№5 мамыр, 2023
«Білгендер мен білмегендер тең бе?» дейді қасиетті Құранда. Ал Шығыс даналығында болса, «патшалар адамдарды басқарады, ал ілім иелері патшаларды басқарады» деген тәмсіл бар. Адамға талант берген құдіретті Жаратқан Иеміз оны ұштайтын талапты да берері сөзсіз. Ал, кейбір талант иелері азырақ жетістікке мас болып, мақтанға еріп, шөлге түсата жетістікке жеткендердің көбінен жанкешті еңбектің табын көреміз.
Жанкешті ізденіс дегенде еске түсетіні – жиырмасыншы ғасыр басындағы қаһарлы өкіметтің езгісінде жүріп құнды жәдігерлер қалдырған жанкешті Алаш арыстарының еңбегі. Тұтас бір дәуірді аузына қаратып, бірі «сары маса», бірі «пайғамбар», бірі «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шыққан күн болып» ұлт санасын сілкіген ақтаңгерлер еді олар.
Ілияс Жансүгіровтың өмір жолына үңілсек, медресе бітіріп ауылда біршама жүріп қалған ақын батыл қадамдар жлматыға келіп тілші қызметін атқарады. 1925 жылы 31 жасында Мәскеуге оқуға аттанып, онда үш жыл оқиды. Сонда жүріп әлем классиктерімен танысады. Тек әдебиет саласын ғана емес, адамзатқа анеп, Горький сынды алыптармен кездесіп әңгіме дүкен құрады. Жансүгіров жолы ізденіс пен білімге, еңбекке толы сарабдал жол еді. Сонысымен де қазақ поэзиясына ерен құбылыс әкеліп, мектеп қалыптастырды. Жаңа буын тәрбиеледі.
Әлихан Бөкейханов бір хатында өз үйіне келіп, «қайтсем де орыс тілін үйренемін» деген талабынан қайтпай еңбектеніп отырған Сұлтанмахмұтты айтып, ерекше сүйсінетіні бар. Сұлтанмахмұт ақынның өз жырында:
«Оллаһи! Ант етемін Алла атымен,
Орыс тілін білемін һәм хатымен.
История, география пәнді білмей,
Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен», – деп өз-өзіне ант береді, серт етеді. Ұлы мақсат жолында білте шамға үңілген ақынның үлкен ізденіс шыңырауына құлаш сермегенін байқаймыз. Ал, Мағжанның «Еуропалық әшекейлермен» көмкерілген отты жырлары, тарихи, этнографиялық шежіреге толы өлеңдері шайырдың тұңғиық тереңдігіне дәлел. Бір қызығы, ақынның Батысқа сапары жаңа, тосын көзқараспен аяқталады.
«Күн батысты қараңғылық қаптаған,
Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.
Білген емес иман деген не нәрсе,
Қарын деген сөзді ғана жаттаған!»,– дейді. Иә, ол жан сырынан гөрі тәнге, технологияға көбірек үңілген Батысқа назын айтады. Ақиқат нұрын жанына жақын тұтады.
XX ғасыр аяғында әдебиетке лек-легімен келген тұлғалар тобын атағанда есімізге ең бірінші түсетін жанкешті ізденімпаз ақын Қадыр Мырза Әлі. Ақын әр сағатын жоспарлы түрде іске асырғаны мәлім. Мұндайда Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаевтарды ескерусіз қалдыруға болмайды. Әр жыл сайын (немесе екі жыл сайын) кітабы шыққан Жұмекен ақынды, көзі тірісінде сегіз жинағы жарық көрген Мұқағали ақынды жанкешті, еңбекқор тұлға демеске лажың жоқ. Ақынның күнделік жазбаларынан бір күнде қалайда екі өлең, үш өлең жазуға талпынғанын байқаймыз. Мұндайда саннан сапа шығатын болар деген ой келеді. Мақатаевтың «Құдіретті комедияны» аударуы үлкен еңбектің, маңдай тердің нәтижесі.
«Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тең шала жансар өлімменен,
Қанша менің өтті екен уақыттарым,
Ақ жастық ақ көрпемен кебінденген», – дейді ақын бірде.
Немесе «Қазір түн,
таңғы сағат төрттің кезі,
Ойлар-ай, ойлар мені еттің мезі», – деп толғайды.
Жазушы Антон Чехов суретші ағасына жазған хатында «ортадан дәрежең төмен тұрмау үшін, Пиквиканы оқып шығу немесе Фаусттан монолог жаттау жеткіліксіз. Оған күндіз-түні үзіліссіз еңбек, мәңгілік оқу, еркіндік қажет. Біздің үйге кел де жатып алып оқы, тымқұрығанда өзің оқып көрмеген Тургеневті…» деген жолдар бар. Білімсіздікке жаны қас жазушы айналасына шуақ шашып, әр адаммен өз дәрежесінде сөйлеседі. Тіпті, күрделі сөйлеуге тырысқан жергілікті әйелдерге мармеладты жақсы көретінін айтқаны да күлкілі әрі қызық. Жанкештілік дегенде, әсіресе, Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын жазудағы табандылығы көбірек ойға оралады. Көлігін сатып, әйелі Мерседеске қаржысын ұстатып бірнеше айға жеткізуді өтінген жазушы шығармасын жазуға отырады. Ақыры Нобель сыйлығын иеленіп, әлем көкжиегін «ішіне раушан гүлдері өсетін» көзқарастарымен безендіріп үлгереді.
Әлбетте, оқығанды ойға тоқу, білімді бойға дарыту үлкен еңбек. Жаңбырды бойына дұрыстап сіңірмейінше, топырақтың құнарлы өсімдік бермейтіні секілді, білімін бойға дұрыс сіңіре алмаған шығармашылық иесі қатерлі түсініктерге баруы әбден мүмкін. Әдебиетке келген көп жас буынға үлгі болған Мартен Иден протатипі де ізденімпаздық пен жанкештіліктің жеңісін әйгілейді. Кейіпкердің өзі болуға шақырады. Расында «шабыт дегеніміз – ізденіс». Мехнат дегеніміз – жеңіске жетелер жол. Ал, сіз нені ізденіп жүрсіз?
Үсен Тортай