№7 Шілде, 2023
Ғасырлар бойы жинақталған тәжірибелер негізінде қоғам мүшелері қатынастарын реттейтін әрекеттер салт арқылы нығайтылып, өмірде атқарылу нәтижесі арқылы қалыптасады. Қазіргі кездегі қатынасымызда дәстүрлі формадан айта қаларлықтай ауытқушылық жоқ дер едім (бұл жерде, әрине, бірлі-жарым қалалықтар мен орыстілділерді қоспағанда дәстүрлі отбасылық қарым қатынастарға негізделген орта туралы болып отыр). «Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» дегенді халық наным-сенімін, санасын өлтіру мықтап қолға алынған кезде ойдан шығарылған сөз деп ұғамын. Алайда, қазақ «тауына қарай аңы, заманына қарай заңы» деуі арқылы әр заманның өз ерекшелігі болатынын меңзеп те қойған. Мәселен, келіндердің ат тергеуі қалып бара жатыр. Өз пайымдауларыма жүгінсем, қазіргі кездегі ат тергейтіндердің соңы 35-40 жас арасы ғана. Оған қазіргі кездегі әлеуметтік қатынастардың ерекшелігі әсер етпей қоймайды. Халыққа қызмет көрсету орталығы, банк, почта орын ы, т.б. жағдайларда үлкендердің атын қалай атай алмасын? Ондайға бола ерін бауырына алып мөңкіп жатқан үлкендерді де көргенім жоқ! Әйелі ерінің атын атамайтын салт келмеске кетті.
Заман ағымына шыдас берген де, шыдас беретін де салтымыз – үлкенді сыйлау. Сосын, өне бойы тілдей беретін «кең болсаң кем болмайсың» дейтін кеңдігімізді заманалардың қандай сыны кезіксе де өзгерте алмайтынға ұқсайды.
Араб елдерінен, Түркиядан діни оқу оқып келгендер төл дәстүрімізге көп шабуыл жасайды. Ислам дінінің о бастағы канондарында араб емес елдерде адатқа негізделген ислам діні ұсталуы хақында айтылғандығын біле тұрса да олар білмегенсіп, топты ортада қазақ әдет-ғұрпын жоққа шығаратын уағыздарын айта беретіні ойлантпай қоймайды. Осыған қарап, еуроцентристік ықпалдан шыға алмай жүргенде келесі біреуі келіп имелеп тұрған сияқты көрінеді де тұрады. Оған тойтарыс беретін өзіміздің ұлттық санамыз мықты, мығым болуы керек еді… әртүрлі идеяларды тықпалағысы келетін топтар үшін жұмыс жасайтындар да бар. Егер соның жетегіне еріп жүре берсек қазіргі дүбәра мәдениетіміздің жай-күйі қалай болатынын ойлаудың өзі қорқынышты.
Той тойлауда бірінен бірі асып түсем деп әліне қарамайтын мақтаншақтық, еліктеп далақтаушылық дерт болып жабысты. Дәстүрлі қоғамда ондай әрекет қатты сыналып, сынға ұшырайтын. Тікұшақтан ақша шашқан масқараны есітпегенде жағамызды ұстамасқа амалың қайсы.
Түпкі мәні өзгермей жеткен салттарымыздың бірі –бұрынғының сәлем етуі. Алға сәл ұмсынып сол тізесіне екі қолын қойып, еңкейе иілетін. Қазір еңкейе салуды ғана көреміз. Тойларда арақ емес, қымыз, шұбат қоюдың жаңғырғаны қуантады. «Бата жасау» немесе «береке» сияқты салттар арқылы едәуір қаржы жинақталып, қазаны көп болып көтеріп әкететін салт жақсы қалыптасып үлгерді.
Кінәрат дегенде – соңғы жиырмадай жылдке салып әкететін сөлекет салт қалыптасты. Ілкіде тойға түрлі себептермен келе алмай ауылда қалған келін-кепшікке, малдың кезегіне шыққандарға сарқыт деп той иелері кәделі түйіншек беретін салтым оерде ынсаптың басқаша сипат алып бара жатқаны ма дерсің!
Қоғамдағы бүгінгі құбылыстарға қарпайым халық дәл баға бере алмайды. Күнкөріс қамымен ғана жүрген халықтың саясатта шаруасы болмауын ойластырып қойған биліктің қол жеткізген нәтижесінен туған енжарлық пен тоғышарлық себеп. Қазіргі «кеден одағының» артынан, екінші сатысы «еркін экономикалық кеңістік», үшіншісі әзірден айтылып жүрген «ортақ валюта» келуінің зардабы неге апарып соғатынына қазақ қауымының дені (аз санды ұлтшылдардан басқа) бас ауыртпайды. Тұлғаларға шынайы сеніп, ойын бөліскен жанды аз көрдім. Жалпы алғанда, күтпеген жерден, халықты селт еткізетін оқыс қадамдар жасаймын деп, қазақты оятып, қамшылап тұратын саясат та керек-ақ!
Ұлттық сана жоқ болып тұрғанда саяси сана туралы әңгіме қозғау мүмкін емес қой. Осы екеуі жұптасып келсе төмендегідей жағдай болар ма еді!?
2009 жылдың қыркүйегінде кішкентайымды мектепке алып барғанда сыныптағы оқушылар тізімін көріп өмірден түңіле жаздадым (Алмалы аудандық №58 мектеп). Тізімдегі оқушылар фамилиясының тұп-тура жартысында «-ов», «-ева»-лар әлі қайқайып тұр. Сенбестік білдіріп, сынып жетекшесінен сұрағанымда куәлік көшірмесіне қарап жазғанын айтты. Яки, тәуелсіздіктен кейін он екі жыл өткенде 2003 жылы дүниеге келген қазақ баласының фамилиясында орыс жалғауының жазылуына немқұрайды қараған ата-ананың санасы қай кезеңде өмір сүріп жатқанын бажайлай беріңіз! Ұлтымыздың санасы осы мысалдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?!
Досымбек Қатыранұлы,
этнограф