№6 Маусым, 2024
Шәкен Айманов – қазақ кино өнерінің негізін қалаған тұңғыш режиссер. Қазақ өнеріне алғаш әуесқойлық қызығушылықпен келген Шәкен Айманов алғашқы қадамын ауылдағы клубтар мен мектеп өміріндегі шағын сахналардан бастаған. Бертін келе соғыс жылдары қазақ жеріне аударылған орыс киногерлері мен шығармашыл топтардың тікелей әсерімен қазақ театр өнерін меңгерген өнерпаз, киноөнеріне де өз үлесін қоса бастайды. Шәкен Аймановтың өнердегі негізгі мақсаты – актерлік саланы дамыту болған. Бойында тұнып тұрған таланты мен жаңашыл ізденісінің нәтижесінде Айманов – театр актерлігінен – киноға, театр режиссурасынан – кинорежиссураға бет бұрып, егіз өнердің қос ағымында қатар алып жүреді. Осындай ізденістерінің нәтижесінде – қазақ кино өнерінің тууына тікелей себепкер болған, тұңғыш кинорежиссер. 1954 жылы жарық көрген «Махаббат туралы аңыз» фильмі — ұлттық режиссураның алғашқы қарлығашы. Ш. Айманов — кино саласында да ұлттық ұстанымдарын шебер пайдалана білді. «Махаббат туралы аңыз» 1954 ж, «Дала қызы» 1954 ж, (К. Гаккельмен бірге), «Біз осында тұрамыз» 1957 ж, «Біздің сүйікті дәрігер» 1957 ж, «Бір ауданда» 1960 ж, «Ән шақырады» 1961 ж, «Жол торабы» 1963 ж, «Алдар Көсе» 1964 ж, «Атамекен» 1966 ж, «Тақиялы періште» 1968 ж, «Атаманның ақыры» 1970 жылдары түсірген фильмдері қазақ кино өнеріне көркемдік төлтумалық дарытқан өміршең туындылар. Шәкен Аймановтың шығармашылық өсу жолы қазақ киносының басты кезеңдерімен тұтастықта қарастырылады. Кеңескезеңі киносының көпұлттық киносы тарихынан режиссура шеберлігіне сатылай келген Шәкен Айманов өзінің үздік туындылары арқылы қазақ ұлттық кинорежиссура мектебін қалыптастырды. Жалпы 1960-1970 жылдар қазақ киносының тарихында «алтын дәуір» болып саналады. Себебі бұл кезде Ш. Айманов сияқты талантты режиссерлардың ірі мектебі болды. Тарихи биографиялық, комедия, балаларға арналған фильмдер мен жанрлық жаңарудың, актерлік өнердің кәсіби мектебі де қалыптасқан кез болды. Ш. Айманов фильмдері арқылы ашылған қазақ киносының дарынды актерлары: Елубай Өмірзт)Тақиялы періште» — Тана ана), Нұрмұхан Жантурин («Атаманның ақыры» — полковник Абылайханов), Зәмзәгүл Шәріпова («Дала қызы»), Асанәлі Әшімов («Бір ауданда», «Атаманның ақыры» — Қасымхан), Фарида Шәріпова («Жол торабы»), Бибігүл Төлегенова – («Дала қызы», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште»), Ермек Серкебаев – «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», Мұрат Ахмадиев — «Атамекен», «Тақиялы періште» фильмдеріндегі эпизодтық рөлдері.
1964 жылы жарық көрген «Алдар Көсе» фильмінде бас кейіпкер Алдар Көсені актер, фильмнің қоюшы режиссері Ш. Айманов өзі сомдады. Айманов қазақ театрының сахнасында кесеккесек рольдерді сомдаса, оның кинода да актерлік ерекшелігі болды. Ұлы Ч.Чаплин жасаған комедия көбіне пантомимаға негізделсе, Аймановтың Алдар Көсесі қарапайым ғана қазақы қалжың мен ұлттық болмысқа құрылған. Актер ойыны қалың көрермен ойына сіңді, себебі Айманов жасаған ерекшелік – қазаққа тән табиғи нәрсе, ұлттық күлкі болды. «Алдар» деген біздің ұғымымызда көрінген күлкі қылатын, сайқымазақ болып қалыптасып кеткен. Бірақ шын мәнісінде олай емес. «Алдар» деген Алланың бір аты. Теңсіздің кегін алып берген, біреудің есесін қайтарған, озбырды тәубасына келтірген, жоқты бар бар қылуға тырысқан жан. «Алдар Көсе» — XI ғасырда пайда болған аңыз. Ол екі халықта – қазақ пен түрікте ғана бар. Ш. Айманов осы теріс түсінікті түзетті. Сайқымазақ Алдардан үлкен ақылды шығарды. Трагедия жасады». – деді драматург Қалихан Ысқақ. 1966 жылы түсірілген «Атамекен» картинасының орны тіптен бөлек. Актер Елубай Өмірзақовтың сомдауындағы қария соғыс біткеннен бір жылдан соң немересімен Ленинград түбіндегі ауылға жерленген солдат ұлының мүрдесін туған жеріне, қазақ даласына алып келіп жерлеу үшін сапарға шығады. Алайда онда жеткен соңолар біріне ұл, біріне әке азаматтың зиратта әскери жолдастарымен бірге жерленгенін білген соң ойларынан қайтады. Өйткені, қаза тапқандарды бүкіл халыққа ортақ қайғы мен бүкілхалықтық ерлік мәңгілікке туыстырған. Сол уақытта саясаттың қысымына қарамастан, экранда Аллаға бес уақыт құлшылық ететін қария бейнесін суреттеуі, автор мен режиссердің кеңес заманы тұсындағы өз еліне, ата-бабасына деген сенімін жоғалтпаған жандардың азаматтық борышы деп қабылдадық. Фильмдегі бас кейіпкер қарияны сомдаушы актер – Елубай Өмірзақов өз кейіпкерінің бейнесін ашуда – қазақ қарияларының ұлттық болмысын жанжақты суреттеген. «Ш. Айманов «Атамекен» фильмі арқылы көрерменді патриоттық сезімге тәрбиелеуді мақсат тұтса, келесі туындысы «Тақиялы періште» фильмін барша көрерменге арнап түсірді. Киношығарманың оқиға желісі – ауылда тұратын ананың қаладағы салт басты ұлына келіп, соған қалыңдық іздейтіні. Ұлының өзі епетейсіз, ұялшақ. Содан да қыздарға барып, батып сөйлесе алмайды. «Бұлай болмайды» деп шешесі іске кіріседі. Талай қызықты, күлкілі оқиғалар болады. Александр Зацепин жазған жан тербейтін әуезді саздар, Марк Беркович жарқыратып – жалқындатып түсірген Алматының, Алатаудың ғажап көркем көріністері – бәрі тамаша! Басты рөлдегі Әмина Өмірзақова да ғажап! Комедияға сусап отырған жұрт оны жылы қарсы алды. «Өзім және өнерім туралы» деген кітабында Шәкен ертеректе түсірілген «Біздің сүйікті дәрігер» және жаңа ғана біткен «Тақиялы періште» кинокомедияларын талдай – бағалай келіп, олардың режиссерлік, актерлік, операторлық, музыкалық, бейнелеу жақтарының жоғары, мықты болғандықтарын айтады да «бұлардың ең осал жері – сценарий еді» деп тоқталады. Жалпы оқиға желісінің жеңілдеу болғанын, әрекет – қимылдардың кездейсоқтау көрінетінін айтып, тағы да біткен істен мін тауып тұрады. Дегенмен, оларға сонша еңбек кетіргеніне еш өкінбейтінін айтады. Өз сөзінің қорытындысында: «Киноны бар халық – ерлер де, әйелдер де біледі, білгесін сынайды» — деген . Қазақ киносында ана бейнесімен танылған талант иесі – Ә. Өмірзақованың шығармашылық жолында жарқ еткен рөлінің бірі Ш. Аймановтың «Тақиялы періште» фильміндегі Тана бейнесі. Әмина Өмірзақова қазақ театр және кино өнерінің алғашқы негізін қалаушылардың бірі. Ә. Өмірзақова өзінің бір естелігінде: «киноөнеріндегі режиссер А.Карпыковтың «Ана туралы аңыз» фильміндегі басты рольден кейін, күндердің бірінде Шәкен әзілдей тұрып, мен үшін комедиялық роль жазылып жатқанын айтты. Содан кейін ойын – қалжыңсыз «Тақиялы періште» туындысының сценарийімен танысып шығуды ұсынды. Бұл мені қ, кең көңілімді демеп, «сен сан алуан типаждар жасауға жаралғансың» — деп күлді. Осы тұрғыдан сипаттар болсақ Ш. Аймановтың өз фильмдеріндегі кейіпкерлергаупен көрегендік қасиетін шебер қолданғанын байқаймыз. Осы ұтымдылығын «Тақиялы періште» фильміндегі көрерменді баурайтын нәрсенің біріншісі комедияға тән табиғилық болса, екіншісі – сол әзіл-қалжыңды бермен қарай жеткізуші актерлік шеберліктің мықтылығы болды. Ә. Өмірзақованың керемет сомдауындағы Тана жеңгей, сүйікті ана бейнесі сол уақытта көрерменге қажет болғаннан туған кейіпкер. Ауылдан қалаға келген Тана ана баласы Тайлақтың бойдақтығына төзбей, «ер бала жалғыз тұра алмайды, оның қасында қолдаушы-анасы, және сүйікті әйелі болу керек» -деген ұранмен қала ішінде келін іздеп, баласына жеңгетай болады. Бірақ, анасының таңдауындағы қыздарға көңілі толмаған Тайлақ жар болатын сүйіктісін, өзі іздеп табады. Баласына жар іздеймін деген Тана апай өзінің алғашқы махаббатымен бірнеше жылдан соң кездеседі. Ол ғашығы Тайлақтың болашақ жары Айшаның әкесі – Тайыр еді. Шытырман оқиғалар мен естеліктерге арналған фильмнің соңы сәтті кездесу, қос тойдың қуанышымен аяқталады. Бодандықтың құрсауындағы түрлі ұлттар араласқан кеңестік кезеңде туса да, фильмдегі Тайлақ пен Тана – ұлттық шеберханадан туған бейнелер. «Тақиялы періштедегі» актриса ойнаған Тана ролі көпшілікке Тайлақтың анасы ретінде есте қалып, әрі қалың жұртшылықтың махаббатына әлі күнге дейін бөленіп келе жатқан фильм. 1970 жылы жарық көрген «Атаманның ақыры» атты детективінде – Н. Жантурин, А. Әшімов, Н. Ықтымбаев сынды қазақ киносының жарық жұлдыздары бас қосқан кезекті фильм. Фильм жиырмасыншы ғасырдың 20-шы жылдары аумалы да төкпелі заманының дүрбелеңіндегі Қазақстандағы оқиғаны қамтиды. Оқиға өмірден алынған болса да, басты назарын Ш.Айманов тарихи факті оқиға желісіне емес, керісінше, сол замандағы адамдар санасына, олардың бір-біріне деген қарым – қатынасына аударады. «Әр ойдың – замысельдің басында автормен бірге бірден болашақ режиссер тұрса, ол ой «жетім» қалмай іске асып, қайтсе де фильмге айналатынын кино өнерінің тарихы талай дәлелдеген. Бұл жолы «Атаманның ақыры» ой – идеясының басында Шәкеннің өзі болды. «Атамекен» мен «Тақиялы періштеден» кейін ол енді әрі жұрт қызыға, құмарта көретін, әрімағна – мазмұны салмақты бір келелі де күрделі дүние жасасам деп ойланып жүрген. Шәкеннің жіті көзі осы материалдан сондай фильм шығатынын бірден көрді. Жалпы, актерлер құрамын Шәкен өте жақсы іріктеген. Ең залым да, ең арам Ионаның ролінде белгілі артист В. Иванов (авторлар сол Ионаны да біз осылай елестеткен едәк дейді кейін), Кривенко ролін тамаша артист В. Гусев, орындады. Ол бұрын да Шәкеннің фильмдеріне талай түскен. В. Авдюшко мен Ю. Саранцев милиция бөлімінің бастығы Суворин мен сол бөлімнің қызметкері ролін атқарды. Абылайханов ролінде белгілі актер Н. Жантурин өзін – өзі тағы бір көрсетті. Қосалқы, көмекші рольдерді атқарушы актерлер де ансамбльге біртұтас еніп, жарасып тұр» — деген пікірін, осы киноның шығуына тікелей қатысқан кино тарихшы К.Смаилов. Қазақ киноөнерін дамытуда орыстың кәсіби мамандарымен шығармашыл байланыста бола отырып, ұлттық кино мен қазақ актерлік мектептің негізін қалауда Ш. Айманов осындай ұтымды қызметтерді атқарды. «Атаманның ақыры» – ұлы режиссердің соңғы да соқталы жұмысы болды. Кезінде Кеңес Одағындағы киномамандардың назарына ерекше ілінген туынды Айманов шығармашылығының ең шарықтау кезеңіндегі өткір сюжетті, фильмдегі актерлік құрамның шебер іріктелген ансамблі бар көркем деңгейдегі кинотуынды болды. Өз уақытында аталмыш фильм қоғам қайраткері Д. Қонаевтың тікелей тапсырмасымен дүниеге келген еді. Шәкен