№7 Шілде, 2023
Сыр өңіріне сапар барысында көне мәдени мұралар туралы осы аймақтың өлкетану ісінің өте білікті маманы Ә.Көшекбаевпен сөйлескен едік. Бүгінгі әңгіме сол туралы: бүгінгі замандастарымыздың біразы қазақ қала салмаған, сәулеткерлік өнерінен бейхабар болған деген көзқараста екені рас. Біле білсек, Арал маңындағы малшы-көшпенділерден қалған көнеліктердің ұрпақ санасын оятудағы маңызы өте зор. ХІҮ-ХҮІІ ғ.ғ. Ортағасырлық қазақ халқының салттық-ғұрыптық сәулет өнері яғни, тастан жасалған, қам кесектен және күйдірілген кірпіштен тұрғызылған кесеінфаг жәшіктер, құлпытастар және т.б. мемориалды салттық-ғұрыптық кешеннің қалыптасуына негіз болды.
Бұл өңірдегі мұндай құрылыстардан Ақтас, Балдық және Қалжан ахун мешіттерін атап айтуға болады. Ақтас мешіті – Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы монументалды-күмбезді құрылыс. Мешіт ғимараты күйдірілген кірпіштерден тұрғызылып, негізгі жоспарында шаршы пішінді болып келеді. Қазіргі кезде ғимараттың ішкі көрінісіне өзгерістер енгізілген. Балдық мешітінің архитектурасында орыстың «кірпіштік» стиль элементтері айқын көрініс тапқан, бұл құнды ескерткіш қазір апатты жағдайда.
Сырдарияның төменгі ағысындағы белгілі Қалжан ахун мешіті өзі қайтыс болғаннан кейін жанұялық қабірге айналған. Ескерткіш – зор көркемдік және тарихи маңызға ие. ХІХ ғасырда ІІ жартысында Ресей империясының Сыр өңіріндегі отарлау саясаты күшейді. Отарлаудың астарында жасырын православиеге шоқындыру саясаты да жүргізілді. Оның дәлелі ретінде Сырдарияның бойта православиелік шіркеулерді айтуға болады. Сол кездегі Орта Азиядағы Ташкент, Бұхара, Хиуа қалаларындағы медреселерді бітірген қазақтар Ресейдің шоқындыру саясатына қарсы тұрды. Өздері тұрған аі мешіттер мен медреселер көптеп салынды. Алайда бұлардың көбісі сақталған жоқ. Қазіргі таңда Сыр өңірінде жақсы сақталған ғимарат, Қалжан ахун мешіт-медресесі. Бұл медресе Ресей империясындағы Қазан төңкерісіне дейін Сыр өңіріндегі бірден-бір діни білім беретін орын болды. Медресені діни-ағартумен айналысқан Сыр өңірінде шоқтығы биік тұлға Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1862-1916 жж.) салдырған. Қалжан ахун 1862 жылы Қарақалпақ жерінде дүниеге келген. Ахунның әкесі Бөлекбай Қарақалпақстандағы Кіші жүздің ішінде Табын руының белгілі адамдарының бірі болған. Қалжан ахун жас кезінде Хиуа қаласындағы діни мектепте, кейін 1879 жылы Орта Азиядағы белгілі діни оқу орны Көкілташ медресесінде діни білім алады. Медресені бітіргеннен кейін Сыр өңіріне келіп діни-ағартушылықпен айналысады. Қалжан ахун парсы, араб, тәжік тілдерін жетік білген. Ахун ширек ғасыр бойына халықтың рухани қажеттілігін өтеген өзінің атымен аталатын мешітте имамдық етіп, жастарға тәлім-тәрбие беру ісін қолға алады. Қалжан ахун қиыншылық жағдайда қысылғандарға қол ұшын беріп, ғылым, білім үйренем деушілерді, ғалымдарды жанына тартып дос еткен.
