№5 мамыр, 2023
Бала тәрбиесі қашанда қай елдің де басты мәселесі. Адам өмірінің жалғасы, ел болашағы жас ұрпаққа тәрбие берудің түрі сан алуан. Біз төменде жариялап отырған хат түріндегі мақала туған баласыныгеше бір сирек ұшырасатын түрі деп білеміз.
Үлкен ғалым педагогтың бұл жазғандарынан әр оқырман өзіне керегін алар, ойланарлық тұстары болса оған өз пікірін айтар деген сенімдеміз.
Балам, адам баласының өмірдегі ізі де, көзі де артында қалар ұрпағы. Тіршілікке үңіле қарасаң, ұрпақ үшін күрес адамда да, хайуанда да керемет дамыған. Құс-екеш құс та балапанына дән тасып, хауіп төнсе, шырылдап кетеді, жыртқыш аңдар да күшіктеріне соншама мейірімді, ал адам баласынз , сөз құдіретпен өрілген керемет сезім. Адам өз баласы үшін отқа да, суға да түседі. Кішкентай ауыра қалса, жанын қоярға жер таппайды. Балам, баланы өмірге әкелу бар да, оларға дұрыс тәрбие беру тағы бар. Егер дұрыс тәрбие бермесеңдер, арты өкініш болады. Сендер тәрбие бермесеңдар, тәрбиелейтіндер толып жатыр. Көшенің өзі талай нәрсеге үйретеді. Сондықтан, баланы өмірге келген күнінен бастап тәрбиелеңдер. Дұрыс тамақтандырудың, уақтылы ұйықтатып, оятудың өзі тәрбие. Баланың тілеген, сұрағанын бәрін алып бере беруге болмайды. Оны әдетке айналдырса, өмір бойы ата-анадан соны талап етеді. Керегін ғана алып беріп, басқаны алып бере алмайтындарыңды түсіндіріп айтқандарың дұрыс. Қандай жағдайда да балаға шындықты айтып отыру керек және баладан да шындықты талап еткен дұрыс. Баланың жіберген қателігін, бұзықтығын ескерусіз қалдырмаңдар. Қатты жазаламасаңдар да, бала бүлдірген нәрсесі үшін ескерту алу керек, бұл алған ескертуі екінші рет қайталанса, жазаға ұласатынын білсін. Ал баланы жазықсыздан-жазықсыз, немесе ол әдейі жасамаған ісіне бола жазғыруға болмайды. Ақылмен қарым-қатынас жасасаңдар бала да ақылды болады. Баламен ақылдасып, келісіп отырып әрекет жасасаңдар, бала ашық болады, өз ойын еркін, қысылмай айтатын болады. Балаға ойыншықтар әпергенде де баланың ойын, логикасын дамытатын ойыншықтар әперу керек, кітаптар, балаларға арналған неше түрлі басылымдар бар, соны әперіп, бірге қарап, баланы қызықтырған дұрыс. Үлкен адамдарға қарағанда балалар тез жалыққыш келеді. Сол себепті, ойыншықтарды да, кітаптарды, тіпті бір сарынды әңгіме, ертегілерді де ауыстырып отырған дұрыс. Заман талабы ғой деп, балаларыңның қолына телефонды беріп қойып, тамақ ішкенде телефонға қарап отырып тамақ іішкізсеңдер, балаларыңа ерте ие бола алмайтындарыңды біліңдер. Ол не бір сұмдықтың бәрін телефоннан көреді, тәрбиені телефондағы жауыздардан алады. Ата-ана да, туыс-бауыр да оған қажеті жоқ. Сенбесеңдар қолынан телефонын алып қойыдаршы, ол шыңғырып, бақырып, сендерді жек кретін болады. Балам, мен ең шошитыным осы. Кішкене кезінен бастап әдепке, сабырлы, ақылды болуға үйретсеңдер өздеріңнің қарттық дәурендеріңе уайымсыз жетесіңдер.
