№9, қыркүйек, 2022

«Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған ұстаз бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырадмдуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.

Сөздің басын: «Оқушыңды өзіңнің қарапайым жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды» деген Л.Н.Толстойдың кереметтей сөзімен бастағым келеді. Себебі, өзінің қарапайымдылығымен, мейірімділігімен және сауаттылығымен кез-келген шәкірт жүрегін жаулай білетін сүйікті ұстаз осы шағын ғана мақаланың жарыққа шығуына түрткі болып отыр. Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт-пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді. Осындай қасиеттердің барлығын дерлік осы ұстаздың бойынан көре аласың.
Ұстаздар отбасында тәрбие алған Жұманова Светлана Аманжолқызы еңбек жолын 2001 жылы Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмыс атқарып жүргеніне бүгінде 20 жылдан асты. Жұманова Светлана Аманжолқызы 1977 жылы 11 маусымда Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында дүниеге келген. Мектепті үздіҚ.бе университетінің филология факультетін, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірсе, 2004 жылы Алматы “Қайнар” университетінің заң факультетін бітіріп, заңгер мамандығына ие болды.
Осы жылдар ішінде көптеген шәкірттерге сапалы білім беріп, біршама белестерді бағындырып, көптеген жетістіктерге жете білді. Сонымен қатар, ерекше үлгі болатын қасиеттерінің бірі – іздену. «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен-ақ оның ұстаздығы да жойылады» деген М.Әуезовтың қанатты сөзі бекер айтылмаса керек… Ұстаздық қиын да, дара жолды өзінің отбасымен бірге қатар алып жүретін сүйікті жар, аяулы ана, ақылшы ұстаз – әлі де ізденіс үстінде. Сондай-ақ, бүгінде сүйікті ұстаз – 3 ұл, 4 қыздың анасы. 7 бала тәрбиелеп отырған ұстаз-ана.
Педагог-шебер. Светлана Аманжолқызы – жаңалыққа жаны құмар ұстаз. Еліміздегі білім беру жүйесіндегі жаңартылған білім мазмұнына сәйкес бәсекеге қабілетті, адами капиталды дамыту мақсатында оқушыларға сапалы білім беруде оқушыларға тыңғылықты талап қоя біледі. Сапалы білім нәтижесінің көрсеткіші– ҰБТ-ден жыл сайын оқушылары қазақ тілінен жоғары ұпай жинап, алдыңғы орынды иеленіп, мектептер арасында жоғары көрсеткішті көрсетіп келеді. Жас мамандардың кәсіби шыңдалуына ұйытқы болып, үнемі ақыл-кеңесін беруден жалықпайды.
2017 жылы «Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілді мектептердегі “Қазақ тілі” мен “Қазақ әдебиеті” пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы» бойынша, 2018 жылы «НЗМ» ДББҰ ПШО әзірлеген “Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу” мектепішілік кәсіби даму курсының білім беру бағдарламасы» бойынша, 2020 жылы “Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқыту процесін жобалау” тақырыбында курстан өткен ұстаздың берері көп.
Республикалық “Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде заманауи технологияларды қолданудың тиімділігі” электронды құралы (2019), “Ақтөбе өңірінің ақын-жазушылары” авторлық бағдарлама (2020), “Оқу үдерісінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде шығармашылық пен көшбасшылықты шыңдау стратегиясы” (2020) әдістемелік құралдардың авторы.
Облыстық “Жас маманға жәрдем” әдістемелік құралы (2014), “Қазақ әдебиеті сабақтарында жаңа технологияны қолдану” электронды құралы(2015), “Қазақ тілін оқытудағы жаңа бағыттар бойынша ізденістер” электронды құралы (2018), “Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында ақпараттық-коммуникативтік технологияны қолдану арқылы оқушылардың танымдық құзіреттіліктерін арттыру” (2018) әдістемелік құралдардың авторы.
2018 жылдың 13-14 сәуір айында Орал қаласында өткен ПШО Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының II Өңірлік Форумының секциялық бөлімінде “Жетекші мектептердің командаларын құру: перспективалар мен жұмыс бағыттары” тақырыбындағы секциялық бөлімде тәжірибесін ортаға салды. 2019 жылдың сәуір айында ПШО Ақтау III Өңірлік Форумының секциялық бөлімінде іс-тәжірибесімен бөлісті. 2019 жылдың желтоқсан айында ПШО Ақтөбе “Сабақты зерттеу: қазақстандық мектептер тәжірибесі”III Өңірлік тәжірибелік конференциясында баяндама жасады. 2022 жылы Ақын, ғалым, түркітанушы, аудармашы, педагог, публицист, қоғам қайраткері, ұлт мәдениетінің бәйтерегі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Ұлтымыздың ұстазы — Ахмет Байтұрсынұлы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, «Тіл — адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» атты 1-бағыт бойынша «Ұлттық жазудың реформаторы, қазақ графикасының негізін қалаушы тұлға» тақырыбында өз жұмысын жоғары деңгейде қорғап, алғыс хатқа ие болды.
