№6 Маусым, 2023

«Өткенсіз бүгін жоқ», «Өткенін ұмытқан елдің есі кірмейді» деген ойшылдар айтқан ұлағатты сөз бар. Расында да 70 жылдан астам уақыт бойы «адамзаттың жарқын болашағы – коммунизмге» қарай ес-түссіз ұмтылып, артымызға қайрылып бір қарамай шат-шадыман, қарһәлләзи өмір өткіздік деп ойладық, есіміз кірмек түгіл, азды-көпті есімізден айрылдық. Енді міне, Жаратқан Иеміздің шексіз қамқорлығының арқасында өз алдымызға ордалы шаңырақ көтеріп, іргелі де бостан мемлекет болғанымызға да 32 жыл болыпты. Соның арқасында ес жиып, артымызға қайрыла бір қарап, қараған сайын қазақтың басынан өткен, үстем халық өкіметі қолдан ұйымдастырған қаралы жылдар көз алдымыздан көлбең қағып өтіп жатады. Аллаға шүкір деп солбооның ішінде арманда кеткен қуғын-сүргінге ұшыраған, бір тілім нан мен бір жұтым суға зар болған әкелеріміз бен аналарымызға дұға бағыштаймыз.

Биыл міне, сонау 1921-1923 жылдар аралығында қазақ деп аталатын тұтас бір ұлтқа жасалған қастандыққа 100 жыл, яғни, бір ғасыр толып отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын қуғын-сүргінге ұшыратып, жан сауғалауға мәжбүр еткен нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді деген еді. Сол зұлматтың Қазақ Елінің бір ғана Атырау уәлаятына әкелген қасіреттеріне көз салып көргенде, ішіңізден «апырай, бір ғана Атырау өңірінде қырылған қазақтың саны, көрген тозақи азабы мынау болса, бүтін қазақ даласының күні не болды деген ойға амалсыз берілесіз.
Мысалы, ашаршылық басталған жылы-ақ, қыста бір ғана уездік орталықтың күнде таңертең көшеде аштан өлген адамдарды әр жинаған сайын күніге жүзге жуық адам мүрделері табылады екен. Ал Қазақ АССР бойынша ата-анасыз қалған балалар саны 128 мың болса, сол жылдың соңына таман 158 мыңға жеткен екен.
Атырау облыстық мемлекеттік архивінің №109 қорын зерттеудің нәтижесінде төмендегі мәліметтер анықталды: 1921-1923 жылдардағы айрылған. Ол кезде Гурьев уезі Орал облысының құрамында болатын. №109 қордың «Орал губерниялық халықты қамту бөлімінің директивалық нұсқаулары» деп аталатын №1-ісінде «Орал губерниясының барлттқа қарсы күрестің түрлері мен әдістері анық көрсетілген.
Гурьев уезінде 1921-1923 жылдардағы ашаршылыққа байланысты деректер Атырау облыстық мемлекеттік архиві №109-қорының №№1,2,3,8,31,32,33,34,35,36,37,42-істерінде сақталған.
