№2 Ақпан 2022

Кеңес Одағының батыры, КСРО педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллинің сан саналы ғұмыр жолы – айтулы тұлғаның өзі өмірден өткеннен бергі елу жылға жуық уақыт жүзінде сан қырынан жіті зерттелумен келе жатыр. «Сан қырынан» дейтін себебіміз: Мәлік Ғабдоллаұлының майдангерлік, ғалымдық, ұстаздық, жазушылық, басшылық тұлғасы – әрқайсысы жеке-жеке зерттеу тақырыбы болып табылады жәнанекенін білеміз. Және бұл аталған салалардың бәрі мәліктану атты үлкен арнаны құрайды.

Мәлік Ғабдуллиннің фольклортану, педагогика саласындағы жазба мұралары ғылыми зерттеу жұмыстарының тақырыбы ретінде алынып, жан-жақты зерттеліп, еңбектер қорғалған болатын. Осы ретте бір ескерерлігі, Мәлік Ғабдуллиннің сан қырлы тұлғасы жөніндегі зерттеу еңбектерді, бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған материалдарды жинақтау, топтастырып жүйелеу, ғылыми айналымға енгізу, насихаттау жұмыстарын жүргізуде батыр атымен аталатын музей ғылыми қызметкерлерінің еңбегі ерекше екендігін атап өткен жөн болмақ. Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің шешімі негізінде 1995 жылы құрылғаннан бергі кезеңде майдангер жазушы, фольклортанушы ғалым, академик педагогтің мол шығармашылық мұрасын үздіксіз жинақтап толықтыру – Мәлік Ғабдуллин музейі жұмысының тұрақты басым бағыттарының бірі болуда.
Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкерлері Қазақстанның түкпір-түкпірі мен бұрынғы одақтас республикалардағы Мәлік Ғабдуллинге қатысы бар-ау деп сане деген жеке адамдарға ғылыми-зерттеу экспедициялық сапармен бару, сұрау салу, жолығу арқылы музейдің құжаттық қорын үнемі байытып келе жатыр.


Академик Мәлік Ғабдуллиннің қолжазба мұраларының түпнұсқасы сақтаулы тұрған Қазақстан Республикасы мемлекеттік мұрағатында және ғалымның өзі кезінде басқарған, қызмет істеген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен ҚР Ұлттық ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорында т.б. мекемелерде сақтаулы. Бұл мекемелерге арнайы іссапарлар ұйымдастырумен қатар, Мәлік Ғабдоллаұлының күні кешеге дейін көзі тірі майдандас достарымен, ғылым-білім жолында бірге қызмет атқарған әріптестерімен, институтта сабақ алған шәкірттерімен, Көкшетаудағы, өзге өңірлердегі туыс-туғандарымен, 1941-1973 жылдар арасында қазақстандық, одақтық ақын-жазушылармен, журналистермен, ғалымдармен жазысқан хаттары – музей ғылыми бөлімінің тұрақты зерттеу нысаны болып отыр.
Музей қызметкерлері жыл сайын Мәлік Ғабдуллин музейі қорын толықтыру мақсатында Алматы қаласы мен өзге де өңірлерге ғылыми зерттеу экспедициясын ұйымдастырып, осы сапарлардың нәтижесінде бұған дейін белгісіз болып келген тың материалдарға қол жеткізіп келеді. Мұндай құнды олжалардың бірі – 2020 жылы музей ғылыми қызметкерлері Алматы қаласына жасаған сапарында қолға тигізген Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ баласы» («Сын казаха» атты кітабының қолжазбасы болып табылады.
Бұған дейін Мәлік Ғабдуллиннің дәл осындай атаумен жазған дүниесі бар екені белгілі болса да, аталған еңбектің нақты толық нұсқасы табылмаған еді. Бұл үлкен рухани олжаға ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты қызметкерлері мен кезінде осы ұжымды ұзақ жыл басқарған көкшетаулық жерлесіміз Ақтаева Ләззат Сүлейменқызының арқасында қол жеткізілді. Рухани олжаның осыншама жыл табылмау себебі: ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында С.Мұқановтың жеке қорында сақталуы еді.

