№7 Шілде, 2023
Шығыс халықтарына тән- үлкенді сыйлау, алдынан кесе өтпеу, бетінен алмау деген секілді игі дәстүрді жоғалта бастағандаймыз. Өзбекстан, Түркіменстан секілді Орта Азия республикаларына жұмыс бабымен жиі ат ізін салып тұрамын. Әсіресе, Моңғолия, Қытай қазақтарына барғанда жастардың биязылығы, ата салттан алыстамаған кішіпейілдігі айқын көрініп тұрады. Мәселен, Алматыны алар болсақ, қоғамдық орындар мен көліктерде қазақ балаларының үлкен кісілерге орын беруі, көрегенділік танытуы әлі де кемшін. Егер Ташкентте метроға міне қалсаңыз, түркімен, өзбек жастары орындарынан ұшып тұрып, үлкендерге орын береді. Қаймағы бұзылмаған ұлттық мәдениеттің сақталар жері ауыл десек, оның өзінде де жастардың бұрынғыдай инабаттылығы мен ибалылығы сақталмаған. Өзге саясаттың ықпалында болдық деп кейде кеийміз. Дегенмен, сол Кеңес Өкіметінің тұсында, 60-70-80-ші жылдары жастардың мінезіне аса бүлік түспеген еді. Олар үлкенді қадір тұтып, сыйлай білетін. 1990-шы жылдардан бері қарай елімізде тегеурінді ұлттық идеология, басым бағдар жоқ. Ақпараттық кеңістігімізді шетелдің басылымдары мен мәдени өнімдері жаулап алды. Әсіресе, телевидениенің бағдарламасында шетелдік кинолар мен хабарлар қаптады. Қазақ өзі тез қабылдамадәуір зардап шеккен өскелең ұрпақ. Шетелдің ала-құла дүниелерін тұтынғаннан олардың санасына сызат түсті. Жастар сол бөгде идеяларды насихаттаған дүниелерге көбірек бой алдырды. Дәстүрлерден алыстаудың алғышарттары осыдан басталады.
Кавказ халықтары жасы үлкендерді қалай сыйлайды? Кішіпейілдіктен олар жасық болып қалған жоқ. Өздерінің ұлттық намысын көтергенде, өздерін-өзі қорғағанда ештеңеден қайтпайтын қайсар. Үлкенді сыйлау – біздің этномәдениетіміздің Темірқазығы, одан ажырау ұлттық тұтастыққа, ұлттық ұйымдасуға селкеу түсіреді. Қарттарын қазына тұтпаған, ата-анасына құрмет қылмаған жастар Отанға қаншалықты қызмет жасайды? Осы жағына көбірек мән беру абзал.
Кейбір жақсы салттарымыз заман көшіне ілеспей, бірте-бірте қалып бара жатса, керісінше, кейбір дәстүрлерді, тіпті асқақтатып жібердік. Ас беру, той өткізу үрдісі сонау сақ заманынан келе жатқан көшпенді бабаларымыздың жомарттығын көрсететін әдемі салт. Ол тек ішіп-жеу мен ғана шектелетін дүние емес, ру аралық татулық пен бірлікті бекіту, өзара мәслихат құру, түрлі өнерпаздардың өнерін ортаға салу сияқты жоралғылар мен далалық мәдениетті өркендетудің бір көрінісі де еді. Ас пен той кезінде көптеген ұлттық ойындар ойналып, балуандар бақ сынасып, шешендер сөз сайысына түсіп, ұлт пен ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін. Оның философиялық, танымдық, әлеуметтік маңызы да ерекше болды.
Елдің жағдайы сәл-пәл түзеліп, біршама көркейе бастаған тұста жаппай той тойлау үрдіс алып кетті. Тіпті, банктен несие алып той жасап, ас бергендер қаншама. Артынан оны төлей алмай, тақырға отырғандарды да білеміз. Осы ас беру кезіндегі қисапсыз мал шашып, ысырапшылдыққа ұрынуды Әлихан Бөкейханұлы 1900 жылдардағы мақалаларында қатты сынап, Орталық Қазақстандағы Бағаналы елінің астарын атап көрсетіп, бұл қазіргі заманға келмейді, капиталистік ағымға еніп барамыз деп ашып жазған еді.
Сондай-ақ, кейінгі кездері той барысында өзгеше бір үрдістер, салттар байқалып жүр. Олар өз алдына үлкен әңгіменің өзегі. Сонымен қатар, «тамада», «той басшысы» дейтін жаңа кәсіп иелері пайда болды. Бұрынғы салтымызда осындай кәсіп болған деп айтады. Меніңше, ежелгі дәстүрімізде мұндай нәрсе болмаған. «Тост көтеру», тойды арнайы бір адамға басқарту деген кавказдықтардан келген дүние. Бүгінде «тамада» деген үлкен бір институтқа айналды. Көбісі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай жаттанды әзіл мен өлеңдерді қайталау береді. Арнайы «ставкалары» да бар, соған сүйеніп қомақты ақша сұрайды. «Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» деген осы шығар. Данышпан Абайдың «еріншек, бекер мал шашпақ» дегенінің кері келгендей. Тойға есепсіз ақша шашқаннан гөрі, шамасына қарап, қаржыны басқа пайдалы дүниелерге жұмсаса игі еді. Қазақтың шектен тыте мінезі дәстүрдің де, ұлттық сананың да тозығын шығармаса игі еді.
Ахмет ТОҚТАБАЙ,
этнограф