Айманов – актер ретінде алдымен кейіпкерінің жан дүниесін ашуға және соған лайықты ұтымды әрекет қимылдар жасау шеберлігімен ерекшеленсе, режиссер ретінде шығармаға көркемдік идеялық мазмұнын дарытуға, ұлттық ерекшеліктердің бояуын қанық етуге, заман мен қоғам туралы философиялық ой толғам жасауға айрықша мән бере білетін дарынды суреткер. Қазақ киноэкранында Ш. Айманов әр түрлі кейіпкерлер бейнесінің тұтастай галереясын жасауда бірнеше актерларды тұлға етіп қалыптастырды. Ағайынды Ғабдуллиндер, Е. Серкебаев, Б. Төлегенова сынды опера және эстрада жұлдыздарына өнерін экранда да актерлік мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашты. Режиссердың оператормен, композитормен, суретшімен жұмыс жасау ерекшелігінің де басым екенін фильмдеріндегі жұмыс нәтижесінде көрінеді. Ш. Айманов шығармашылық жолында тек бір топ актерларды танымал етуден бөлек, киносценарийстер мен қоюшы оператор, суретшілердің де киноөнерінде тұлға болыпқалыптасуына зор ықпалын тигізді. Атап айтсақ, олар – Олжас Сүлейменов, Марк Беркович, Эльдар Оразбаевтар. Шәкен Айманов – қазақ өнерінің майталманы, жарық жұлдызы, классигі. Режиссер – Ш.Аймановтың өнердегі еңбектеріне кинотанушы Нөгербек Б: «Ш.Айманов — актерлік киноның негізін қалаушы. Ш.Айманов кинолары – ұлттық бағытта түсірілген фильмдер. Бұл кісі арнайы кинематографиялық білім алмаса да, осы өнерді жақсы меңгерді. Себебі ол кісі өнер жолын театрдан бастады. Театр – актерді көп нәрсеге баулып, өнердің қырсырына үйрететін мектеп. Ал бұл кісілердің ұлылығы сол – театрда жүріп үлкен өнерді жан-жақты түсінді. Ш. Аймановтың актерлік жұмысы «Жамбыл» фильмінен басталған, ол кезде актер 39 жаста болатын. Бірақ фильмде 90 жастағы қарияны ойнады. Ш.Айманов – өзі керемет актер. Импровизацияға өте шебер кісі. Мысалы, «Жамбыл» фильміне түскен кезде ол кісі бәрін бір дубльмен ғана ойнайды». Егер қажет деп тауып, қайта дубль жасай қалатын болса, ол алдыңғы ойынын мүлде қайталамай, басқаша ойнап шығады екен. Соған қарағанда ол кісі киноға түсу барысында өзін өте еркін сезінетін болса керек. Кез келген фильмін қарасаңыз, өзі актер болғаннан кейін ол актерлерінің бәріне еркіндік берген. Актердің табиғатын түсіне білу де – режиссер үшін үлкен өнер. Осы тұрғыдан алғанда, Шәкен аға актерлік киноның негізін қалаған деп ойлаймын. Актерлік шеберлік, актерді ойнату жағынан алып қарағанда осы өнердің ең биік шыңы дер едім. Ол кісінің «Атамекен», «Алдаркөсе», «Атаманның ақыры» секілді керемет туындылары бар. Бірақ солардың ішіндегі «Атамекен» мен «Алдаркөсе» фильмін ерекше кинолары деп атаған болар едім. Екі фильміде екі түрлі жанрда түсірілсе де, терең философиялық ойға негізделген. «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» — қазақ киносына қосылған классикалық туындылар. Ш.Аймановтың режиссерлік қабілетін айқын көрсеткен «Атамекен» фильмінің ерекшелігі сценарийінің мықтылығында. Оның сценарийі режиссердің тікелей тапсырысымен дайындалған. Фильмде ұлтқа қатысты көптеген мәселелер көтерілген. Бірақ олардың көпшілігі экранға жол тартар алдында кесіліп кетті. Әйтсе де өте мықты шыққан фильм. Фильмде қазақ қарияларының бейнесі керемет ашылған. Соғысты ғана емес, онда режиссер ұлттық мәселелерді де көтерген. Ұлының сүйегін өз жеріне әкеліп жерлегісі келетін ақсақалдың жан күйзелісі шебер берілген. Фильмдегі Елубай Өмірзақов кейіптеген қарияның әр қылығын үлкен ерлік деп айтуға болады. Ш.