Балам, бірінші балаларыңа ана тілдеріңді үйретіңдер, ана тілінде жақсы, таза сөйлеген бала басқа тілдерді тез түсініп, үйренетін болады. Балаларыңның қабілетін кішкене күнінен бастап ескеріп, соған сай бейімдеңдер. Балам, сендердің ең басты қызметтерің – балалы болу және оларға дұрыс тәрбие беру. Балалардың басы төртеуден кем болмағаны дұрыс, әке-шеше өмір бойы бірге болмайды, балаға ағайын, туыс керек.
Алға қойған мақсатыңа жете біл
Балам, армансыз адам, қанатсыз құспен тең. Арман деген сен шығар биіктің шыңы, сен асар асудың биігі. Оған алдыңа нақты мақсаттар қою арқылы жетесің. Мақсат қатып қалған болмайды, уақыт талабына байланысты ол өзгеріп отырады. Адам өмірге келген соң жақсы өмір сүргісі келеді. Жақсы өмір деген сен үшін не нәрсе? Жақсы үйің, жақсы көлігің, көп ақшаң болғаны ғана ма? Оған жету тым қиын емес. Менімше, жақсы өмір – жақсы ісіңмен, әркетіңмен із қалдыру. Ұрпағыңа өнеге боларлық ескерткіш қалдыру. Ескерткіш дегенді дұрыс түсін, балам. Көшеге ескерткіш қой деген емес, ол сенің ұрпақтарыңа: «Мына баланың әкесінің, не атасының кім екенін сен білесің бе? Ол пәленшенің баласы ғой, не мына бала сол кісінің немересі ғой» деген керемет сөз. Ол –сенің елге, қоғамға, адамдарға жасаған жақсылығыңның шуағы, нұры. Балам, ондай абыройға жету – адам баласы үшін, шын мәнінде, бақыт.
Сендердің замандарың күрделі де қиын болып тұр. Жалпы, табиғаттың заңының өзі қатал ғой. Өмірде, көп жағдайда мықтылардың ғана жолы болады. Сол үшін әлсіз болуға болмайды, жұмсақ мінез, көнбістік, момындық дегендер бақытқа емес, кейде бақытсыздыққа жетелейтін қасиеттер. Балам, адам ақылды болса, алғыр ойлы болады. Тез ойлайтын адам тез шешім қабылдайды. Шешім қабылдамай, көлеңкесінен қорыққан адам көлеңкеде қалады. Көлеңкедегі адамның ел тұрмақ, отбасына да шуағы түспейді. соны біл. жақсы тұрмыстан қашпау керек, жақсы үй, жақсы көлік, жақсы әйел, жақсы жолдас қашанда ер азаматтың көрігі, айбыны, айбары.
Балам, жалқау, еріншек болма. Жас кезіңде бойыңда қуатың көп кезде өзіңді өзің аямай еңбек ет, көп оқы, спортпен шұғылдан, ойланып әрекет жаса. Шалқасынан түсіп жатқан адамның аузына Алла су тамызбайды. Ер азамат ақылды, саналы, сабырлы болса, балалары бақытты болады. Жолың бір рет болмаса, өмірден түңілме, бір істің сәтсіздігі екінші бір сәтті істің басы болуы мүмкін. Дағдарыста отыра бермей, басқа бір жолды ойластыр. Көп ер азаматтар сондай бір дағдарыс кезінде ішіп кетеді. Ондай әлсіздікке рухы жоқ, қорқақ адамдар ғана барады. Мақсатыңа жетпей тұрып, мастанба. Ер азамат қыранға ұқсас болады, қырандар биікте самғап, биіктерге ғана қонады.
Рухың асқақ, елжанды бол, ұлым
Балам, мен сені үй ішінен шықпасын, алысқа самғап ұшпасын деп өмірге әкелген жоқпын. Әкең екеумізде де асқақ арман болған, балаларымыз біздің ғана, үйдің ғана баласы болмаса екен, халықтың, елдің баласы болса екен деген. Сол арманға жетсек деп ойлаймыз.
