№3 Наурыз, 2023
Иә, елімізді жаңғырту Жаңа Қазақстан құру дегенде тілімізді дамыту, қазақ тілін реформалау. «Білімді ұлт» ұлттық жобасы қолға алынуда. Мәселенің турасына көшсек алға қойылған бұл міндеттемелерді жүзеге асыруда баспасөздің әсіресе, телевизияның алар орны ерекше. Әсіресе, телевизия дейтін себебіміз ғалымдар мен психологтардың айтуынша теледидар арқылы берілетін хабарлар мен көрсетілімдердегі әр сөйлем, әр сөз саптау адам миына тез әсер етіп, тез сіңеді екен. Бұл орайда қазіргі қазақ баспасөзі мен телеарналарындағы тіл мәселесі, олардағы тілді дұрыс пайдалану мәселелерін, әсіресе, кемшілікті тұстарынотына бейжай қарамайтын баршамыздың киелі парызымыз десек артық болмас. Бүгінгі әңгәмеміз де сол туралы болмақ.
Абзалы адамның мәдениеттілік, парасаттылық деңгейі оның әр іс-қимылынан да, сөйлеген сөзінен де ап-анық көрініп тұрады дейді білетіндер. Сол рас екен. Әйтпесе, өз мәдениетін көзі ашық адам табиғат анамызды «Жабайы табиғат» деп орысша «Дикая природадан» аудара салмайды. Соны «жабайы» дегеннен гөрі «тұмса табиғат», «тылсым табиғат», «жұмбағы мол жаратылыс» деп немесе қазақтың қазыналы тілінен басқа да талай атауларды табуға болар еді. Одан әрі «Алматы» телеарнасының ана тілімізді қалай титықтатуға кіріскенін тыңдаңыз: «Жабайы табиғатта олардың 25000-ы қалды», «Мешін уақытының 25%-ын сергек қозғалыста өткізеді, «Олардың тағамының 70 пайызын жемістер құрайды», «Оның ұрғашыларының шағылысу мүмкіндігін жоққа шығаруы мүмкін». Бұл сөлекет сөйлемдер қазақ тележурналистерінің бір ғана көрсетілімде 10-15 минутта айтқандары. Біз тек осы 3-4-ін ғана түртіп алдық. Егер нағыз надан болмаса, көзі ашық адам жоғарыдағы «жабайы» сөйлемдерді – ең болмаса «серг «ейді де жүреді» деп, «жемістер құрайды» демей, «қорегінің 70 пайызы жеміс-жидек екен», «ұрғашыларының шағылысу мүмкіндігін жоққа шығару» дегеннің орнына «ұрғашыларының буаз болуына кедергі келтіруі», «ұрғашыларының қысыр қалуы алін» дер еді. Амал не, бүгінде осындай ауру адамның аудармаларын телеарналар ақыл-есі дұрыс қазақтың миына сіңіріп, бүкіл қазақ ұлтын сақау ұлтқа айналдыруда. Бұл әрі-берідесін қазаққа дұшпан кейбіреулердің әдейі жасап отырған дұшпандығы, сұмпайы саясаты болуы да ықтимал. Бұлайша сөз саптау қазақтың миына сіңіріліп, оны сақау ұлтқа айналдыруда деуімізге негіз де жоқ емес. Аурудан өзгенің бәрі жұғады демекші қазір кейбір жазармын журналистеріміз, яғни, газетте жұмыс істейтіндердің өзі теледидардағы «танытуда», «ой бөлісті» пәленбай пайызын немесе пәленбай теңге «құрайды» деген сияқты аурушаң аударма сөздерді қолданатын болып барады. Әдетте бұл сөздер көрерменнің миына, құлағына теледидар, радио арқылы білдірмей сіңіріліп жатқанын өздері де байқамайтынын психологтар дәлелдеп айтып та келеді. Әйтпесе, тәп-тәуір мақалалар жазып, көзге түсіп келе жатқан Гүлзина Бектасова қарындасымыз әп-әдемі материалының ішіне «Русское радио – Қазақстанның» мақсаты да – Ресей әншілерінің жаңалығымен бөлісу» деген жаңалық ашпас еді. Қазақ болсын, басқа ұлт болсын мейлі жаңалық бөліседі дегенін қай заманда, қай ұлттан естігеніңіз бар? Сол сияқты Динара қарындасымыздың «Тұрғын үй» бағдарламасы әрі қарай жалғасын таба бере ме?» деген сауалы ше? Екі мысал да «Түркістан» газетінен алынып отыр. Бағдарлама жалғасын іздейтін жанды зат емес, бағдарлама хатқа түскен жазу ғана. Әнебір жылдары баспасөзден де, теледидардан да қақсап-қақылдап жүріп орысша «ожидаетсядан» тәржімалана салған «деп күтілуде» деген дімкәс сөзді шаққа қойдырып едік, енді «ой бөлісті», «пікір бөлісті», «жалғасын табуда, тапты», «қызығушылық танытты» (проявил интерестің сөзбе-сөз аудармасы) деген сияқты орыстардың «аузынан түсіп қалғандай» айнымайтын сөздер шықты. Оны да қазақшаға әкеп қойыртпақтатып жүргендер теледидардағы басы ауырмастар. Әнебір жылы филология ғылымдарының кандидаты деген әжептәуір атағы бар, «Айтыстың» белгілі төрешісінің бірі Серікбай Қосанның мақаласынан мынадай сөйлем оқыдым: «Белгілі болғандай, Жүсіпбек алғашқы басылымдағы эпостың қарасөзбен баяндалатын тұстарын көбінше (№) жырға айналдырып, өлеңмен өзінше өңдегенін көреміз». («Ана тілі» 18.12.2008). құдай куә, ғылым кандидатының «көбінше жырға айналдырып» дегеніне өзімді-өзім қинап көндірсем де «белгілі болғандайына» қайта-қайта еріксіз көзім түскен сайын «мынаған не болған» дегеннен өзге сөз түспеді аузыма. «Белгілі болғандай», «бұрында айтқанымыздай», «атап көрсетілгеніндей» деген сияқты орыстың аузынан жерге түсірмей қағып алған сөздерді көбіне тілі орысша шыққан шонжарлардан естігенбіз. Ал бүгінде «құлан өтпес, құс ұшпас» Аралдың арғы бетіндегі бір орысы жоқ Ақбасты деген ауылдан шыққан Серікбайға бұл дерт қайдан жұқты? «Оқу орындары саңырауқұлақтай қаптап кетті» деген де орысшадан ойланбай алына салынған сөз. Өйткені, саңырауқұлақ тек орманды жерде, әрі жаңбырдан соң қаптап кетеді. Ал орыстікіндей мүлгіген орманы жоқ, көпшілігін шөл және шөлейт аймақтар алып жатқан қазақ жерінде саңырауқұлақтың орнына шегірткедей, құмырсқадай қаптаған десек орыстан айрылып қаламыз ба? «Білім беруге жұмсалатын шығыстар (?) 1991 жылы жалпы ішкі өнімнің 6,5 пайызы құраса…» деген ше? Қазақта «шығыстар» деген сөз бар ма өзі? Кіріс пен бірге шығыс деген де ара-тұра қолданылып жүр. Оны да шығыстар деп жаңалық ашпай-ақ «шығын», «жұмсалған қаржы» десе жетіп жатыр. Осы сөйлемді өзін қазақпын деп есептейтін, сәл де болса ойланып сөйлеу қабілеті бар пенде «6,5 пайызын құраса» деп (орысша «составил») өзін де, өзгені де қинамай-ақ «1991 жылы жалпы өнімнің 6,5 пайызы білім беруге жұмсалады» дер еді-ау…
Бұның бәрін келтіріп отырған себебіміз телеарналарда қазақ тілінің кісі шошырлық кейбір сөз сырқаттары енді жазба-журналистерге, яки, баспасөзге де жұғып, ауыз сала бастағанын ескерту ғана. Қазір тіл қадірін білмейтін, кейбір қазақтар «былтырғы жылы», «биылғы жыл» дегенді «тауып» алды. «Былтырға»да, «биылға» да жыл дегенді қосып айту нағыз ойланбай сөйлейтін адамның қылуасы емес пе?! Ал «биыл» дегеніңіз – «бұ йыл», яғни, «бұ жыл», «бұл жыл», «осы жыл», оған тағы бір «жылды» қосу ұят.
Айта берсең, қазақша телеарна журналистерінің тіліндегі сақаулықтың ұлттың ұлттығына келтірер залалы өлшеусіз көп. Олардың бұл қылықтарын өз ұлтын, оның тілін, сөйлеу мәнерін құрметтемеу және бүлдіргі әрекет деп қарауға да болатын сияқты. Әйтпесе, телеарнадағы Махаббат Нұрымбетқызы деген азаматшаның «… жүзеге асыру бойынша ойларымен бөлісті» дегенін енді бір журналистің, «Құсман Шалабаев демеушілік танытып, игі бастама көтерді» дегенін өзін де, ұлтын да сыйламау демегенде не дейсіз? Құдай-ау, «… жүзеге асыру»ды ақылдасты (ойласты, кеңесті) немесе «… демеуші болды», «демеушілік көрсетті», «қолдау көрсетті» (жасады),… демеп жіберді» деуге болатын еді ғой». Осы күні кейбіреулер мәдениетті болып көрінемін деп туу, туған, қатын деген сөздерді айтуға ұялып туылған, әйел, ханымдар дегенді шығарып алды. Бірақ «ханымның» күйеуін «хан» деуге аузы бармайды. Сол сияқты, «Астана» телеарнасының журналисі «Бала босанып, демалысқа шыққан ананың жалақысын көбейту» дегенін де естідік. Қазақ тілінде «балалы болды», «бала туды» деген бар, бірақ «бала босанды» дегенді «Астана» арнасы (11.12.08) әлде білместікпен, әлде тілімізді бүлдіру үшін пайдаланып отыр демеске лаж жоқ. Осы арнаның журналисі «Ақтөбе ферро-қорыту зауыты» деді. Бұл «Актюбинский завод ферросылавов»-тың «астанаша» тәржімаланған түрі. Орта мектеп бітірген адам феррум дегеніміз Менделеев кестесінде темір екенін білуге міндетті. Ендеше, бұл жерде темір құрамында әртүрлі қоспалар бар ма жоқ па, оған қарамай-ақ темір қорыту зауыты деуі керек-ті. Шайтан азғырса қайтесің, қазақ тележурналистері хабар жүргізіп тұрып көп жағдайда өзінің не сөйлеп тұрғанына өте жауапсыз. «Хабар» арнасындағы Асқар Серғалиев деген жігітке түйенің бе, әлде өгіздің бе, әйтеуір мұрындық сөзі ұнап қалған сияқты. Оның «Қазақстан діни басқармасының мұрындық болуымен» дегені мұрындық сөзін қыстыратын не түйе, не сиыр таппай оны діни басқарманың тұмсығына тыққыштағандай көрінеді екен. Апыр-ай, әр сөзді өз орнымен қолданып, әр сөздің бабын, қадір-қасиетін білетін қазақтың бүгінгі тілбезерлері – журналистердің елімізде қолға алынып жатқан қазақ тілін жаңғырту мәселесіне не үлес қосары беймәлім.
Тағы да «КТК»-ға бір оралайық. «Биылғы жыл «Қазақфильм» үшін қанжығасы майланған жыл болды. Қазақ «қанжығасы майланды», дегенді аңнан олжалы оралған аңшыға, Арал жағында «жылым майлап қалыпты» деп балықшыларға айтады. Ал «Қазақфильм?» Рас, анада «Көшпенділер» деген фильм түсіреміз деп мұндағылар шетелдік ойынпаздардың (актердің) қанжығасын майлап, әмиянын ақшаға толтырып жіберді. Олар кейбір қыз-қырқындарымыздың да рахатын көрді деп жүргендер бар. Жекелеген басшылар олжаның астында қалғаны да рас. Қалай десеңіз де «қанжығасы майланды» сөзі. «Қазақфильмге» келіңкіремейді. Ал, «Астана» телеарнасындағылардың «Мұндай мүлік көлемі 120 шаршы метрден аспайтын адамдарға ғана беріледі» деген «сөзін» (22.12.08) Астана мен оның айналасында тұратындар болмаса басқа қазақ түсіне қоюы екіталай.
Енді «Хабар»-ға келейік. Мұндағы жүгіртпе жолдардан «Қарақалпақстанда жасы 128-ге келген ғаламшарымыздың ең қарт тұрғыны тұрады» дегенді оқып, біздің Жер ғаламшары Абай мен Жамбылдан да кіші оларға іні болуға жарарлықтай екен дерсің. (18.12.08). ойланбай сөйлеу деген осы ағайын! «Бүгін белгілі болғанындай бұл ойынға… қатыспайды» (20.12.08), «Қазақстан халқының саны 14 млн.953 адамды құрайды» дегендегі құрып кеткір «белгілі болғанындай», «… адамды құрайды» деген орысша «киіммен» келген сөздерден құтылудың орнына, «Хабар» бұл өнерді өршітіп барады. Мұндағы қазақшаның Бас продюсерінен бастап ұсақ-түйек басшыларына дейін, айтылған сөзге, сын-ескертпеге жауап бермейді. Оларға, сірә, әй дейтін әже, қой дейтін қожа Қазақстанда жоқ шығар!
«Қазақстан» телеарнасының «Ұлттық арна» деген аты бар бірақ заты қай ұлттікі екенін біз білмейміз. Ал олардың сәбилерімізге көрсетіп жатқан мультфильмдерінің мынадай аудармасы қазір – сәби, ертең – елге тұтқа ұрпағымыздың қазақшасын адам түсінбес бір тілге айналдыру деуге аузың бармаса да амалсыз айтасың. Өзіңіз тыңдап көріңізші: «Бұл туарлы ешкімге!», «Мұнда не шешіп қойдыңдар?», «Оларға таңдау құқығын бересің бе?», «О, құдай! Тек бұл емес!», «Жаңа күрт-е-е!». Бұл «Қазақстан» арнасынан 14-ші қараша күні (2008) көрсетілген мультфильмнің 10-15 минутында айтылған сөздер. Сөздер емес баланың миын ашыту десе де болады. Бұлардың біріншісі – «Об этом никому!»дың, екіншісі «Что вы тут решили!», үшіншісі «Ты, дашь ему право на выбор?»-дың, төртіншісі «О, Боже! Только не этого!»-ның қазақтан туған балалары». Ал осыны ұрпақтың тілін, санасын былғап, бүлдіру емес дей аласыз ба? Және бұл фильмдердің дыбысталуының өзі қандай жиренішті десеңізші. Тіпті, қазақ сәбилерінің даусының өзі бір сұмпайы естіледі. Олар «Л» дыбысын айтқанда орысілтерінен шығарып, тілінің ортасын таңдайына жалпита төсеп тастайды. Не тілін бұрап, дыбыстарды орынсыз созып, ырғақты бұзып сөйлейді. Адам баласы сөйлегенде оның не ренжіп, не қуанып, не бірнәрсе сұрап, не ұрсып тұрғанын аңғару оп-оңай. Ал осы қазақ мультфильмдеріндегілердің де, балаларға арналған «Еркетайдағылардың» да ұдайы бір үнмен, бір ырғақпен сөйлегенінен ондай сезім күйлерін аңғара алмайсың. Әңгімелесіп не бірнәрсені баяндап тұрған адамның дауысы оның жүрегінің жазбасы – жүрекнамасы, яғни, кардиограммасы сипатты. Біздің мультфильмдерде де, теледидар арқылы балаларға берілетін хабарларда да ол атымен жоқ.
Алаштың, кешегі «Алашорданың» азулы арысының бірі Халел Досмұхаметов тіл ғылымына көп еңбек сіңірген біртуар азамат болған. Ол «қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген еңбегінде: «Біз қазақтар өз тілімізде сөйлеп тұрғанда одан өзіміз ләззат алып, рахаттанып тұруымыз керек. «Ауыздан кірген тамақ сіңу үшін денеге «өзімдік» болу үшін дене заңымен өзгеруі керек. Дене заңымен өзгермеген тамақ, дене заңына көнбеген тамақ сіңбейді. Денеге зиян береді». Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге «өзіндік» болу үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе, жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді. Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ыңғайлап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер-дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады. Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалпымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар орасан зиян келтіреді.
Жат сөздерді өзгертпейінше жүргіземіз деп қазақтың тілін бұрағандар да, «мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз» деп арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да бір есеп,-депті. Өз басым «Шыңғыс хан» фильмінің қытайлық бауырлар тәржімалаған алғашқы нұсқасын көргенде дәл осындай күй кештім. Ал осы фильмнің «Хабар» арнасынан шыққан аудармасы (ауд.Қ.Ысқақов) оған қарағанда тым жылтырлау, тым әдебилеу, яғни, табиғилықтан алшақтау екен деп қалдым.
Иә, адам, әсіресе журналист, жазушы адам жақсы, түсінікті, мәдениетті сөйлей білуі үшін, әуелі оның ойы жақсы, ойы түсінікті, ойы мәдениетті болу керек. Демек, өз тілінде таза, жақсы, мәдениетті, бай тілде сөйлей алмайтын адамдардың жан-дүниесінде, ойында, пиғылында мәдениет жоқ деген сөз. Сондықтан, ана тілімізді әр тілдің аударма былғанышына айналдырмай, ұрпақтан ұрпаққа саф, көркем күйінде жеткізіп отыруды басты парызымыздың бірі деп білейік.
Мырза-Ғали Сахиұлы