Айманов – қазақ киносында ұлттық тақырыптарды көтерген бірінші режиссеріміз. Аталмышжұмыстарының арқасында ұлттық сананың оянуына біраз еңбек сіңірді. Ш.Айманов – «Кино – елдің төлқұжаты» деп түсінді» -дейді кинотанушы Нөгербек Б.Р. Ш. Айманов фильмдерінде басты кейіпкерлер «Атамекендегі» — қарт Елубай Өмірзақов пен «Тақиялы періштедегі» Тана ана, Ә. Өмірзақованың сомдаған бейнелерінен қазақтың қариясы мен ана бейнелерінің ұлттық болмысын көреміз. Оған дәлел режиссердің киноларын өміршең етіп түсіргендігі мен кейіпкерлерді сомдауда кәсіби актерларды ұтымды таңдай алуындағы шеберлігі десек еш қателеспейміз. Сол секілді режиссер шығармашылығындағы тағы бір ерекшелік — қазақ киносына өзге ұлт өкілдерінің де шеберлерін кейіпкер етіп енгізе білуіндегі көрегендігі. «Шәкен Айманов көрегендігін, Айманов байқампаздығын, абыройлы суреткер алғырлығын айтқанда, сол, ұлттық кино өнеріміздің көсегесін көтеру жолында оның әр халықтың озық ойлы, тамаша талантты артистерін ортақ жұмысқа бір кісідей жұмылдыра білгендігін есте ұқсаған ләзім. Е.Я.Диордиев, Ю.Б.Померанцев, Е.В. Попов, Қ.Абдурасулов, И.Сетеков, А.Ли сынды республикамыздағы байырғы орыс, ұйғыр, кәріс өнерпаздары мен бірге Стрежельчик, Иванов, Любшин тақілеттес Ресейлік шеберлердің орындаушылық тәжірибелерін өз шығармашылық жұмысына әдемі пайдалана білді. Бұл сайып келгенде, қазақ өнерінің игілігі, халқымыздың рухани ырысы. «Біздің сүйікті дәрігер» (1958 ж), «Тақиялы періште» (1969 ж), «Атаманның ақыры» (1970 ж) фильмдерін көрген кісі осы айтқандарымыздың толық куәсі болатыны сөзсіз» — дейді, профессор Ә. Сығай. Ш. Аймановтың режиссерлік қыры жайлы О. Сүлейменовтің: «Режиссер мамандығы – көркемөнердегі ең қиын мамандықтың бірі. Режиссер сөзді — ақынша, музыканы — композиторша, көріністі — суреткерше, ой – пікірді философша түсінуі керек. Осының бәрі жеке бір адамның басында болса, біз онда оның өз өнерінің машықтанған үлкен шебері екенін көрер едік. Шәкен Аймановтың бойында жалғыз режиссерлік емес, барлық суреткерлерге тән негіз бар еді» — дейді. [6, 266] Актерлік шеберлік жайлы, режиссер Ш. Айманов тереңнен жан-жақты ойлар тұжырымдайды. Әрі актер – комедия, детектив, тарихи сынды киножарлардың бәрімен жұмыс жасау арқылы актердің әртүрлі характердегі бейнелерін ашуға ұмтылу шарттылық деген. Осыдан болар, Ш. Айманов фильмдеріндегі бір өзгешелік; оқиғасы-актеріне, табиғаты – мазмұнына, айтар ойына ұштасып, өмірді көркемдік тұрғыда шебер суреттеген режиссерліккөзқарасының шеберлігінен байқаймыз. Ұлттық нақышта арнайы еңбек етіп, актерлар қауымын жете тәрбиелеген Айманов мектебі, ондағы: Әмина Өмірзақова («Тақиялы періште» 1968 ж – Тана комедия жанрындағы кейіпкер) Елубай Өмірзақов («Атамекен» 1966 ж, тарихи драма жанрдағы қарт бейнесінде) Фарида Шәріпова («Жол торабы» 1963 ж, Ғалия) Нұрмұхан Жантурин («Атаманның ақыры» 1970 ж, полковник Абылайханов) Асанәлі Әшімұлы («Атаманның ақыры» 1970 ж, Қасымхан) сынды беделді актерлар, режиссер шығармашылығын асқақтатып, дәріс алған өнер иелері.
