№4 Сәуір, 2024
Н. Бекежановтың 134 жылдығына орай)
Қазақтың ақындық, әншілік тарихында «Нартай мектебі» деген ұғым бар. Ол мектептің іргетасын тұ ақыны әрі композиторы, топ жарған жүйрік Нартай Бекежанов. Нартайдың ақындық, композиторлық, әншілік өнері оның көзі тірісінде — халық сүйіспеншілігіне бөленіп, баршаға танымал болған.
Халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаев:
О,Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай,
Аузыңнан шыққан сөзің шекер-балдай.
Айтыссаң, алдырмассың ақындарға,
Жарқырап қараңғыда жанған шамдай!- дейді.Бұл 1938 жылы Жамбыл творчествасының 75 жылдық тойы кезінде айтылған сөз.
Жүлделі жүйрік Нарекең.
Сүйсінгендей бар екен!- дейді, академик жазушымыз Сәбит Мұқанов. Бұл 1945 жылы 22 маусымда Жамбыл қайтыс болып, қырғыз елінің саңлақ ақындары Әлімқұл мен Оспанқұл қазақ халқына өлеңмен көңіл айтқанда, соларға табан астында жауап берген Нартайдың суырыпсалмалық талантына риза болып айтқандағы сөзі. Нартайдың суырыпсалма ақындық өнері бар. «Ең алғашқы күрделі,көркем, терең мазмұнды айтыс 1939 жылы Алматы қаласында Нартай, Нұрлыбек сияқты екі атақты айтысының түрінде өтеді. Бұл айтыста екі ақын жалынды жырларын, суырыпсалмалық өлеңдерімен халық алдында тудырып жарысады. Еңбек жемісін айту ретінде Нартай мен Нұрлыбек өздерінің облыстары- Семей мен Қызылорда облыстарын салыстырып сөйлейді. Бірі-шалқар өзен Ертістен, екіншісі-Сырдан шыққан ақындар социалистік дәуірде жаңғырып көркейген табиғат көрінісін, ерлігін айтыстың кең жарқын тақырыбы етіп алған» деп, академик, жазушы Мұхтар Әуезов айтқан.Ал Нартайдың 1936 жылы Москвадағы қазақ әдебиеті мен өнерінің тұңғыш онкүндігінде шырқаған «Толқын» әніне академик Ахмет Жұбанов баға береді: «Толқын» біз баяндап кеткен, өлеңге бағынышты қысқа демді ырғаққа құрылған шығармаларына жатпайды. Нартайдың әні ерекше. «Нартай әні» секілді гармоньды құлаштай созып, даусын шырқай, аспан астын жаңғырта айтатын ән. Мұнда Нартайға тән кең құлаш, жүрегіңді жылытатын лирика, үлкен гуманистік кейіп бар» деп жоғары баға береді. 1939 жылы Москвада бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің ашылуына орай Үлкен Театрда өткен халық өнерпаздарының этнографиялық концерті турасында жарияланған мақалында «Правда» газеті былай деп жазған: «Осылардың ішінде айрықша ақын Нартай Бекежановтың жыры өте қызғылықты болды. Ол өзінің «Отан мерекесі» деген әнін сырнайға қосылып ерекше шабытпен айтып шықты. Нартай Бекежановтың орындау шеберлігі мен әсерлі дауысы шын мағынасында Москва көрермендерінің айызын қандырды. Оның ән салу машығы уақытша көз алдайтын сыртқы жарқылға ұқсамайды. Нартай Бекежановтың ән салу машығы сирек кездесетін шынайы өнер. Нартай Бекежановтың дауысы құлаққа жағымды естіледі. Жиналған көпшілік «оның әндерін ерекше ықыласпен, ұйып тыңдайды.Әншінің әсерлі әуені, сүйкімді дауысы мағынасын түсінікті етіп көрсетеді. Бұл- тек асқан суреткерге тән шеберлік. Сөз мағынасына жетік емес жұртшылық орындаушының не айтқысы келгенін әннен ұқса, бұдан артық өнерпаздық бола ма?». «Правда» газетінде суреті басылып, жоғары баға алған Жамбылдан кейінгі екінші халық ақыны Нартай Бекежанов болған. Нартай Бекежанов 1890 жылы наурыз айының ішінде Қызылорда облысы,Шиелі ауданы, «Коммунизм» колхозына қарасты «Бестам» деген жерде орта отбасында дүниеге келген. Әкесі-Алыпқаш, Бекежан-үлкен әкесі.Туыстық жағына үңілетін болсақ, Нартай атақты Ағыбай батырмен (1800- 1884) аталас, рулас болып келеді.Анасы-Бақтыгүл, туған ағасы Мәнсүр өз заманында белгілі ақын болған. Анасы Бақтыгүл, мәселен, Сыр бойының атақты сүлей атақты Бұдабай Қабылұлы (1848-1911) айтысып, жеңіске жеткен деген аңыз бар. Нартайда жасынан ән-өлеңге құмар болып өседі. Соның дәлелі:
Көңілім қыран құстай аспандаған,
Он жеті үйір болып жастан маған.
