№5 мамыр, 2023

Домбырашы-ұстаз, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың, А. Байтұрсынов атындағы «Алтын медальдің» иегсікері Кәрима Сахарбаева 70 жаста

Әйел адамның ең бірінші міндеті – келін, жар, ана болу десек, оның әр қайсысының көтерер жүгі де арір міндет. Осынша міндетті атқара жүріп қазақ әйелдері өзінің сүйікті мамандығын қоса игеріп, қоғамда өз орнын тауып, елге, ұлтқа, мемлекетке қызмет жасауы –а-ндық емес. Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз осынша міндетті бір бойына сыйдырған сегіз қырлы, бір сырлы жан.
Ол – отбасында аяулы жар, ардақты ана бола білді. Ағайын-туыстың бабын табатын мейірімді де, ақжарқын адам.
Ол – өнер мен білімді қатар меңгеріп, қазақтың қасиетті қара домбырасын жанына серік ете жүріп, талантты шәкірттер тәрбиелеумен қатар, өнер зерттеушісі ретінде көптеген еңбектер жазып, қоғамда өз орны бар тұлғаға айналды. Әдетте, қазақ ұғымында сегіз қырлы, бір сырлы деп, қазақ сал-серілеріне қарата айтылатыны белгілі. Сал-серілер деп ақын, әнші, композитор, домбырашы, актер, аңшы, саятшы, құсбегілік, палуандық сияқты бірнеше өнер түрін бір басына сыйдырған өнер иелерін айтамыз.
Ал, біздің заманымызда өз ортамызда жүрген сегіз қырлы, бір сырлы жандар аз емес. Сондай өнегелі жанның бірі әрі бірегейі – Кәрима Сахарбаева апамыз. Ол – күйші-домбырашы, ұлағатты ұстаз, өнер зерттеушісі, фольлортанушы-ғалым, қара сөздің шебері-лектор, білікті басшы, әрі талантты ұйымдастырушы. Бір сөзбен айтқанда, Кәрима Сүндетқызы өнер қайраткері ретінде ұлтымыздың мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз қызмет етіп келеді.
Қазақта «70 жасқа біреу дүрмекпен, біреу құрметпен жетеді» деген сөз бар. Мұндай құрметке бөленудің басында оны өмірге әкелген ата-анасының тәрбиесі, ата-бабаның қаны мен өскен ортасының ықпалы тұратыны белгілі. Кәрима Сахарбаеваның қайраткерлік қасиеті ол туып өскен айбынды Атырау жерінің, сол бір қасиетті өлкенің киелі топырағынан бастау алғаны сөзсіз. Өзі туып-өскен топырағы, сол қасиетті топырақтан шыққан өнер шеберлері туралы жазған энциклопедиялық еңбегін «Атырау ән-күй мұхиты» деп атауы да тегін емес.
Көзсіз батырлар мен ақпа-төкпе ақындар, жағы жоқ жыршылар мен бал бармақ күйшілердің мекені Атырау жері талантқа кенде емес. Ұлы даланың дархан мінезін бойына жиған адам ғана сол даланың данасына айнала алады. Исатай мен Махамбет, Құрманғазы мен Дина, Мұхит пен Ғарифолла, Мұрат пен Ығылман, Қаршыға мен Әзидолла, Рысбай мен Шамғон, Хиуаз бен Фариза дана халқымыздың дара ұлдары мен қыздарына айналды. Бұл өлкеден бал бармақ күйшілер, жезтаңдай әншілер шықты. Күй атасы Құрманғазыдан бастап батыс аймақты күйге бөлеген атақты күйшілер Дәулеткерей, Абыл, Боғда, Есір, Есбай, Соқыр Есжан сияқты ондаған күйшілер мен әнші-ақындар Бала Ораз, Қиса Көпжанұлы, Мұрат Мөңкеұлының ізін жалғаған Қуанғали Жұмалиев, Мекес Төрешов, Күріш Тасболатов сынды өнер иелерінің өмірі мен өнерін еңбегіне арқау еткен Кәрима Сахарбаеваның зерттеушілік еңбегі өз алдына бір төбе. Атыраудың қаншама қара өлеңдері мен қоңыр әндері, халық әндері мен күйлерін ел ішінен жинақтап, нотаға түсіріп, жан-жақты зерттеген еңбектері талай өнерпазға азық болатыны анық. Атыраудың Жылыой, Құлсары, Мақат, Жемге қарай ертеден келе жатқан қара өлең жанрының «Бұрма» деп аталатын бір саласын анықтап, қара өлең дамуының жоғарғы үлгісі ретінде көрсетуі бұрын көп айтылмаған өнер түрі еді. Бұл жөнінде «Бұрма соңғы кезде шыққан ұғым немесе термин емес, ертеден қалыптасқан өнер. Қара өлең шығару мәнеріне байланысты енуі де мүмкін» деген ой айтады.
