№5 Мамыр, 2024

Қашан да елдің – елдігіне, ердің – ерлігіне, ұрпақтың – үлгі-өнегелілігіне бастау болатын әртүрлі іс-шаралар, естеліктерді жарыққа шығару тек сол тарихи жағдаяттар болған мекендерде ғана емес, Елордадан да әлем алдында мақтаныш тұтарлық бас шаһарымыз Астанадан да бастау алып жататынын көрген сайын көңілімізге зор қуаныш, ертеңге деген үлкен бір үкілі үміт оты жарқ ете қалғандай күйге бөленеміз. Ал осының бәрі еліміз өз алдына отау тігіп, шаңырақ кбаығы жоқ тәуелсіз ел болғалы ғана өміріміздің күнделікті дерлік көркіне айналғаны ақиқат.

Ал, әуелі патшалық, одан кейін кеңестік Ресейге деген бағыныштылықтан айырған сол тәуелсіздік, сол азаттық қазақ халқына қалай келді, ол үшін басын бәйгіге тігіп, атылып, асылып, тірі қалғандары тор қоршаулы түрмеде өмір өткізген аталарымыз бен әкелеріміздің жанқиярлығын бүгінгі һәм ертеңгі жас ұрпақтың санасына сіңіріп отыру әрбір ақыл-ойы орныққан естияр азаматтың, ақ сақалды қарияның қасиетті парызының бірі десек қателеспейміз. Бұл орайда әлгінде ғана айтқанымыздай ел қамын жеумен өткен ерлердің, 37-38 жылдардағы алапат қуғын-сүргін құрбандарының атындағы көшелер беру, оларға ескерткіштер орнату сияқты игіліктіі шаралар Елордамыз Астанада тұрақты атқарылып келе жатқанына көңіліміз марқайып, шаһар әкімшілігіне деген ризалығымызды үздіксіз айтып отырғымыз келеді. Өз басым Астана қаласында жыл сайын қуғын-сүргін құрбандарына арналған митинг, еске алу сияқты шаралардың бірде-бірін қалт жібермей қатысып отыруға тырысамын, сонымен қорнзып, дұға оқылып жатқанын көргенде Астана қаласының басшылығына қандай алғыс айтсам да таусылмастай көрінеді.
Ал енді зорлық-зомбылық пен қасірет-қайғыға толы Алжир (Акмолинский лагерь жен изменчиков Родины) құрбандары және Астанамыздың бұрынғы Ақмола атауына осы бір қасіретті сөздің қосарлана аталуы бір жағынан көңілімізге көне тарих зардаптарының көлеңкесін түсірсе, бір жағынан Астана деген жаңа атауды естіп, оның, яғни, қала әкімшілігінің елге сіңіріп жатқан ерен еңбегін көріп қуанышқа қарық боламын. Бұрын білмейді екем, Астанамызда қазір сонау 37-38 жылдары Кремльдегі шовинист-коммунистер ұйымдастырған қуғын-сүргіннің Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Ораз Жандосов сияқты құрбандарына арналған көшелер, мектеп бар екенін естігенде көкірегімді керетін қуанышымда шек болған жоқ. Жаса, Жасай бер, Астанам жасай бер басқалам мен оның басшылық ұжымы деп дауыстап жібере жаздадым.
М. Сахиұлы