Бойыма біткен өнер шыдатпады,
Ұялып айтпай тастап қашқанменен,- деп өзі айтқандай, оның ақындық, әншілік атағы ел ішіне ерте тарап кетеді. Нартай жасынан Сыр бойының белгілі ақын-жыраулары Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Бұдабай, Тасберген, Омар өлеңдерін жаттап алып, әртүрлі жиын-тойларда домбыраға қосып айтып жүреді.Ол ежелгі Шығыс поэзиясы үлгілерін жетік білген. Ғашықтық тақырыбындағы «Ләйлі-Мәжнүн», «Таһир-Зуһра», «Сейфілмәлік», ерлік тақырыбындағы «Рүстем дастан», «Ескендір Зұлқарнайын», «Баһрам», қиял-ғажайып тақырыбындағы «Шаһмаран», «Әбушаһма», т.б. қиссаларды түгел жатқа жырлаған. Нартай жасынан керуеншілерге ілесіп, Өзбекстан, Тәжікстан жағын көп аралаған. Өзбектің халық әндерін, билерін үйренген, дутар, рубап, нәй секілді музыкалық аспаптарды еркін тарта білген, шығыстың атақты «Он екі мұқамын» айту дәрежесіне жеткен. Өстіп ақын-әнші атанып, серілік құрып жүрген шағында, революция алдында Сыр бойына Арқадан атақты Тайжан ақын келеді. Үкілі Ыбырайдың жиені, асқан ақын әрі әнші Тайжан Қалмағамбетов осы жолы Сыр бойындағы көптеген жас-әншілерге өнеге көрсетіп, ұстаздық етеді. Бұрын көбіне топ алдына домбыра ұстап шығатын Нартай бұдан былай Тайжанға еліктеп, енді даусын он екі тілді татар сырнайына қосып шырқауды үйренеді. Осыдан былай кеудесі кең, үні жұмсақ гармонь Нартайдың өмірлік серігіне айналады. Ақын Октябрь революциясын жүрегі жарыла қуана қарсы алып,теңдік заманын шабыттана жырлайды. Бірде колхозшы, бірде бригадир, бірде мұрап болып жүріп, жиырмасыншы-отызыншы жылдарда қазақ ауылында өтіп жатқан өзгерістерге белсене араласады. «Жуан атаның тұқымы», «ескіше оқыған» деген әртүрлі жала пәлелердің салдарынан ағасы Мәнсүр екеуі түрмеге түседі. Өзбекстан жағында біраз жыл бас сауғалап қашыпта жүреді.Мәнсүрдің сүйегі сөйтіп Наманган қаласында қалады. Ал 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында Қазақстанның тұңғыш профессионал театры ашылғанда, республиканың түкпір-түкпірінен жиналған халық өнерпаздарының арасында Нартай жоқ еді. Өйткені 1925 жылдың жазы мен күзінде өткен сұрыптауда күнгей облыстардан қатысқан өнерпаздар арасынан тек Құрманбек Жандарбеков қана жарамды деп танылып, өзгелері ауылдарына қайтқан. Сол жарамсыздардың ішінде Нартай да болған дейді. 1934 жылы маусым айында өлкелік партия комитетінің сол кездегі басшысы, лениншіл адал большевик Л.И.Мирзоян жолдастың инициативасымен Алматы қаласында өткен халық өнерпаздарының бірінші Слетіне өзгелер қатарында Нартай Бекежанов шақырылады.Бұл Слетке 300-ге жуық ақындар,әншілер, күйшілер,жыршы-жыраулар қатысқан. Бұдан басқа бауырлас Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан,Тәжікстан, Қарақалпақстан жағынан да атақты өнерпаздар келеді. 1934 жылы 14 маусымда музыкалық драма театры үйінде болған үлкен концертте Нартай өзінің «Замана бұлбұлы» атты толғауын орындап береді. Бұрын атақ-даңқы Қазақстанның оңтүстік өлкелеріне көбірек тараған ақын-әншінің есімі осы Слеттен соң кең байтақ республикаға танымал бола бастайды.Бұл байқауда айрықша суырылып көзге түскен Жамбыл мен Тайжан еді. Қазақстан Орталық Атқару комитетінің арнайы қаулысы бойынша ол екеуіне сол жолы айына 50 сомнан пенсия тағайындалғаны жөнінде газеттерге жазған. 1936 жылы Москвадан қанат байлап елге қайтқан Нартай Шиелі төңірегіндегі ақын-жыршылар мен әнші-күйшілердің басын құрап, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастыра бастайды.Бұл әйгілі 1939 жыл еді.Кейін осы көркемөнерпаздар үйірмесі ансамбльге, ансамбльден концерттік-эстрадалық бюроға, ақыр соңында облыстық филармонияға айналды.Нартай Бекежановтың көркемдік жетекшілігімен жемісті еңбек еткен бұл бригада Ұлы Отан соғысы жылдарында творчестволық қанатын кең жая түсті. Осы жерде айрықша атап өтетін нәрсе:бұл-халық ақыны ұйымдастырған республикадағы бірден-бір сауық отауы еді, оны халық «Нартай ансамбльі» деп атап кетеді. Ақын өз төңірегіне Қызылорда мен Шымкент облысындағы талантты термешілер мен әншілерді, күйшілер мен бишілерді жинап халықтық өнер дәстүрін сақтап қана қалған жоқ, оны жаңа биіктерге көтереді. Жастарға өзі білетін ескі мақамдар мен жырларды үйретуден жалыққан жоқ. Нартайдың ақындық, композиторлық, әншілік өнерінің шарықтау биігі Ұлы Отан соғысы тұсына дөп келеді. Ол фашизм сұмырайларын әшкерелеген, совет халқын жеңіске үндеген,соғыс ауыртпалығын сипаттап көптеген шығармаларды жазған.Солардың ішінде «Алтын көкем», «Жеңіс жыры», атты әндері ерекше көзге түседі. Нартай өлең-жырларды алдын ала жазып, жаттап алуды әдет етпеген. Өмір бойы суырыпсалмалық, импровизаторлық дағдысынан танбаған және әр өлең-жырын мақаммен жеткізіп отырған. Әртүрлі иіріммен айтылатын әуендер ел ішіне жалпылама «Нартай әндері» деген атаумен кеңінен тараған. Қазіргі орындаушылар ол әндерге өзінше ат қойып айтып жүр. Солардың ішінде «Бастау», «Толқын», «Бейбітшілік» т.б.әндер бар. Нартай әндері-шын мәнісінде халық әндеріне айналған. Кейінгі зерттеушілер ол әндердің саны елуге жуық деседі. Атақты ақын, композитор басқарған бригада Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қалмақ АССР-і жерінде, астанамыз Москвада әлденеше рет болып, қызықты концерттер қойды. Жанрлық жағынан, көркемдік шеберлік тұрғысынан қарағанда Нартай Бекежанов творчествосы-халық поэзиясының қызықты құбылыстарының біріне жатады. Нартайдың қиялынан туған өлең, толғау,айтыс, дастан болсын мақамға салуға дайын тұрған. Біржан сал мен Ақан серіден, Үкілі Ыбырай мен Тайжаннан келе жатқан дәстүр. Нартайдан өмірі және өнеріненде алатын қасиеттер өте көп. Қазақ халқының ақындық, әншілік, жыршылық тарихында «Нартай мектебі» деген ұғым бар. Ақынның асыл мұрасын келер ұрпаққа аманаттаған Балқашбай Жүсіпов, Шәмшат Төлепова, Тұрсынкүл Байаханова, Манап Көкенов, Арзулла Молжігітов, Мұхамеджан Рүстемов¬, Әбіләш Әбуов, Құрманбек Бекпейісов Нартай Бекежанов сенімді шәкіртімен, ізбасарлары болса.Тәліп Райымбеков, Палжігіт Берсүгіров, Мырзабай Әділов, Құтбай Дүрбаевтар әншінің әніне ән қосқан тұрғыластары, өнердегі үзеңгілес достары бола білген.Бұл мектептің өмірге келуі сөз құдіретіне, сондай-ақ ән құдіретіне байланысты. Оның ешкімге ұқсамайтын «Игай-айы» бір төбе болса, маржандай асыл сөздері бір төбе. Жоғарыда айттым, иірімі мол, диапазоны кең әуенін қиын деп түсінді ме, ол ешкімге үйретпеген. Сонан да оның әндерін нақышына келтіріп, өзіндей етіп орындаған әншілер өте сирек. Тыңдармандар тек Құтбай Дүрбаев, Палжігіт Берсүгіров, Балқашбай Жүсіпов, Арзулла Молжігітов, Әбіләш Әбуовтар соған жақындау орындайтын еді деп отырады.Шиеліде Нартай Бекежановтың өнер мектебі ашылып,қәзіргі таңда өз шәкіртерін дайындап Нартай атамыздың ән-термелері мен жырларын елге насихаттап жүр.Соның ең бастысы-халқына қалтқысыз қызмет етуі деп бағалаймыз . «Өнер-таусылмас азық, жұтамас байлық», дегендей Нартайдың өнері де, шығармашылығыда ұмыт болмайды.Біздің жадымызда «Сырдың сырнайлы ақыны-Нартай әнші» өзі жоқ болсада, ақынның өнері мәңгі өшпейді.
Нұрдәулет Нақыпов,
Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер мұражайының қор сақтаушысы