№5 мамыр, 2023
Биыл дүниеге келгеніне 110 жыл толып отырған, жарты ғасырдан астам, яғни 60 жылдай ұстаздық қызмет атқарып есімі Түркіменстанға, Қазақстанның Алматы, Маңғыстау, Атырау өңірлеріне кеңінен танымал болған білікті ұстаз, айтулы азамат, ел ақсақалы атанған ұстаздардың ұстазы Бағдабай Оразұлы Жолмағамбетов артында өшпес із қалдырған биік тұлға. Кезінде шееліміздің әртүрлі басшылық қызметтерінде, ірі-ірі кәсіпорындарда басшы.
Бағдабай Оразұлы Жолмағамбетов Маңғыстау облысының «Оғыланды-Бекет Ата» киелі орнының батыс жағындағы Үстірттің қарнауы «Бөрібас-Бағда» жерінде дүниеге келген. Әкесі Ораз Табынай руының белгілі ақсақалы, орта дәулетті шаруа кісі болған.
Бағдабай жас шағында ауыл молдасынан ескіше хат танып, кейіннен Форт-Шевченко қаласында бес айлық курста оқып, бұдан соң кеңес өкіметінің тұсында ел адамдарын сауаттандыру ісіне араласқан. Алайда, Маңғыстаудағы асыра сілтеудің зобалаң кезеңдерінде, 1930 жылдардың басында бас жааларында қазақ, түркімен аралас мектептерінде мұғалімдік қызмет атқарады. Отызыншы жылдардың орта шенінде Красноводск педагогикалық техникумын бітіріп, қайп,реді.
1942 жылы майданға алынып, жеңіспен аман-есен 1945 жылдың аяғында елге оралады да, ұстаздық қызметін жалғастырады. Аннау стансасында мектеп директоры болады. 1954 жылы Чарджоу педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша сырттай оқып бітірген. 1959 жылы Алматы облысының Қаскелең ауданындағы «Екпінді» совхозындағы мектеп директоры болды. Ал, 1968 жылы туған жерге табан тіреп, Ералиев (қазіргі Қарақия) ауданының Жетібай стансасындағы №5 орта мектепте тарих-география пәндерінен сабақ беріп, зейнеткерлікке шыққан соң, 1988 жылға дейін интернатта тәрбиеші-мұғалім болып, мектептен қол үзбей еңбек етеді. ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.
ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік ерлігі үшін ««кінші дәрежелі Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен, Бас Қолбасшының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ол «ұстаздардың ұстазы» атанып, «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағына ие болды. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарын да омырауға тақты. Бірнеше рет облыстық, аудандық жоғарғы органдардың мақтау, Құрмет грамоталарына ие болды.
Бағдабай жұбайы Зылихамен бірге тату-тәтті бақытты ғұмыр кешіп, 7 ұл, қыз тәрбиелеп өсірген. Ұрпақтары жоғары білім алып, әртүрлі салаларда абыройлы қызмет атқаруда.
Ұстаздық – ұлы қызмет. Ұлық қызмет емес, ұлы қызмет! Ұлы қызмет болатын себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, жазушысын да, өнер қайраткерлерін де – баршасын ұстаз өсіреді. «Адам өзінің еңбегімен табиғатты өзгертеді» деген сөз дұрыс-ақ. Ал, мұғалім еңбегі – сол адамның өзін қалыптастырғандықтан одан да бағалы әрі тамаша еңбек. Мұғалім – бейнелеп айтар болсақ, уақыттың байланысын жүзеге асырады, ол ұрпақтар тізбегіндегі буын тәрізді. Бұл адам да өзге замандастары сияқты өмірдің ащысын да, тұщысын да бастан өткерді. Бағдабайдың да шын мәнісінде балалық шағы да, жастық шағы да болған жоқ. Жаңа-жаңа желкілдей өсіп келе жатқанда босқындыққа ұшырап, жер ауып кетуге душар болды. Сонау мыңдаған шақырым жердегі Түркіменстанға тектен-тек кеткен жоқ-ты. Зұлмат заманның запыраны оны жат жұртқа еріксіз алып барды. Мақсат жан сақтау еді. Дегенмен, түркімен елі құшақ жая қарсы алмағанмен, кеудесінен кері итерген жоқ. Көзі ашық, көкірек көзі ояу, үкілі үміті қол созған жас жігіт дүниедегі ең абзал да құрметті мамандық – ұстаздықты қалады. Сол жолда арманына жетті. Ол Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, өмір мен өлімнің беттесуін көрді. Жауын жер жастандырып, тұлғасы таудай өсіп елге жеңіспен оралды. Қайтадан ұстаздық жолын бастап кетті. Осылайша, ол бар ғұмырын болашақ барлаушылары шәкірт тәрбиелеуге бағыштады. Олардың өміріне жөн сілтеді. «Ұстаз еңбегінің таразысы – шәкірттері» дегенді еске тұтсақ, ол дәріс берген шәкірттер, ұстаз жолын қуған ізбасарлар оның сонау түркімен елінен бастап, Алматы, Маңғыстау өңірлерінде ел игілігі үшін жанқиярлықпен еңбек етіп, алқалы топтың алдыңғы легінде жүргені анық.
