№5 (177) Мамыр
Бүгінгі жаһанда діни-саяси ахуал әр тарапқа шашырап, өзекті мәселеге айналғаны мәлім. Таяу Шығысқа көз салсақ, діни экстремистік топтар мемлекет ішіне іріткі салып, соңы жазықсыз қан төгіске ұласып отыр. Елімізде қазір жат ағымдармен күрес сан түрлі жолдармен жүзеге асырылуда. Діни экстремизмге қарсы күрес мекемелері жыл сайын өз тәсілдерін жақсартып, заман ағымына орай өзгерткенімен, теріс идеядағы азаматтардың саналарына интернет құралдарының ықпалы азаймай отыр. Оңалту және түсіндірмелі жұмыстары жанданғанымен, нәтиженің отаншылдық және ұлттық мүддеге пайдалығында болып отыр. Елдегі діни экстремизммен күресте шет елдік теріс ағым жолындағы ұстаздың діни түсінігіне, өзге шет елдегі басқа бір ұстаздың түсінігімен жауап беру орын алған. Бұл түптеп келгенде ұлттық мүддені түгендемейді. Бұл радикалды ағымдармен күрестегі мамандардың да рухани жаңғыруы қажеттігін туындатады.
Бұл жат ағымдарға қарсы тұрудың бірден-бір жолы ұлттық санамызды нығайту. Халықтың ұлттық болмысы мен ғылымға деген махаббатын оятып, азаматтарымыздың рухын көтеру – таптырмас құрал. Ғылым-білімі жетілген халық өзінің түп санасы мен ежелгі ойлау кеңістігіне қайтып оралары хақ. Біз әлі де Исламның сыртқы қалыптан гөрі ішкі мәнге түскенін түсінбей келеміз. Шәкәрімше айтқанда: тазақтың жаңғыруының түпнегізінің бірі осында жатыр. Яғни, ішкі рухани күш пен ішкі мән. Яғни Абайша айтсақ:
Қайғы келсе қарсы тұр құлай берме,
Қызық келсе қызықпа оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл тастай көрме.
Жүректің түбіне сүңгу арқылы асыл дініміздің тұнығын таба білетініміз айқын. Ұлтымыздың рухани қаймақтары саналған Қожа-Ахмет Яссауи, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Шәкірім Құдайбердіұлы сынды ақындарымыз ислам дінін ұлттық өрнекпен ұштастырып, қазаққа жақсы сіңіре білді. Адаспай тура жолды іздеген ғалымдарымыз бен жазушыларымыз да бұл жолда орасан зор еңбек атқарды. Қалай десек те, жас ұрпақтың санасында ата-бабаларынан сіңген ұлттық жады бар. Біз мұны қозғай білуіміз қажет. Бүгінгі ел арасына ылаң салып бүлдірген жат идеологиялардың негізі сырттан таңылғандықтан, оған қарсы күш ұлттық болмыс екенін ұғамыз.
Теріс ағым жолындағы азаматтарға тарихи сананы алға тарта отырып, данышпан Абай айтқан «жүрек ілімін» дұрыс қолдана білуіміз қажет. Батыс философтарының айтуы бойынша Батыс пен Шығыс өркениеттер қақтығысын жүрек ілімі (бір құдіреттің бар екеніне бас ұра отырып, адам баласын сүюге бағытталған ұстаным) ғана жұмсарта алады.
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі дертті қашырса,
Адамның хикмет кеудесі (Абай)
Міне, жүректің көзін ашуға бағытталған ғылымдар ұлттың ұлы мұрасын түйсініп, бабалар салған сара жолмен жүруге үндемек. Ата-бабаларымыз ақылмен ұғып, жүрекпен иман келтіргені олардан қалған хаттардан белгілі. Ел бірлігі мен тұтастығын, алауыздықсыз сақтай білген хандарымыз да иманның кәусар суымен суарылған. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзіңде: «Қазақ даласында ислам дінін орнықтырғандардың бірі – данышпан бабамыз Ахмет Яссауи осы жағдайларды ескере отырып, түркі жұртындағы ислам дәстүрлерін қалыптастырды. Осы дәстүрмен, мінеки, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өздерінің ұлттық сана-сезімдерін қалыптастырып келеді» деген болатын. Шынында Яссауи мұрасы Түркі жұртына Ислам өркениетін жайып, сопылықты насихат етті. Түрік ғалымы, профессор Исмайыл Жақұттың: «Қожа Ахмет Ясауи болмағанда, бүгінгі түркілердің нендей дінге ие болып, қандай сопылық жолдың ізбасары болатындығын елестетудің өзі қиын», – деп жазғаны мәлім.
Қазақ халқының шешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздеріне көз жүгіртсек, дәстүрлі исламның қазығын табамыз.
«Сыр сүлейлері» деп аталатын сыр бойы ақын-жырауларының бірі болған Қарасақал Ерімбет:
Әуелі сұра, тілім медет Хақтан,
Талайлар медет тілеп жәрдем тапқан.
Сен кімге Хақтан өзге сиынасың,
Халық еткен бұл әлемді бар мен жоқтан, –деп жырлаған болатын.
Қорыта айтқанда, жат ағымдарға қарсы тұрар күш – ұлттық сана. Ұлттық санасы бекіген халық оптіні талассыз ақиқат.
Тортай Бекет