№9, қыркүйек, 2022

Биыл заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл. Жазушыраында, жұрт есінде.

Әуезовтің даңғыл жолы ә дегеннен ұлттың жай-күйіне, аласапыран тағдырына, ел тарихының шежіресіне арналды. Бодандық тырнағынан жаны өзгеріп, мінезі бұзылған қамеы мен қараңғылығын, ізгілі мен зұлымдығын салыстырып жазушы елді ағартушылыққа үндеді. Мәселен «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Сөніп-жану», «Қаралы сұлу» сынды қадау-қадау туындылар қазақтың ауыр тағдыры мен өліара кезеңін тап басып суреттейді. Жазушы тек қаламымен ғана емес, азаматтық позициясын ісімен білдіріп, қайраткерлік болмысын көрсетті. Небәрі 18 жасында Абай ауылында пьеса жазып, өзі сахналаған болатын. Алаш зиялыларының сапында жүріп, дегдар жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен бірге «Абай» журналын шығарды. Ұлы Абайдың бұлағынан жастайынан нәр алған суреткер, ұлт тағдырына тікелей араласып отыр. Қазақ әйелінің тағдыры надандық торымен шырмалып, бағасы түсіп, құны құлдырағанын сезген жазушы «Адамдық негізі әйел» атты мақала жазып, қоғамға дабыл қақты. Мақалада: «Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» дейді жазушы. Бұл қоғамға жаңа бетбұрыс әкелген қадамдар еді.
Әуезовке жыр арнаған ақындар легі қалың шоғырдай қарауытады. Иә, даладай дархан мінезді парасат иесінің болмысын жырлауға асық ақын қай кезде де көптеп табылған. Сол өрелі, өрнекті жырдың бірі Ғафу Қайырбековтың өлеңі.
Соңында қалың нөпір – той керуені,
Кернеген қуаныштай кең кеудені, –
Келеді ол, тірілердің тірісіндей
Жер атты мəңгі жасыл шеңбердегі.
Толтырып мол даланы мол тұлғасы,
Жалтылдап күміс шашы, алтын басы, –
Қоңыраудай күмбірлесіп қоңыр даусы.
Тау ІІІыңғыс, тымағың шеш, ал тыңдашы!
Ғафу ақын жырлағандай Әуезов «тірілердің тірісіне» айналды. Бай мұрасы арқылы елмен бірге тұтасып, есімі ұлтпен бірге біте қайнасып кетті. Бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы тұтас қазақ халқының тарихи шежіресін көрсетіп, тағылымды дәстүрі мен тарихын, ар-ұжданы мен танымын әлемге жайды. Шығарма жайлы Қаныш Сәтбаев «Қазақ өмірінің энциклопедиясы» десе, әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов: «Мен мұны қазақ халқының жалпы адамзаттық көркем ой парасатының маржанына қосқан тікелей үлесі деп бағалаймын. «Абай жолы» эпопеясы – бұл біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз, ол біздің ортақ мандатымыз…» – деген еді. Белгілі көсемсөзші Жомарт Оспан «Әлемді шарлаған «Абай жолы» мақаласында маңызды ой қорытады. «Абай – қиян түкпірде жатып-ақ барынша оқып-тоқыған терең зият білім иесі, парасат-пайымы ерек адам, сайын сахараны, қараңғы қауымды қамаудан, ты­ғырықтан шығару жолында ақындықты күш-қуат тұтып, жаман­дық, жауыздық атаулымен жалғыз күрескен жұмбақ жан. Міне, осы негізде классик жазушы М.Әуезов Абайдың ақындық табиғатын азаматтық қайрат-қажырымен берік сабақтастыра отырып, оның тұлғасын бір ұлт­тың данасы, бір халықтың данышпаны дәрежесіне көтерді. Ұлы ақын, ғұлама ойшыл, халық қайраткерінің мәңгі өлмес, өшпес, асыл бейнесін сомдады». Иә, ұлы ақынның болмысы мен рухани кеңістігін ашу үшін де жазушы сол тұғырдың маңында болуы тиіс. Әуезов таланты мен ұшан-теңіз білімі Абай тұғырын тиісінше айқындап, болашақ кемесімен заманаларға жөнелте білді.
Жазушының жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. Қатаң цензура мен бүлікшіл топ алып талант иесіне тас атпай тұрмады. Қаншама рет тергеу абақтысына қамалып, неше рет темір торға тоғытылса да жазушы рухы сынбады, жігері мұқалмады. Айдың бетін алақанмен жабу мүмкін емесі секілді, қатігез саясат жарық күнге тосқауыл бола алмады. Керісінше заңғар жазушы үздіксіз жазумен, ғалымдықпен, ұстаздықпен айналысып, соңына 50 томдай еңбек қалдырды. Ақ жаңбырдай сіркіреп өткен алдаспан ақын Төлеген Айбергенов жазушы өмірден өткенде төгілте жырлаған өлеңі бар-тын.
Әуезов өлген жоқ,
Күн сайын бұны сезем мен.
Келді ол асып бізбенен,
Сан асу, сан қыр, кезеңнен.
Әуезов өлмеген,
Ажалдың өзі өлген.
Шынында, ажалдың өзіне қарсы тұрған Мұхтар Әуезов мұрасы тәуелсіз қазақтың рухани шамшырағына айналуы тиіс. Әр қазақ баласы Әуезов тағылымына шомып, дариясына сүңгісе – келешегіміз кемел, ертеңіміз ерен болары сөзсіз.

Тортай Үсен