№4 Сәуір, 2022
Латын әліпбиіне көшу жайлы пікірталас толқыны тоқтар емес. Қаламгерлер мен ғалымдар легі әртүрлі ой қозғап, латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен қоғамға тигізер ықпалы жөнінде ақпарат беттерінде әртүрлі сараптама жүргізуде. Қазақ әліпбиі неше ғасырлар бойы өзгерістерді басынан кешкені ақиқат. Ендігі жерде бұл мәселе ел зиялылары мен мемлекет басшұқгерлердің латын әліпбиіне көшу жөнінде пікірлерін білген едік.
Кәдірбек Сегізбаев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «Ұлы көшпен бірге болуымыз керек»
Жалпы латын графикасына көшеміз дегелі біраз уақыт болды. Бірақ әлі күнге дейін кей жерлерде есіктің маңдайшасындағы жазу латын әрібімен жазыла бастағанымен, өмірімізге кереметтей еніп кетті деп айта алмаймын.Мысалы сексеннің арғы жақ бергі жағына келген біздің өзіміз үшін латын әрібінен өндіріп алар ештеңеміз жоқ. Өйткені оқи да, жаза да алмаймыз. Дегенмен ұлы көштен қалмауымыз керек. Айналамыздағы түркі елдерінің барлығы, өзбегің бар, әзірбайжаның бар, түрігің бар бәрі де латын әліпбиіне әбден көшіп алғаннан кейін біздің қалып қойғанымыз оғаш көрінеді. Сонайдеп ойлаймын. Қалай болғанда да, енді біздер осы кирилицамен оқып, кирилицамен жазып өтетініміз анық. Өйткені көзі мен құлағы үйренбеген адамдарға оған бірден дағдыланып кету қиын. Кейінгі жастар латынша оқып та, жн.ау. Сондықтан латын әрібі қазаққа керек пе әлде керек емес пе деген сұраққа келсек, әрине, біз қазіргі орыс әрібіне байланып қалған жоқпыз. Бұның бәрі он жылдың, жиырма жылдың шаруасы емес, мәңгіліктің шаруасы. Бір замандарда Кеңес одағы кезінде араб графикасы, Байтұрсыновтың төте жазуы, одан қайтадан латынға, сосын кирилицаға көшкен болатынбыз. Мұның бәрі белгілі бір саяси астармен жасалған дүниелер. Егер латын әрібіне көшсек,кирилицадағы дүниелер далада қалмайды. Өйткені бүгінгі дамыған техниканың әріптерді әп-сәтте өзгертуге қауқары жетеді. Сондықтан менің ойым, көшкенде тұрған ешқандай қиындық жоқ. Қалай болғанда да ұлы көшпен бірге болуымыз керек. Мүмкін латынға көшсек үлкендердің, біздің басымызда қиыншылық болар, бірақ жастар жағы бұған емін-еркін үйреніп, оқып-жазып кетеріне бек сенемін. Бір таңқалатыным, латын әліпбиіне көшейік дегеніміздің өзіне жеті-сегіз жыл болды, сонша неге созбақтап кеткенімізге таң қаламын. Көш жүре түзеледі дейді ғой, тәуекел етіп тезірек көшіп үлгеруіміз керек. Бұл іс өскелең ұрпақ үшін ауадай қажет!