Өзі актер, режиссер, киноактер, кинорежиссер ретінде сахна мен экран өнеріне өзінің ептілігімен ғана емес, бойындағы дарындылығының табиғилығын пайдалана отырып, өнердің егіз саласында да аянбай еңбек етіп, алғаш қос өнердің кәсіби кірпішін қалаған майталман. Кино өнерінде актер, режиссер, көркемдік жетекші ретінде 19 фильм жасауға қатысқан. Қазіргі таңда Ш.Аймановтың есімімен еліміздегі басты «Қазақфильм» киноөндіріс орталығы аталады. Ш.Айманов қазақтың тұңғыш кинорежисері ретінде көптеген мәселелердің шешімін іздеуге мәжбүр болды. 1960-70 жылдар аралығында ұлттық кино өнерінің өсіп өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан режиссер ретіндегі ерекшелігіне: «Біздің сүйікті дәрігер» 1957 ж, «Бір ауданда» 1960 ж, «Ән шақырады» 1961 ж, «Жол торабы» 1963 ж, «Алдар Көсе» 1964 ж, «Атамекен» 1966 ж, «Тақиялы періште»1968 ж, «Атаманның ақыры» 1970 ж, сынды он жыл аралығында түсірген фильмдері дәлел болады. Қазақстанның ұлттық кино өнерінде де кинокомедия маңызды орын алады. 1970 жылға дейін жасалған көркемсуретті алпыс сегіз қазақ фильмдерінің оны комедия екенін айтсақ жетіп жатыр. Олардың ішіндегі сәтті шыққандары режиссер Ш. Айманов жасаған – «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» фильмдері. «Біздің сүйікті дәрігер» лентасы адамдар арасындағы сыйлы достықты бейнелейді, ал «Тақиялы періште» фильмі семья қарымқатынасындағы озық және тозық дәстүрлерді баяндайды. Сондай – ақ бұл фильмдер де музыка да, ән де әр мақсатта пайдаланылады. Мысал ретінде Ш.Айманов жасаған фильмдерді алалық. «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде ән мен музыка фильм сюжетінің негізгі арқауы болса, «Тақиялы періште» фильмінде ән мен музыкқосалқы сыпаттама (бияз семьясының талабы мен таланттылығын көрсететін) ретінде ғана қолданылады. «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде комедиялық оқиға ән мен музыка және әзіл мен қалжың әрқилы берілсе, «Тақиялы періште» фильмінде комедиялық оқиға адам характері, адамды күлдірмей қоймайтын қолайсыз қылықтары мен мінез-құлықтарын келекелеу, мазақтау арқылы өрістеледі.Творчестволық тәсілдерінің мұндай айырмашылықтарына қарамастан бұл екі кинокомедияны жақын ететін елеулі жағдай – екеуінің де бүгінгі заманның аса маңызды проблемаларын, атап айтқанда совет адамдарын коммунистік рухта тәрбиелеудің өзекті мәселелерін шешуде комедия жанрының әсерлі мүмкіндіктерін барынша пайдаланған – деп киносыншы Қ. Сиранов өз еңбектерінде сипаттап өткен. Дегенмен Аймановтың өзіндік ерекшелігі көрініп-ақ тұрады. Егер Ч.Чаплин жасаған комедия көбіне пантомима мен гэгтарға негізделіп жасалынса, Аймановтың комедиясы қарапайым ғана қазақы қалжыңға құрылған. Ол ешбір күмәнсіз көрермен ойынан өтті, себебі біздің комедиядағы Айманов жасаған ерекшелік – тек бізге ғана тән табиғи нәрсе, яғни, ұлттық күлкі. Ш.Айманов қазақ кино тарихында ұлттық режиссураны қалыптастырып, алтын қорға 14 фильмді, тарихты жасап кеткен суреткер. Ш.Айманов шығармашылығындағы актерлік өнер мен режуссурасындағы қолтаңбаларынан өнерге деген адалдық, махаббат, зор сүйіспеншілік пен рухани тереңдікті байқаймыз. Елінің өткеніне бас иіп, келешегі үшін күрескен Аймановтай азаматтың актерлік ойынынан, фильмдерінен, өзге актерлерді ойнатуынан адам бойындағы екі асыл қасиет адамгершілік пен қарапайымдылықты көруге болады. Ш. Айманов – қазақ киносында алғашқы ұлттық кино тарихын қалыптастырған хас тұлға. Ол өз фильмдерінде – ұлттық бейнелер қазақ қариясын, анасын, батырларының бейнесін суреткер ретінде шебер жасай алды.
Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер музейінің қор сақтаушысы Нұрдәулет Нақыпов