бөлінуде.
Сондай-ақ, 2018 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан сырттан келген жат ағымдармен күресу және ұлттық рухани идеологияны дәріптеу үшін Қазақстаның ұлттық діни білім беру мектебін қалыптастыру жобасы ұсынылды. Жобаның мақсаты – қазақ жеріндегі ұлттық діни идеяны жандандыру арқылы дәстүрлі қазақ мұсылман қоғамын қалыптастыру. Бұл бастама елдегі радикалды топтардың көбеюіне байланысты қолға алынып отыр. Бүгінде аталмыш жоба аясында Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс жасап келеді. Бұлардың барлығы халықтың діни білімін арттырып, рухани иммунитетін қалыптастыруды көздейді.
Қазіргі таңда аталмыш бағыттағы жұмыстар оң нәтижесін беруде. Халықтың басым көпшілігінің діни сауаты артты. Қоғамда дінаралық тұрақтылық жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін елде діндер арасында ешқандай кикілжің, жанжал орын алған емес. Керісінше, зайырлы қоғам бола тұра, әр дін еркін қызметін жасап, еліміздің рухани ортақ мақсатын бірігіп атқаруға атсалысып отыр.
Сайып келгенде, елдің рухани санасынан қалыптасқан қоғамдағы осындай діни құндылықты аяқ асты етпес үшін, қаймағы бұзылмаған халықтың ұлттық рухани болмысын сақтап, ұлтаралық және дінаралық татулықты ілгерілету – әр қазақтың азаматтық міндеті. Әсіресе, бұл орайда жастардың атқаратын жұмыстарының орны ерекше. Сондықтан ел болашағына айналған жастарды отансүйгіштікке, діни төзімділікке тәрбиелеу әр отбасынан басталу керек деген ойдамыз.
Ежелден бері қалыптастан дін, діл және тіл қазақ халқының мәдени, рухани тұтастығы мен ұлттық бірегейлігі әрбір адамның ой-санасында және жан-дүниесінде, болмысында, елдің құндылығы ретінде орын алуы керек. Өйткені, қазіргі көптеген құбылысқа қарсы тұрған жаһандану кезінде өзінің елдігіне, рухани құндылығына, дәстүріне иелік еткен мемлекет қана жаһандандық керітартпа үдеріске тойтарыс бере алатыны анық. Мұндай құндылықтар өз кезегінде қоғамда 30 жыл бойы қайта жаңғырып үлгерді және ендігі мақсат, соны өскелең ұрпаққа шайқалтпай жеткізу болып табылады.