№3 Наурыз, 2024

Адам баласының жаратылу мақсатының бірі – өзін тану. Ислам дінінде жаратылыс жайлы бір сағат ойланған адам ғибадат жасағанмен тең игілікке қауышады деп жазады. Шынында, білім иелерінің дәрежесін Құдай тағаланың өзі көтерері анық. Сантүрлі білімнің аражігін айырзіақын-жазушының еңбегі – инемен құдық қазғандай.

Жазушы Гюстав Флоберден «Бовари ханым» кім?» деп сұрағанда «Бовари ханым – мен» деген-тін. Шын мәнінде, жазушы кім жайлы қалам тартса да, өзін жазады. Жан ойпатына түскен сан түрлі даму үрдісіндегі шашылған қиындыларды бейнелеп қағазға құяды.
Төлен Әбдік шығармаларын оқи ір. «Жан дүниесінде бақытты бола алмаған жан, ол бақытты еш жерден таба алмайды». Сыртқы түр – болмыс, ішкі түр – мінез. Жазушы мінезінде өткен, бірде жеңген, бірде итжығыс түскен қайшықтарды, ұғыну мен түсмеұрқасынды өлшемді өрнекпен бедерлейді. Қаласа құ­йындай ұшырып, кейде бұтағынан бал жалатқан өмір орманы кімді есіркесін? Өрекпи желіп дөң басына шығып, бір-ақ сәтте шөгіп құмға айналған болмыстар қаншама? Жел қайда айдаса сонда ұшып, жалаңаш жалғаннан түбір таппай адамдық қоқысына тасталған трагедиялы пенделер нешеме?
Төлен Әбдік тұлғасының қат­пар-қатпар пішімі «Парасат майданы» шығармасынан анық көрінеді. Жазушы жан әлеміндегі ізгілік пен зұлымдықтың тартысын қоғалы хаттар арқылы оқырманға ұсынады. «Менiң ойымша, адам өмiрi – жақсылық пен жамандықтың мәңгiлiк қақтығысы деген қалыптасқан тұжырым әлi де ойлануды қажет етедi. Себебi жаңағы Жамандық пен Жақсылықты жеке-жеке бұғалықтап, екi жаққа бөлiп қоя алмайсың. Көшеден кез келген бiр адамды ұстап алып, оның жақсы-жаманын айыру мүмкiн емес. Өйткенi ол бiреуге жақсы болса, бiреуге – жаман; жауларына – жексұрын, жарына – аяулы, дос­тарына – сүйкiмдi, т.с.с. Адамның жақсы көру, жек көру сезiмдерi де әлгi екi ұғымға тiкелей қатысты емес. Яғни адам үнемi жақсыны жақсы көрiп, жаманды жек көре бермейдi. Жақсы мен жаманның достығы немесе жақсының екiншi жақсыны жек көруi өмiрде аз ба? Сондықтан өмiр – iзгiлiк пен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың қақтығысы ғана емес, iзгiлiк пен iзгiлiктiң де, жамандық пен жамандықтың да қақтығысы. Жақсы мен жақсы да бiр-бiрiмен айтысады, бiрiн-бiрi құрта алады. Ендеше, жақсы-жаман деген ұғымдар – шартты ұғымдар. Оны тек жағдайға қарап қана жобалауға болады. Бiрақ бұл да мәселенiң бiр-ақ жағы».

Шығармадағы әр сөз шынайы, магиялы қалыпқа ие. Егер бұл сөйлемдер әдепкі біреудің қаламынан туса, сірескен философиялық ойлар жиынтығы іспетті көрінуі мүмкін. Бірақ жазушы әрбір сөзді жанын қажап, ақылын алты бөліп сөйлейді. Сондықтан да кісіге едәуір әсер сыйлап, ұйығына батырады.
Төлен Әбдіктің «Қайырсыз жұма» әңгімесі мен Тостойдың «Иван Ильичтің өлімі» повесі арасында сәйкестік байқалады. «Қайырсыз жұмадағы» өмірдің мәні жақсы қызмет деп ұққан Әбен Ілиясович лауазымынан түскен соң қайғылы ойға салынып, дерексіз өткен тағдырына налып көз жұмса, Толстойдың Иван Иличі науқасқа ұшырап, өмірінің соңғы сәттерінде әртүрлі азапты ойлар шеңгелінде ажал тырнағына ілігеді. Төлен Әбдіктің кейіпкері жекен суын желкесіне бұруды көздеген дүрдараздықты шеней отырып, трагедиялы тұлғаның болмысын ашады. «Бойы сәл-пәл тыныстап еді, кезек менікі дегендей, уайым қайта оралды. Уайымның басы – «енді не істеуім керек» деген жауабы жоқ сұрақ еді. Не шаруа күйттеп, не көрген-білгенін кітап қылып жазып, ел қатарына қосылатын бірде-бір қасиеті жоқ екен. Тіпті министр болғаннан басқа ештеңе қолынан келмейтін секілді. «Енді қайттім?» – деді ол торығып. Мұң шағатын ешкім жоқ. Бәрі де әдіре қалды. Әл­де­қандай бірдеңе санасында көлбеңдеп, «мұңдасатын, сырласатын мен бар» деп, өзінің бар екенін сездіргендей болады. Әлгі «бардың» не екенін түстеп айыра алмай тұрды да, ақыры таныды. Онысы – өзін өмір бойы құл қылған, арына да, жанына да кісен салған, бауырдан, достан айырған, елден айырған тақсыр Қызмет екен. Енді ол да жоқ. Мынау тұрған оның көлеңкесі ғана…».
Біз Будда Шакьямуни, Конфуций, Сократ, Толстой секілді тұлғаларды құрмет тұтқанда, олардың арпалысқа толы рухани майданда ішкі әлеуетін саф күйде сақтай білгені, сол сәулені елге жайғаны үшін қастер тұтып жатамыз. Шынында, бұл – басты ерлік. «Өмір сүру – велосипед тебумен бірдей, құлап қалмас үшін алға жылжу керек» деген Энштейн. Бақсақ, қоғамдағы әр адам өзінше адасып жатыр. Бірі жөнсіз ұран мен жарнамасы зор даңғазашының дәргейіне еріп, сана құлдығына іліксе, бірі аз біліміне масаттанып, нәпсісіне еріп, еуропалық ортаңғол өнерпаздың күрмеуінен шыға алмай жүр. Бірі әркімнен жұқпа мінез жұқтырып, әлдеқашан қиыс кеткенін де аңғармай дарақы қалыпқа түссе, бірі жүрегінің сілкінісін, жан алаңының күресін тоқтатып,спөндіккен. Бір қызығы, парасат майданында жас-кәрі, бай-кедей, атақты мен атақсыз деген болмайды. Атақтың шырқау шегіне жетіп тұрып, бір-ақ сәтте өз-өзінен адасып масқара болғандар да жетерлік.
Төлен Әбдік – өмір бойы өзді-өзін зер­делеп, ізгілік биігіне ұмтылған бір­ден-бір қайсар жазушы. Сол үшін бәсі биік, бағасы жоғары. Төлен Әбдік –­ парасат майданының майталманы.
Тортай ҮСЕН