«Бұл сонау Бала Ораз, Бораштардан, сал-серілерден қалған құдірет. Ақсақалдар солай айтатын. Ал, ән шақыру өнерін бала кезімнен көріп келе жатырмын, әкемнің аталары әнші, сазгер болған, солардан қалған. Кәдімгі зерең аяқты қолына алып, «А-а… О-о…» деп басталатын, дауыс көтеретін жерлерін де жаңағы қол қимылымен дауысты қаға орағанда – ай-бір әуелейді» деп Жұмабай Бөлекбайұлы қомданып өзі де ән шақырып отырған адамдай болып, бұрмаларды бастап кетеді, лекілдетіп жібереді. Бірақ, оларды бұрмашы деп атамайды. Бұл орайда біз зерттейтін мағлұматтар баршылық», деп біраз жайдан хабар береді. Бұл өзіне дейінгі Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович, Ақселеу Сейдімбек, Сара Күзембаева сияқты ғалымдардың ізінің заңды жалғаушысы екендігін көрсетеді.
Өнегелі ұстаз ретінде домбырашылықты үйретудегі әдістемесі жас буын оқытушылар үшін дайын еңбек. Кәрима Сахарбаева «Жаныңда жүр жақсы адам» деген қағиданы өмірінің басты принципі етіп ұстанған жан. Оған дәлел ретінде өткен дәуірлердегі әнші-күйшілерді ғана емес, өз замандастары туралы да жазған тамаша ой-толғамдары, мақалалары мен эсселерін айтсақ болады.
Кәрима Сахарбаеваның талантты мойындай білуі, бардың бағасына жетуі көп жандарға үлгі дер едім. Оның «Күй Қаршығасы» атанған дәулескер күйші-ұстаз Қаршыға Ахмедияровтың өмірі мен шығармашылығы туралы жазған еңбектері қазақ өнері үшін баға жетпес құндылық. Адам қасыңда жүргенде өлмейтіндей көретініміз де шындық. Алайда, бір күні жалған дүниемен қош айтысып, келмес сапарға аттанғанда барып, «қап, әттеген-ай!» деп сан соғып жататынымыз да жасырын емес. Күні кеше ғана ортамызда жүрген талай асылдарымыз бүгінде көрген түстей сағымға айналып кете барды. Қазіргі таңда өзіміз қызмет етіп келе жатқан қасиетті қара шаңырақ Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваторияның Халық музыкасы факультетінде өшпес із қалдырған, өзіміз көзін көрген Бақыт Қарабалина, Құбыш Мұхитов, Фатима Балғаева, Кенжебек Күмісбеков, Алдаберген Мырзабеков, Әзидолла Есқалиев, Садуақас Балмағанбетов, Мүлкаман Қалауов, Мәлгаждар Әубәкіров, Жәнібек Кәрменов сияқты ұлағатты ұстаздарымыз кеше ғана ортамызда өнерін көпке шашып, шәкірт тәрбиелеп жүрген еді. Халқымыздың осындай баға жетпес асылдары қызмет еткен факультетімізді мен қызмет етуге келген 1991 жылдан бері небір талантты тұлғалар басқарды. Факультетімізге Тмат Мерғалиев, Меруерт Каленбаева, Біләл Ысқақов сияқты ұстаздарымыздан кейін ұзақ жылдар бойы Кәрима Сүндетқызы басшылық жасады. Ол өзіне дейінгі аға-апаларымыздың ізін жалғап, ісін алға оздырды. Факультеттің оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеушілік жұмысымен қатар студенттердің терең білім алуына, жас буынның жан-жақты тұлға болып қалыптасуына аяусыз еңбек етті. Ана ретінде өнердің соқтықпалы-соқпақсыз жолына келген жастардың адами қасиеттерінің қалыптасуына зор ықпал етті. Жастардың әр нәрсеге еліктегіш келетіні, әсіресе, өнердегі қыз балалардың жолының ауыр болатыны белгілі. Кәрима апамыз әрбір студентті өз баласындай көріп, әрдайым оларға көмек қолын созатын еді.
