№3 Наурыз, 2024

Аса талантты адамды Батыста «гений» деп насихаттайды. Ал «гений» сөзінің қазақша баламасы «данышпан» деп аударылады. Яғни данышпан ананың құрсағынан-ақ ерекше болып туған адам. Осындай сирек тұлғалардың сапындағы Шәкен Аймановтың жұлдызы ерекше. Талай күрделі рөлдерді сомдаған талантты режиссер, сонымен қатар «Біз осында тұрамыз», «Біздің сақ «Тақиялы періште», «Тоғысу» сынды ғажайып фильмдерді қазаққа тарту етті.

Тарланбоз таланттың әр фильмі ұлттық құндылыққа толы. Мәселен, «Тақилы періште» киносында Шәкен Айманов күлдіре отыра келмеске кетіп бара жатқан құндылықтарымыз бен ұлттық ерекшеліктерімізді, онымен қоса келе жатқан заман аңғарын да тамыршыдай тап басып көрсете білген. Кинода бәрібір қазақ ұлт болып өз орнын алмай қоймайды деген қарсылық та жоқ емес. Осының бәрін советтік идеологияны көз қыла отыра мыңдаған деталь арқылы жеткізу және бір жарым-ақ сағатқа ссқ көрсетеді. Әу бастан Асан қайғы, Қорқыт ата, Қожанасыр, Алдар көсе образы қазақ танымымен біте қайнасқан. Түгін тартса майы шыққан салқар дала топырағынан өнген қайбір аңыз да ұлттық кодымыздыдыың Робин Гуды, Дон Кихоты секілді қара халықтың сойылын соғып, әділетсіздікке қарсы айла еткен Алдар көсе бейнесі жүрегімізге жақын, көңілімізге орныққан. Құдай тағала ерек тудырған шалқар шабыт иесі Шәкен Аймановтың әр қимылы, дегдар болмысы сахна үшін жаралғандай. Айманов тұрпатына қарай отырып айызың қанады, тынысың ашылады. Майталман адымының ең кең көрінер тұсы, дарынының сансыз қыры ашылар шағы сөз жоқ, «Алдар көсе» фильмі.
Қайбір талант болса да өз дәуірінің жемісі. «Алдар көсе» фильмі арқылы жеке басының қамын күйттеп, таптық бөлінушілік пен дәстүрден жеруге ұрына бастаған қазақ халқының кемшін тұстары ашылады. Бауырмалдық пен мейірімнен аттаған жуан байлардың майлы желкесі күлкіге ұшырап, адам жүрегіндегі ізгілік, мейірім, жанашырлық секілді қасиеттер дәріптеледі. Фильмде Шәкен Айманов Алдардың рөлін сомдап, қиыннан қиысқан образды шебер сомдайды. Халықтың сүйікті перзенті әзіл-қалжыңмен жапсарласқан ақылды шешімімен, тапқырлығымен, кең пейілділігімен, ұшқыр ойымен, даналығымен көрерменді тәнті етеді. Халық ертегілерін жаңа кезеңмен байланыстырып, Алдардың көзқарасын, тәлім-тәрбиесін дара буынның түсінігіне шақтап беруі – жеке әңгімеге жүк. Аймановтың шынайылығы сонша, экраннан мейірімді, ақжүрек Алдардың өзін көргендей бауыр басып, соңыра қимай қоштасасыз. Жүрегіңізде мифтік қаһарманға махаббат оянып, елдік рухыңыз аспандай түседі.


Фильмдегі ең шебер рөлдердің бірі – бақсы. Шағын ғана эпизодтық бақсы рөлін ойнаған ұлы актер Елубай Өмірзақов қара көңілді ағартып, кісіні қайран қалдырады. Шәкен Айманов бақсы эпизодын арнайы Елубай Өмірзақов үшін енгізген деседі. Кедейді қанап, малын қалталаған сараң байдың ауылына тап болған Алдар, оны әжуаның астына алады. Жуан бай ән бастар тұста, Алдар халықты әзілімен күлдіріп, қайта-қайта әнін үзеді. Мұны қорлық көрген бай көсенің соңына адам салады. Солайша қапыда ізгілік жақтаушысын қарақшы сойылға жығып, айдалада қалдырады. Міне, осы шақта жапан кезген жалғыз бақсы тап болып, Алдарды емдеп жазады. Елсізде жалаң аяқ жар кезген, таза жүрегінен, ақ тілегінен өзге ешнәрсесі жоқ бақсы кейпі көшпенділердің аңсар-арманын еске салады. «Ешкімге соқтықпай жай жатқан» қазақ халқының рухани әлеуеті, адамшылық күйі Алдар мен бақсының диалогінде кеңінен көрініс табады.
Көркем фильмнің кісіге ақыл қосып, жан иірімін қозғар сәті мол. Фильмнің сценарийін Шәкен Айманов Лев Варшавскиймен бірігіп жазған екен. Сүбелі туындыға сондай-ақ Қалыбек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Атайбек Жолымбетов, Серке Қожамқұлов, Баян Әділова секілді қадау-қадау өнерпаздар түскен. Бір қызығы, фильмдегі Алдар көсенің бөркі бүгінге дейін сақталған. Майталман тұлғаның тері сіңген құнды жәдігердің тарихы қызық. 1969 жылы «Найзатас баурайында» фильмінің негізгі сюжеттерін түсіріп, режиссер өнер ордасына қайтады. Кейін Алматыда фильмнің түсірілімі бітіп, қосымша көрініс қажеттілігінен Баянауылға қайта жолға шығады. Жолай Павлодар қаласына аялдап, немере ағасы Орал Мұзапаровтың үйіне түседі. Режиссер үйден шығарда «бірнеше фильмге түскен әйгілі бөрігімді тастап кетейін, менен кәде болсын» деп бөркін үй иесіне табыстаған екен. Туыстары құнды жәдігерді көзінің қарашығындай сақтайды. Көрген жанның көзі тояр қазақы қалпақ ерте күндердің елесіндей, алпамса уақыт адымындай.
Аумалы-төкпелі кезеңде ұлт жаны үшін күрескен Шәкен Айманов болмысы жыл сайын биіктей бермек, ұлғая түспек. Жүрегіне байтақ даланы қондырған алып ердің қай еңбегі де көп жұлдыз ішіндегі шоқ жұлдыздай. Олар зәулім көктен бізге, туған халқына жарық төге берері ақиқат.

Тортай ҮСЕН