Сол құжаттардың бірі №32-істе Гурьев уезі бойынша 1921 жылы ашыққан адамдардың тізімі берілген. Бұл тізімге аштыққа ұшыраған 336 жанұя енген. Бұл жанұяларда 907 адам тіркелген. Бұл тізімге енгендерге 1922 жылдың 19 наурызынан 1923 жылдың 5 қаңтарына дейін уездік комиссияның бақылауымен азық-түлік үлестірілген. Атырау облыстық мемлекеттік архивіндегі құжаттардан білгеніміздей аштыққа ұшыраған отбасыларға ұн, шәй, әртүрлі май өнімдері, киімдік мата тізімге орай үлестірілген. Тізімдегі отбасылардың ұлттық құрамына жасаған талдау бойынша анықтағанымыз: барлығы 336 отбасының тек 10-ы орыс отбасы болған. Ол барлық ашыққан отбасылардың 2,9 пайызын, барлық отбасы мүшелерін есептегенде орыс отбасыларында 43 адам тіркеліп, ол 4,7 пайызды құраған. Бұл тізімдегі отбасылардың көпшілігі қазақ ұлтының өкілдері болғандықтан, ашыққан адамдар ауылдық жерлердің тұрғындары деп қорытынды жасауға болады. Бұлар Жайық өзені бойында орналасқан Жаманқала, Редут, Карманово, Зеленый селоларының тұрғындары болуы керек. Бұл тізімге енген отбасылардың басым көпшілігінде 3 баладан 5 балаға дейін болған, яғни бұлар ашаршылықтың зардабын көп тартқан болуы мүмкін деп топшыладық. Барлығы №109-қордағы істерден біз әрқайсысында 200-ден 350-ге дейін отбасы басшыларының аты-жөні тіркелген 9 тізімді кезіктірдік. Оларға азды-көпті азық-түлік үлестірілген. Сол кезде Нарын құмында өмір сүрген жұртшылық өкілдеріне ашаршылыққа байланысты көмек жөнінде деректерді таба алмадық. Шамасы уезд басшылығы олар өз күндерін өздері көрсін деген болар. Оның үстіне құмаршықтың арқасында ол жұртшылықтың аштыққа ұшырамай, ілдалдалап өмір сүріп жатқандарын білген де болулары мүмкін еді.
Қордың №32, 33-істерінде ашыққандарға көмек беру үшін жасақталған 2 тізім берілген. Бірінші тізімге 250 отбасы енген. Олардың ішінде 2 баладан 5 балаға дейін 75 отбасы тіркелсе, қалған 175 отбасы баласыздар болған. Барлығы 344 адамға көмек көрсетілген. Осы тізімдегі ашыққандардың ұлттық құрамы: барлығы 250 отбасының арасында 65 отбасы қазақ, қалған 185 отбасы орыс ұлтының өкілдерінен тұрған. Яғни, қазақтар 26, орыстар 74 пайыызды құраған. Бұлар Гурьев қаласының тұрғындары болатын.
Барлығы 9 тізімге енген 1903 отбасына ашаршылыққа қарсы күрес комитетінің тарапынан көмек көрсетілген. Ол отбасылары мүшелерін қосып есептегенде барлығы 7612 адамға азық-түлік үлестірілген.
Бірақ ол тізімдерде көрсетілген ашыққан адамдардың саны дәл емес екендігін сол ауыр кезеңде Жылойқоса ауданында болған ашаршылық туралы Атырау облыстық мемлекеттік архивінің №109-қоры, №8-ісінде 20-жылдарда жазылған мына бір құжаттың мазмұнынан білуге болады.
1922 жылы 12 наурызда құрылған Жылойқоса ауданы бойынша ашыққандарға көмек комитетінің қызметі туралы баяндама:
«Аудандық ашыққандарға көмек комиссиясының шұғыл түрде жүргізген ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде аудан бойынша ашыққан адамдардың дәл есебі жүргізіліп, оларға жеке карточкалар толтырылды, комиссияның картотекасында сол категорияға жататын адамдардың үштен бірінің карточкалары жасақталды. Аудандық атқару комитеті қызметкерлері және жергілікті мекемелердің күшімен ашыққандарға көмек берудің әдістері мен мүмкіндіктері жоспарланды. Аса мұқтаж адамдарға ет тағамдарын бөлуге ерекше мән берілсе де, оны жұрттың бәріне жеткізе алмағандықтан, Гурьев қаласына кепкен балыққа наряд беруге тура келді, бірақ ол да