Ұстаздың өмір жолы мен еңбек жолын ізерлеп зерттеген шақта ол тек қана алдын ала әзірленген кітаби бағдарлама материалдарын игеріп қоймай, өтілген сабақтардан тарихи шежірелік материалдарды пайдаланғандығы, оқушылар санасына құя білгендігі көрінеді.
Екіншіден, оқулықты басшылыққа ала отырып, өзге де тарихи танымдық шығармаларды, өлке тарихын шеберлікпен қолдана білгендігі аңғарылады.
Үшіншіден, оқушыларға тың мағлұмат, соны деректер келтіретіндігі де үлкен ізденіс ізі. Қалай болғанда да, Бағдабай, оқулықты оқушылардың өз еншісіне қалдырып, талмай, танбай ізденіп, өзіндік бет алысымен ерен еңбек еткен ұстаз.
Бағдабай алпысыншы, жетпісінші жылдарда облыстық педагогикалық оқуларда белгілі бір тақырыпта баяндама жасап, талай рет жүлделі орын алғанатҰлы адам кіішік болып көрінуден қорықпайды» деген екен француз ойшылы Р.Эмерсон. сол айтқандай, Бағдабай үлкенмен де, кішімен де тіл тапқыш, әсіресе шәкірттері өзін қалай құрметтесе, өзі де солай құрметтейтін болған. Ол адам баласын алалаған емес, өте кешірімшіл болды. Өзгенің кемшілігін бірден қатты келмей мысалдап, астарлап түсіндіреді екен. Ол жас мұғалімдерге ағалық көзқараспен қарады. Сондықтан да ол туралы әзіл-шыны аралас мұғалімдер қауымы «өзіміздің тірі әдістемелік оқулық» деген. Жаны бар сөз. Оның бойында ұсақтық, пендешілік, өркөкіректік сияқты жат қылықтар болмаған.
Бағдабай өз ұрпақтарын да өнегелі, өрелі, еңбекқор етіп өсіре білді. Жұбайы Зылиха да құдай қосқан қосағы ретінде бала тәрбиесіне айырықша көңіл бөлді. Қазіргі кезде олар жапырағы жайылып, көсегесі көгерген бір-бір шаңырақ иелері.
Бағдабай туралы «Мыңнан мықты, жүзден жүйрік» деп ат қойып, айдар тағып бір туындыны дүниеге әкеліп отырмыз. Біз бұл жерде оның өнегелі де даңғыл жол салып өткен ұстаздық ұлағатын есепке алып ұлықтап отырмыз.
Бағдабай артында өшпес із қалдырған адам. Оның қолжазбалары, мұрағаттық материалдары аз емес. Ол көзі тірісінде сонау отызыншы жылдардан бастап бірқатар құжаттарын сақтаған ғой. Педагогикалық тақырыптардағы баяндамалары, сөйлеген сөздері, баспасөз бетінде жариялаған мақалалары бір төбе. Мұның өзі автор үшін жеті қат жер астынан табылған байлық болды десем артық емес. Жоқты бардай, барды нардай етіп емес, нақты деректерді басшылыққа ала отырып, келер ұрпақ үшін тағылым болар, өз ұрпақтары үшін әр шаңырақта сақталар «тәбәрік» мұра болар деген ниетпен қалам тербедік.
Әркімнің бір ойы бар ғой. Сыншы оқырман қауым шын жүректен қабыл алар деген сенімдеміз.
А.Серікұлы