№8 Тамыз, 2022

Қай заманда да ұстаз мәртебесі жоғары болғаны белгілі. Тіпті бабаларымыздың нақылы бойынша ұстазына құрмет көрсетпеген шәкірт рухани төмен адам саналған. Содан да «бір әріп үйреткен ұстазыңа, қырық жыл тағзым ет» деген аталы сөз қалдырған болатын. Ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деп, ертеңгі ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу, оларды терең бүлосындай ауыр жүкті алып жүру тек білікті ұстаздарымыздың ғана қолынан келетінін айтып кеткен болатын.

Педагог мәртебесі туралы» заң аясында елімізде мұғалімдерге арнайы көңіл бөлініп, жалақасын көбейту мәселесі алға шықты. Сонымен қатар мұғалімдерге деген көзқарас та, талап та басқа арнаға ауысып, жылдан-жылға жақсарып келеді. Еліміздегі ұстаздар қауымына деген құрмет артып, ағартушы мамандар тарихтан бері келе жатқан жоғарғы қадірін қайта сезінгендей. Мұғалімнің қазіргі жағдайы бұрынғыдан көп жақсарып, алға шыққан талассыз ақиқат. Бұған мұғалімдердің жалақысының көтерілгенін, қағазбастылықтан арылғанын дәлел етуге болады. Ұстаздар қауымына қатысты айтылып жүрген мәселелердің шешім тапқаны көңілге медет.
Абай атамыз:
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға,-деп жырлағандай ұстаздың ісі – үйрету. Журналист Аятжан Ахметжанұлы педагог мәртебесі жайлы: «Елбасымыздың мұғалім мәртебесі жайлы сөз қозғауы – бүгінгі ақпараттық ағындағы қоғам белсенділері мен белсенді ұстаздардың әсері. Бізде шыны керек, жоғарыдан қандай да бір келетін тексерістер қойылымнан тұратын. Білім бөлімінің басшысгіғында төмен жағы өр жағын алдап келе жатыр. Қуанышқа орай, әлеуметтік желідегі белсенділік сол қойылымдардың біразының бетін ашып келеді. Елбасының айналасындағы қауым қоғамның көзқарасын прездентке жеткізген деп ойлаймын»–деп ағынан жарылған болатын. Ал белгілі журналист Жандар Асан маңызды мәселе жөнінде: «Жан-Жак Руссоның «ұстаз – өзінің уақытын аямайтын, өзгенің уақытын аялайтын тұлға» деп айтқан жақсы сөзі бар. Мұның астарында үлкен мән, мағына жатыр. Сондықтан бұл заң педагогтардың қоғамдағы беделін артырумен қатар олардың еңбекақысының артуына да септігін тигізді. Қарап отырсаңыздар, мектеп мұғалімдерінің, ЖОО оқытушыларының еңбекақысы жылдан-жылға артып келеді. Оған қоса педагогикалық университеттердің де мән-маңызы көтерілді. Олардың абыройы мен беделіне әсер етті. Сондай-ақ педагог мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысының өсуіне ықпал етті. Соңғы оқу жылдарынан бастап педагогика мамандығында оқитын студенттердің шәкіртақысы өсті. Міне, осындай жайттардың барлығы биыл педагогика мамандығына түсетін студенттердің артуына әкелді» деп баса атап өткен болатын.
Иә, жоғарыда келтіліген пікірлердің бәрі ұстаз мәртебесін арттырған елеулі заңның жоғарғы орынын атап өтеді. Расында, осы заң аясында жеңілдік алып, шәкірттерге құлшына сабақ беруге кіріскен ардақты ұстаздар қауымы өз саласына толық уақытын арнауға мүмкіндік алды. Әртүрлі өзіне қатыссыз мектеп жұмыстарынан босатылып, дәрежесі артты.
Бүгінгі уақытта елімізде жастардың ұстаз болуға деген ынтасы артып келеді. Себебі «ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Орыс ойшылы Анатолий Луначарский айтпақшы, «ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам». Ал қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады».
Қорыта айтқанда, білекке емес, білімге сенген заманда балаларымыздың өте сауатты болуы маңызды мәселе. Біз біліммен ғана әлемдегі елдермен терезесі тең ұлт болып жетіле аламыз. Ол үшін, әрине, ұстаздардың орнын бағалауға тиіспіз.

Тортай Үсен