№4 Сәуір, 2023

Әлде өздері шынымен солай ойлай ма, әлде кешегі Кеңес заманында өте бір айлакер, өте бір қу саясаткерлердің орыстардың қолтығына су бүркіп, басқаларға айдап салу үшін ойлап тапқан сөзі екенін аңғармай ма қайдам, әйтеуір кейбір орыс күні бүгінге шейін өздерін ұлы халықпыз деп есептейді. Халқын қайдам, бірақ Ресейді басқаруға келген орыс саясаткерлерінің мейлі еңгезердей еңселісі, мейлі бойы бір тұтам тапашойы болсын келе сала басты шаруасын Ресейдегі және көршілес елдердегі орыс тілінің ықпалын күшейту керек дегенмен бастайды. Тап бір әкесінің көз жұмардағы ақырғы аманаты осы орыс тілінің мәселесі сияқты. Соларға қарап, сірә мейлі президентті, мейлі таір, үлкен саясаткер деу үшін оның ең әуелі өз тілінің өресін биіктетіп, өрісін кеңейтуіне қарау керек шығар деген де ойға кетеміз.

??????????????????????????????????????????????????????????

Өрісін кеңейту демекші, дәл бүгінгі таңда Ресей қанша жерден орыс тілін басқа көршілес елдерге күштеп таңамын деп өңменін созса да онысы әлі де болса Қазақстанда ғана азды-көпті жүзеге асып тұр. Орыс тілі бүкіл дүнияның еш жерінде дәл Қазақстандағыдай өрісін кеңейтіп, қанатын жайып тұрған жоқ. Оны да місе тұтпай осыдан біраз бұрын қазекемнің құлағына біз – Қазақстан еуразиялық елміз деген сияқты адамның бетінен де, басқа жерінен де оты шығатын сөз сіңірілуде. Бұл да орысқа, қала берді оның аржағындағы еуропалық бұқаларға құнажынша сүйкенудің, жағымпазданудың бір түрі. Ресейден, орыстан азаттық алдық деп ақырып айтуға жүрексініп, «егеменді ел болдық» деп емпең-емпең етіп қипақтауымыз да, сол егемендік кезінде де қазақтың тілін не үкіметтің, не билер кеңесінің (парламенттің) төріне шығара алмай, тағы да әнебір орыс тілді ақын айтқандай, дастархан тілі қып қоюымызға да сол «құнажын саясаттың» кесірі мықтап тиіп отыр. Демек 20 жылда қазақша тілі шықпаған адамның енді 10 жыл қосып 30-ға келгенде қазақша үйретем деу ша.
Айтпақшы, біздің көрінгенге көз сүзген «құнажын саясат» ең әуелі заң шығаратын орындарымыздың бірін «Сенат» деп сон-а-ау көне замандағы гректердің атауымен, екеншісін парламент деп атайды. Ол соншалықты киелі сөз емес. Бар болғаны парле-сөйлеу дегенді ғанаяғығында Францияда парламент сот мекемесі болған. СССР құлап, Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан және басқалары өз алдына мемлекет құрып алу бойда-ақ бірі оны Рада деп, бірі Жоғарғы Кенеш деп, бірі Госдума деп өздерінің ұлттық атауымен атады. Еуропаға ең етбауыр жақын Польша оны Сейм десе, жұрттың бәріне «бүкіладамзатшыл болу керек» деген сөзді ұсынушы Израильдің өзі оны кнессет деп атайды. Иә, сенің өз алдыңа дербес ел болған-болмағаның, ұлттық мемлекетіңнің бар-жоғы осы жоғарғы мекемелердің қалай аталатынынан-ақ анық көрініп тұрады екен-ау!
Жоғарыда айтып өткеніміздей орыстар қашанда өзінің ішкі саясатын да, сыртқы саясатын да ең әуелі орыс тілінің, тек орыс тілінің үстем болуын ойластырудан бастайды. Қазақтарға тіл теңдігін, өзге ұлттарды сыйлауды, төзімділік, яғни, толерантты болуды, жалпы демократияны үйретуші орыс «братандар», «мәңгілік тату көрші» Ресей негізінен қазақ жері болып есептелуге тиісті, бірақ Ресейдің қоластында қалып қойған Астрахань, Саратов, Орынбор, Омбы, Челябинск сияқты қазақтар көп тұратын уәлаяттарда бірде-бір қазақ мектебін ашуға рұқсат бермей отыр.
Қалың қазақ тұратын бұл өңірлерде не теледидардың, не радионың бір минут тұрмақ бір секунд бір ауыз қазақша сөз айтқанын есту мүмкін емес. Міне, саған орыстың «братандығы!». Саясатты тілден, ең әуелі тілден бастайтын Ресей отаршылары қазақ жеріне келе салысымен «шаруасын» медресе, мешіттердегі мұсылманша оқытатын молдаларды қудалаудан бастады. Ал 1937-38 жылдары Ресейде, яғни, осы уәлаяттарда негізінен қазақ мұғалімдері мен молдалар қуғындалып, көбі атылып кетті. Міне, осы бір үрейлі саясат кейін тың игеру кезінде Қазақстанға үш миллионға жуық орыстектілерді көшіріп әкелу арқылы жалғастырылды да 1986 жылдың желтоқсанынан бастап қостілділік деген бетпердемен жүргізіле бастады. Бетперде дейтін себебіміз қостілділік саясат бойынша бүкіл іс қағаздары, жиын-той, мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар түгелдей орыс тілінде жүргізіледі де олар қазақшаға аударылып отырылады. Бұның ең бір жаман жері – екінші орындағы тіл, яғни, қазақ тілі орысшаның аудармасына айналды. Бір тілден аударылып айтылған тіл өзінің дәстүрлі сөз саптауынан, дәстүрлі қолданысынан, шырайынан, байлығынан айрылады. Мұндайда тіл байымайды, өзінің көркем келбетінен айрылады. Қазір біздің ана тіліміздегі «оқиға орын алды», «деп күтілуде», пәленбай теңгені немесе пайызды «құрайды», «көріп отырғанымыздай», «Астанамен мақтанамыз», «домбырада ойнайды» сияқты жүздеген «ұқсамаса тумағыр» сөздер осы аударманың кесірінен болып, қазақ тілін әбден былапыттап, былғап, харамдап тастады.
Сол қостілділік немесе құнажынсаясаттан буаз болғандар енді үш тілі бар бұзауды туып жатыр. Қазір орыс тілі мен қосып тағы бір тілді не ағылшын, не қытай, не жапон тілін үйрету бүкіл мектептер мен ЖОО-да қызу қолға алынды. Әдетте, билік қандай саясат жүргізсе, жәй халық соның айтқанымен кетіп бара жатқанын өзі де байқай бермейді. Бұл қулық мемлекет басындағылар мен мемлекеттік қызметтегілердің және теледидар, радио арқылы қай тілді көбірек қолдануы арқылы жымысқылықпен жүзеге асырылады. Біздің басшылар қазақ тіліне байланысты 20 жылдан бері осындай қулық саясат жүргізіп келеді, ал 2020 жылға, яғни, тағы да он жылға белгіленген бағдарлама сол қулықтың жалғасы. Оның бірінші себебі – ХХІ ғасырдың ең қорқынышты, ең қуатты қаруы теледидар мен радио Қазақстанда күндіз-түні орысша, қалаберді ағылшынша сайрап тұрғанда қазақ тілі енді он жылдың о жақ бұ жағында өзінен-өзі «бір жайлы» болатынын орыстілді қазақ саясатшылары жақсы біліп, ішінен мырс-мырс күліп отыр.
Екіншіден, мемлекет, үкімет басындағылар, парламенттегілер анау Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Тәжікстан, Армения елдеріндегі сияқты тек мемлекеттік тілде сөйлеп, бүкіл іс қағаздарын орысшадан қазақшаға емес қазақшадан орысшаға аударылып жазылуы керек.
Үшіншіден, Алматы, Астана және облыс, аудан орталықтарындағы көліктерде аялдамалар тек мемлекеттік тілде хабарлануы керек. Әйтпесе, «Абаймен тура кетеміз» дегенді «прямо по Абая» деп орысшаламасақ немесе «келесі Сейфуллин» дегенді «следующая Сейфуллина» демесек орыстар айдалаға адасып кетпейді. Бұл әшиін біздің «құнажын саясатымыздың» салқыны. Әлде дүкендердің есігіндегі «Ашық» дегеннің қасына «открыто» деп жазбасақ орыстар кірмей қоя ма? Және осының бәрін реттеп отыруға аудандық, қалалық, облыстық ішкі саясат бөлімдерін міндеттеу керек. Егер ұлттық санадан, ұлттық намыстан айырылмаған болса, осы бөлімдерде қызмет істейтін қазақ азаматтары бұл істі ешкім жүктемей-ақ өздері қолға алуына да болатын еді. Амал не, біз әзір ондай саналы деңгейге көтеріле алмай келеміз!
Төртіншіден, қазақ халқын 300 жыл бойы езгіде ұстаған құлдық санадан миын тазартудың бір жолы төлқұжаттағы аты-жөніндегі «ов» пен «ев»-ті алып тастау. 90-шы жылдардың бас кезінде көптеген қазақ қыз-жігіттері фамилиясындағы осы «ов» пен «ев»-ті алдырып, жаңаша бір серпіліс байқатып еді. Кейін әртүрлі жымысқы пікірлер таратылуы арқасында ол да тоқтап қалды. Әсілі, бәрі жоғарыдағылардың саясатына байланысты деген рас-ау! Өйткені, кеңестің қылышынан қаны тамып тұрған кездің өзінде Грузия басшыларының фамилиясы «дзе», «шивили», «дия», «гя» болып Армения басшыларыныкі «ян», болып аяқталатын еді. Ал қазақ басшылары өйтпек түгіл әкесінің бейітінің басында қол жаюға қорқып, республиканың бірде-бір съезі мен пленумында қазақша сөйлеуге жүрегі дауалаған жоқ. Грузин, армяндар сол кездің өзінде-ақ өз әрпін пайдаланатын еді. Ал Қазақстан басшылары өйтпек түгіл қазақ мектептерін жедел жабумен айналысты.
Бізде сонау жылдары қайткенде орыс пен қазақты бір ұлт қып көрсету үшін жанқиярлық саясат жүргізілді. Тарихымызда тек жоңғармен болған қақтығыстар ғана айтылды. Қазақтың тіліне, дініне, салт-дәстүріне қарсы жүргізілген отаршыл Ресей саясаты атүсті ғана айтылды. Біз Қазақстанда тұратын кейбір атақты орыстардың қазақ тіліне оншалықты дос пиғылда емес екенін жасырып отырмыз немесе оны айтуға да қорқамыз. Осы арада біз мынаны есте тұтуымыз керек: Бар болғаны 70 жыл КСРО құрамында болып, 70 жыл өз елінде тұрған қазақтардың тілі де, ділі де орыстанып кетті. Ал 200 жылдай қытайдың қоластында тұрған қазақтар тілін де, дінін де мұртын шақпай саф күйінде сақтап қалған. Олар сөйлегенде бір ауыз қытай сөзін қоспайды. Қытайдан көшіп келген ұйғырлар да солай. Осыған қарап-ақ, қай ұлттың, қай елдің отаршылдық саясаты қалай жүргізілетінін аңғару аса қиын емес. Қазір қазақтардың арасына ертең бәріңді қытай басып алады, қытай қаптап барады деген сыпсың сөз таратылуда. Иә, қытай онсыз да жер мен көкті, құрлық пен суды жайлап алды. Қытайдан Ресей де, АҚШ-та үрейленеді. Ал қазақ әуелі өзінің бүкіл жан-тәнін, бүкіл уланған сана-сезімін, тапталған намысын кімнен аршып, кімнен арашалап алу керегін ойлауы керек. Сөйтіп, өзіне-өзі келіп алғасын барып бір псевдопатриот саясаткер айтқандай қытайды «экспансиялауға» кіріссе жөн болар еді. Сондықтан бүгінгі қазақ ең әуелі өз елінде тілін таққа отырғызуды жедел қолға алуы керек. Сондықтан бүгінгі қазкең әуелі өз тіліне қай тілден қатер көбірек келіп тұрғанын анықтап, соған қарай жұмыс жүргізсе ғой, шіркін.

Мырзан Кенжебай