мәселені түбегейлі шеше алмады, нәтижесінде комиссияның жұмысына қарамастан ашыққандардың саны азаймай, кісі өлімі күн сайын көбейіп келеді. Оның үстіне бұл елдің халқы тұщы ауыз суға зәру болғандықтан, нарядпен алған балық өнімдерін тамаққа ащы сумен қосып пайдаланғандықтан көп адам өліп жатыр. Көктемге қарай Гурьевтен жас балықтың көбірек жеткізілуіне қарамастан өз ауданымыздың ашыққан халқынан басқа көршілес Қызылқоға, Қаратөбе аудандарынан аштыққа ұшыраған халықтың Жылойға ағылып келуіне байланысты барлығы 350 адамға арналған жатақхана ұйымдастыруға тура келді. Ол адамдарға халықтан жиналған ет, балық өнімдері үлестірілді. Халықтың ауызынан жырып жиналған азық-түлікті «ортақ қазанға» салып пайдаланып отырмыз. Әрбір ашыққан адамға берілетін тағамның күндік нормасын белгіледік. Бірақ ол да аса мардымсыз. Негізінен нормаға кепкен балықты пайдалануға тура келіп тұр. Жетім балалар үшін приют ашқан едік, олар тырдай жалаңаш болғандықтан, іштеріне ас тұрмай понос басталды, приютте ешқандай мебель, төсек-көрпе болмағандықтан, оның үстіне гурьевтікктер біздің талаптарымызды орындамағандықтан, приютті жабуға тура келді. Балалар шыбындай қырылып жатыр. Уезден Шөкеев бастаған аштыққа күрес жөніндегі комиссияның өкілдері келгеннен кейін аудан территориясында қара бидай өсіру жоспарланып, 5 шығыр тұрғызылатын болды. Алайда егістікке себетін тұқым болмағандықтан, шығырлар жұмыс істемей тұр. Гурьевке 20 пұт тары сұраған біздің өтінішімізге өз адамдарыңды қайықпен бірге жіберіңдер деген жауап алдық. Аудандық ашыққандарға көмек комиссиясында артық адамдар да, қаражат та болмағандықтан бұл мәселені де шеше алмай тығырыққа тірелдік. Содан кейін бұл қиын мәселені шешу үшін Гурьев қаласынан уездік комиссияның 2 өкілі іссапарға ауданға келді. Аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссияның өкілі жолдас Құлбатыров далаға келгеннен кейін ашыққандардың пайдасына жұртшылықтан 338 қой, 25 түйе, 6 сиыр, 1 жылқы жинап, Жылойға жіберіліп, есепке алынды. Сонымен қатар ашыққандарға 153 бас қой еті үлестіріліп берілді. Қызылқоға, Қаратөбе аудандарынан ашығып көшіп келген отбасыларын уезд орталығының көмегімен далалық жерлерге көшірген дұрыс болар еді, ол үшін ондай отбасыларға барак сияқты тұрақтарды тұрғызу керек болады, ал оған біздің ешқандай мүмкіндігіміз жоқ екендігін қатерлеріңізге береміз. Негізінен, аудандық ашаршылық комитетінің операциясы жақсы жүріп келеді, тек Гурьевтен немесе басқа жақтан қолдау керек».
Аштыққа көмек комитетінің төрағасы: Құлжанов.
Сол кезеңде жазылған ашаршылық туралы құжаттарды салыстырып, анықтап қарағанымызда ауылдық жерлерде ашыққан адамдардың барлығын бірдей тізімдерге енгізбегендігі байқалды. Ол Жылойқоса ауданының мысалынан көрінді. №109-қордың №8-ісінде осы ауданның ашыққандарының саны 172 адам деп көрсетілген, ал баяндамада 1300 адам деп берілген. Аталған қорда жинақталған құжаттардың арасынан Есбол, Теңіз, Қызылқоға, Доссор аудандарында ашыққан адамдарға көмек ұйымдастыруға байланысты мәліметтер мен деректерді мүлде кездестірмедік. Бұдан, әрине, ол жақтың жұртшылығы ашаршылыққа ұшыраған жоқ деген қорытынды шығаруға болмайды. Уезд бойынша ашаршылықтан қаза болған адамдардың саны туралы мәліметтер кездеспеді. Ол мәліметтерді Орал губерниясы бойынша жинақталған құжаттардан іздестіруге тура келеді. Бұл – болашақтың ісі.

Материалды дайындаған Жал-Мұрат Шалқари