№7 Шілде, 2023
Қобыз – халқымыздың ежелден келе жатқан қасиетті аспабы. Елімізде бұл аспаппен күй тарту өнері бүгінде жоғары деңгейде дамығанмен, қобызбен ән салып, жыр айту дәстүрі айтарлықтай қанат жайған дей алмаймыз. Десек те, ән-жыр кештерінде қобызбен ән салып, ел алғысына бөленіп жүрген санаулы өнерпаздарымыз бар. Бүгін біз бірнеше республикалық дәстүрлі орындаушылар ба Қзылорда университетінің аға оқытушысы, жыршы Марат Сүгірбаймен әңгімелескен едік.
– Қазіргі уақытта қобызбен ән салып, терме-толғау айтып жүрген өнерпаздарымыз көп емес. Ертедегі қобыз жыр-саздарының бүгінгі күнге жетпегенін білеміз. Сіз қобызбен жыр жырлағанда қандай мақам-саздарға саласыз?
– Сыр бойының перзенті болғандықтан өзім туып-өскен аймақтағы мақам-саздарды насихаттау – негізгі мақсатым. Сыр бойының мақам-саздары сонау оғыз дәуірінен жеткендіктен қобызға қабыса береді. Қобыздың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Қармақшы, Арал-Қазалы және Нартай мектебінің мақам-саздарымен жырлап жүрмін. Мысалы, Досхан Жолжақсынов түсірген «Құнанбай» көркем фильмінде Жанақ жыраудың алқада жырлап отыратын жері бар. Сол көрініске менің орындауымдағы антайдың екі мақамымен қобызға салып айттым. Бұл – Нартай әуендерін қобызға алғаш салуым болатын. Репертуарымда домбырамен де, қобызбен де айтатын жырлар мен терме-толғаулар баршылық. Қазірше қобыздағы репертуарыма Қармақшы өңірінің бірқатар мақамын енгіздім, енді Арал-Қазалы жырауларының мақамын енгізіп жатырмын.
– Көмескіленіп кеткен қобызбен жырлау дәстүрін Қазент Тілеуханның қайта жаңғыртып, сахнаға алып шыққаны белгілі. Жалпы, қобызбен жырлауды қолға алуыңызға не әсер етті?
– Рас айтасыз, қобызбен жырлау өнерін ең алғаш Бекболат ағамыздан көрдік. Ол кезде он екі, он үш жастағы баламыз. Қобызбен жырланған жырды тыңдап, ерекше әсер алған едік. Дегенмен, ол кезде қобыз үйренетін мүмкіндік болмады. Есейіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға келдік. Қобызбен жыр айтқан адамды екінші рет университетте кездестірдім. Мұнда ұстаздық қызметтегі домбырашы-күйші Мақсат Мұхамеджанов та қобызбен жырлайды екен. Бір күні «Күлтегін» жырынан үзінді орындап көрсеткен ұстазым маған: «Қазір Сыр бойында қобызбен жыр айтатын ешкім болмай тұр, сен домбырамен жырлап жүрсің ғой, қобызбен де орындап көрсеңші», – деді. Осылайша, ол кісіден үш жыл бойы жүйелі сабақ алып, оның репертуарындағы «Күлтегін» жырының бір бөлігін үйрендім. Ары қарай шырқап салатын жерлерін мейлінше дамыттым. Ұстазым осы жырда екі мақамды пайдаланса, мен үш-төрт сазға дейін көбейтіп, сағаға түсу жағын қосып, Сыр бойы мақам-саздарының иірімдері мен қайырымдарын көбірек қостым.
– Сыр бойындағы Қармақшы, Арал-Қазалы мақамдарынан бөлек Нартай мектебінің әуендерін де қобызға салып жүргеніңізді айттыңыз. Жалпы, бұл саздарды қобызға салғанда мақам-саздар қандай да бір өзгеріске ұшырап кетпей ме?
Қобыз дыбысы көбіне үзілмей, созылып шығатындықтан сырнайдың дыбыс шығару әдісіне өте ұқсас. Қазіргі орындап жүрген «Әбу Дарда» дастанын сырнай әуенінен алынған сазбен орындап жүрмін. Наақң көрнекті өкілдерінің бірі Құрманбек Бекпейісовтің орындауынан үйрендім. Дастанның авторы Шәді Жәңгіров екен. Бір кездескенімізде, Құрманбек ағамыз осы дастанды орындап берді, сырнаймен орындап отырса да, қобыздың үні сияқты көрінді де, жаттап алып қобызға салдым, мұны домбырамен де айтамын. Ұзақ дастан болмағандықтан бір мақамның төңірегінде орындап жүрмін. Ал мақамының авторы туралы айтар болсам, Нартай мектебінің негізінде шыққан Құрманбек Бекпейісовтің өз мақамы деуге болады. Ал көбіне домбырамен жырлағанда Арал-Қазалы өңірінен шыққан шайырлардың сөздерін аталған өңірдің өз мақамдарымен жырлаймын. Қай өңірдің сөзін айтсаң, сол сөздің табиғаты өз өңірінің саздарын сұрап тұрғандай болады.
Негізінен Нартайдың ән-әуендері мен көмеймен жырлайтын Қармақшы жыраулық мектебінің мақам-саздары қобызға жатықтау келеді. Әрине, терме-толғау, жыр жырлаумен шектелмеймін. Аталған өңірлерге кең жайылған «Долана» сияқты халық әні мен Ешнияз салдың «Дүрдараз», «Сыр дуан», «Айтжан-ай» әнін, Мұзараптың «Балымша», Тұрымбеттің «Күмісайжан» Нартайдың «Үрмаш сұлу» тағы да басқа әндерді орындаймын.
.
– Қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеп, білім ордасында дәстүрлі өнер жайында дәріс оқып жүрген ұстазсыз. Жыршылық өнерді насихаттау жолында тағы қандай істерді атқарып жүрсіз?
– Жыршылық өнерді дамытудың бірден-бір жолы – насихаттау. Бұл –жыршылық дәстүрді сақтап қалудың да жолы. Тыңдаушысы қалыптаспаған музыка өнері жоғалып кетеді деп есептеймін. Дәстүрлі музыкада жүрген жастар мейлінше өз замандастарының арасына, интеnbтты көбейте берсе, тыңдата берсе тыңдаушысы қалыптасады. Сондықтан да жыршылық өнерді насихаттауды мақсат етіп, «Қызылорда» аймақтық телеарнасымен бірігіп «Сыр сүлейін сұрасаң» және «Жыр керуені» атты екі мәдени-танымдық бағдарлама жасадық. Осы бағдарламалар арқылы біршама істер атқарылды. Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов «Жыр керуені» атты өңірлік фестиваль ұйымдастырған болатын. Ауыл, аудандабіалдына шығып тұрдық. Ол телевидениеге түсіріліп, жыл бойы эфирден берілетін. Кейін халықтың сұрауын ескеріп, «Жыр керуені» фестивалін айына бір рет ұйымдастырып, үш жыршыдан жырлатып отырдық. Осылайша жыл бойы Сыр бойындағы біршама жыршыларды Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық Қазақ академиялық музыкалық драма театрында жырлату дәстүрі пайда болды.
– Жыршылық дәстүрде қазіргі уақытта дастаншылық өнерді жолға қоюымыз керек деп есептеймін. Кез келген адам жыршылық өнерге келгенде терме-толғаудан бастайды. Алайда, сонымен шектелмей әр жыршы өз репертуарын жыр-дастандармен байытуы керек. Хикая, дастандарды жырласақ, халық алдындағы беделіміз де артып, тыңдаушыларды да көбірек баурар едік. Өйткені, ғашықтық, батырлық, діни жыр-дастандардың бәрінің оқиғасы бар. Сюжетті шығармалар қай уақытта да тыңдарманды өзіне тартады. Заманында халықтың театры да, актері де – жыраулар болды ғой. Сондықтан жас жыршыларға көлемді жыр-дастандарды көбірек жаттау, оны тартымды етіп жырлау үшін мақамдарды көбірек меңгеру керек деп айтар едім.
– Өнеріңіз өркендей берсін! Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Күнқожа ҚАЙРУЛЛА, ҚР Мәдениет саласының үздігі