«Атқан оқтай, шапқан аттай дәурен-ай!» — десеңші. Кеше Қарағандыдан ақын, ғалым балдызым Қойлыбай Асанов телефон соғып, амандықты білген соң: – «Секе, Алла амандығын берсе биыл күзде ініңіз әрі сахналас әріптесіңіз, ауылдас бауырыңыз Жақсыгелді Кемалов 60-қа толады, cоған айтар тілегіңіз болса маған хабарласарсыз, — деді. Ойыма 1985 жылдың көктемі, сол кездегі ару астанамыз Алматы қаласы Республикалық шығармашылық жастардың «Жігер-85» фестивалі түсті.
Мен Целиноград инженерлік-құрылыс институтында дипломдық 3 айлық дайындыққа келген бетім едадсен бүгінгі «Лениншіл жасты» оқыдың ба? Алматыда сәуір айының аяғында республикалық байқау өтеді екен ішінде домбырамен дәстүрлі ән орындау номинациясы бар, паны қоя салды. Жүгіріп «Халық шығармашылығы» үйіне бардым. Қалалық іріктеу өтіп кетіпті, номинациялар толық, сізді қабылдай алмаймыз деп сұлу-сыпайы шығарып салды. Ал, менің есіл-дертім Алматыға барып әншілік бағымды сынау. Қайтадан Ескермеске телефон шалдым. Қашан да асып-сасуды білмейтін Есағам: — «Әй, Серік, сен несіне абыржисың?! ЦК ВЛКСМ-да идеология бөлімін ағаң Назымбек Боқаев, ауылшаруашылық бөлімін Батырхан Жанатов басқарады соларға бар, далаға тастамас»,- деді. Енді тыпыршып үйге сыйсамшы. Ертесіне самолетпен Алматыға таң қылаң бере жеттім. Назымбек ағам мені тыңдап болып, селектормен бір қызметкерді шақырып, конкурсанттар тізіміне қосты, қонақ үйден орын бекітіп, қолыма фестивальдің бағдарламасы мен шақыруын ұстатып: – «Болды, Целиноград инженерлік-құрылыс институтының студенті болып қатысасың, енді қалғанын өз бағыңнан көр!»,- деп арқамнан қағып, шығарып салды. Дәстүрлі әншілер жиналатын ұйғыр-корей театрына келсем көрермендер залында қаптаған адам, айырып болмайды ішінде Мәдина Ералиева мен жас әнші Сәуле Жанпейісова құдашамыз жүр. Бір кезде оң жақ қапталдан: — «Әй, Секіш, біз мұндамыз»,- деген дауысқа жалт қарасам Ғалым ағам ыржиып тұр, жанында Жақан інім, ой қуанғаным-ай. Сол кезде «Ленинская смена» газетінің жауапты хатшысы, кәсіби журналист МГУ түлегі Бақтыбай Жұмаділдин ағамыз келе қалып, бізді көріп, жанында фотографы бар екен үшеуімізді суретке түсіріп алды. Комиссия төрағасы Жәнібек Кәрменов екен, келіп жеребе тарттырып Ғалекең — 16, мен -18, Жақан — 20 номермен шығатын болғанымызды сәттілікке жорыдық. Бақтыбай аға: – «Сендер мейманхананы ұмытыңдар, мен таяуда қызметтен 2 бөлмелі жаңа пәтер алғанмын, біздің үйде боласыңдар, болды сонда дайындаласыңдар»,- деп үйіне ала жөнелді. Бағымызға қарай Сапура жеңгеміз де иманжүзді адам екен, жаны қалмай 3 күн бойы құрақ ұшты. Мұның еркін ақылдасып, репертуар таңдауымызға өте үлкен пайдасы тиді. Бәріміздің «Екі жиренді» айтқымыз келеді. Әңгімеге Бахаң араласып: «Сендер бір әнді қайталап бір-біріңе конкурент болмаңдар, әр түрлі ән орындаңдар»,- деді. Сонымен «Екі жирен» Ғалекеңе, маған «Ғайни», Жақанға «Қызыл асық» бұйырды. Ертеңіне ән додасы басталып кетті. Әр әншінің бағын ашатын бойтұмарындай әндері болады ғой. Құдайлығын айтсам дәл сол уақытта Қайрат ағадан кейін «Қызыл асық» пен «Айбозымды» жетесіне жеткізіп орындайтын біздің Жақан ғана болатын. Оның дәлелі «Қызыл асықты» шымкенттік Құрманғазы деген жас әнші 17- номерде Жақанның алдында ғана сәтті орындап шыққан еді. Жақан домбыраны безектетіп алды да «Оу, илал-ла, илал-ла» — деп кіріспесін бастағаннан көрермендер ду етіп көтеріп әкетті. Міне, әншінің құдіреті, кәсіби шеберлігі, табиғи таланты осында жатса керек. Ал, Құрманғазы әнші болса сол турдан құлап кетті.