Қалжан ахун 1902 жылдан бастап Сыр бойына мешіт-медресе салуды қолға алады. Мұны бұрынғы жергілікті халық қызу қолдайды. Дәулетті адамдар үйірлеп жылқы береді. Өңірде сол дәуірдегі үлкен жаңалық Орынбор-Ташкент темір жолының салынуына байланысты кірпіш зауыты сатып алынып, қыш кірпіштеррі құйылады.
Құрылыс тек 20 жылдары аяқталады. Кеңес дәуірінде 20-30 жж. «Ақ жол» мектеп-интернаты болған. Кейін Қалжан ахун ұрпақтары саяси қуғынға ұшыраған кезде медресе астық қоймасы, мал қорасы, мектеп-интернат қызметтерін атқарады.
Құрылыс Көкілташ медресесі үлгісімен салынып, түрлі көлемдегі оқу, дәрісхана. Жатақхана секілді мақсаттарға арналған 33 бөлмеден тұрған. Маңдай алдындағы кіре беріс дарбазасы қос бөлме төбесіне айшықты үш күмбез орнатылған.
Халықтық асардың ұйымдастырылуымен мешіт маңайы қоршалып, имандылық жолында келушілер үшін жол салынған. Кейінгі кездері келушілердің автокөліктері үшін аялдама жасалған. Бұл күндері мешітке келушілер саны көбейе түскен.
Мешіт-медресенің құрылысына пайдаланылған күйдірілген кірпіштердің және жоғары сапалы тікбұрышты қам кесектердің өлшемі 7х13х27 см аумақтық өлшемдері – 43,7 х 43,0 м, биіктігі – 7,3м. (2.397 б.).
Барлық бөлмелер ауланың периметрінде орналасқан. Ескерткіштің негізгі қасбеті солтүстік-солтүстік батыс жаққа бағытталған, онда ғимараттың бас қақпасы бар. Бас қасбетке сонымен қатар мешіт бөлмесі (батыс жақтан) мен тамақтану бөлмесі (шығыс жақтан) шығып тұр, худжралар (сыныптар) бүйірлік қасбеттерде (әр жаққа оннан) жағалай орналасқан, аулада қызметтік бөлмелер орналасқан. Ғимарат ХІХғ. Соңы-ХХғ.басына тән «кірпіштік» стиль дәстүрінде орындалған. Кірпіш қаландысы күйдірілген кірпіш пен қам кесектен үйлесім тапқан. Негізгі қасбет, ірге кірпіштерден қаланған ал қалған қабырғалары қам кесектерден өрілген (3,498 б.).
1989 жылы мешіт-медресе облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының есебіне алынған. Қазір оны Жалағаш пен Сырдария аудандарының тұрғындары қамқорлыққа алған.
ХХ ғасырдың басында Қалжан ахун мешіт-медресесі Сыр өңіріндегі бірегей білім, ғылым ордасы болды.
Барлық зерттелген аймақтарда күмбезді кесенелер кең таралған, сонымен қатар төртқұлақтар облыстың барлық аймақтарында кездеседі. Мемориалды мұнаралар Сырдың төменгі ағысы аймақтарында ғана кездеседі. Мұнараларға ғылыми зерттеулер жүргізген архитектор Э.М.Байтенов оларды тек Сыр өңіріне ғана тән екендігін айтады. Ал Арал теңізінің шығыс бетіндегі мұнаралық құрылыс – Ұзынтам мұнарасы қазіргі кезде қатты қираған және ескерткішті жедел қайта жөндеу керек. Ескерткіш мерзімі және пайдаланылуы, бастапқы түрі т.б. жағынан жұмбақ мұнаралардың бірі болып табылады. Осыған ұқсас мұнаралық құрылыстың бірі – Бегім ана мұнарасы. Қазіргі кезде ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізілген, бірақ, өкінішке қарай оның алғашқы нобайынан ешқандай элемент сақталмаған.
Тағы бір сәулеткерлік ғимараты Көккесене – оғыз-қыпшақ заманында (ХІғ.) Сырдария жағасында (Қызылорда облысы, Төменарық стансасының солтүстік батысында) тұрғызылған сәулетті күмбез. Көккесене Қармыш байдың Мамыш бектің жұбайы Баршын сұлудың (Гүлбаршын) қабіріне салжұқ-хорезмшаһ заманында сәулет өнері үлгісімен (биік мұнара) салынған. Көккесененің астыңғы негізі, яғни, іргетасы берік етіп жасалып, оның үстіне бірінен-бірі биіктете үш барабан тұрғызылған. Орталық барабанды михраб түрінде қуыстап келтіріп, үстіне сүйір мұнара орнатқан. Күмбездің арқасын жебенің үшкір басына ұқсатып, екі иығын өрнекті бағаналармен көмкерген. Қабырғаларын Алаша хан күмбезі секілді қыштан кілем өрнегі үлгісіне ұқсатып қалаған. Қазір бұл тамаша ескерткіш түгел дерлік бұзылған.
Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі, полковник Каллаур В.А. Көккесенеде үш рет болып зерттеген, қаланың орнын суретке түсіріп алған. Ол алғаш 1898 жылы келіп көргенде Көккесене оншалықты қирамаған екен. Қабырғалары сегіз қырлы болып басталып, одан жоғары он алты қырлы бөлікке бөліне отырып, төбесі күмбезге ұласып кеткен. Күмбездің ішкі жағында айналдыра арабша жазылған жазулары болған. Ал В.А.Каллаурдың 1900 жылдың 7 ақпанындағы «Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесі» хаттамасының қосымшасында «1219 жылы Шыңғыс хан әскері қиратқан Перовск уезіндегі ежелгі қалалар» атты мақаласы жарияланып, онда Көккесенеге де кеңінен тоқталған. Алғаш рет оның суретін беріп, «Бұл биік, күйдірілген кірпіштен соғылған, түсті орнаментті әшекейлермен көмкерілген ғимарат» деп жазады. Оның қану әдісінің Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи мавзолейімен бірдей екендігіне назар аударады. В.Каллаурдың үшінші рет келу жөнінде үйірме хаттамасының 1902 жылғы 2-ші желтоқсанындағы санының қосымшасында жазылған. Ол осы сапарында Көккесене күмбезінің астында табыт жатқанын көріпті.
Көккесененің сәулет өнерінің өте әсем туындысы екені туралы өз заманында этнограф-ғалым Әбубәкір Диваев, академик В.В.Бартольд және басқалары сүйсіне жазған.
Сырдың ежелгі, яки, көне арналары Ікәрдария мен Жаңадария бойында Қарахандар дәуіріне жататын небір ерекше сұлу сәулет өнерінің тарихи жәдігерлері орналасқан. Ал Іңкәрдария Сырлытамы мен Жаңадария Сырлытамы кесенелері Сыр бойындағы күйдірілген кірпіштен, яғни, қыштан салынған ғұрыптық құрылыстардың біздің заманымызға жеткен алғашқы нұсқаларының бірі.
ХҮІ-ХХ ғасыр аралығындағы кесенелер тобы күйдірілген кірпіштен тұрғызылып, Сырдарияның төменгі ағысы бойына ислам дінін әкелген араб ұрпақтарының есімдерімен, өмірімен тікелей байланысты. Оларды қатарынан Мүлкәлән (Молла-калан), Қорасан-Ата, Қылышты Ата, Асанас Ата Қожан Қожа, Сүнбибі (Шынқыз әулие), Құлболды ишан, Айқожа кесенелері қазіргі уақытта қайта қалпына келтірілген. Ал Сыр бойындағы және Сарысу өзенінің төменгі ағысы мен Телікөл көлінің маңайындағы зиратхана (тілеухана) – ғұрыптық рәсімдерге, Құран және намаз оқуға арналған бөлмесі бар кесенелер тобы туралы әңгіме өз алдына. Оларға қоса қыштан өрілген Сырлыбай, Келімбет және Құттыбай кесенелерінің көркі, салыну шеберлігі, ішкі де, сыртқы да әрленуі қазақ даласындағы тарихи жәдігерлеріміздің ұлттық мақтанышы деуімізге әбден болады.
Мырзан Кенжебай