№9 Қыркүйек, 2021
Бұл мәселе, яғни, діни экстремизммен күрес мәселесі ең алдымен ел тыныштығы мәселесі. Ол – сондықтан да баршамызға ортақ іс. Ашығын айтсақ, қазіргі замандағы ең бір қасіретті құбылыстардың бірі діни экстремизм десек, оған қарсы күресу тек діни басқарманың, әр облыс, аудан әкімшіліктеріндегі дін істері жөніндегі мекемелердің ғана міндеті деуге болмайды. Өйткені, бір елдің немесе бір ұлттың тұтынып отырған, мектепте заң жүзінде тіркелген басты діні қашанда халықты ауызбіршілікке, ынтымаққа, бірлікке уағыздап отырады. Ал егер кенеттен немесе жасырын түрде сол діннің ізгі қызметтерін теріс бағытқа, әлдекімдердің немесе кейбір шетелдік құпия ұйетталған діни экстремистік топтар пайда болса, бұл қоғамға, мемлекетке зор зиянын тигізетінін тарих дәлелдеп те келеді.
Тарих демекші, кешегі Кеңес заманында дінге қарсылық әрдайым күн тәртібінде болып, қашанда өз күшінде болды. Яғни, діни экстремизм тұрмақ діннің өзі де мойындалған жоқ, ол мемлекеттен аулақ болды. Солай бола тұра, дінді мойындамайтын адамдар, яғни, атеистер өз алдына, діндарлар өз алдына ғұмыр кешіп жатты. Экстремистік бүлдіргі әрекет, қудалаушылық деген болған жоқ. Бұл әрекеттер еліміз тәуелсіздік алып, әркім өзі қалаған дінін тұтынуына ерік берілгеннен, яғни, дін бостандығы хақында заң қабылданғаннан кейін кейбір, әсіресе, шетелдік жасырын ұйымдар арқылы қолданыла бастады. Олар әсіресе, Қазақстандағы мұсылман халықтары арасына діни іріткі салудың алуан түрлі әдістерін қолдануда. Бұл үшін түрлі әлеуметтік желілер, тәуелсіз деп аталатын жымысқы пікірлі басылымдар қолданылады. Мысалы, бұған шейін қазақ халқы өз елінде дінді ұстанбайтындары ұстанбай, ұстанатындары бір ғана ислам дінін ұстанып мамыражай күн кешіп келді. Соңғы жылдары қазақты енді сол ислам дініне қарсы үгіттейтін тенгриан, шаманизм дегендер қаулап кетті. Ұтыры келгенде айта кетейік, қазір әлем халқы тұтынатын әлемдік діндердің ешқайсысы бірін-бірі жамандап, біріне-бірі күйе жақпайды. Мысалы Інжілде де, Құранда да сенің дінің – өзіңе, менің дінім – өзіме деген қағидат бар. Ал елімізге сырттан келіп жатқан әлгіндей ағымдар өз үгіт-насихаттарын әуелі Құ, сосын араб, еврей ұлттарын ғайбаттайтын небір лас сөздерден бастайды. Бұларды шетелдік құпия ұйымдар айдап салып отырғаны олардың сөз арасында келтірген тіпті, орынсыз, жала сілтемелерінен-ақ көрініп тұрады.
Иә, дін деген ауыр жол, бірақ дұрыс ұстансаң тәуір жол деген екен бір ғұлама. Сол айтқандай, егер ел тыныштығын, бір ұлттың ауызбіршілігін бұзып, мүлде басқа жолға салып жіберу үшін сол елдің дініне іріткі салу арамза пиғылды адамдардың ертеден қолданып келе жатқан тәсілінің бірі. Мысалы, күні кешегі Ыбырай Алтынсаринсаринмен замандас, орыс ағартушы миссионері Н.Ильминскийдің айтқанын алып қараңыз. Егер Ыбырай Алтынсарин атамыз:
Бір Аллаға сиынып,
Кел, балалар, оқылық
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық,- десе, Ильминский:
«Қазақтарды әуелі олар тұтынып жүрген ислам дінінен айыру керек. Ол үшін оларға сендердің ата-бабаларың мұсылман болмаған, олар көк тәңірі дегенге табынған, сондықтан ислам дінін ұстануды тоқтатыңдар деп үйрету керек. Сонда оларды христиан дініне кіргізу тезірек және оңайырақ» болады деген. Сол дәуірде Ресей патшалығы Сібір мен Алтай аймағының халықтарының біразын осы әдіспен христиан қылды. Қазір олардың бәрі дерлік дінін де, тілін де ұмытқан. Немесе қос тілді. Осындайда ғұлама шайыр Әбубәкір Кердерінің «Діні екеудің – тілі екеу» дегені еске түседі екен.
Біз бұл жерде елімізде пәлен деген экстремистік топ бар, оларды қырып жою керек деп отырған жоқпыз. Бірақ елімізде сонау ҮІІІ ғасырдан, патша заманынан, одан кейінгі Кеңес заманынан бермен осында тұратын қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, башқұрт, әзірбайжан, қарашай сияқты түркітілді, түркітекті халықтар бір-бірімен тату-тәтті қатар өмір сүріп ұстанып келе жатқан ислам діні туралы ешқандай негізсіз де дөрекі ғайбат сөз айтатын топтар әр жерден қылаң беріп жүргені рас. Халқымыз «Аурудың алдын ал» дейді. Сондықтан, қайталап айтар болсақ, біздің заманымыздың ең сорақы кеселдерінің бірі болып отырған діни экстремизммен күрес тек құзырлы орындардың ғана емес, баршаның, оның ішінде қолына қалам ұстаған қауымның да игі ісі болуы керек.