Балам, сен бірінші қазақ болып туылғаныңа мақтана біл. Сенің халқың ешбір замандарда адамзаттың қоры болған емес, құл болып, басқа елдің босағасын күзеткен емес. Қазақ деген халық қашаннан еркін, азат, арманшыл, дана болған. Сен қай қиырда жүрсең де, өз еліңмен мақтана аласың. Қазақ деген халықтың қай данасының сөзін айтсаң да, басқаларды таң қалдыра аласың. Халқың жомарт, халқың кең, халқың дана, сондай даналардың ұрпағы екендігіңді ұмытпа. Елін сүймеген адам сүмелек болады, ондай адамнан сатқындықтың лебі еседі. Сол үшін балам, туған жер, туған халық, туған тіл, туған еліңнің ділі сенің жаныңның бойтұмары болуға тиіс. Осы күнге дейін біздің халықты тарихтың шыңырауына қалдырмай, жерін де, елін де, тілін де, ділін де сақтап келгені сол өршіл рухтың арқасы. Баяғыда ел қорғауға аттанған ер азаматтарымыз туған жердің бір уыс топырағын шүберекке түйіп, бойтұмар етіп байлап алады екен, бір шөкім жусан шөпті мата дорбаға салып қайда жүрсе де иіскеп жүреді екен. Одан қасиетті ешнәрсе жоқ екен. Туған жердің топырағы мен жусан исі көкірегіндегі сағынышты ғана басып қоймайды, ерлік жасауға рухтандыратын болған.
Балам, рухың биік болсын, ұрпағыңнан-ұрпағыңа аманат етіп қалдырар нәрсең құны жоқ дүние-мүлкің емес, рухың болсын.
Ата-баба аруағын сыйла
Балам, сен көктен түскен жоқсың, жерден шыққан жоқсың, сені өмірге әкелген ата-аналарың, біздер бармыз. Біздерді өмірге әкелген ата-аналарымыз бар, оларды өмірді әкелген… міне солай кете береді, ең соңы мүмкін, Адам ата мен Хауа анаға тірелетін шығар? Сол бабаларымыздың рухы ұрпақтарымен бірге шығар?.. өмір мен өлімнің шегарасы біздіңше, тіршілік қой. Ал ана өмірде не бар, не жоғын ешкім білмейді. Себебі, кеткеннен келген ешкім жоқ. Білеріміз, олар ұрпақтарынан Құран дәметеді екен, ол ұрпақтары бағыштаған Құран нұрымен нұрланады екен. Балам, егер сол ата-бабаларымыз болмай, өздерінен ұрпақ қалдырмаса, біз де, сен де болмас едің ғой. Сол үшін ата-бабаларымызға айтар алғысымызды, тіршіліктегі қайырлы істерімізбен, оқыған құранымызбен жолдасақ, жүрегімізге нұр құйылғандай болмай ма? Балам, біздің саған айтқан ақыл-кеңесімізді сендер өз ұрпақтарыңа тасымалдап қалдырасыңдар. Өмір осы тасымалмен мәңгілік болады.
Құран оқып, бағыштаудың ешбір қиындығы жоқ. Құранның беташар сүресі «Фатиха» сүресін бір рет, «Ықылас» сүресін үш қайтара оқып, ата-бабаларыңның аттарын атап, бағыштайсың. Шын, таза көілмен оқылған сүренің сауабы көп болатынына сен, балам.
Халқымыз аруақты сыйлай білген, тіптім өздерінің қайырлы ісінің сәтін де ата-баба аруағының қолдауы деп түсінген. Олар: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп, аруақтарға арнап, ас беріп, шек беріп жатады. Оның да қателігі жоқ, балам. Аруақ үшін оның қаншалықты пайда, зиянын кім білсін, бірақ ата-анасын өздерінің көздері жоқта да қадірлеп жатқанын ұрпақтарың көреді, ой түсіп, ойланады. Ата-ананы тірі кезінде сыйлап, қадіріне жету керектігін түсінеді. Ондай аста естелік әңгімелер айтылады, ал ол әңгімелердің балалары сендер үшін, сендердің балаларың үшін де пайдасы көп.
Гүлтас Құрманбай,
Назарбаев Университеті, Қазақ тілі және түркітану кафедрасының профессоры,
Педагогика ғылымының докторы