73-image size-large»>

Кеңес Одағы билігі тарапынан жүктеліп отырған бұл міндетті лайықты орындау үшін тылдағы ақындар мен жазушылар, журналистер майдан шебіне барып, соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлер мен құрамалармен кездесу жасаған. Кеңестік, әсіресе, қазақстандық қаламгерлер жиі барып кездесу жасайтын белгілі әскери құрамалардың бірі – генерал И.В.Панфилов атындағы №8-гвардиялық дивизиясы және ондағы есімі аңыз болып тараған ержүрек командир Бауыржан Момышұлы мен оның сайыпқыран жауынгерлері болатын. Бұл тұрғыда орыс жазушылары шапшаңдық танытқанын атап өткен дұрыс болмақ. Белгілі жазушы Александр Бектің әйгілі «Арпалыс» («Волоколамск тасжолы») романынан бастап, ондаған прозалық, поэзиялық, драмалық туындылар жазылғандығы белгілі. Олардың барлығының көтерген тақырыбы бірдей, мазмұны ұқсас болғанымен, барлығына ортақ идея – Бауыржан Момышұлының, өзге де қазақ батырларының ерлік өнегесін дәріптеу болды. Мәлік Ғабдуллин – қазақстандық жауынгерлері арасында Кеңес Одағының батыры деген ең жоғары атаққа ие болғандардың бірі. Ал қазақ зиялылары қатарынан бұл атаққа қол жеткізген тұңғыш қазақ. Мәліктің батыр бейнесі, ержүректігі туралы күллі кеңес халқы аз-ақ уақыттың ішінде құлақтанып, танып үлгеруінің өзі – ақпараттың, әдебиеттің орасан зор жылдамдығы мен күші еді. Мәлік туралы жазған тамаша туындысында әйгілі орыс жазушысы Борис Полевой былай деп суреттейді: «Мәліктің батырлығы жайында естіген бір аңызды келтіреді. «Мәлік батыр – күшті және батыл адам, – депті оған Мәлік жайында әңгімелеген солдат. – Оның айлалығы түлкідей дерсің. Сақтығы еліктей – жау дыбысын өте алыстан сезеді. Оның көзі қыранның көзіндей – жау қайда тығылса да, көрмей қоймайды. Оның қолы неміс қорқауларын қанша өлтірсе де, бір талмайды, қайта, өлтірген сайын шыныға түседі. Мәлік батырдың түрін көргеннен-ақ немістер қаша береді». Бұл – біріншіден, Ер Мәліктің тұлғасын шынайы бейнелеу болса, екіншіден – батырды көркем әдеби туындының айрықша кейіпкері ретінде ала отырып, оқырманға ой салу, ержүрек қазақ батырының еңселі образын жасау болып табылады. Әдебиеттің күші деген – осы.
Әдебиеттің орасан рухани күші туралы Мәлік Ғабдуллиннің өзі «Қазақ баласы» кітабында былай деп жазады: «Ерлердің ерлігін халқына танытатын құралдың біреуі – әдебиет, оның ішінде көркем әдебиет. Ұлы Отан соғысының батырлары туралы, олардың ішінде қазақ батырлары туралы талай романдар, пьесалар, поэмалар тууы сөзсіз. Бірақ, әзірге, ондай күрделі шығармаларды көре алған жоқпыз». Бұл – Ұлы Отан соғысы майданының алғашқы жылдары болатын. Расымен де соғыс жылдары қазақ әдебиетінде майдан өмірін сипаттайтын көлемді туынды жазыла қойған жоқ. Қазақ әдебиетінде Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы алғашқы көлемді туынды – Ғабит Мүсіреповтың 1945 жылы жарық көрген «Қазақ солдаты» романы мен Мәриям Хакімжанованың «Мәншүк» поэмасы болды. Бір айта кетерлігі – Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романының бастапқыдағы атауы – «Қазақ батыры» болған. Ал Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ баласы» туындысы қырқыншы жылдары жинақталып, жазылса да тұтас қалпында уақытында жариялана қоймаған. «Менің майдандас достарым» деген атпен шағын бөлігі 1947 жылы жарық көрген.
«Қазақ баласы» деген атау – сол кезеңдегі саяси ахуалға, аз ұлттарға деген өктемдікке т.б. байланысты қабылданбауынан өзге, кітаптың шығуына да кедергі аз болмағаны Мәлік Ғабдуллиннің хаттарынан анық аңғарылады. Мәлік Ғабдуллин хаттарында жеке өмірдің, шығармашылық ғұмырдың, тылдағы Қазақстанның әдеби-мәдени ахуалының, соғыс майданының тынысы бар. Жалпы алғанда өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы көптеген зиялы тұлғалар тәрізді, Мәлік Ғабдуллин де хат алмасуға үлкен мән бергендігі аңғарылады. Майдангер ғалым әртүрлі жастағы, алуан түрлі кәсіп пен мамандықтағы адамдармен хат жазысқан. Солардың арасында, әсіресе өзімен сыйлас, пікірлес адамдармен сыр ақтара хат алмасуды ұнатқаны байқалады. Оған майдангер ғалымның әр кезеңде сол адамдармен жазысқан хаттары куә. Осы орайда Мәлік Ғабдуллин шығармашылығы туралы терең зерттеулер жасап жүрген белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Жәмбектің мына бір пікірін келтіре кеткен дұрыс болмақ: «Ғалымның сыншылдық, әдебиеттанушылық сарабдал ой-пікірлері, парасат-пайымы, зерделі түйсігі Мәлік Ғабдуллиннің қазақ әдебиетінің алып жазушылары М.Әуезовке, С.Мұқановқа, Ғ.Мүсіреповке, әдебиетші-ғалым Е.Ысмаиловқа, замандас ағасы Б. Момышұлына жазған хаттары сияқты эпистолярлық мұраларында айқын байқалады. Оның осы аталмыш тұлғаларға сонау соғыс кезінде жазған хаттарының өзінен М. Ғабдуллиннің зерделі әдебиетші екендігі аңғарылады».
