№4 Сәуір, 2022
Өткенді еске алмай, бүгінді бағалау мүмкін емес екенін жеке басты пендеден бастап, шаңырағы көк тіреп шалқып тұрған мемлекеттердің өзі де есте тұтуы керек екенін тарих-ақсақал айтып та, көрсетіп те келеді. Дегенмен, «сабақты ине сәтімен демекші» қандай пәтуәлі да ізгі шараны әсіресе, мемлекеттік деңгейде іскек,аны әлгі айтылған өткеннің өрескел қалдықтарынан аршып алу керек.
Міне, біресе патшалық Ресейдің, біресе Кеңес Одағы деген оспадарсыз қоғамның құрсауынан құтылып, өз алдымызға отау құрып, азды-көпті тәуелсіздік алғанымызға да яғни, келер жылы отыз бір жыл болады. Бүгінде Аллаға мың да бір шүкір, қазіргі қазақ ұрпағының ой-санасы, дүниетанымы, ұлттық болмысы түгел дерлік болмаса да жаңарып, жаңғырғаны ақиқат. Ал осы аталған киелі қасиеесн басты қарудың да, құралдың да бірі Бұқаралық Ақпарат Құралдары. Яғни, баспасөз, телевидение, радио, қала берді әлеуметтік желілер. Бұл орайда кезінде дүние-дүрмектің қан мен тер араласып жатқан андолып көштің ең соңындағы жетім тайлақтай желіп келе жатқан өзінің ұлттық есімі де бұйырмай киргиз атанып келе жатқан қазақ қасқаға сол «қазақ» есімін қайтарып беруге ең басты себеп болған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газетін ең алдымен ауызға түсетінін ешкім жоққа шығара алмайды. Жақында осы газеттің 1913 жылы шыққан алғашқы бетінің араб қарпімен жазылған суретін көріп көңілі түскір әлем-жәлем болды. Сол жерде сонау бір жылдары, аты-жөні дәл қайсысы екені есімде жоқ, әййтеуіір есімі елге мәшһүр әдебиетші орыс әйелінің қазақ халқы өзінің қандай атақты тұлғаларының атын атаса да қазаққа дәл Ахмет Байтұрсыновтай еңбегі сіңген ешкім жоқ дегені есіме түсті. Сосын, сол «Қазақ» газетінің араб әрпімен жазылғанына қарап, сол Ахмет Байтұрсынұлының біз араб қарпімен ажырамауымыз керек, одан ажырасақ өткен тарихымыздың, әдебиетіміздің, мәдениетіміздің бәрінен бейхабар боп қаламыз дегені есіме түсті. Неткен әулиелік десеңізші. Ол соны айтысымен-ақ. Арада бірер жыл өтер-өтпесте Ресей біздің бүкіл жазу-сызуымызды латыншаға, одан сәл уақыт өте сала орысшаға кириллдік әрпіне көшірді. Қазақ баспасөзі де дереу латын, сосын кирилл әрпінде басылатын болды. Ұтыры келгенде айта кетейік: есімізде болсын: Ресей отаршылары кемсітіп киргиз, кайсак, чукча деп атап келген қазаққа «Қазақ» деген төл есімінде алғаш осы «Қазақ» газеті арқылы қайтарған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов болатын.
Осылайша біз бірте-бірте туған жерінен, елінен айрылып басқа бір беймәлім әлемге баяу ғана бет бұрып баратқан ұзын-шұбар көшке айналдық. Қазір, яғни, еліміз тәуелсіздік алғалы 30 жылдан асқанда да қайбір замандастарымыздың жүріс-тұрысындағы ұлтқа жат қылуаларын, шорқақ тілін ұлттық сана-сезімінің тым төмендігін көргенде ішіміз удай ашып тұрғанда біз осы кесір-кесапаттың да, оны емдеп жазатын ең шипалы дәрі-дәрмектің де Бұқаралық Ақпарат Құралдары екенін ескере бермейміз-ау.
Біз бұның бәрін айтып отырғанда қазіргі кейбір қазақтарша «ой, бросьте эту ностальгую. Хватит тосковать по прошлому» демекші де немесе «қане, қайтадан араб әліпбиіне көшіп, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, тарихымыздың із-түссіз жоғалып кеткен жауһар, гауһарларын содан іздейік демекші де емеспіз. Біздің айтпағымыз: осыдан 110 жылдай бұрын қазақ баспасөзінің алғашқы ақтамақ, қима қанат қарлығашындай қып Ахмет Байтұрсынұлындай ұлы ұлт ұстазы шығарысқан қазақ баспасөзін, сол баспасөзде әлі де өзінің жарқын да жарық жолын таппай жалтаң қаққан қазақ баласының әліпбимен көзін ашуға қаны мен терін қалай қатар төккенін және Бұқаралық Ақпарат Құралдарының қоғам тіршілігіндегі басты рөлін қысқаша ғана оқырманның есіне салып қою болатын. Ал бұл төңіректе айтылар әңгіме ұшан-теңіз.
Мырзан әл Шалқари