№4 Сәуір, 2022
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап туған тілімізді өз төріне шығару қолға алынды. Бірақ бұл жолда әлі де болса ілгері басқан аяқты кері тарту жәйттері ұшырасып тұрады. Сәл шегініс жасайық. Кез-келген ұлтты оның ұлттық сана-сезімінен, ұлттық намысынан, қысқасы бүкіл ұлттық болмысынан айыруды алуан-алуан тәсілі бар. Оны кейбір елдердің отаршыл, империяшыл саясаткерлері жақсы біледі. Сол жымысқы тәсілдердің бірі – өз қоластындағы өзге, яғни, бұратана ұлттарды олардың туған тілінен, ана тілінен айыру. Ұлыбританиялық ғалым Дэвид Кристалл тілдің адам баласының, жалпы қоғамның, мемлекеттің саяси өмірінде алатын орны туралы айта келіп: Бір ұлтты жойып, жер бетінен жоқ қылып жіберу үшін оны атып-асып, бомбалап қырып-жойып жатпай-ақ жоқ қылып жіберуге болады. Ол үшін бір ұлттың тіліне одан саны көп, әрі үстем билеп-төстеуші ұлттың тілін енгізіп қостілділік орнатса әлгі саны аздау ұлт уақыт өте келе өз тілін шұбарлап, сосын бірте-бірте оны пайдалануды да қояды. Сосын өз-өзінен жойылып кетеді деген. Ал тілге басқа бір тілді араластырып, оның бәрін бірте-бірте термин сөз атандыру міне, әлгіндей тәсілдің бірі десек те болатын сияқты. Және бір жүректі ауыртатын нәрсе қазір терминологиялық комитеттердің жұмысына тіл ғылымына еш қатысы жоқ адамдар да араласа беретін болды. Құдайға шүкір, қазір біздің терминкомда тілдің, оның ішінде түркі тілдерінің ішіндегі ең бір шырайлы да, шұрайлы қазақ тілінің қадір-қасиетін жете бағалатікі тілге де бірдей жетік ғалым Анар Фазылжан қарындасымыз басқара бастады. Шырайлы да, шұрайлы демекші кезінде академик Маррдың өзі түрік тілі әлемдегі ең бай, ең сұлу тілдің бірі дегенін еске алсақ, соның бірі өзіміздің ана тіліміз – қазақ тілі екенін ешбір қазақ естен шығармаса екен дейміз.
Сонымен осы күні екінің бірі өзінің дұрыстығын дәлелдеу үшін қолданатын термин сөздер деп жүрген сөздердің бір-екеуіне ғана тоқталайық. Осыдан бірер жыл бұрын белгілі орыс тілді ақыны, дәрігер-академигі бар бір топ үлкен бір мәртебелі жиында қазақ тілінің төл баласындай болып кеткен «оташы», «мұражай», «сазгер», «ұшақ», «әуежай» сияқты бірнеше қазақи сөздерді қолдануға қарсы шығып, олардың өз сөзімен айтқанда «өз қалпына» келтіру керек деген ұсыныс жасайды. Үп-үлкен қарт дәрігер «самолет» деген сөзді қайта қалпына келтіруді ұсынса, әлгі ақын «әуежай» сөзін орысша «уезжай» дегенмен салыстырып келеке қылды. Ал телеарна басшыларына бұл көрсетілім неге соншама қажет болғанын не олардың өздері, не бір Құдай ғана біледі.
Ал ақиқаты мен әділдігіне келер болсақ, осы күні сол кісілер сияқты кейбір лауазымдылар термин сөз деген сөздердің көпшілігі, қазақшалауға болмайтындай бір өте терең мағыналы, не киелі сөздер емес. Мысалы, кейбір терминқұмарлар «тиісуге болмайды, бұл термин сөз» деп жүрген «композитор» сөзінің бар мән-мағынасы «құраушы», «құрастырушы» дегенді ғана білдірді. Және олардың бұл сөздерді бүкіл жер-жаһан өзгертпей сол күйінде айтады дегені де қып-қызыл жалған. Ол сөзді 2 миллиардтқа жуық қытай өз тілінде, жапон-жапонша, үнді-үндіше, корей-корейше атайды. Композитордың қазақшасы сазгер деген керемет сөз. Біріншіден, түркі халықтарында, мысалы әзірбайжандарда саз деген музыкалық аспап бар. Саз дегеннің қазақша екінші мағынасы әуен әуез. Ендеше, бізге, яғни, қазақ халқына «композитор» деген сөз келмей тұрған кездің өзінде ел жүрегін тебіренткен небір ән мен күйді дүниеге әкелген, атап айтсақ, кең даланы «Зәуреш», «Айнамкөз», «Айдай» сияқты қазақпен бірге жасап келе жатқан әндерді дүниеге әкелген Мұхитты, сүйген жары Ақбөбектен айрылып «Ақбөбек» әнін жанына жалау етіп өткен Қайыпты, бір ғана «Сарыарқа» күйі қалың қазақ жұртының ұранына айналған Құрманғазыны, ең бір енжар, ұйқылы-ояу адамның да делебесін қоздырар «Көңілашар» күйін шығарған Тұркешті, Үсен төренің үйден безіп кеткен кәрі қыран бүркітін қайыра шақырып алған «Құс қайтаруды» шығарған Қазанғап атамды композитор деп атайтындай не көрінді.
Иә, еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап ұлттық бет-бейнеміздің ең басты айғағы тілімізді өз төріне шығару қолға алынды. Ал аяқтан тарту әлі де бар. Мысалы, тәуелсіздік алғансын көп ұзамай-ақ тілімізді толықтырып, одан өз орнын тапқан жаңа сөздердің бірі «мұражай», «мұрағат», «әуежай», «дәріхана» тағы басқалары болатын. Кімге қандай кедергі келтіргенін қайдам сөзіне дереу тыйым салынып, ол енді тек «музей» деп жазылатын болды. Ал «музей» деген нендей мағына береді дейсіз ғой? Ол біздің жыл жбынатын гректердің аңызындағы Урания, Камиопа, Клио, Мельпомена, Эрато, Терпсихара, Евтерпа деген қатынқұдайлардың, яғни, құдайбикелердің (богиниялардың) раеп атаған. Ендеше, өзімнің арғы-бергі тарихымның, әдебиетім, мәдениетім, өнерімнің ата-бабамнан, ата-тарихымнан қалған мұраларын орналастыратын жайды «мұражай» демей, аңыздағы грек қатындарының дәмханасы ма, думанханасы ма болған жайдың храмның атымен атасам ғана өркениетті пенде боламын ба? Әлде бұл тілге тежеу салудың бір түрі ме дегенімде тіл ғылымының өкілі таныс ғалымдарым әрі күліп, әрі риза болып тұрып мақұлдады.
Немесе «Аптека» деген сөз. Бұл латын тілінде бар болғаны қойма, қамба, әртүрлі бұйым, зат сақтайтын жай деген ұғымды ғана береді. Ендеше, мен дәрі-дәрмек сақтайтын жайды, бөлмені дәріхана десем несі айып? Хана деген түркітектес халықтардың, мысалы өзбектің тілінде «бөлме» дегенді білдіреді. Мысалы, асхана! Ал «хирургия» дегеннің мағынасының бар шыққан биік мағынасы «қол жұмысы» орысша «ручная работа» дегенді ғана білдіреді. Ендеше, адам тәніндегі жараны, ісіікті, кеселге ұшыраған бөлікті сылып немесе отап тастауға байланысты айтылатын «оташы» сөзінің «хирург» сөзінен қай жері кем?
Кезінде қала әкімі болып істеген бір азаматты тым жеңілтек, тым ұшқалақтығы үшін әзілдеп эпиграмма жазғанмын. Бірақ тәуелсіздік алғаннан бастап сол жігіт халқымыздың әдебиет, мәдениет, өнер тәрізді рухани қазыналарын қайта жаңғыртуға едәуір еңбек сіңірген-тұғын. Бүгін сол азаматтың «Қазақ тілі бар жерде қазақ та бар, қазақ тілі жоқ жерде қазақ та жоқ» деген сөзі есіме түсіп отыр. Тәуелсіздігіміздің 31-інші жылы басталғанда осы бір сөзді есіме ала жүрейікші: Тілі сақталған ел – Мәңгілік ел!
Жан-Мұрат Сахиев