№8 Тамыз
Белгілі орыс жазушысы Д. Мамин-Сибиряктың бұл әңгімесінде адам мен табиғат, жануарлар арасындағы байланыс әңгімеленеді. «Асыранды аққу» атты бұл әңгімені белгілі ғалым Әлкей Марғұлан ағ жас балаларға тағы да ұсынып отырмыз.
Жаздың жаңбырлы күні еді. Ондай сәтте орман аралағанды жаным сүйеді. Әсіресе, алдыңнан баспана табылса, зор бақыт емес пе? Жапиіілікке көрік бітіріп, масаты кілемге маржан шашқандай әсем болады. Тіпті жәндіктерге дейін жаңбырдың нұрына денесін шайып, бір марқайып қалады. Ең аяғы тәкаппар қарағай да, жаңбырға кеудесін ттыкүннің бірінде Талас дейтін тамырымды іздеп бардым.
Жаңбыр шүмектеп құйып тұрған. Бірақ көктің бір жағы жыртылып, бұлт ашылып келеді. Орман ішіндегі соқпақ жолға түсіп, Айнакөлден бір-ақ шықтым. Алыстан қарайып балықшының күркесі де көрінді.
Мені көргенде-ақ саққұлақ ит арсылдап қарсы алды. «Кімсің? Не істеп жүрсің?» дегендей ұзақ үрді. Күркеге таяған сайын ырылын күшейтіп, алдымды кесе берді.
–Ақмойнақ! Жат тыныш! Мені танымадың ба?-деп дауысымды күшейтіп едім, ит үргенін қойып, ойланып тұрып қалды. Әлі де болса таныс екеніме көз жеткізе алмай тұр. Ақырын таяды да, етігімнің қонышын иіскеді. Сосын айыбын мойнына алғандай құйрығын бұлғаңдатып, еркелеп кетті.
Күркеге кірсем, ешкім жоқ. Үй иесі көлдегі ауларын қарауға кеткен тәрізді. Қабырғада мылтық ілулі тұр. Іште үлкен абдыра, бірнеш құмыра мен ұзыннан жайған ау жатыр.
Талас қарияның жасы тоқсанға таяған. Бірақ дәл жасын өзі білмейді. «Француз соғысынан бұрын туғам»-деп мөлшерлеп қана айтады. Онысы – 1912 жылғы Бородино соғысы.
Мен су болған шапанымды шештім де, от тұтатуға кірістім. Ақмойнақ құйрығын бұлғаңдатып, мені төңіректеп жүр. От маздап жандыда, түтіні көкті барлады.
Жауын басылған еді. Көл беті бұйраланып мөлт-мөлт етеді. Жаңбарға шомылған хош иісті шөптердің аңқыған жұпары кеудеге дауа.
Талас қария өмірінің қырық жылын текке бұл жерде өткізген жоқ. Айнакөлдің таза ауасы мен шипалы табиғатын қалалы жерде ақшаға сатып ала алмассың. Әсіресе көл маңындағы тыныштықты айтсаңшы…
Қария әлі жоқ. Менің келгеніме бие сауым уақыт өтті. «Бұл бейшара қайда жүр? Ауды таңертең қараушы еді. Тал түсте көлде не бітіреді? Әлде, біреулер рұқсатсыз балық аулап, соны қарауға кетті ме?»деп алаңдай бастадым.
Кенет ит қыңсылап, иесін сезгендей болды. Мойын созып қарасам, көл бетінде қараңдаған қайық көрінеді. Талас қария қайық үстіне тікесінен тік тұрып, бір ескекпен есіп келеді. Тегінде балықшының бәрі қайықты осы сияқты бір ескекпен есіп үйренген. Сондықтан бұларды «жан қырғыш» деп атайтын.
Қайықтың алдынан бір аққуды көрдім. Қарт ол құсты қайырмалап:
–Аққұсым, үйге кіре ғой! Енді сені жібере қоймаспын,-деді.
Аққу соны түсінгендей жағаға жүзіп келді де, жиекке шығып, қанатымен дір сілкінді. Содан соң маймаңдап басып, үйге беттеді.
Талас қария – ұзын бойлы кісі. Алты ай жазды жалаңаяқ, жалаңбас өткізеді. Бір қызығы, тісіне ешбір құрт түспеген. Басынан да бір тал шашы үзілмеген.
Күркеге таяп келгенде:
–Талас қария, амансың ба? – дедім.
–Шүкір, өзің тәуірсің бе? – деді.
–Қайда барып келдің?
–Көрмедің бе? Асыранды аққудың соңынан бардым. Алысқа ұзаған жоқпын. Күні бойы құсты іздеп, көлдің қамысын кездім. Соңында көлдегі шағын аралға барсам, сонда жүзіп жүр.
–Бұл аққуды қайдан ұстап жүрсің?
–Көктемде мұнда аңшылар келген еді. Солар бір аққуды атып алыпты. Жалғыз қалған балапаны көлдегі қамыс арасында жүретін. Ұшуды білмейді. Бір нәрседен сескенсе қамыс ішіне тығылады.
Бір күні құрған ауыма оралып қалыпты. Оны ұстап үйге әкелдім. Байғұс балапан қорқыныштан дір-дір етеді. Тамақ беріп асырап едім, маған бойы үйренді. Ұстағаныма бір айдай болды. Содан бері бірге тұрып келеміз.
Тағ шапағы көрінісімен орнынан тұрады да, көлде жүзіп, маймаңдап үйге қайтып келеді. Менің қай кезде тұратынымды біліп алған. Кейде тамақ сұрақ күтіп отырады. Ақылды құс өзі. Қалай жүріп-тұруын адамнан артық біледі, — деді қария.
Талас оқиғаны айтқанда асқан махаббатпен баяндады. Аққу екеуінің достығына сүйсіндім. Бұл кезде аққу жорғалап үйге барып, бір нәрсе күтіп отырған сияқты болды.
–Тамыр, аққуың ұшып кетпей ме?-дедім.
–Неге ұшсын? Тұрағы жайлы, күйі жақсы. Тамағы тоқ, жанында көлі бар, -деді.
–Қыстың күні қайтеді?
–Қыста өзіммен бірге үйде тұрады. Орын жетеді. Ақмойнақ үшеуміз бірге тұрамыз. Өткенде бір аңшы: «Қанатын кеспесең ұшып кетді»-деген. Мен олай жасамадым. Құстың қанатын кесіп, қиянат еткім келмеді. Әр нәрсені Құдайдың өзі есептеп берген. Адамға тіршілік үшін аяқ берсе, құсқа қанат берген. Мен әлгі аңшылардың аққуды атып өлтіргеніне қапалымын. Әттең, байқамай қалдым. Әйтпесе, қолында өлер едім. Олар киелі құсты атқанымен етін жемейді. Ермек үшін атады,- деді ашуланып.
–Ақмойнақпен тату ма?-дедім.
–Басында қорыққан, кейін үйренді. Қазір Мойнақтың аузындағысын жырып алады. Ит ырылдап, қоқаңдаса қанатымен сабалап, маңайлатпайды. Кейде екеуі бірге серуендейді. Құс су жиегімен жүзсе, ит жққ, Мойнақ байғұс оны жоқтап, жар басында шапқылап жүреді. Екеуі дос,-деді.
Қария аққудың әр қылығын ерекше сүйіспеншілікпен баяндады.
Таластың өзі бұрын аңшы болған. Бұл төңіректе оның білмес тау-тасы кем. Ұшқан құс пен жорғалаған жәндіктің мінезіне дейін біледі. Қазір қартайғасын, алысқа ұзап шықпайды. Мылтық асынып, орман кезгеннен гөрі балық аулау анағұрлым жеңіл. Қасқыр ұлығанда болмаса, мылтығына жоламайды.
Қыс түскенде қасқырлар қарияның күркесін торуылдайды. Талай рет Мойнақты жеп кетпек болған. Бірақ қарт әлі де болса қайратын көрсетіп, маңайлатпады.
Күні бойы балықшының баспанасында болдым. Кешке қайыққа мініп, су ішіне ау құрдық.
Көлдің ұзындығы – жиырма, ені – он шақырым шамасында. Тереңдігі кей жерінде отыз кезге дейін жетеді. Таластың айнакөлде тұрғанына қырық жыл болды. Бұрын оның бала-шағасы, жап-жақсы үйі, бау-шарбағы болушы еді. Қазір сопайған соқа басынан өзге ешкімі жоқ. Әйел, бала-шағасы тегіс дүние салды. Содан бері қария Айнакөлдің жағасында жалғыз тұрып келеді.
Балықтан қайтып келе жатып:
–Ақсақал, іш пысып елегізімейсің бе? Жалғыз тұру қорқынышты ғой,-дедім.
–Мен жалғыз тұрам ба? О, не дегенің?.. дүниенің бәрі менің айналамда емес пе?! Құс дейсің бе, балық дейсің бе, ең ақыры орманға дейін менің төңірегімде. маған тіл қатпаса да, олардың күйін жақсы түсінемін. соларға Қарап, жүрегім қуанады. Әр мақұлықтың өз қамы, өз салты бар. «Балық неге суда жүзеді, құс неге ағашқа қонады?» деп ойланбайсың ба? Себебі олар – табиғаттың төл баласы. Тек адамдар ғана табиғаттан қашып, қалада өмір сүргісі келеді,-деді.
