№12 Желтоқсан, 2023
Театр – ұлттық сахналық өнер, мәдениет майданындағы асыл арна. Өнер сүйер қауымның рухани қажеттіліктерін өтейтін, байытатын, қуантып, мұңайтатын,ң мезетте сездіретін өнер ордасы.
Қазақ театр өнерінің қайнар – көзі халық шығармашылығы, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпы. Сонымен қатар, Алдар көсе, Қожанасыр, т.б. секілді аңызға айналған, қиыннан қиыстырып әңгіме айтатын тапқыр, ой-қиялы жүйрік кейіпкерлер де сахна көркі. Қазіргі қазақ кәсіби театрының тарихы XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. 1859 жылы бо орыс драма театрларының негізі қаланған. Кейін келе Семейде «Музыка мен драмалық өнер әуесқойларының қоғамы» ұйымдастырылды, іле-шала бұл бастаманы Шымкент, Ақмешіт, Ақмола, Петропавл қалалары іліп әкетті. 1917 жылы маусым айында Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында бұрынғы Ойқұдық жайлауында М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясы алғаш рет қойылып, оған автордың өзі жетекшілік еткенін білеміз. Тек осыдан кейін ғана, яғни 1918-24 жылдар аралығында өзге қалаларда қазақ драмалық үйірмелері ұйымдастырылып, Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтың, С.Сейфулиннің пьесалары сахнада қойылды.
Бүгінде сол өнердің дәм-тұзын жоғалтпай, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Нүкетай Мышпаева, Бекжан Тұрыс секілді тұлғалар алдыңғы аға буын аманаттап кеткен бұл өнерге қиянат жасамай, театрдың өзінше бір әлем екенін дәлелдеп келеді.
Қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Жұмат Шаниннің тасқа басылып қалған «Театрдың ең үлкен кемшілігі – өз орнын тауып отырған жоқ», — деген сөзі бар. Содан бері қанша жыл өтті?! Бүгінде сол кемшіліктің орны толғандай көрінгенімен әлі күнге дейін әлгі сөз өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Неге? Түсіндіріп көрейік. Бүгінде елімізде театрлардың санынан кинотеатрлардың саны көп. Сәйкесінше табыс көзі де аз емес. Адамның жанын байытатын, түсінігін кеңейтетін спектакльден гөрі, көрермен миын улап, психологиясына кері әсер ететін киноларға адамдардың ағылып баруы үлкен проблема туғызады. Өздерімен қоса кіп-кішкентай балалармен баратынына не дейміз?! Барлығына топырақ шашудан аулақпыз. Алайда, өзге елдің менталитетіндегі біз қабылдай алмайтын анайы сөздермен аударылған анимациялық фильмдердің көрермені көп. Тағы айта кетейік, табысы да көп, оны ешкім тоқтата алмайды. Дәрменсізбіз. Біздікі Қазақ елінің мәртебесін асқақтатып, ұлтымыздың тарихын, тілін, ділін, дәстүрімізді, батыр бабаларымыз бен аналарымыздың, ержүрек ұлдарымыздың ерлігін жырлайтын спектакльдерді көріп, өзіне қажетін алса деген аңсар ғой. Бүгінде халықтың көңілінен шығып, бір емес бірнеше мәрте көруге тұратын жақсы қойылымдар көп. Мәселен, М.Әуезов театрындағы «Ымырттағы махаббат», «Сыған серенадасы», «Жаужүрек», Ғ.Мүсірепов театрындағы «Ай-Қарагөз», «Желтоқсан желі», т.б. сынды пьесаларды атап көрсетуге болады.
«Жоқтан бар болмайды, бар жоғалмайды». Сол секілді ақын-жазушылар-дың жазып қалдырған шығармалары, романдары, поэмалары, пьесалары түбі бір ел игілігіне айналады, театрда қойылады, киноға түсіріледі. Иә, ұлылардың әдеби туындыларынан майталман топтар өнер туындыларын тудырады. Әдебиет пен өнердің байланысы деп осыны айтуға болады. Ғабит Мүсірепов тағы бір сөзінде «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде – ұлт та ұлы болмайды», — деген. Ендеше, әдеби дүниелердегі орамды ой, көркем сөзді көре білетіндей театрларымызға көреген көз берсін деп тілейік.
Гүлім Рысқұлова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі