№10 қазан, 2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің тарих факультеті, археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы біліміне, Қарақалпақстан ғылымына ең Ұагері Уахит Хамзаұлы Шәлекенов еді.

У.Х.шәлекеновтың өмірі мен ғылыми ұстаздық қызметтері кім-кімге болса да үлгі-өнеге. Сондықтан да У.Х. Шәлекеновтің өмірі мен қызметін оқырман көпшілік қауымға таныстырып кетуді жөн көрдік.
Профессор У.Х.Шәлекенов 1924 жылы 12 мамырда жұмысшы-шаруа отбасында осы күнгі Астрахань облысы, Қарабайлы ауданындағы Серікті ауылында дүниеге келген. Анасынан ерте айырылған У.Х. Шәлекенов бауырларымен бірге жақын жылдарда дүние салған, биология ғылымдарының кандидаты, доцент, пгп жылдар ұстаздық еткен Қабира Хамзақызы Шәлекенованың тәрбиесінде болған. Қабира Хамзақызы 1938 жылы Астрахань педучилищесін бітіргеннен соң жолдамамен Қарақалпақстандағы Мойнақ ауданының 3 ауыл кеңесіне қарайтын Үрге ауылында қызмет етеді. Осы жерде қызмет етуіне байланысты анасынан ерте айырылған бауырларын Батыс Қазақстаннан Қарақалпақстанға көшіріп алады. Соған байланысты У.Х.Шәлекеновтің саналы ғұмырының біраз бөлігі Қарақалпақстанда өтеді.
1942 жылдың тамыз айында орта мектептің соңғы класындағы Уахит Хамзаұлы Қызыл Армияның қатарына алынады. Ол ең әуелі Өзбекстанның Наманган қаласындағы қысқа мерзімдік командирлер дайындайтын курстан өтісімен Харьков әскери училищесінде 1942 жылдың күзінен 1943 жылдың ақпан айына дейін оқып, сол жерден соғысқа аттанады.
У.Х.Шәлекенов ІІІ Украин майданы, 53 далалық атқыштар дивизиясындағы 960-шы полктің 2-ротасы, 2-взводында 19 жасында командирлік қызмет атқарып, тарихта 1943 жылғы «жауға шабуыл» майданымен белгілі шайқаста жауынгерлерді Отан қорғауға жұмылдыра білді. Сондай-ақ ол Курск Орловский доғасына қарасты Старый, Новый Оска, Белград, Харьков қалаларын дұшпандардан азат етуге де өз үлесін қосты. Ол 1943 жылы ауыр жарақаттанып, екінші дәрежелә соғыстың мүгедегі атанып отбасына оралады.
Майданнан оралған соң, ол өзі мекендеп отырған ауылдық мектепке мұғалім болып орналасады. 1944 жылы Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтының, бүгінгі Нөкіс мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, оны 1948 жылы бітіреді. Осы жылдары Қарақалпақ облыстық коммунистік партия комитетінде лектор болып қызмет атқарады. 1950 жылдың күзінде ССРО ғылымдар Академиясының Н.Н. Миклуха Маклай атындағы этнография институтының аспирантурасына қабылданып, 1953 жылдың 1 желтоқсанында этнография мамандығы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін алады.
Москвада жүргенде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы мен этнографиясын, археологиясын зерттеген белгілі ғалымдар С.П.Толстов, М.О.Косвен, С.А.Токарев, Т.А.Жданко, И.И.Потехин және т.б. ғалымдардың мол тәжірибесін санасына сіңіріп, олардан алған білім нәрін жылдар бойы өз шәкірттеріне себе білді. У.Х. Шәлекеновтің ғылыми жолының қалыптасуына белгілі дәрежеде ықпал еткен профессорлар С.П.Толстов пен Т.А.Жданконың ықпалы зор болды. Олар басқарған одақтағы ең үлкен Хорезм археология және этнография кешендік экспедициясына қатынасып, Әмудария мен Сырдария бойы тарихын зерттеген алғашқы зерттеушілердің бірі болды.
Жас ғалым Уахит Хамзаұлы жылы Мәскеуден Нөкіске келісімен Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақ филиалындағы тарих, тіл және әдебиет институтында аға ғылыми қызметкер, ал 1959-1970 жылдары археология және этнография секторының меңгерушілігіне тағайындалады.
1970 жылы еліне оралып, 1970-1973 жылдары Шымкент Мәдениет педагогикалық институты СССР тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істейді.
1973 жылы конкурспен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті, тарих факультеті археология және этнография кафедрасының меңгерушісі қызметіне сайланады. 1977-1985 жж. Тарих факультетінің деканы қызметін атқара жүріп, факультеттің өсіп өркендеуіне де көп жағдай жасайды. У.Х.Шәлекеновтің тынымсыз еңбегінің бір дәлелі 1983 жылы тарих факультетінде оқу процесі үшін ашылған археология және этнология мұражайлары бүгін де университетімізге келген қандай қонақ болмасын айналып өте алмайтын қасиетті жәдігерлердің біріне айналып отыр. Мұражайлардағы бай экспонаттар мен деректік материалдар да археология және этнология кафедрасының оқытушылары У.Х.Шәлекенов, А.М.Оразбаев, Ә.Т.Төлеубаев, Н.О.Алдабергенов, М.Е.Елеуов т.б. оқытушыларының көп жылдар бойы жүргізген зерттеулері нәтижесінде жинақталған.
Профессор У.Х.Шәлекенов бірнеше дүркін Халықаралық, Кеңес Одағы және Қазақстан Республикасында ғылыми мәслихаттарда келелі де, өзекті мәселелер төңірегінде баяндамалар жасайды. Олар «ҮІІ антропологиялық және этнографиялық дүние жүзілік конгресс (Мәскеу, 1964); 2-ші «Бүкілодақтық тюркологтар конференциясы» (Алматы, 1976); «Ұлы Жібек жолы»; «История и историография национальноосвободительных движении во второй половине ХІХ – начале ХХ вв» в Средней Азии и Казахстане (Ташкент, 1989) «Түркі әлемі» халықаралық конференциясы (Алматы, 1998). Мұнан басқа да көптеген халықаралық және республикалық конференцияларда еліміздің, халқымыздың этникалық тарихы тұрмысы мен мәдениеті жөнінде баяндамалар жасаған. 1974 жылы профессор У.Х.Шәлекенов ҚазМУ-дың жанынан алғаш рет «Университеттің тарих факультетінің археологиялық экспедициясын ұйымдастырды. Осы экспедицияның нәтижесінде орта ғасырлардағы түркілердің ірі астанасы деуге тұрарлық «Ақтөбеде» (У.Х.Шәлекеновтің дәлелдеуінше Баласағұн) тарих факультетінің ірі археологиялық тұрақты базасын ашты. Міне, осы кезеңнен бері бұл база тарих факультетінің студенттерінің археологиялық практикасын өткізетін, яғни, теориялық білімін тәжірибе жұмыстарымен ұштастыратын орталыққа айналған. Сонымен қатар жыл сайын бұл қалада профессор У.Х.Шәлекенов басшылығымен кафедраның археологтары Н.О.Алдабергенов, М.Е.Елеуов, археолог аспиранттар зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Осы 25 жыл бойы жүргізілген зерттеудің нәтижесінде У.Х. Шәлекенов ортағасырлық Ақтөбе шаһарының сырын ашып, ғасырлар бойы ұмытылған қаланың Баласағұн екендігін ғылыми негізде дәлелдеп берді.
Профессор У.Х.Шәлекеновтің ондаған аспиранттары кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет етуде.
У.Х. Шәлекенов елімізге танымал жан-жақты тарихшы, археолог, этнограф. Оның осы салаларда жарық көрген еңбектерімен мақалалары да тарихымыздың ашылмай жатқан беттерін толықтырып өзіндік үлесін қосты. Мәселен, У.Х. Шәлекеновтің 1966 жылы жарық көрген, «Амударияның төменгі ағысындағы қазақтар» атты монографиясы көтерген тақырыптың сонылылығымен назар аудартады. Бұл еңбек «Қазақ диаспорасына» арналағн тұңғыш зерттеу еңбектердің бірі болып саналады. Еңбектің өзектілігі сонда, У.Х.Шәлекенов сол кезде-ақ шет жерлердегі қандастарымыздың тарихына, тұрмысы мен мәдениетіне көңіл бөлген. Осы тұрғыдан алғанда У.Х.Шәлекенов қазақ диаспорасына қатысты проблемаларды сол кезде-ақ көре біліп, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Бұл еңбекте автор қазақтың ғана емес, Арал теңізі жағалауын мекендейтін туысқан қарақалпақ, өзбек, түрікпен халықтарының да тарихы, тұрмысы және мәдениетіне қатысты көптеген тың деректер береді. Ол өз еңбегінде өзіне дейінгі және өз тұсындағы бай, мол материалдар: археологиялық, этнографиялық деректерді тірек етеді. Сөйтіп, тамырлас, тағдырлас, қарақалпақ және қазақ халықтары арасындағы 200-жыл бедеріндегі аралас ағайынды, тату көршілік, қиыспас достық қарым-қатынастарды көрсетеді.
Профессор У.Х. Шәлекеновтің зерттеулерінде «адамгершілік», «ұрпақ тәрбиесі», «отбасы қатынастары» мәселелері де орын алған. Оның «Қазақ жанұясы» («Зерде», 1993 №8), «Қазақ ұйымшыл халық» («Парасат», 1993, №10) «Халықты ғайбаттап, ұрпақ тәрбиелеуге болмайды», т.б. мақалаларында жастарға үлкеннен ұлағат, кішіден ғибрат аларлықтай көптеген ақыл кеңес береді. Сонымен қатар қазақ отбасындағы үйлену, үй болу проблемасындағы ұлттық дәстүрдің жағымды жағын жан-жақты насихаттайды. У.Х. Шәлекеновтің қандай да болмасын ғылыми мақалалары мен еңбектері тарих, этнография ғылымдары үшін маңызы зор. Сонымен қатар У.Х.Шәлекеновтің жарық көрген еңбектері танымдық тәлімдік жағынан да мәні бар.

Д.Ескекбаев, Б.Қалшабаева