К.Сахарбаева факультет деканы болып тұрған жылдары мен Халық әні кафедрасының меңгерушісі болдым. Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы, Атырау музыка колледжін басқарып келген тәжірибемді ескеріп, сол кездегі консерватоия ректоры Жәния Әубәкіроваға ұсыныс берген де Кәрима Сүндетқызы болатын. Сол жылдары факультетімізбен талай шет мемлекеттерде, еліміздің бірнеше өңірлерінде өнер сапарымен болып, консерваториямыздың атын паш еттік. Мұндай сапарлар орындаушы ұстаздар қауымына ғана емес, студенттерге де қанат бітіріп, өнерлерінің ұшталуына шабыт беретіні сөзсіз.
2000 жылы Мәдениетті қолдау жылында бір топ өнер қайраткерлері сол кездегі Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің шықыруымен мұнайлы астанаға келдік. Ол кезде Атырауда күнде түрлі шаралар ұйымдастырылып, дүрілдеп жататын. Сондай бір мерекелік шараға Кәрима Сүндетқызымен бірге бардық. Мен Атырауға қызмет етуге барғанымда таныстарым мүлдем аз еді. Соны сезген Кәрима Сүндетқызы мені апа-жезделерімен таныстырып, туыстық қасиетін танытқан болатын. Оңтүстікте өскен менің Атыраудың менталитетіне үйренісуіме де қолдаушы болды. Кісінің көңіліне қарап, көпшілікке «Сіз» деп «сызылып» тұратын оңтүстіктің тәрбиесімен өскен маған Атыраудың «Сәлем бердік!», «Қасқа, не зат?» деген қысқа да нұсқа, кейде бұйрық райда сөйлесетін, қатқылдау мінездеріне үйрену оңай болған жоқ. Қанша жыл мәдениет астанасы Алматыда тұрып, қызмет етіп келе жатқан Кәрима апамызда Атыраудың сол бір аңқылдаған батыр мінезі күні бүгінге дейін сақталған. Нені болса да ашық айтып, «Турасын айтам деп, туғанына жақпай қалатын» апамыздың сүйегіне біткен мінезі еш өзгерген емес. Мұндай кесек мінез күй анасы Динада, Фариза, Ақұштап сияқты ақын апаларымда бар. Кешегі Мәншүк пен Әлия, Хиуаз сияқты батыр қыздарымызды да әлемге паш еткен осы қайтпас қайсар мінездері еді.
Досына адал, дұшпанына қатал, қарапайым да, қайсар қыздар қазағымда аз емес. Міне, сондай мінезді, білімді, парасатты жанның бірі – Кәрима Сүндетқызы Сахарбаева.
Бергеніңізден береріңіз көп болсын, елге қызмет етуден шаршамаңыз, Сіздей қайтпас қайсар аналар халыққа керек. Жетпістен желіп өтіп, сексеннен секіріп, тоқсанға тоқтамай, жүзге жетіңіз, Алаштың аяулы қызы, ардақты Кәрима апа!

Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының кандидаты.