№2 Ақпан 2022
Мәдениетіміздің терең тарихын зерттеу тәуелсіз еліміздің басты бағдарламасының бірі. Соның бірі Алаш мәдениеті, Алаш тарихы. Иә ХІХ ғасыр – Алаш тарихында ерекше із қалдырған ғасыр. Бұдан былай да қазақтың шытырман тарихы туралы құнды дүниелер жазыла бермек. Бірақ теңдесі жоқ зор тұлғаларды тудырған, тарихтың небір қиянкескі уақиғаларына куә болған ХІХ ғасырдың шоқтығы қашан да биік болмақ. Әрине, қай кезде де, қандай зауал туса да ел азаматсыз болмағаны белгілі. Міне, сол бсеұртының жыртығына жамау, жанына жалау болған арыс кеуде азаматтардың бірі – Алмат Тобабергенұлы.
Болғанда ағам Алмат, жеңгем Күміс,
Жігітте бола бермес мұндай туыс.
Алекең атқа мініп ақырғанда,
Болады төрт Шөмекей бір-ақ уыс.
Алмат бидің атақты Балқы Базар жырау кейіптейтін қазақ поэзиясындағы портреті – осы. Алмат Тобабергенұлы туралы қанша ақиқат болса, сонша аңыз да бар. Бай Алмат, би Алмат, батыр Алмат, сақи Алмат – әрқайсысы сала-сала әңгіме, шалқып жатқан шежіре. Біз бұл шағын лебізімізде аталмыш мәселелерге тоқталмаймыз. Өйткені, ол жеке-дара сөз қозғауды талап ететін үлкен арна.
Кейбір тарихи құжаттардың куәландыруы бойынша, Алмат Тобабергенұлы 1804 жылы (кей деректерде 1805) қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында дүниеге келген. Алматтың руы Кіші жүз, шөмекейдің Бозғұлынан, оның берідегі Бекет деген атасынан тарайды. Бекет төрт некелі болған екен. Екінші некелісі Шобдар есімді әйелден тарайтын ұрпақтар түгелдей Шобдар атаныпты. Міне, біз сөз етіп отырған Алмат Тобабергенұлы осы Шобдардан.
Бұл – қазақ тарихындағы елеулі кезең еді. Ол күндерде Ресейдің отарлау саясаты екі үлкен арнамен жүргенін атап айту ләзім. Біріншісі – үстем шыққан қарумен қорғансыз елді қырып-жою, жерінен ығыстыру. Екіншісі – дипломатиялық келісім жолы. Сахарада аталмыш екі тәсіл де түбегейлі түрде іске асырылды. ХІХ ғасырда қазақ даласында болған Ұлт-азаттық қозғалыстардың барлығы да (Кенесары Қасымұлы, Исатай Тайманұлы, Жанқожа Нұрмұхаммедұлы) қанға батырылды. 1821 жылы Ақ патшаның арнайы жарлығымен хандық билік жойылды. Сонымен, қаншама ғасыр байтақ елге пана болған, қазақ халқын небір тар жол, тайғақ кешуден аман алып шыққан ақсүйек төре тұқымы басқару ісінен біржола аластатылды. Міне, Алмат Тобабергенұлы осындай сын сағатта саяси сахнаға көтерілген қайраткер.
1830 жылы Алмат Тобабергенов аудармашы және қолбасшы ретінде орыс өкілдігінің құрамында Хиуа хандығына аттанады. 1834 жылы орыс экспедициясымен бірге, Бұхар хандығына барады. 1834-1846 жылдар аралығында дипломатиялық миссиялармен Қоқан, Хиуа, Бұхараға әлденеше рет барып қайтады. Кейбір деректерге қарағанда, Алмат би осы аталған хандықтар мен әмірліктер және орыс империясы арасындағы тұтқын айырбастау сияқты аса қиын, қатерлі іске араласқандығы байқалады.