Үш күнге созылған ән додасына қатысқан 48 әншіден: Мәдина Ералиева, Ғалым Мұхамедин, Серік Оспанов, Жақсыгелді Кемалов, Сәуле Жанпейісова, Дүйсенбек Өміралиев Лауреат атандық. Бұл кезде Қайрат ағамыз гастролде екен конкурс біткен күні келіп, қуанышты хабарды естіп, бізді үйіне шақырды. Мол қолды Рәш жеңгеміздің дастарханынан сары майдай сақталған соғымның дәмін татып, — «Әй, айды бір аспаннан шығардыңдар!»,- деп қуанған Қайрат ағамыздың ақ батасын алдық. Конкурс біткен күннің ертеңіне Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде жолығып, Жәнібек аға үшеуімізге біраз ақыл-кеңес айтты. Сол жерді бірінші рет Жәкеңнен арқа сал-серілерінің атасы Сегіз сері деген бабамыз болғанын, ол Омбының Азия мектебінің түлегі, қазақ даласын жайлаған ұлт-азаттық көтерілісін жазалаушы отрядқа қосылуға қарсылық білдіргені үшін Батыс Сібір губернаторынан қуғын көріп, небары 37 жасында қайтыс болғанын айтты. Бұдан басқа халық әні санатында жүрген «Ғайни», «Гаухартас», «Алқоңыр», «Назқоңыр», «Гүлдерайым», «Мақпал», «Қарғаш», «Қарғам-ау», «Елік-ай», «Дайдидау» сияқты әндерінің авторы осы бабамыз болады деп қызығушылығымызды оятты. Осылай мен Сегіз сері бабамыз туралы деректер жинауға кірістім. Сегіз серінің шекпенін тауып музейге өткіздік. 2018 жылы Сегіз серінің 200 жылдығына орай Мұхтар Әуезов атындағы ӘӨИ және Қазақстан Жазушылар одағының рецензияларымен «Сегіз серінің өмірі мен музыкалық мұрасы» атты еңбегім «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Мемлекеттік тапсырысқа өтті. Сол ғылыми-зерттеу еңбек биыл «Балауса» баспасынан жарық көрді. Сүйінші! Осылайша Тұрсынбек, Еркеғали, Кәкімбек, Ақселеу, Жәнібек, ағалардың аманаттары орындалды. Біз үшеуіміз болсақ бұл ән додасында бір ауылдың ұландары Ғалым – Жезқазған, мен — Целиноград, Жақсыгелді – Қарағанды облыстарының намысын абыроймен қорғап, Лауреат атанып елге жеңіспен, мәртебеміз өсіп, қанаттанып оралған едік. Мен туралы «Лениншіл жасқа» Жүнісбек деген журналист «Жолдамасыз келіп жүлде алған» деген мақала жазды. Оған да биыл аттай 35 жыл толыпты. Біз өскен өнер ортасындағы әншілік мектепке тоқталар болсам. Жаңаарқадағы алдыңғы толқын ағаларымыз Игілік Омаров, Оспан Басығарин, Қорабай Есенов, Байзақ Сейілов, Көлмағамбет Нұрмағамбетов, Қайрат Байбосынов, Мыңбай Кемалов, Құдайберген Әйділдин, Жоламан Құлжанбеков, Сағымбай Рахұлы, Аманбай Бейсембаев, Серік Тасубаев, Берік Танауов, Әмзе Аманбеков, Сембі Мұхамединдердің әндерін тыңдап өстік. Олардың әр қайсы өз алдына бір-бір мектеп болатын. Елге гастрольмен келген Жүсіпбек ақсақалдың алдында ән салған Сағымбай ағамызға: — «Айналайын-ау, мұндай өнермен ауылда не ғып жүрсің? Алматыға студияға оқуға кел, шырағым»,- дегенін де естігенбіз.