Соғыс басталғанға дейін жоғары оқу орны мен аспирантураның ұзақ жылдық ғылыми тәртібі мен зиялылық дағды мектебінен өткен шығармашыл тұлға Мәлік Ғабдуллин – өз ойын аз сөзбен анықтап, мұқияттап қағазға түсірудің нағыз шебері болғанын оның сөз құрап жазу стилінен-ақ аңғарылып тұрады. Жалпы, бұл – сол кезеңнің көптеген шығармашыл тұлғасына тән қасиет болғанына музей қорында сақтаулы тұрған қазақ зиялыларының хаттары дәлел болады.
Мәлік Ғабдоллаұлы әсіресе, соғыс жылдарында өзінің майдандас достарымен, тылдағы әдебиетші қауыммен көбірек хат жазысқанын көреміз. Майдангер-ғалымның Бауыржан Момышұлына, Сәбит Мұқановқа, Үміт Балқашевке, Мұхтар Әуезовке, Ғабит Мүсіреповке, Есмағамбет Ысмайыловқа, Бейсембай Кенжебаевке, Құрманбек Сағындықовқа, Бауыржан Момышұлының жары Жамалға т.б. адамдарға жазған хаттарында тек майдан тынысы ғана емес, сол дәуірдегі қазақ әдебиеті мен тілінің, тарихының, музыкасының, өнерінің – жалпы руханияттың өзекті мәселелері қозғалған. Алыстағы майдан шебінде, оқ пен оттың ортасында жүріп Мәлік Ғабдуллин өз хаттарында Қазақстандағы әдеби процеске атсалысып, ұлттық тәрбие мәселесіне үн қатады. Өзі үлкен тұлға санайтын адамдармен қазақ халқының ежелден бері жалғасқан ерлік жолдары, ұлттың асыл қасиеттері, кешелі-бүгінгі ел қорғаған ерлердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ізгі дәстүрі туралы ой бөліседі. Және осы айтылғандардың бәрін мүмкіндігі келгенше ашып көрсетіп насихаттау – қолына қалам ұстаған ақындар, жазушылар, журналистердің басты ұстанымы болуы тиіс деген ойды айтады. «Қазақ баласы» кітабын жазу – осы ұстанымды жүзеге асыру жолындағы өзінің қадамы екенін айтады.
Мәлік Ғабдуллиннің өз туындысына «Қазақ баласы» деген ат беріп, қазақ халқының рухани құндылықтарын барынша насихаттау керектігі жөнінде көптеген адамдармен ой бөлісіп, ортақ іске барынша көбірек кірісу керек деуінің де өзіндік дәуірлік себебі бар болатын. Мақаламызда бұл турасында тоқталып кетуді жөн көрдік.
Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін Кеңес Одағы билігі Орта Азиядағы қазақ қатарлы ұлттардан шыққан азаматтарды армияға жаппай алмаған болатын. Себебі, Сталин бастаған коммунистер бұл халық өкілдеріне толық сенім білдіре қоймағаны белгілі. Патшалық Ресей заманынан бері қалыптасқан ұстаным бойынша бұратана халық өкілдерін әскери тәртіп пен өнерге жаппай үйрету – орталық үкімет үшін қажетті міндет деп қарастырылған емес. Қазан төңкерісі мен Екінші дүниежүзілік соғыс арасындағы ширек ғасырға жуық уақытта бұл халықтарға Кеңес Одағы билігі тарапынан жүргізілген зорлық-зомбылық, қуғын-сүргін коммунистік билікке қарсы көзқарастар күш алып, ашық қарсылыққа ұрындыруы мүмкін еді.
Алайда біртіндеп Кеңес Одағын шарпып, адам мен техниканың орасан ресурсына қажеттілік тудырған Екінші дүниежүзілік соғыстың барысы Мәскеу билігін бұғанн қын жаппай мобилизациялауға мәжбүрледі.
Жалпы антисоветтік пиғыл тек Орта Азия халықтарында ғана емес, Кавказды, Балтық бойын мекендеген республикаларда, Украина мен РСФСР-дің өз халқында да бар болатын. Ұлы Отан соғысының алғашқы кезеңінде кеңес жауынгерлерінің тұтастай армиясымен, дивизиясымен, миллиондап немістер жағына өтуін осымен түсіндіруге болады. Сондықтан да Бас хатшы И.В.Сталин 1941 жылы 16 тамызда «Әскери қызметкерлердің тұтқынға түскені және қаруын жау қолды еткені үшін жауапкершілігі туралы» әйгілі №270 бұйрыққа қол қойған болатын. Аталған бұйрықтың бірінші пунктінде былай делінген: ««Ұрыс кезінде өз бойынан айырым белгілерін жұлған және тылға қашып-пысқан немесе жаудың қолына тұтқынға түскен командирлер мен саяси қызметкерлер қаскөй қашқындар деп есептелсін, олардың отбасы ант бұзған және өз Отанын сатқан қашқынның отбасы ретінде тұтқындалуға жатады».
