№7 Шілде, 2023
«Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құр-алақан қалады»-деген Ғабит Мүсірепов. Баланы жастайынан халықтың мақал-мәтелдері, әңгіме, ертегі, дастандарымен сусындайтын, тіл қадірін түсінуге, бағалауға, ана тілін құрметтеп, қастерлеуге тәрбиелеу ата-ананың, тәрбиешінің алдындағы зор парызы. Көп біл, аз сөйле дегендей тілді таза сөйлейтін, ұлің, ана тілінің келешегін ойлайтын ұрпақ тәрбиелеуге барша болып күш салалық.
Бүгінгі сөз – ертеңгінің көпірі.
Жақсы сөз – жарым ырыс.
Өнер алды – қызыл тіл.
Тіл – күретамыр.
Сөз асылы – мақал.
Тіл қаруы сөз, сөз қаруы ой.
Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ.
Тілі жоқ ұлт – өлген ұлт.
Халықтың ең асыл мұрасы – ана тілі.
Білімдіден шыққан сөз, таланттыға болсын кез.
Көңіл сөзін сөз ашар, сөйлемесе кір басар.
Шешеннің тілі – шебердің бізі.
Азаматтық қоғам өміріндегі тілдің маңызы ерекше. Тіл – кез келген ұлттың рухани өзегі. Тіл арқылы жеке адамдар мен бүтін халықтың дүниетанымы, мәдени байлығы қалыптасады, дамиды, өркен жаяды.
Шынында да, тіл – ұлтты құраушы фактор.
Туған тіліңсіз толыққанды ұлт болу қиын.
Осы тұрғыда жас мемлекетііміздің тәуелсіздік алған сәттен бастап-ақ елдегі тілдердс. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» — деп, ал «Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы»,-деп көрсетілген.
Бұл мәселеге елімізде үлкен көңіл бөлініп отыр. Тіл орталықтары ашылып, қызмет етуде. Мемлекеттік тілді үйрену, немесе білу деңгейін жетілдіруге ниет білдірген кез-келген азаматтың осы орталықтан білім алуға мүмкіндігі бар.
Қазақстан – әрбір адамға өз ана-тілін, мәдениетін, дәстүрі мен салтын сақтауға және дамытуға мүмкіндік жасайтын көпұлтты мемлекет. Біздің республикамыз – орыс тілінің ресми дәрежесі заң түрінде бекітілген, басқа да ұлттық топтардың тілдерін құқықтық қорғау қамтамасыз етілген кеңестік дәуірден кейінгі кеңістіктегі бірден-бір ел. Тіл саясатындағы өзекті сала терминология мен ономастика. Мұндағы басты міндет-тәуелсіз еліміздің қайта жаңғырған ұлттық сана, тарихи мұра, қоғамдық көзқарасқа жауап беретіндей ономастикалық жұмысты жүйелендіру, дамыту, қазіргі егемен Қазақстанның болмысына бейімдеу.
Тұтастай алғанда, мемлекеттік тілді өз дәрежесінде қолдану мен дамыту үшін, сондай-ақ халқымыздың рухани құндылықтарын сақтауды қалыптастыру үшін осындай шаралар қолға алынып отыр. Тіл саясатына деген қоғамдық пікір, халықтың оң көзқарасы мемлекеттік тілдің облыста кең қолданылуына, ана тіл, ата дәстүрге деген ынтазарлықтың өсуіне ықпал етіп отыр.
«Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» деген. Әрбір көз ашып дүниеге келген нәрестенің бойындағы барлық жақсы қасиеті анадан тараған. Ана мен тіл – бөлінбес бір дүние. Мұны бөліп-жарып, ажыратып қарауға еш болмайды. Ана тілі – өлмес мұра, жоғалмас асыл мүлік. Әр ұрпақ өз ана тілін байытып, жетілдіріп бірден-бірге мирас етіп қалдыру – бәрімізге ортақ парыз. Әр адамның ана тіліне деген қамқорлығы,жанашырлығы, қосқан үлесі, тигізер пайдасы күнделікті сөйлеген өз сөзіне, жазған төл туындысына соншалықты жауапты да ұқыпты қараудан басталады. Демек, әр адам жөргегінен үйренген тілге өле-өлгенше жауапты деген сөз. Сондықтан да, тілге күнделікті қарым-қатынастың ең қажетті құралы деп, оған ерекше мән беріледі. Тіл жеке бастың емес, баршаға ортақ мемлекеттік мәселе деп қарайды.
Қазіргі қазақ тілі – сегіз миллионға жуық бір халықтың ортақ дүниесі. Бұл тіл бүгінде сөз байлығы молайған. Құрылым-құрылысы жүйеленген, жазу ережелері орныққан, стильдік тармақтары сараланып жетілген, ауызша да, жазбаша түрде де жалпыға бірдей қызмет ететін ұлттық жазба әдеби тіл деген сипаталып отыр. Демек, бұдан былай өз ана тілімізді қалай падаланып қалай дамытамыз десек, бізде барлық мүмкіндіктің бәрі де жасалған.