Ол кез дипломатиялық мәміленің оңай бұзыла салатын уақыты. Кейде елшілердің өзі ажал қармағына ілініп кете баратын шағы. Мінеки, халықаралық дипломатияның тайғақ кешулі жолдарымен жүріп, елінің мерейін үстем қылған, империя әкімшілігінің қазақ қайраткерлеріне деген көңіл сенімін арттырған, қазақ азаматтары хақында ұнамды пікір қалыптастырған Алматтың ерлігіне бас имеске шара жоқ.
Шобдар Алмат қазақ әлеуметінің осал жерлерін жіті таныған, замананың желін алдымен аңғарған адам болған. Ендігі жерде өмір-салтын өзгертпесе, қазақтың бәрінен де құралақан қалатынын аңғарған ол ауылдас ақсақалдарға: «Орыс қалалары сапарларынан оралған сайын ауылымның тұрмысы мен салтының мінін көріп, көңілім орта түседі»,-деп отырады екен. Көргенін жүзеге асырғаны болар, қазақ сахарасына отырықшылық тұрмысты алғаш насихаттай бастаған адамдардың бірі де Алмат би. Өзінің балаларына Сыр бойынан Еуропа үлгісіндегі ағаш үйлер салдырған Алмат би мен Жағалбайлы Дербісәлі. Бұл – сол замандағы қазақтың Шыңғыс, Құнанбай, Ыбырай, Сандыбай, Төлен қажы, Абай, Мырқы, Досжан сияқты алдыңғы қатарлы азаматтарын толғандырған өзекті мәселе еді.
Ата-бабадан мирас мұра – жерді түбегейлі иеленудің жалғыз жолы отырықшылық – егін егу, қала салу. Там-тұмдап жеткен деректерге қарағанда Алмат үлкен әрекеттерге барған сияқты. Сөзіміз дәлелсіз болмауы үшін Алматтың өз қолымен жазылған тарихи құжат-қатынас қағаздан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік: «Облыстық басқарманың 1865 жыл 18 тамыздағы хатына негізделіп жазылған облыстың орта бөлігі аға сұлтанының егіс салатын жер жөніндегі хатына хабар етемін. Елу төртінші династия территориясында мал жайылмайтын, егіске ыңғайда жер жоқ. Сонымен қатар бұл өлкеде суармасыз егін шықпайды. Әдетте, егістік жер суға жақын салынып, кемінде бес рет суарылуы қажет. Өткен жылдары Ырғыз, Торғай өзендері тасып, су түскен шабындықтарға егіс салынған еді. Биылғы жылы су тасымағандықтан суармалы жерлерге су түспеді, кеуіп қалды. Сонымен қатар, өзендер мен көлдер жағалауында мал қыстайтын болғандықтан, ол жерлердің шабыотіс салуға болмайды. Ал, жайлауда су көзі аз, бұл жерлерге егіс салынса көшпелі елге аса қауіпті қиыншылық туады».
Азғантай болғанымен халықаралық дипломатиялық құжаттардың деңгейінде аса шебер жазылған бұл хаттан біз көп жайттарды аңғарамыз. Біріншіден – егіске ыңғайлы жер жоқ делінген. Бидің бұл сөзінен ғасырлар бойы мал сүмесімен күн көрген ел-жұртын бір-ақ сәтте қалалық өмір-салтқа жыға салуға онша ықыласты еместігі көрінеді. Оның үстіне даланың жағдайын тамыршыдай тап басқан би, отарлаушыларға шынында да егіннің сусыз шықпайтынын уәж етеді. Ал, егіске деп бөлінген жерлер өзен-көлден алыс жатыр. Егер Алланың рахымы түсіп Ырғыз бен Торғай тасыса дұрыс, тасымаса егінге сеніп халықты қырып аламыз деген сөз. Мінеки, Алмат би темірдей берік логикаға бағындырып, жерді талан-таражға салуға құштар зорлықшыл топтың бетін осылайша қайтарып отырған.
Аса шеберлікпен түбегейлі жүргізілген үлкен жер саясатының арқасында Алмат Тобабергенұлы аз уақытқа болса да өзінің қарамағындағы әулетке үлкен иелікті – Ор өзені бойындағы Жаманқаладан (Орск) Бұхара өңіріне (Балқантау, Бозкемер) дейінгі аралықтағы байтақ алқапты жаз жайлап, қыс қыстап емін-еркін көшіп-қонуына мүмкіншілік алып береді.
Өз қарауына тиген ел мен жерге Алмат ерекше билік орнатады. Байқағанымыз, би Алмат патша әкімдігінің құйтырқылығына құлай берілмеген. Жоғарыдан түсіріліп отырған жарлықтарды барынша жұмсартып, ел мен жердің жағдайына лайықтап іске асыратын болған. Шекаралық даулы мәселелер, жер бөліс істерін көп ретте өз қалауы бойынша шешіп отырғаны байқалады. Әсіресе, жер дауын үнемі халық пайдасына шешуге тырысқан. Осы табандылығының арқасында ол орыс әкімшілігіне де, халыққа да қадір-қасиеті қатар артқан. Сол себепті ел ішінде Алмат бидің «жарты патша» деген лақап аты қоса тараған.
Алмат бидің өмірі бір-біріне қарама-қайшы контрастардан тұрады. «Алмат қалай, салмақ қалай?» деп, қонағының үстіне аунайтын түсіндіріп болмайтын оғаш қылығына қоса, халық арасында Алмат би мейірімді, қолы ашық мырза, әділ төре ретінде бағаланады. Бидің өміріне қатысты, оның қол ұшын берген игі жақсыларға байланысты әңгімелер тіпті де көп. Соның бірінде: «Мазы Бұзаубай Малбағарұлының қолын ұзартқан – үстіне үй тігіп, алдына мал салып берген осы Алмат би еді»,-дейді, ел ішінің есті әңгімесінің бір дерегі.
Бұрынғы ел билеу дәстүрлері Қасым, Есім, Тәукеден қалған ескі жол-жосықтардың үстіне Алмат би өз қарамағындағы әулетке лайықтап жаңадан біраз өзгерістер қосқан сияқты. Бидің қырына алған сондай мәселенің бірі – зинақорлық. Көнекөздердің айтысына қарағанда, зина жасау үстінде ұсталған әйел мен еркекке жеке-жеке жаза тағайындалған. Еркек бір жылға дейін бидің көзіне түспеуі керек және сәлем беруге хақысы болмаған. Әйелге бір жылға дейін мерекелі той-жиындарға баруына тиым салынған. Тығыз отырған, бірін-бірі жеті атасына дейін түстеп танитын елдің ішінде бұл қатал тәртіп болмағанымен, үлкен моральдық жаза жәна шашырай жеткен мәліметтер ғана. Ал, би қалыптастырған, кейіннен күнделікті тұрмыстан кетіп, көңілден ұмыт болған, халық жадынан өшкен салт-сана қаншама?!
Алмат Тобабергенұлы 1892 жылдар шамасында 88 жасында дүние салған екен. Фәниден бақиға көшерінде ақар-шақар ел болған өзінің әулетін, көңіл жетер ағайынның барлығын жинап алып, мынадай өсиет айтыпты: «Үш нәрседен сақ болыңдар – даңқ, байлық, қызмет. Даңққа бой берсең көзің байланар, құздан құлайсың. Байлыққа мастансаң төгілесің, қайыршылыққа қадам тартасың. Қызметіңнің биіктігіне берілсең жалғыз қалып сандаларсың. Даңқты да, байлықты да, қызмет биігін де уыстарыңда ұстай біліңдер. Топшыл болмаңдар, көпшіл болыңдар. Береке, бірлік – шаңырақ, ел биіктігі». Осы соңғы сөздерінен кейін кемеңгер би ризашылықпен көз жұмған деседі. Марқұмның сүйегі Ырғыздан 25 шақырым «Майтөбе» деген жерге жерленеді. Қазір ол жер «Алмат төбесі» деп аталады.
Алмат Тобабергенұлы дүние салғаннан кейін оның соңында қалған әулетінің тағдыр талайы аса қиын болады. ХХ ғасырда қазақ халқының пешенесіне тура келген нәубет бидің әулетін өртше шарпиды. 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бидің шаңырағы алғаш рет шайқалды. Атты казактардың жетегінде қараптан-қарап бақандай 500 жылқы кетті. Одан кейін 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі, артынша 1917 жылғы сотарихи талқы басталған. Бірін-бірі кезек аумастырған ақтар мен қызылдардың әскерлері қалаған малын жетегіне алып кете баратын болған. 1921 жылы бұған келіп Ырғыз уезін түгел дерлік қамтыған атақты «Мешін жұты» қосылды. Көптеген мал осы кезде шығынға ұшырады. Ал, қолда қалған азғантайдың өзін ауылдың солақай белсенділері «бұрын бай болған» деген желеумен аяусыз тәркіге салған. Бұдан кейін «азық салығы» деген заң шығып әлек салған. Міне, атағы Алаштан асқан Алматтан қалған мол дәулеттің соңғы жұрнағы осы салықты өтеуге кетіпті.
1930 жылы Шалқар өңірінде атақты Айжарық көтерілісі басталады. Жер-жерде үлкен қозғалыстар мен дүмпулер болады. Бірақ Қарынкөл, Тұздақ деген жерлерде қызыл әскерлер көтерілісшілерді самолетпен бомбалап, пулеметпен атып қынадай қырып салған. Ақыр аяғында егін егілмей, мал бағылмай – «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен. Содан кейін 1932 жылғы бүкіл қазақ жұртының тең жарымын жұтқан зұлматты аштық басталған. Алмат әулеті де бұл аштықтан орасан шығынмен шыққан.
Қатыгез тағдыр сахарада зор дәрежеге жеткен, өсіп-өнген тұқымды аяусыз тоз-тоз еткен. Қолға түскен құжаттарды сұрыптап отырғанда бидің тұқымдарының кейбірі шалғайдағы Германия мен Түркияда екені анықталды. ұлы Отан соғысы кезінде немістің тұтқынына түскен бидің шөбересі Ғалымжан Әбсәләмұлы әлдеқалай тірі қалады. соғыстан кейін қазақтың көрнекті саяси қайраткері Мұстафа Шоқайдың зайыбының жебеуімен Ғалымжан мырза Париж консерваториясына түседі. көп қиыншылық көрсе де оқуын тәмамдап шығады. сөйтіп, ата баласы бойына біткен қажыр-қайраттың арқасында қиындық атаулының бәрін жеңіп, өз бақытын өзі жасайды.
Мінеки, ХІХ ғасырда өсіп-өнген Алмат әулетінің тағдыр-талайы осылай екен. Бұл шағын лебізімізде бидің ұрпағының тарихи-шежіресін егжей-тегжейлі айтып беру мүмкін емес. Десе де, қордаланған деректерді тиянақтай келгенде мынадай нәрсені көруге болады. Алмат би шыққан Шобдар әулеті қазір жүз қаралы шаңырақ шамасында ғана екен. Ал, бидің өз тұқымдары ойдым-ойдым қабырғалас Ресейде, іргелес Өзбекстанда, Қазақстанның өзінде қоныстанған. Ел арасындағы Алмат би туралы аңыздар мен тарихи әңгімелер жиналып, бір ізге түсер болса, нағыз игі шаруа сол болар еді.
Көкірек көзі ояу, білгені бар ағайыннан осыны күтеміз!