Аталған бұйрық жауынгердің жеке басын ғана емес, тылдағы отбасын да қауіп-қатерге тікті. Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар тез арада жауынгерлік дайындықтан өтіп, майданның ең бір шиеленісті нүктелеріне жіберіліп жатты. Жауынгерлердің әскери рухын көтеру, ерлікке баулуда рота, полк, дивизия саяси жетекшілерінің жауапкершілік, міндеті өте маңызды болды. Мәлік Ғабдуллин генерал И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясында, кейінгі И.В.Панфилов атындағы 8-атқыштар дивизиясының 23-гвардиялық атқыштар полкінің батальон комиссары, автоматшылар ротасының саяси жетекшісі қызметінен бастап, Кеңес Одағы Қорғаныс министрлігі, Саяси Бас басқарманың үгіт-насихат бөлімі басшысына дейін көтерілген Мәлік Ғабдуллин қазақ жауынгерлерінің рухын көтеру жолында аянбай еңбек етті. Бір қолында – қаруы, бір қолында – қаламы, қолы қалт еткенде сан түрлі ұлттың баласына өз тілінде батырлар жырын оқып беріп, жабырқаған жанын жылытқан кешегі фольклоршы аспирант, бүгінгі саяси жетекші Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ баласы» кітабы – соғыс жылдарындағы рухани майдандағы еселі еңбегінің жемісі еді.
Осындай сындарлы жолдан өткен Мәлік Ғабдуллинің майдандағы іс-қызметінен біз бұл соғыста қазақ жауынгерлерінің өзге жұрттың алдында мазақ болып сағы сынбауын, «қазақ – соғыса білмейтін нашар халық» деп атанбауы үшін, туған халқының Қобыланды, Едіге, Алпамыс, Қабанбай, Бөгенбай, Абылай хан қатарлы хандары мен батырларының ежелден бері жалғасқан ерлік өнегесін насихаттады. Соғыстың алғы шебінде жаумен қайтпай шайқасып жүрген бауырластарының жаужүрек батырлығын дәріптеудің ғажап үлгісін көрсетті.
Бұл дәріптеу үлгісі – Мәлік Ғабдуллиннің майдан шебінде шығып тұрған газеттердегі және ел астанасы Алматыдан жарық көретін басылымдарда жарияланған патриоттық сарындағы туындыларымен қатар, жоғарыда атап өткеніміздей, хаттарында көрініс тапқан. 1942 жылдың 24 қазанында майдан даласынан Алматыдағы әріптес, пікірлес ағасы, әдебиеттанушы ғалым Бейсембай Кенжебаевқа жазған хатында Мәлік Ғабдуллин мынадай ой білдіріп, сырласады: «Қазақ халқының шын мәнісіндегі соғысқа кірісі осы шығар. Олай болса, бұл жайында жазылу керек. Көп жазылсын. Біреу Отан соғысында халқы үшін, көпшілік үшін 10 тыйындық пайдалы іс істесе, оны бір сомға балап көрсете жаз, қазақ деген ат майданда да, әдебиетте де танылсын. Осы мақсатпен, мен жазушы болмасам да, жазушылар үшін көп материал, дневник жыйнап жүрмін. Біразы жоғалды, біразы бомба түскенде өртеніп кетті. Негізі аман, бар. Бірақ көрсетудің керегі жоқ. Соңғы кезде «Менің майдандас достарым» «С.Қ» да шықты, оқыған шығарсыз. Ол – көркем жазылған күнделік емес, тек факты, материал.

Кәзір «Қазақ баласы» дегенді жазып болдым. Мұнда да 6-7 қазақ баласының фашистерге қарсы соғыста көрсеткен ерліктері әрқайсысы өз алдына айтылады. Бұл да тек факты, эпизодтар. Әрқайсысының істерін өз алдына толық айтуға тырыстым. Бұл жазу – Махамбет, Наурызбай, Абай, Шохан, Жамбыл т.б. халық үшін еңбек еткен тарихта атағы қалған қазақ баласы екенін айтумен басталып, кәзіргі майдандағы қазақ балаларының ісі мен тұрмысына тоқтайды. Бұлай етіп жазу тарих үшін керек, мен үшін қажеті аз».
Мен Мәлік Ғабдуллиннің Бейсембай Кенжебаевқа жазған хатының грамматикалық ерекшелігін еш өзгертпестен алып көрсетіп отырмын. Және біз бұл хаттан «Қазақ баласы» еңбегінің жазылу мақсатын айқын сезінгендей боламыз. Осы хатында Мәлік Ғабдуллин қазақ әдебиетінде отан қорғау тақырыбына арналған мықты туынды әлі жазыла қойған жоқ деген ойды да айтады. Расымен де кеңес билігі, қуатты пропагандасы тылдағы қаламгерлерден осыны талап етіп отырғанын ғалым жақсы білді. Сондықтан да ол тек алдағы күндерден үміт етеді: «Меніңше, мықты деген жазушылар әлі Отан соғысы хақында жазған жоқ. Тек материал жинап жүр. Ұя салатын қарлығаш сияқты материал дайындауда. Оның сол мақаласындағы тақырыбы да, пікірі де теріс. Кәзіргі күнде Сырым, Исатай, Кенесары, Суворов т.б. хақында роман, пьеса жазылса, ол жаман тема болмаса керек. Қайта аңсап отырған, халықты қорғауда үлгі алатын шығарма болар еді».
