№10 қазан, 2022
Өткен ғасырдың басында ұлт зиялыларының ірі шоғыры бас көтеріп, елдікті, ұлттық мұратты сақтау жолында күрес жүргіздіынға – Ахмет Байтұрсынұлы.
Биыл ұлт ұстазының туғанына 150 жыл толып отыр. Ұлт жанашырыны өміріндегі негізгі міндетті – ұлтқа қызмет ету деп алса керек. «Қараңғы қазақ көгіне» күн болуға талпынған қайраткер ақын ауызын айға білеп аһ ұрады.
Ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары, аяқтары ұткr> Дегенмен, қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?
Иә, сол тұстағы қазақ хәлі ғылымнан алыс, надан діншілдердің жалған ілімімен тұншыққан аласапыран ұйқыдағы қоғам еді. Елдің көзін ашып, жеке ел болуды көксеген Байтұрсынұлы мұрасы тұтастай ағартушылыққа құрылды.
Қазақтың ұлы ғұламасы халқы үшін істеген игі істерінің ішіндегі ең шоқтығы биік қызметінің бірі – араб жазуына өзгерістер енгізіп, қазақ әліпбиін құрастыруы еді. Ғалым бұл ісі арқылы еліміздің ерте сауат ашып, оқу-білімге құштарлығының молаюына ықпал жасады. Әрине, жазуы, әліпбиі дамымаған ұлттың артта қалатынын, ел болуы үшін жазуымыз нақты қалыптасу керегін ұлт ұстазы ерте түсінген еді. Ахмет Байтұрсынұлының түзген әліпбиі халықтың мәдени-рухани деңгейінің көтерілуіне, халықтың тез әрі оңай сауаттануына, баспа ісінің жандануына ерекше ықпал етті. Алайда отарлау саясаты алфавит мәселесінің тұрақтануына жол бермеді. Ахметтің жаңа алфавиті мен жаңа әліппесі біздің мәдени өркендеуімізге зор пайдасын тигізген құбылыс еді. Жаңа алфавит тілдің таза сақталуына мүмкіндік туғызды, әлемдік мәдениетпен араластырды.
«Адамнан туып, адам ісін етпей, Ұялмай, не бетіммен көрге барам?» деген Байтұрсынұлының ар жолында, әділет жолында жаннан кешкен қажырлы еңбегі кейінгі ұрпаққа баға жетпес мұра болып қалды. Сол іргелі мұралардың тағы бірі – «Әдебиет танытқыш» кітабы. «1926 жылы сол кездегі астана Қызылордада беттеліп (әрине, цензурадан да өтіп), Ташкентте басылған Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» зерттеуі немесе оқу құралы –ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттануы деңгейін көрсететін іргелі де ізашар еңбек» бүгінгі кезде таптырмас мұра болып отыр.
Академик Дихан Қамзабекұлы бағалы еңбек жайлы: «Әдебиет танытқыш» – көркем өнердің болмысы мен құрылымын, қазақ әдебиетінің ерекшелігі мен сипатын, әдеби үдерістің мәнін, жанрлар қалыптасуының қоғам тағдыры мен талғамына қатысын, сөздің – өнерге, өнердің – пән ғылымына айналу жолын, сөз жүйесі мен ой жүйесінің мәйегін, өлең мен қара сөздің пішіндік, мазмұндық құрылысын, ауыз әдебиет пен жазу әдебиеттің дара соқпағын, басты жанрлар мен оның ішкі бөліністері қағидаттарын, әдебиет пен дәуір, әдебиет пен сана, әдебиет пен діл, әдебиет пен ой, әдебиет пен мүдде қарым-қатынасы жайын жік-жігімен түсіндіріп беретін ұлттық білім, таным, ғылым, әдістеме, әдіснама кешені» – деген сүбелі ой айтады. Ахмет Байтұрсынұлы аталған еңбегінде қазақ өлеңінің түрлерін, ауыз әдебиетінің түрлерін жіктеп, әртүрлі еңбектерге баға береді. Сонымен бірге құдіретті көркем сөздің күшін айғақтайды. «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі. Жалаң сөз – зейін байлығына қарайтын нәрсе, көркем сөз – қиял байлығына қарайтын нәрсе. Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркем сөз дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әліпіне түсіріп айтады». «Әдебиет танытқыш» еңбегі – жалғыз ұлтымыздың ғана емес, Түркі дүниесінің әдебиеттануына үлкен үлес қосқан еңбек. Ғалымның ұлт мұраты, ұлт руханияты жолына жасаған ықпалы орасан зор. Ұлт ұстазының поэзиялық шығармалары бір төбе. Көбі қазақтың жай-күйіне, оқу-ағарту ісінің маңыздылығына құрылған. «Қазақ қалпы» атты өлеңінде:
Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!
Алаштың адамының бәрі мәлім:
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған, – дейді.
Иә, ақын қазақтың әрбір қайысқан қабырғасын ойлап жаны күйінеді, рухы мазасызданады. Тұтас жан-тәнімен елдің бір бұтағына айналған қайраткер «жақсылығы өз басынан артылмаған» пенделерге дау айтады. «Кім қалды таразыға тартылмаған?» деп зиялылардың көрген құқайы мен азабын сөз етеді. Өлеңді оқып отырып, Байтұрсұлының ұлтын шын сүйген, тағдыры үшін шын алаңдаған қайраткер екенін сезінеміз.
Қорыта айтқанда, Ахметтің тойы – ұлт рухының тойы. Ғұламаға жасалған құрмет өзімізге, ұлтымызға жасалған құрмет дер едік.
Тортай Үсен