Тіл аталатын құдіретті құралдың қоғам өмірінде атқаратын айрықша қызметі мен оның мән-мағынасы жайлы мәселе қашан да халық назары мен тәжірибесінен сырт қалған емес. Халық аузында ана тіліміз ерекше қастерленіп: «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Аталы сөзге арсыз жауап қайырады», «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген сықылды талай нақыл сөздер пайда болғаны белгілі. Ал оның үстіне Абай секілді данышпан ақынымыз «мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ» десе, бұдан артық не мұрат бар?!
Тіл – ұлттық сана, ұлттық психологиямен тамырлас. Мыңдаған жылдық тарихы бар тіліміз соқтықпалы соқпақсыз жерлерден өтті. Халықтың ұлттық санасымен бірге өсті, бірге дамыды, бірге қалыптасты. Демек, халықтың бала кезінде туған тіл сол халықтың дана кезіне ұлан асыр ғажайып мұра арқалап жетті. Қазақ халқы үшін тілден қасиетті ештеңе болған жоқ. Ол – тарих, ол – мәдениет, ол – әдебиет. Тауып айтылған бір ауыз сөзге бір қауым елдің тоқтайтындығы, дауласқан екі жақтың әділқазы – биге жүгінетіндігі де халықтық тіл өнеріне деген ыстық махаббатының белгісі. Қазақтардың аса бай теңеулермен сөйлейтіндігі тегін емес. Біздің, қара сөзді сапырып сөйлеп үйренген, қара сөзбен-ақ адамды жылатып, қаласа, күлдіре алатын ерекше дарынды шешендерді көріп өскен қарт қаламгерлердің «тіл тозып бара жатыр» дейтіндігі де сондықтан. Өз топырағынан табаны көтеріліп кеткен тілдің көсегесі ешқашан көгермейді. Қайсы бір тілші ғалымдарымыз көп ретте тілдің шұбарланып бара жатқандығын ғылыми-техникалық прогрестің әсері деп түсіндіруге тырысады. Егер қазақ тілі енді-енді қалыптаса бастаған тіл болса, біз олардың дегеніне толық сенер едік. Жоқ, мәселе басқада. Нағыз жазушы халықтың қалың ортасынан шығады. Осы күнгі аға буын жазушыларымыздың көпшілігі атасы мен әжесінің ертегісін тыңдап өскендер. Ал, қазір ше? Біздің сәбилеріміз болашағын балалар бақшасынан бастайды. Тілді балалар бақшасында жүріп үйренеді. Ал ондағы кейбір тәрбиешілердің білетіні бес ақ ауыз сөз. Осы күні «орысша» ойлап, «қазақша» жазатын қаламгердің көбейіп кетуінің негізі бір себебі сонда жатыр. Оларды оқып үйрену мүмкін емес. Өкінішке қарай олардың, жазғандарын кейде орысша аудармасы арқылы түсінетін болдық. Қазақ тілі өзінің ежелгі жұпарынан айырылмауға тиіс. Оның қасиеті де сол жұпарында. Өкінішке қарай, тіл білмейтін кейбіреу қазақ тілін қазақшалап арамтер болып жүр. Кейбіреу қазақ тілінің ұлттық айшық, өрнегін сылып тастап қолдануға әуес.
Қазақ тілінің ерекше қасиеті – табиғилығында. Оның бойында титтей де жасандылық жоқ. Қазақы ұғымға сыймайтын тіркестерді оқығанда, біз қатты қиналамыз. Өйткені, қазақ тілінің өзіне ғана тән әуез, ырғағы бұзылса, оның сәні де, мәні де кетеді. Тіл сақтауды біз тарихымызды, мұрамызды сақтаудан бастау керек дегім келеді. Кешегісіз – бүгін, бүгінгісіз ертең жоқ. Кешегіні бөліп тастау – екі аяқтың біреуін кесіп тастаумен бірдей. Мұраға мұқият болу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Бірақ, өкінішке орай, көпшілігіміз мұны жылы жауып қоюға тырысамыз.
Ана тіл жөнінде мұндай келелі де келісті сөз қозғалуы өте игілікті, өте қуанарлық жағдай. Өйткені, бұның ана тілімізді аялаудың ақ жолына жұртты жаппай аттандыратыны сөзсіз. Өзінің жазуы, мәдениеті, елдігі бар халық үшін тілден асқан байлық жоқ. Тіл – оның тіршілігінің тірегі. Тіл – оның басқа халықтармен терезенің тең екендігінің негізгі белгісі. Сондықтан тіл жай ғана байлық емес. Тіл туралы әңгіме бола қалғанда, «байлық» деген сөзді оған ойланбай тіркестіре салуға мүлде болмайды. Біздің түсінігімізше – тіл деген халықтық бақыт…
А.Құнанбекова,
балабақша әдіскері