Осы ретте: «Мәлік Ғабдуллиннің бұл хатындағы есімін дәріптеу қажет делінген ұлт қайраткерлері арасында Кенесарының аты қалайша аталуы мүмкін?» — деген сұрақ туындауы мүмкін. Мұның да өзіндік себебі бар: Ұлы Отан соғысының алғашқы кезеңінде Кеңес Одағы өзіне шабуыл жасаған фашистік Германиядан үздіксіз жеңіліп, шығысқа қарай шегінумен болған еді. Қызыл Армия жауынгерлерінің, жалпы халықтың әскери рухын көтеру үшін жедел қолға алынған шаралардың бірі – көп ұлтты мемлекеттің орыс және өзге де ұлттардың әдебиеті мен тарихындағы танымал тұлғаларды дәріптеу, сонымен қатар, адамдардың діни сенім бостандығына да аса шектеу қоймау турасында қадамдар жасалған екен. Осының нәтижесінде отызыншы жылдардың арғы-бергі жағында коммунистік билік «реакцияшыл жат элемент» деп танып, ұлт тарихы туралы ақпараттардан сүзіп алынып тасталған айтулы тұлғалардың біразы қазақ әдебиетіне уақытша болса да қайтадан оралған еді. Абылай, Кенесары, Наурызбай, Қабанбай, Бөгенбай т.б. әйгілі хандар мен батырлар, билер, өзге де тұлғалардың есімі ел жадында қайта жаңғырды, ерлігі дәріптеле бастады. «Ұлы Отан соғысының бастапқы ең ауыр 2 жылы Кеңес Одағы қоғамында біраз елеулі өзгерістердің орнауына себеп болды. Бұл екі жыл бүкіл Кеңес одағы құрамындағы мемлекеттердің діни, ұлттық, тілдік ерекшеліктеріне қарамастан бірігіп, жауға қарсы жұмыла күресу қажеттілігін айқындады. Кеңес қоғамындағы өзгерістер бұл қажеттілікті ескере отырып жүзеге асырылды, құндылықтар қайта қарастырылды. Мысалы, бұл өзгерістер нәтижесінде дінге де қарым-қатынас пен көзқарас өзгере бастады. Әскери атеизм діни төзімділікпен алмасты. Осы бір кезеңдер Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының (САДУМ) құрылуына септігін тигізді. 1943 жылдың шілде айында Орта Азия мұсылмандарының көшбасшысы, белді діни қайраткер Ишан Бабахан Абдулмажидхан Мәскеуде И.В.Сталинмен кездескен болатын».
Ұлы Отан соғысына дейінгі ширек ғасыр аралығында тапталып үлгерген қазақ рухын қайтадан сергіту жолындағы бұл мүмкіндікті мейілінше ұтымды пайдаланып қалу қажет болатын. Санасы сергек зиялы майдангер, ұрыс даласында сан түрлі ұлт өкілдері арасындағы саяси үгіт-насихат жұмысын жүргізуде тәжірибе қалыптастырған маман Мәлік Ғабдуллин бұл мүмкіндікті қолдан жіберген жоқ. Мұны дәлелдеу тұрғысында майдангердің эпистолярлық мұрасына жүгінелік. Бауыржан Момышұлының жары Жамалға 1942 жылы 14 қарашада жолдаған хатында Мәлік Ғабдуллин былай деп жазады: «Мен жазушы болмасам да қазақ халқы, оның тарихы үшін керек деген оймен соғысқа қатысып жүрген қазақ жігіттерінің ісін жазып жүрмін. Қазақ халқы бұрын мұндай жойқын соғысқа араласып атағы шыққан ел емес қой. Мына соғыс қазақтың кім екенін көпке танытты. Олай болса қазақ жастары жайында жазылуы керек, олардың майдандағы еңбегі бағалануы керек. Осы мақсатпен мен «Қазақ баласы» дегенді жазудамын, өзі көп нәрсе, бірақ көркем шығарма емес, тек фактылар, эпизодтар, соғыс майдандағы ерлердің ісі. Мұнда 12 қазақ жігіті жайында айтылады. Оның бастығы Баукең болады. 12-нің ісі, ерлігі әр түрде көрсетілген. «Қазақ баласы» деп аталуына себеп мынау: кешегі Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай, бүгінгі Жамбылдар да қазақ баласы, олар да халқы үшін қызмет істеп, тарихқа атын қалдырды. Олардың кейінгіге қалдырған ісі, өсиет-өнегесі, өнері бар».
Кешегі замандарда да, бүгінгі дәуірде де қолына қалам алып жазу жазса, өзін қаламгер санайтын жандар аз болмаған. Өзінің көрген-білгенін, ойға түйгенін жазып қалдыру – әркімнің өз еркіндегі дүние дегенімізбен, өзінің баяндаушылық, суреттеушілік қырына сын көзбен қарау көп жағдайда жетіспей жататындығы да өмір шындығы. Сонымен қатар, кейбір адамдар өзі тікелей куә болған оқиғалар мен сюжеттерді қағазға мұқияттап белгілей жүріп, оны ел мойындаған талантты жазушыға, сценарийшіге, ақынға ұсынып, осы арқылы айтулы көркем туынды тууына себепкер болып жатады. Бірақ былайша жомарттық таныту – кез келген шығармашылық адамының қолынан келе бермейтіні де – өмірдің ақиқаты. Пендешілікке салынып: «Дайын дүниемді өзгеге бергенше, өзім неге жазбаймын?» — деген іштарлық, өзімшіл ойдың кедергі болатыны тағы бар. Майданға аттанғанға дейін-ақ төселген жазу мәнерін қалыптастырып үлгерген Мәлік Ғабдуллиннің мұндай пендешілік осалдықтан ада екендігін Бауыржан Момышұлының жарына жазған осы хаттан анық аңғарамыз. Жоғарыда келтірілген хатты Мәлік Ғабдоллаұлы былайша жалғастырады: «…Ал, бүгінгі Бауыржан, Сламқұлов, Бозжановтар да қазақ баласы, бұлар да халқы, ел-жұрты, ағайын достары үшін төсін оққа ұстап, неміс фашистеріне соққы беруде, ерлік өнерлері де көп. Бұлар да қазақ баласы. Ендеше бұлар жайында да жазылуы керек. Осы мақсатпен «Қазақ баласы» деп көп материалды жинап жаздым. Мұнымды Сәбит пен Мұхтардың біріне бермекпін. Роман етсін деген ой бар».
Демек, Мәлік Ғабдуллиннің оқ пен оттың ортасында жүріп жазған бұл деректі жинақтамасын көлемді көркем туынды жазу үшін қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлеріне беру ниеті болған. Мұнда біз майдангер-қаламгердің өз шығармашылық қабілетіне деген шынайы да қатал бағалауды, асқан кішілікті, қарапайымдықты көреміз.
Мәлік Ғабдуллин дәріптеген қаруластарының арасында Бауыржан Момышұлының орны ерекше. Мәлік Ғабдуллиннің эпистолярлық мұрасында Бауыржан Момышұлына жазған және Бауыржан Момышұлынан келген хаттардың саны біршама. Ол хаттарда қазақтың екі батырының өзара рухани жақындығы, аға-інілік сыйластық қарым-қатынасы айқын көрінеді. Бауыржан Момышұлы Мәлік Ғабдуллинді «Мәлігім», «Қара тентегім» деп еркелете жазса, Мәлік Ғабдуллин Бауыржан Момышұлын «Қадірлі Баукем», «Бәукеш», «Жалбағай жаман бауырыңыз» деп өзімсіне хат жазады.
Мәлік Ғабдуллиннің майдангер ретіндегі ұстанымы – соғыстың болған оқиға барысы артық әсіреленіп, немесе кемітіліп көрсетілмеуі керек. Осыған байланысты, оқырмандарға арнап патриоттық туынды жазатын жазушылар, әсіресе соғысқа тікелей қатысып көрмеген тылдағы жазушылардың мұндағы өмірді барынша шынайы бейнелеуіне аса мән береді. Осы тұрғыда былай дейді: «Быйыл бізге Әлжаппар, Әбділдалар келді, жоғарғы штабта болып кетісіпті. Окопта жатқан біздерге келген жоқ, өмірімізбен, ойымызбен таныспады. Сондай адамдар біздер жайында шығарма жаза ала ма? Біздің дивизия тарихқа енетін әскер бөлімі. Ол жайындағы пьеса жауаптылықты керек етеді. Оған жазушылар нем кетті қарапты. Жаным-ау, ұят деген қайда?
Мәлік Ғабдуллин 1943 жылы 15 ақпанда Бауыржан Момышұлына жазған хатында да «Қазақ баласы» туралы айтып өтеді: «…Бұл арада әлі біраз күн болмақпын. Биылғы «Қазақ баласы» дегенді жөндедім, осындағы қазақтарға оқып ем, ауыздарынан су құрып тыңдады. Егер Алматы жағына бара қалсам, бір мықты жазушыға (Сәбитке не Мұқаңа) берсем деп ойлаймын».
Мәлік Ғабдуллин «Қазақ баласын» жазып қана қоймай, ондағы айтылған басты ойды – қазақ халқының ежелден бергі ерлік дәстүрін, сол дәстүрді жалғастырушы Бауыржан Момышұлы бастаған бүгінгі күннің батырларын кеңес халқына барынша таныстырып, баяндама жасап насихаттауды биік мінберлерде сөз сөйлеген кезде жүзеге асыра білген. Мұны Бауыржан Момышұлына жазған хаттарының біріндегі мазмұннан аңғарамыз: «Менің баяндамам осы айдың 21-де болады, оған берген уақыты екі – ақ сағат. Осындай қысқа уақытта бүкіл қазақ халқының өткендегі және бүгіндегі ерен батырлық традициялары туралы айтып шығу қиын да болады-ау деп отырмын. Сондықтан мен баяндаманы қағазға жаздым, осы хат жазып отырған қағаздай үлкен 35 бет болды. Баяндамада мыналарды көрсеттім:

  1. Кәзіргі Отан соғысы майданында жүрген айтулы батыр қазақтардың ерлігі, батырлығы, отанды, ел жұртты сүйсіндірді және олардың ар-намыс, абырой дегенді жаумен жауынгерлене соғысуы. Бұларына нақтылы дәлелдер көрсеттім.
    Осы сияқты ерлік жасаушылықтар бүгін ғана пайда болды ма? Жоқ, ол халық жасағаннан бері келе жатқан салт, дәстүр дедім де тарихқа қарай қол создым.