Оқушыларының жетістігі – ұстаз мерейі. 2017 жылы Польша Республикасы Варшава қаласында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Сравнительный анализ Европейской Системы образования на примере Польской Республики Детский сад-Школа-ВУЗ» А.Кенхан І дәрежелі диплом иеленді. 2019 жылы «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауының облыстық кезең жеңімпаздары Мұратова Фатима, Құлымбетова Айкөркем. 2019 жылы Ерімбетова Сандуғаш М.В.Ломоносов атындағы халықаралық ХХ турнирдің әдебиет пәнінен II орын жеңімпазы.
2020 жылы Республикалық Қазақ тілі пәнінен 8-сыныптар арасында өткен олимпиадада жүлделі 1-орын алғаны үшін Қалабаев Мұратбек, Алсадинова Ақмаржан марапатталды. 2021 жылы Мейрамбек Бекнұр жалынды жастардың толағай табыстары мен жұлдызды жетістіктері туралы «Еңселі елдің ертеңі»атты республикалық жинаққа енді.
Кәсіби байқау үстінде мұғалім шыңдалады. Атап айтсақ, “Облыстың ең үздік мұғалімі – 2010» грант иегері, облыстық, республикалық байқаулар жүлдегері. 2018 жылы «Үздік педагог – 2018» республикалық байқауының облыстық кезеңінің грант иегері. 2019 жылы «BILIM-ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының білім беру саласы қызметкерлері арасында өткен «Мәртебелі ұстаз» республикалық байқауында ІІ дәрежелі Диплом. 2020 жылы «ULY DALA USTAZY» халықаралық ғылыми-педгогикалық журналының дамуына үлес қосқаны үшін, «Қазақстан білім саласының менеджерлері: ғылым, әдістеме, инновация» тақырыбындағы республикалық конкурсына жеңімпаз атанғаны үшін Құрмет грамотасы тапсырылды.
Ол 2020 жылы «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығының білім беру саласы қызметкерлері арасында өзінің кәсіби шеберлігі, тұлғалық ерекшеліктері мен ұйымдастырушылық қабілетін танытқаны үшін дипломымен, сосын «Шығармашыл ұстаз» арнайы номинациясы. 2020 жылы «ZAMANAUI USTAZ» төсбелгісі куәлік №0153 «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығы мен “EDUNEWS.KZ” ақпараттық агенттігі.
Ол ұстаздық еткен оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық олимпиада, байқаулардың жүлдегерлері, ҰБТ-ден мемлекеттік грант иегерлері, іс-тәжірибесі халықаралық, республика, облыс көлемінде таратылған ұстаздың еңбектері еленіп, ҚР білім беру жүйесінің үздік қызметкерлері «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» атты жинаққа есімі енді.
Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастамасы» – демекші, бір мектеп аясында бірге еңбек етіп жүрген әріптестеріне дұрыс бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. 2017-2020 жылдар аралығында жетекші мектеп координаторы болып, мектеп тәжірибесін республика көлеміне насихаттауға үлес қосты. Әрдайым өзінің білім жолында алған тәжірибелерін өзге ұстаз өкілдерімен бөлісіп келеді. Ұстаздың осындай қасиеттерінен оның жауапкершілігін және терең ілім иесі болуымен қатар, кемел адамдық қасиеттің иесі екендігін көре аламыз.
«Алтын алқа» иесі Светлана бала тәрбиесіне де ерекше мән береді. Жолдасы Жұманов Сұлтан Ерімбетұлы да ұстаздар отбасында тәрбие алған, мемлекеттік қызметте. Сөз арасында отбасын қозғаудың үлкен бір себебі бар. Балалары: Жұманов Абылайхан Сұлтанұлы М.Оспанов атындағы Ақтөбе медицина университетінің 7-курс студенті. Жұманов Әлибөкейхан Сұлтанұлы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің экономика факультетін бітіріп, Талдықорған қаласындағы 5514 Ұлттық Ұланда Отан алдындағы борышын өтеді. Ерімбетов Бибарыс Сұлтанұлы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тау-кен факультетінің түлегі. Жұманова Сәулехан Сұлтанқызы М.Оспанов атындағы Ақтөбе медицина университетінің 3-курс студенті.
Жұманова Гүлсезім Сұлтанқызы Ақтөбе облысы, Шалқар қалалық №2 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы. Оқу озаты. Ерімбетова Сандуғаш Сұлтанқызы Ақтөбе облысы, Шалқар қалалық №2 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы. Оқу озаты. Ерімбетова Инабат Сұлтанқызы Ақтөбе облысы, Шалқар қалалық №2 мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы. Оқу озаты.
Қорыта келгенде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – ең ардақты мамандық иесі деп ой түюге болады. Дүниедегі ең қасиетті тілің мен тарихыңа, ұлтың мен әдебиетіңе жетер еш байлық жоқ. Бабалар аманатын болашақ ұрпақ зердесіне жеткізіп, көздің қарашығындай сақтай білуге шақыру – әрбір тіл маманының парызы, әрі оқушыларының жанына ұлт намысы, ел мүддесі деген киелі ұғымдарды ұялата отырып, білім беру – ХХІ ғасыр мұғалімдерінің еншісінде тұр. Еш жалықпаған ұстаздың тәрбиелеген шәкірттері – жан-жақты білімді, ой-өрісі биік, өз мақсаттары айқын, сол мақсатқа жету үшін еңбекқорлық пен шыдамдылық таныта білетін жандар болатыны сөзсіз. Өзінің шәкірттеріне еңбектеніп, тер төгіп, адал жолмен табыс табу қабілетін дарыта алатын мұғалім өте үлкен құрметке бөленуге тиіс. Ендеше, жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытқанға не жетсін…

Айгерім Өтемамбетова