Қасымхан Бегманов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «Түркі дүниесі латын әліпбиін қолданып отыр»
Кезінде Әлімхан Жүнісбеков деген атақты ғалым ағамыз болды. Латын әліпбиін жасаған кісілердің бірі сол адам еді. Сол кісімен сұхбаттасып, «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» деген кітапқа жариялаған болатынмын. Латын әліпбиі бізге қажет. Бірақ ақырын, әбден дайындықпен өтуіміз қажет. Біріншіден, аласапыран заманда әліпби ауыстыру кезінде халқымыздың жартысы сауатсыз болып қалу қаупі бар. Осының бәрін жан-жақты ойластыру керек. Біздің ескі жазуларымыздың көбі латынша жазылған. Мұстафа Шоқай «тұтас Түркістан идеясы» деген идеяны ұстанды ғой. Мен осы идеяға берілген адаммын. Арғы жағымыз Тоныкөк пен Білге қаған, барлық түркі жұрты тұтас елміз. Әлі күнге дейін Мұстафа Шоқай идеясының өміршеңдігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Өйткені мына әлемде бауырлас елдер бірігіп, тізе қосып қана нақты мұратқа қадам баса аламыз. Қазіргі таңда түркі дүниесі шын мәнінде латын әліпбиін қолданып отыр. Егер латын әліпбиіне көшсек, түркі дүниесіне терең жақындай түсеміз. Жақында ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы тіл білімі инстутының директоры Анар Фазылжанованы қабылдады. Сол жерде осы латын әліпбиінің жай-күйі талқыланды деп ойлаймын. Латын әліпбиінің оқу және жазу дағдысын қалыптастыру барысында біртіндеп тренингтер мен әдістемелер қолға алына бастағаны жөн. Ұрпаққа бұл жоспардың маңызы жайлы көбірек насихаттап, саналарға сіңіре бастауымыз қажет. «Бірден көше саламыз» деген қасаңдықты шетке ысырып, жүйелі дайындық арқылы көшсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Арман Қани, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері: «Көш соңында қалмауымыз керек»
Біздің ел бір ғана ХІХ ғасырдың өзінде қадым, төте, латын жазуларын бірінен соң бірін ауыстырып, ақыры кирил жазуына көшті. Дәлірек айтсақ, Кеңес үкіметі қазақ халқының пікірін елемей-ақ кирилге көшірді. Кирил жазуындағы 42 әріптің арасында ана тіліміздің табиғатына бөтен әріптердің, таңбалардың болуы, жалпы кирилдің әлемдегі қолданыс аясының тарылуы, керісінше латынға негізделген жазулар шеңберінің кеңейе түсуі тәрізді факторларды ескерсек, біз көш соңында қалмауымыз керек.
Қазіргі әліпбиді қолдайтындар бұған дейін жарық көрген әдебиеттерді, мерзімді басылымдарды ығуәж айтып, латынға көшу жұмысын қиынсынады. Әу баста коммунистер санаулы сауаттыларды ат арбалармен ауыл-ауылға жіберіп жұртшылықты жаңа әліпбиге үйретіп еді ғой. Қазіргі кезде ауылдық елді-мекендерде қызыл отаулар құрып, оғаны жоқ. Интернет, телевизия, газет-журналдардың мүмкіндігі орасан зор, әр азамат үйінде отырып жаңа әліпбиді үйрене алады. Кез келген мәтінді кирилден латын жазуына қолма-қол қотарып беретін арнайы бағдарламалар бар.
Көңіліміз қаласа да, қаламаса да елімізде латынға көшу процессі басталып кеткені байқалады. Елді-мекендер, көшелер, мекемелер атаулары латын әріптерімен жазылуда. Рас, жазылым үлгілерінде бірізділік жоқ. Өйткені латынға негізделген қазақ әліпбиі төңірегінде пікірталастың қашан аяқталып, қашан бір нұсқаға тоқтайтынымыз белгісіз. Сондай күн туып, көпшіліктің көңілінен шыққан нұсқаны билік бекітсе ұтарымыз көп болмақ. Латынға өткенде қазақ тілін грамматикалық, фонетикалық, морфологиялық жағынан мейлінше сауатты жазып, оқуға қол жеткізер едік. Оның үстіне латын әліпбиін пайдаланатын бауырлас түркі елдерімен мәдени байланысымыз нығайып, қарым-қатынасымыз жеңілдене түседі. Қалай десек те, біздің ел латын әліпбиіне көшуі керек. Егер билік саяси жігер таныта алса, бұл мәселе оңтайлы шешіледі деген ойдамын.