Біздің ауылында Нұрмыш Ожыханов (Дәнештің манерінде), Қайрат, Жақсыгелді Кемынй Жақыпбеков, Қуантай Әубәкіров, Жаролла Ақышев, Амангелді Сәрсенбаев, Серік Көшкінбаев (Роксанаки) сияқты әншілер болды. Бүгінгі Алашқа есімдері әйгілі Аманжол Әлтай мен Қарақат Әбілдина осы ағаларының әнімен тәрбиеленіп өскен ұрпақтар. Ең кереметі осы ортада әр әншінің өз репертуары бар, бірінің әнін бірі айтпайтын мәрттік болатын. Егер біреу «Қызыл асықты», «Еділ мен Жайықты» сұрар болса, ол Жақанның әні ғой дейтін. Бұл әншілердің өзара бірін-бірі құрметтеу этикасы еді. Үйленіп, отау тігіп Ақтүбек ауылынан орын тептік. Мен совхоздың аға прорабымын, біздің үй мал базынан қайтар жолда ол кезде «Комсомол жастар бригадасы» деген мода шыққан. Ауылда кешке іш пысады. Әйелден айла артылған ба? Келіншегім Назгүл мол қылып тамақ салып, тегене-тегене ыстық бауырсақ, чак-чак пісіріп, сал-серілердің жолын тосады көз байлана айыр, күректерін сүйретіп Жақан сері бастаған Амангелді, Жароллалар үйге соғады. Тамақтанып алған соң шай жасалғанша есік алдындағы сәкіге отырып кезек пе кезек әнді жібереді-ай кеп. Көрші- қолаң Үкей, Ыдырыс әкейлер бастап Есіркеп ағай қостаған ақсақалдар жиналып, тегін концертке тәнті болады, қандай керемет десеңізші. Сол екпінмен ақсақалдармен қоса самауырдың шайына отырамыз. Енді көне көз ақсақалдардың әңгімесіне құлақ түреміз. Кішкентай ғана Ақтүбек ауылында осындай үлгі аларлық керемет үрдіс болатын. Селолық клубта өзінің «халық театры» болды оны Бекболат Шайхин деген сегіз қырлы, бір сырлы тарихшы досым басқарды. Ол кейіннен орта мектепте директор болып музей жасаған азамат. Совхозда өз домбыра оркестрі болатын. Аудандық көркемөнерпаздар байқауынан жүлделі орынды бермейтінбіз. Сол Мәдениет үйінің алғашқы директоры болғанымды әлі күнге мақтан тұтамын. Осы арада совхоздың директоры Күжікенов Баяннан бастап барлық бас мамандары өнерге құштар, әнші азаматтар болғанын айта кетуім керек. Жалпы киелі өнер, тұқым қуалайтын текті құбылыс. Бұл тұрғыдан алғанда «Сейдімбектің әулетіне алланың шарапты түскен шаңырақ»,- дер едім. Олай дейтінім: Сейдімбектің Аманбегінен — Әмзе дүлдүл әнші, Ботай буынсыз домбырашы. Сыланнан тараған Ақселеу шертпе күйдің шебері, композитор, этнограф-ғалым. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болса, Ал, Кемалдан тарайтын Мыңбай сырбаз әнші, Қайрат – әнші, әрі театр-кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Жақсыгелді болса – әнші-ұстаз, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның мәдениет қайраткері. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, Тәттімбет атындағы өнер колледжінде ұстаздық етеді. Сейдімбектің Қасені өнерпаз, ұлағатты ұстаз, балаласы Асылхан да өнерден құр жаяу емес. Барлығының өмірлері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық тұлғалар.
Әңгіме басындағы үшеудің біреуі Ғалым Мұхамедин ағамыз қазір әнші-ұстаз, Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармонияның әншісі, еңбек ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы. Музыка колледжінде ұстаздық етеді. Мен болсам: Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мәдениет саласының үздігі, еңбек ардагері, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматымын. Астанадағы «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде қызмет жасаймын. Осыдан 35 жыл бұрын арқадан Алматыға барып, астананың аспанына әннен түрен салған үшеуіміз де өз бақытымызды өнерден таптық. Соған мың мәрте тәубе етеміз. Ал, 60-қа келген айбоз әнші Жақан бауырыма, бабаларымыз кешкен сал — сері дәуреннің бұрғалаңы мен шырғалаңына мойымай, жаның жабырқамай, осы ақкөңіл, мәрт қалпыңда, тасқа тамыр біткенше таршылық көрмей, мұзға бидай өнгенше мұңшылық көрмей, еліміздің абыз ақсақалы болуды алла тағала нәсіп етсін! Алла өмір мен өнердегі аға-інілік, сыйластық жұбымызды жазбасын! – деп тілеймін.
Тілеуқор ағаң Серік Оспанов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі