№10 қазан, 2022
Ғабит Мүсіреповтің суреткерлігі мен кескінді сөз қолданысы көпшілік оқырманды тәнті еткені белгілі. Профессор Рымғали Нұрғалиев қаламгер жөнінде: «Мүсірепов творчествосы қазақ өнерінің сұлу бір арнасы. Ғабит әні – таза үнді, әсем әуезді шырқау ән. Ғабит арнасы – мөлдір, тұнық арна. Ғабит шығармалары ұзақ баптап, әбден жаратып, жал-құйрығын сүзіп барып, бәйгеге қосқан жүйріктерді еске түсіреді, оның шығармалары әдебиетімізге мәеңне интернационалдық сипаттарды тұтастырды», − деп жоғарғы бағасын берген болатын.
Ғабит Мүсірепов қазақ әдебиетіне жаңа арна, жаңа сапа алып келді. Әрбір сөзді жүз рет жонып, жеті өлшеп бір кесетін дегдар жазушының сөз саптасы бөлек. Мүсіреповтың шығармашылығының маңызды тақырыптарының бірі – әйел, ана тақырыбы. Әйелді жазу арқылы жазушы ұлттық мінезді, ұлттық салт-дәстүр мен ырым-тиымдарды қиюластырып береді. Мәселен, «Ұлпан» романы оқырманға кеңінен таралған сүйекті, көлемді шығарма. Романның басты өзегі әйел адамның ақылдылығы мен көрегенділігі, ұшқыр ойлылығы, қайсарлығы. Әйел бойында тұтас ұлтты сақтап қаларлық өнеге, күш, жігер барын, шығарманы оқу арқылы біліп, түйсіне аламыз. Ромакүндағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы мәселелері қамтылған. Шығарманы оқу арқылы қазақ деген халықтың жай халық емес, ұлы халық, әдебі мен ахлағы қалыптасқан ибалы, инабатты халық екенін баапан қазақ болып туылғанын мақтан тұтып, өмірлік мақсатын айқындай алады. Ер азаматты құрметтеудің, ата-анаға, ел-жұртқа, ағайын-туысқа жанашыр, мейірбан болудың үлгісін бойына сіңіреді. Шынында, қоғамды түзейтін де, өркендететін де әйелдер. Әйел ақылды, парасатты болса одан туған ұрпақ та текті, тағылымды болып өспек. Жазушы «Менің Джокондам – Ұлпан» деп жазған екен.
Ақын Қадыр Мырза Әлі жазушы жайлы өлеңінде:
Қалдырып көлеңкеде,
артта бізді,
Біреулер серт те бұзды,
ант та бұзды.
Сен бірақ шындық дәмін жоғалтпадың,
Берсе де талай қосып қантқа тұзды.
Өнерің – өмірдегі басты ісіңдей,
Қалған жоқ қарт түсінбей,
жас түсінбей.
Отырсың енді орныңда
ең бір сәтті
Өзіңе орнатылған хас мүсіндей!–деген болатын. Иә, шынында, Мүсірепов бейнесі – ерліктің туындай. Бейімбет Майлинді қорғап сөйлеген сөзін ойлы азаматтар ұмытпақ емес. 1937 жылы орын алған бұл оқиға жайлы профессор Шериаздан Елеукенов баян етеді. «Онда Ғабит Мүсірепов орталық партия комитетінде мәдениет бөлімін басқаратын. Ол жазушылар одағында жиналыс болып жатыр дегенді естіп, сонда барады. Онда отырған адамдар оған «Бейімбет деген жаудың досы келді» деп айтқан. Сонда Ғабекең «Бейімбет Майлиннің ұсталғанын білемін. Бірақ ол қате ұсталып жатыр. Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деп, жиналыстан кетіп қалыпты», – дейді ғалым. Сонымен бірге жазушы өзі бас болып қазақ даласына ашаршылық орнатып, жаппай қырғынға ұшырауға себеп болған Голощекин ісін сынаған «Бесеудің хаты» атты хатты ұйымдастырады. Бұдан соң басына қауіп төніп, жұмыстан шығарылып, партия сапынан алынады. Аласапыран кезеңдерде Мүсірепов жазумен шұғылданып, әртүрлі тақырыптарда қалам сермейді. «Қазақ солдаты», «Жапон балладасы», «Оянған өлке» сынды шоқтығы биік шығармаларды дүниеге әкеледі. Жазушы қазақ руханиятына шын жанашыр болып, әр салаға ізін қалдырды. Мәселен, Бейімбет Майлин және Ивановпен бірге «Амангелді» атты алғашқы қазақ киносының, «Қыз Жібек» фильімінің сценарийін жазды. Аударма саласында да өнімді еңбек етіп, О. Генридің новеллалары, Сильвестр Тагараоның әңгімесін, Максим Горький, Михаил Шолохов, Ванда Василевская, Илья Эренбург шығармаларын қазақ тіліне шебер аудара білді. Бір халықтың әдебиетіне мұншалық орасан зор еңбек сіңірген қаламгер көп емес.
Биыл жазушы Ғабит Мүсіреповтың туғанына 120 жыл. Жыл өткен сайын суреткердің болмысы айшықтанып, бағасы арта берері талассыз ақиқат.
Тортай Үсен