№10 қазан, 2022
Биыл XX ғасырдың басындағы тарихи кезеңде ұлтын өркениет дамуының даңғылына бастаған озат ойлы зиялылардың рухани көсемі Ахмет Бдыәне елімізде аталып өтілуде.
Осыған орай, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету және абонемент бөлімдерінің кітапханашылары бірлесіп, XX ғасырдың басындағы саяси тұлға, қазақ тіл білімі ғылымының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай жас ұрпаққа халқыныс скерлікпен еңбек еткен қазақтың ұлы ұстазының, бүтін болмыстың бүтіндігін толық таныту мақсатында «Ұлт ұстазының ұлы жолы» атты оқырмандар конференциясын өткізді.
А.Байтұрсынұлының алға қойған мақсаты-ұлт санасын ояту, халықты өнер-білімге үндеп, өркениетті елдердің қатарына қосуды көздеген ағартушылық, отаршылдыққа қарсы ымырасыз күрес. Осынау ұлы мақсаттарға оқусыз, білімсіз қол жеткізуге болмайтыны бесенеден белгілі.Ал, оқып, білім алу үшін халықтың өзіндік жазуы, қажетті оқу құралдары, ұлттық мектептері болуы керек.Оларды жолға қою А.Байтұрсынұлын бәрінен бұрын ана тіліміздің мәселелерімен айналысуға, оны оқу пәні дәрежесіне көтеруге ден қойғызған-ды.Өйткені, тіл барлық істің бастауы екендігін, онсыз ешбір білім-ғылымның дамуы мүмкін еместігін ұлы ұстаз жақсы түсінді, жете білді.
Іс-шарада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті филология ғылымдарының докторы, профессор Сәбира Сағынбекқызы Исакова осы жолдағы қазақ тілінің әліппесі мен оқулықтарын жазып, білім беруді жолға қоя білген алғашқы ағартушының ұстаздық қызметі туралы баяндап берді.
Сонымен қатар, профессор Сәбира Сағынбекқызы кітапхананың кітап қорына Алматы баспаларынан шыққан өзінің «Жалпы тіл білімі», «Қолданбалы терминология», «Студенттердің педагогикалық тәжірибесі», «Қазақ тілі», «Нормативті қазақ тілі», «Қазақ терминтанымы: лексикалық құрамы, жасалу тәсілдері, прагматикалық қызметі» т.б. еңбектерін сыйға тапсырды.
А.Байтұрсынұлының тұғырлы тұлғасын, ұлттың рухани ұстазы ретіндегі көшбасшы көсемдігін бәрінен бұрын оның қоғамдық-әлеуметтік қызметтері айқындайды. Оның қайраткерлік іс-әрекеттері өткен ғасырдан бастап, өзі өмірден өткенге дейін толастаған емес.Ол жеке бас, жеке адам бостандығының жоқтаушысы емес, түгел жұрт, тұтас ел азаттығының ту ұстаушысы. Жалпы XX ғасырдағы саяси күреспен мазмұндалған азаттық қозғалыстың бастауында тұрған ұлы қайраткердің тұлғасын аталмыш университеттің тарих ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Айнагүл Мейрамбекқызы Еспенбетова «Қазақ» газетімен байланыстыра түсіндіріп берді.
Сол кездегі ереже бойынша А.Байтұрсынов мұғалімдер мектебін бітіргеннен кейін алты жыл мұғалім болып қызмет істеуге міндетті болатын. Сол себепті А.Байтұрсынұлы 1895 ж. Орынбордағы мұғалімдік мектепті бітіргеннен кейін, 1895-1896 жж. Ақтөбе уезі, Бестамақ болысында қазіргі Алға ауданы, Қарағаш селолық округы, Самбай ауылының болысы Ахметкерей Қосуақовтың салдырған мектебінде мұғалімдік қызмет атқарады. Қазіргі таңда Самбай ауылында А.Байтұрсынов атындағы мектеп бар және Алаш тұлғасының алғашқы еңбек жолының осы ауылдан басталуы жайындағы өңір тарихымен тарих пәнінің мұғалімі Ерлан Аманғалиұлы Аманғалиев әңгімелеп берді.
Бұл талай Алаш қайраткерлерінің табаны тиген ауыл. Ол кезде Кеңес өкіметі билеушілері ықпалды болыстардың иелігінде болған ауылдарға үнемі қырын қарап, тұрғылықты жұртының бір жерге шоғырлануына жол бермей, үнемі бөліп тастауға ұмтылып отырды.Өткені ұмытылған, естеліктері де сол себепті жинақталмаған ауыл. Заманына сай өзгере білген дәулетті қазақ ауылдарының бірі.
Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси және ағартушылық қызметінің іздері Ақтөбе өңірінде қалса да, сол кезең куәгерлерінің естеліктері дер кезінде жинақталмай қалған.Соның ішінде Алға аудандық Ізтай Мәмбетов атын¬дағы балалар кітапханасының меңгерушісі Ақшолпан Ізтілеуова да қызықты мәліметтерін ортаға салды. Ол бізге 1980-1990 жылдары Қоб¬да аудандық газетінің редакторы болған қайын атасы Мәскеу Шүкірановтың жеке мұ¬рағаты жайында айтты. Өйткені, ел ішінде тараған Мәскеу Шүкірановтың кітаптары-ұлт ағартушысы жайлы жазылған тың деректер болатын.
Ақ¬шол¬пан өмір бойы бірге тұрса да, ол өз анасынан Архангельскіге неге ай¬далғандары туралы сұрамағанына, 1993 жылы қайтыс болған анасы Ақтеңгеден еш дерек жазып алмағанына ренжиді.Мәскеудің өзі Мәскеуде дүниеге келген. Ақтеңге әже де айдау жөнінде өле өл¬ген¬ше балаларына сыр шашпай кет¬кен сияқты.
Ахмет Байтұрсыновқа 1932 жыл¬дың қара¬шасында Архангель¬скі¬ге үш жыл¬ға жер аудару жазасы та¬ғайындалды. Шүкіран мен Ақтеңге де сол жылдары қуғынға түскен. Ақшолпанның айтуынша, Мәскеуде жас босанған Ақтеңге әжесінің елге аман-есен қайтуына Ахмет Бай¬тұрсыновтың ық¬палы зор болған.
Дәуірдің жарық жұлдызы, ұлттың ұлы ұстазы саналатын Ахмет Байтұрсынұлының биылғы жылы мерейтойының аталуына байланысты өздерінің атқарып отырған жұмыстарымен Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстары бөлімінің бас маманы Қызғалдақ Қожахметқызы Сағынбаева бөлісті.
Байтұрсынұлы еңбектерінің таза қазақы тілмен жазылғаны соншалық-оны жетілдіртіп оқу да, түсіну де оңай. Тіл ғылымының бастауларын А.Байтұрсынов оқулықтарынан аламыз.Бастауыш, орта, жоғары мектептерде Байтұрсынұлы жасаған терминдер қолданылып келеді. «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек» деген екен А.Байтұрсынұлы.
Ана тілімізді ғылыми тұрғыда зерттеп, қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының негізін қалаушы дана филолог-ғалымның есімі қыркүйек айында ұстаздың туған күнінде №24 лингвистикалық мектеп гимназиясына берілген болатын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақгүл Нұрғайырқызы Нұртасова тіліміздің мәртебесі үшін ерен еңбек сіңірген ұлы тұлғаның туған күнінде Қазақстан халқы Тілдері мерекесіне орай өткізілген апталықта ғалымның еңбектерін насихаттау барысында «Ахмет.Ұлт ұстазы» атты кино фильмінен ұстаздар тарапынан үзінділер көрсетілгенін және оның қонақтар, ата-аналардың ерекше ықыласына бөленгенін, мектеп ерекшелігіне қарай жасалған «Ахметтану» бағдарламасымен жұмыс жасалып отырғанын, үш айда бір рет ақынның «Адамдық диқаншысы» өлеңі негізінде мың дана тиражбен газет шығарып, оқушыларға, ата-аналарға таратылып тұратынын, басқа да көлемді іс-шаралардың өткізіліп жатқанын кең көлемде айтып берді.
Аталмыш конференцияға республикалық «Бір ел-бір кітап» акция аясында жалпы оқылымға ұсынылған Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын оқуға шақыру мақсатында кітапхана қорынан «Ұлтын сүйген ұлы ұстаз» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылды.Кітап көрмесінің библиографиялық шолуын кітапханамыздың абонемент бөлімінің кітапханашысы Гүлназия Аблайқызы Омарханова ұсынды.
Қазақтың төлтума рухани мұрасына айналған ақынның «Шымшық пен көгершін» атты мысал өлеңін №37 қазақ орта мектебінің 8 «а» класс оқушылары, кітапхананың оқырмандары: Сарсенбай Жанель, Сансызбай Жанерке, Байтурин Санжар жатқа оқып берді. Крыловтың шығармаларында он тармақтан тұратын бұл мысалды А. Байтұрсынұлы отыз екі жолға дейін ұлғайтып, мүлдем басқа туынды деңгейіне көтерген.
Әрине, Ахмет тағылымын бір сәтте оқып білуге болмайды. Оны жылдар бойы оқып үйренуіміз керек. Ахмет Байтұрсынұлының ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы-баршасы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтықсыз қызмет етуге арналған. Ахмет өмірі мен шығармашылығы келер ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қала бермек.
Бұл тағылымды іс-шарада оқырмандарымызға ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы, саяси, ғылыми қызметіне қатысты біраз деректер берілді деген сенім білдіреміз.
Конференция соңын кітапхана директоры Құралай Серікқызы Раймбаева қортындылап, шара қонақтары мен қатысушыларына алғысын білдірді. Сонымен бірге, кітапхана оқырмандары «baishevbiblioteka» инстаграмм парақшасында айдың әр сенбісінде шығатын «Ахмет тағылымы» атты айдары аясында ғұлама ғалымның шығармаларынан тағылым алуға шақырылды.
Ұлт ұстазына арналған конференцияға М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Медицина университетінің оқытушылары мен студенттері, кітапхана қызметкерлері, «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының мүшелері, т.б.қатынасты.
Бейісова Гүлзада Бағдаулетқызы,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы