№3 Наурыз, 2022

Міне, кеңестік сұрқия саясаттың құрсауынан шығып, ұлттық намысымыз бен ұлттық санамызға сәуле шашқан 30 жыл ішінде елім деп еңіреумен өткен ерлердің есімдерін еске алып қана қоймай, олардың мерейтойларын бүгінгі ұрпаққа үлгі есебінде тойлап жатқанымызға мың да бір шүкір. Сол есіл ерлердің ішінде есімін ерекше атауға тұрарлық Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл. Қазаққа қазақ атын қайтаруға алғаш септік болған, қазақ тіл ғылымының, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің аса көрнекті қайраткері. Ұлт ұстазы Ахаңның бұл мерейтойы енді ЮНЕСКО көлемінде атап өтілмекші. Ал төмендегі шағын мақала елінің, ең алдәутүгел бүгінгідей жарқын тіршілігін көре алмай арманда кеткен арысымыздың мұражай үйінен қысқаша ғана мағлұмат.
Редакция

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ үшін қасиетті есім. Ұлттың Ұлы ұстазының 150 жылдығы қарсаңында оның мұражайы Алматы қаласы әкімінің қаулысымен Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы мұражайлар бірлестігі» құрамына енді.
Арманда кеткен Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсынұлының есімі ресми ақталғаннан кейін, ҚР «Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес 1992 жылғы 18 қыркүйекте қала әкімінің «Қалалық мәдениет басқармасы мен сәулет басқармасының ҚР Мәдениет министрлігімен келіскен Алматы қаласындағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарих және сәулет ескерткіші болып табылатын Космонавтар (қазіргі Байтұрсынұлы) көшесіндегі №60 үй-жайды қосу туралы ұсынысы қабыл алынсын» деген №413 шешім негізінде ХХ ғасырдың ұлы реформаторы А.Байтұрсынұлының Алматыдағы мұражайы 1993 жылы ұйымдастырылып, өз жұмысын бастаған.

1993 жылы 18 ақпанда қала әкімі «Алматыдағы Космонавтару 1962 жылдың 15-тамызынан бастап Космонавтар көшесі деп аталып келген, ұзындығы 4450 метр көшеге қазақ халқының рухани көсемінің есімі берілді. Осы жылдың 9 қыркүйегінде «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін ұйымдастыру туралы» сол кездегі Алматы қаласы әкімінің №360 шешімі шығады. Осы шешім негізінде А.Байтұрсынұлы көшесіндегі 60-үйді, яғни ғалымның үйін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Мұражай-үй төрт бөлме және бір жертөледен тұрады. Оның бір бөлмесі – ахметтану дәрісханасы. Үш залда ғалымның шығармашылық ғұмырына қатысты экспонаттар жасақталған.

Бірінші зал: «Ұлттық рухымыздың қайта оралуы», Екінші зал: «Қазақ санасының шамшырағы», ал Үшінші зал: «Саясат құрбаны» деп аталып, онда ғалымның істі болған, түрмедегі кезеңдері қамтылған. Мұражай ғұлама ғалымның ғибратты жолын тәуелсіз мемлекеттің салауатты ұрпақтарының жадында, Алаш зиялылары: А.Байтұрсынұлы мен оның замандастарының аяулы есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында «Тұлғалар тағылымына – тағзым» атты бағдарлама аясында көрермендерге қызмет көрсетеді. Бағдарлама мақсаты: ұлт ұстазының мұралық экспонаттарын бүгінгі ұрпаққа таныстыру, тағзым етер тұлғалардың өнегелі өмір жолдарынан келешек ұрпаққа тәлім беру мәселесі қамтылады.

Мұражай-үйдің қорында ғалым өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық ресми құжаттар, 300-і мемлекеттік мұрағаттан алынған түпнұсқалар. Тарихи тұлға тұтынған мүліктер: жазу машинкасы, мөртабан, қаламсап, қол чемодан, самаурын, жезтабақ, сандық қойылған. Қорда ғалымның өз тұсында жарық көрген еңбектерінің түпнұсқалары: «Қырық мысал», «Маса», «Оқу құралы» 3 кітап; «Тіл – құрал» 3 биш», «23 жоқтау», «Әдебиет танытқыш», «Тіл жұмсар» (2 бөлім) атты кітаптарының көшірмелері жасақталған. Жалпы, осы кітаптардың әр жылдары жарық көрген сандарымен қоуыкөрген. Бұл кітаптардың түпнұсқалары Республикалық Ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде тіркелген әрі сақталған.
1997 жылы 4 ақпанда «Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуындағы рөліне құрмет көрсете отырып, аса көрнекті ағартушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, А.Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына байланысты» Қазақстан Республикасы Үкіметінің №150 қаулысы қабылданды. Осы қаулы негізінде Алматыдағы А.Байтұрсынұлы мұражай-үйіне ҚР Білім, ғылым және денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жөндеу жұмыстарын жүргізу тапсырылып, Мемлекеттік құрылыс жөндеу және қайта қалпына келтіру басқармасына жүктеледі. 1998 жылы 12 қыркүйекте аА. Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойы құрметіне мұражай-үймен ғалым бюстінің тұсаукесері ресми аталып, ашылу салтанаты өтті. Салтанатта жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «1998 жылы 12 қыркүйегі – Азап сапарынан Жеңіспен оралған Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының Туған еліне, Жеріне, Отанына, өзінің өлең төсегі Ошағына толықтай оралған күні. …Халқына керек кезінде туып, керекті қызметіне басшы болған қайырлы ұлының тірі көзіндей болған мұражайдың іші бұдан былай құт болғай, тағылым мектебі болғай!» деген лебізін жиналған бұқара алдында тебірене айтып, мұражай-үйдің құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.

Ә.Үмбетәлиев, КМҚК «Алматы қаласы мұражайлар бірлестігі» директоры