  2. Қазақ халқының батырлары Едіге, Қобыланды, Ер Тарғын тағы басқаларының халық үшін, халықтың бостандығы, бақыты үшін соғыстары. Бұл батырлар біздің мақтанышымыз.
  3. Қазақтың халық батырлары Есім хан, Қасым, Тәуке, Сырым Датов, Исатай, Махамбет, Кенесары, Есет, Бекет, Аманкелділердің ерлік істері. Олардың соғыстары, батырлықтары. Сол кездердегі әлеуметтік хал-жағдайлары, ел тұрмысы. Қысқасы жағалай шабыс құба қалмақ заманынан бастап Октябрьге дейінгі, кәзіргі ерлік істер.
    Бұлардың бәріне көптеген тарихи фактылар, дәлелдемелер келтірілді, жырлардан үзінді енгіздім және олардың істеген істеріне өзінше түйінді қорытындылар жасаған болдым.
    Шоқан Уәлиханов пен Абай туралы да айттым. Қысқасы аузымды толтыра қазақ баласы, қазақ елі батыр ел, ол сандаған жауын жеңген, керемет мықты ел деп көрсетуге тырыстым. Бұрын кейбір баяндамашылар баяндама жасай қалса, «біз өткенде нашар едік, мүсәпір едік» дейтін еді ғой. Мен осы сөзден қаштым, қайта оған қарама қарсы – біз батыр елміз дегенді баса айттым», — дейді.
    Ал 1944 жылы 27 қыркүйекте Бауыржан Момышұлына жағзан хатында, баяндаманы Мәскеудегі үлкен жиында оқығанын, сәтті шыққанын айтады.
    1944 жылы 24 сәуірде жазған бір хатында Мәлік Ғабдуллин Бауыржан Момышұлына ұзақ хат жазып, өз ойын білдіреді: «Шынында да халыққа қызмет етуден артық не бар? Бірақ осы қызмет ету дегенді теріс ұғынатын дорақтар да жоқ емес. Олар көп, ондайлардың ойынша қара қарның қампайса, қара басыңның бабы келіссе, үсті-басың дұрыс болса, – бұл халыққа қызмет еткенің болады деп қарайды. Нағыз мещандық осы ғой. Құдай сақтасын, мұндайлар ел басқармасын, елді де, ерді де ондайлар езеді. Езбесе езуге тырысады. Ондайлардың кейбіреуін сіз кездестірген боларсыз. Мұндай адамдар ұлт дегенді теріс ұғынады, одан қашады, тіпті қорқады Айта берсек, пәле жауып сені ұлтшыл етіп көрсетуге тырысады. Национальная гордость дегенге теріс қарайды».
    Мәлік Ғабдуллиннің қазақ ұлтын, Бауыржан Момышұлы сияқты өз дәуірінің батырын дәріптеуі көптеген адамдарға ұнамаса керек. Мен ендігі кезекте Мәлік Ғабдуллин хаттарындағы осы бір күрделі мәселеге тоқталатын боламын. Бауыржан Момышұлына жазған бір хатында Мәлік Ғабдуллин былай деп сыр бөліседі: «Былтыр мен ел жаққа барғанда қазақпыз дегенді баса айтым. Бауыржанды на щит славы көтердім. Осыным кейбір қыртылдарға ұнамаса керек. Мұнысына мен қарағам жоқ. «На зло всем чертям» дегендей, әңгімені баса-баса айттым.Ол жайды толық болмаса да шет жағасын естіген боларсыз.
    Кәзірде қазақ жігіттері жайында біраз жақсы мақалалар жазып жүрмін. Біразын жақында Алматыға жіберем. Бұларда да қазақ жастарын көтеруге тырыстым. Рас, мен жазушы емеспін. Бірақ хат танығасын, майданда ерлік жасап жүрген қазақ жігіттерін көргенде жазбауға дәтім шыдамады. Шынында да бұл жазғандар әдебиет үшін емес, ел үшін, халықтың тарихы үшін керек деп білем».
    Жоғарыдағы айтылған мазмұн мен жаздым деп отырған мақаласы – «Қазақ баласына» енген материалдардың бірі деп толық сеніммен айта аламын. 1945 жылы 24 ақпанда Бауыржан Момышұлына жазған хатында бұл кітаптың сол кезеңдегі тағдыры туралы айқын жазылған деген қорытынды жасауға болады. Мәлік Ғаболлаұлы ұзақ баяндалған хатының соңына ала былай дейді: «…Менің былтырғы қолжазбаларымның хабары қызық болып келді. Оны өткен март айында Сәбит баспаға берген екен. Баспада теріледі, сонан соң Әбдіхалықұлының аппаратына түседі. (Рецензия алу үшін) Ал Әбдіхалықұлының кейбір адамдары қазақшасын оқымай, оны орысша аудартып оқыпты да: «Мұның өзінде көркемдік жоқ екен және қазақ жігіттері жайында көп жазылған екен», — деп қорытынды жасайды. Сонымен ол материал жатыр. Осыған байланысты көп әңгімелер бар көрінеді. Оның біразын өзіңіз білесіз ғой. Бізді «….шыл» деп өсек айтушылар бар көрінеді. Мен осының бәріне қорытынды жасап, жақында Жұмабайға үлкен хат жаздым. Оны мен орысша жаздым. Машинаға бастырғанда 14 бет болды. Қаныш кафедрада оқыды, дұрыс деді. Ол хаттың мазмұнын өз алдына жаздым, хат берілді».
    Демек, «Қазақ баласының» қолжазбасын қарап талқылаған аппарат туындының жарық көруіне кедергі жасай бастаған деп топшылауымызға болады. Мәлік Ғабдоллаұлының «…шыл» деп отырғаны – «ұлтшыл» деген сөз болса керек. Яғни, бұл хаттан аңғаратынымыз – ендігі үміт Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметовте болмақ.
    1945 жылы 9 наурызда Бауыржан Момышұлына жазған келесі хатында Мәлік Ғабдоллаұлы Жұмабай Шаяхметовке хат жазғаны туралы баяндай келе, өзінің жіберген туындысы қыспақ көріп жатқандығы және Қазақстанның бірінші адамына мынадай талап қойғанын туралы айтады. Ақырында: «Менің қолжазбаларым басылуға жарамаса (на их издание я не настаиваю) академияның архивына бердіріңіз», — дегенін айтады. «Қазақ баласының» шым-шытырық жолдан өтуі және ақыры көп жылдардан кейін бүгінгі күнге жетуі – расымен де «ештен кеш жақсы» дегенді дәлелдеп тұрғандай. Мен ғылыми мақаламда «Қазақ баласы» еңбегінің ауыр жолы турасында Мәлік Ғабдуллинің эпистолярлық мұрасы арқылы көз жеткізе шолу жасадым деп білемін. Мәлік Ғабдуллиннің жан-жақты тұлғасы жайында белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик Серік Қирабаев былай деген екен: «Мәліктің өз өмірі – сол батырлықтың үлгісі болса, оның жазушы есебінде жазған кітаптары да майдандас достарының ерлік жолдарын жырлауға құрылды, «Менің майдандас достарым» (1947), «Алтын жұлдыз» (1948), «Майдан очерктері» (1959), «Сұрапыл жылдар» (1972) атты кітаптары арқылы Мәлік әскери жазушы есебінде танылды. Ол майдан өмірінің қат-қабат шындығын шыншылдықпен бейнеледі. Генерал Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғазин тағы басқалары сияқты Ұлы Отан соғысының азапты жолдарын Мәлікпен бірге өтіп, иық тіресе соғысқан жауынгер азаматтардың әскери өмірі аталған кітаптардың мазмұнын құрайды. Мәлік бұл кітаптарында көргенін тізуші емес, ойлы суреткер ретінде танылады. Әрбір жеке факт, соғыс эпизодтары арқылы жауынгер тұлғасын, оның жан дүниесін ашады, болған істен ойлы қорытынды жасайды»[8]. Академиктің бұл уәжді сөзіне алып-қосарым жоқ. «Қазақ баласын» қалың еліме лайықты ұсынсам дегенімен мұндағы қоғам қабылдауға әлі дайын емес еді: «Айтпақшы, мен «Қазақ баласы» деген үлкен нәрсе жаздым, барлығы 7 общая тетрадь болды. Онда 6-7 қазақ баласының майдандағы ерлік ісі айтылады. 2 дәптер көбінше Бәукеңе арналды. Бұл материалды қазақ жазушысының бір мықтысына бермекпін, ол одан бірдеме шығара алса, тілек орындалғаны. Жазғандарымның бәрі – тек факті, материалдар».

Міне, осылайша, майдан шебінде жүріп-ақ әдебиет мәселесімен шұғылданады. Өзі көптен ойға алып жүрген жұмысын аяқтап, сол істің нәтижесін көруге іштей асыққан алаң ойды танығандай боламыз. Алайда, қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерлігін, адамгершілік қасиеттерін арқау еткен «Қазақ баласының» жарық көретін ғұмыры Қазақстанның тәуелсіздік алып, жеке шаңырақ көтерген дәуіріне тұспа-тұс келген екен. «Қазақ баласы» кітабын дайындап жатқаны жөнінде Мәлік Ғабдуллин хаттарында ұшырасатын ақпараттарды талдадым. Мәлік Ғабдуллиннің эпистолярлық мұраларындағы «Қазақ баласы» кітабы туралы ақпараттарды талдаудың барысында бұл кітаптың өз заманында тұтастай қалпымен жарық көруіне жасалған кедергілердің себептерін ашып көрсете алдым деп ойлаймын. Уақыттың өзі беріп отырған мүмкіндігін мейлінше пайдалана отырып, қазақ ұлтының ежелден бері келе жатқан ерлік, жауд дәлелдеген Мәлік Ғабдуллиндей үлкен мемлекетшіл тұлғаның «Қазақ баласы» кітабын жазу идеясы қалай жүзеге асқаны туралы бұл мәліметтер – расымен де зерттеуді қажет етеді. Бұл – келесі ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбы болмақ.

Жолаушина Мейрамгүл,
Мәлік Ғабдуллин музейінің
аға ғылыми қызметкері