Біз жағаға жақындағанда аққу мен ит ойнап жүр екен. Ақсақал оларды көргенде:
–Аққу, шіркін, паң ғой. Жемге қанша қызықтырсаң да, қасыңа келмейді. Адам сияқты оның да кербез мінезі бар. Ақмойнаққа тіпті кердең қарайды. Жанына жуыса қанатымен сабалап, тұмсығымен шұқып жолатпайды. Қанша десе де, ит жыртқыштың тұқымы ғой. Ызаланып аққудың қанатынан не құйрығынан тістемекке ұмтылады. Құс соны күткендей жалаңаш тұмсығынан ұрады. Ит қыңсылап, қашып құтылады,-деді.
Расымен бұл көрініс маған таңсық еді. Аққу қанатын жайып тұра қалды. Ақмойнақ қыңсылап тап береді. Құс мойнын созып, қаз сияқты сұңқылдап итке ұмтылады. Ит ойнақтап қашты. Мұны көргенде қарияның есі қалмай, жас балаша сақ-сақ күле берді.
Талас қарттың үйінде бір күн қонып, ертесі жүруге қамдандым. Қарт қоштасып тұрып:
–Ұмытпа, күзге қарсы кел! Онда балықты мұнан гөрі көп аулаймыз,-деді.
–Қария, аман бол! Қайтсем де келемін,-деп уәде бердім.
Күз түсіп алғашқы қар жауғанда Айнакөлге тағы келдім. Көл бұрынғысынан үлкейіп кеткендей. Жиегінің бәрі жып-жылмағай. Жаздыгүнгі көгорай шалғын мен көк құрақтан дым жоқ. Бұрынғы мөлдір суы қарауытып, дауыл қозғаған асау толқыны жиекті соққылап тұр.
Ақмойнақ, әдетінше қарсы алып, алдымнан шықты. Бұл жолы үрмеді. Сірә, есіне сақтаған-ау. Құйрығын бұлғаңдатып, еркелеп жетіп келді.
Талас үйде екен. Күйбеңдеп ауларын жамап отыр. Қол созып, амандасып:
–Уа, қартым, бармысың?-дедім.
–Шүкір, қарағым, өзің жақсымысың?!
–Аманбыз! Ауырмай-сырқамай отырмысың?
–Е, бір қалыпты жүріп жатырмын ғой. Қар жауған күні белім шойырылып, азырақ ауырғаным бар. Аяқтарым сырқырайды. Бұлтты күні өстетін әдеті…
Қарияның түрінен бір мұңды байқадым. Бір түрлі қажып, бет-аузы қуарыпты. Шәй үстінде:
–Е, тамыр, баяғы аққуесіңде ме?-деді.
–Асыранды аққу ма?
–Иә, иә… Еһ, шіркін-ай десеңші, аққуым қандай еді! Міне, Ақмойнақ екеуміз тағы да жалғыз қалдық… Қызығым баянсыз болды.
–Немене, аққуды біреу әкетті ме?
–Жоқ, өзі кетті… Өз еркімен кеткені жүрегіме батты. Оны мәпелеп, алақанымнан жем беріп өсіріп едім. Қайтейін?.. әбден бауыр басып қалыппын.
Күзде алғашқы суық түскенде бір топ аққу Айнакөлге кеп қонды. Көлде жүзіп, жағасында жусады. Мен олардың келгеніне қатты қуандым. «Байғұстар тынықсын, ұшып баратын жері ұшан қиыр ғой» деп ойладым.
Біздің аққу әуеліде оларға жуыспай жеке жүрді. «Үш күннен соң көрге де үйренеді» демекші, бойлары үйренді. Бір-біріне жақындай бастады. Аққулар шаңқылдап, оны үйіріне шақырады. Біздікі ілеспей, «өз қонысым бар» дегендей үйге келіп жүрді.
Бір күні біздің аққуда сағыныш пайда болды. Адам сияқты қапаланып, күңіреніп, елегізеді. Жар басына шығады да, бір аяғын көтеріп сұңқылдайды. Сұңқылында бір қамығу, мұң бар… Оның уайымы маған жақсы сезілді. Ақмойнақ та түсініп, ол да құлазып, ұли берді.
Қарт осыны айтты да, төмен қарап күрсінді.
–Иә, қария, сонымдае қамап көрдім. Байғұс күні бойы сұңқылдап, жылап шықты. Есік алдына келіп, бір аяғынан тұрып, телміріп далаға қарайды. Көздері мөлдіреп, маған қарайды. «Ата, босатшы! Бауырларыма жіберші! Олар жылы жаққа ұшып барады»-дегендей мұңын шақты. Мен неғыларымды білмедім. Босатсам топ аққуға еріп босқа өледі…
–Неге босқа өледі?
–Босқа өлмей қайтсін? Әлгі аққулар еркін ұшып үйренген. Балапан кезінде қалай ұшуды атасы мен енесі үйретті. Олардың қалай жетілетінін білесің бе? Балапан көк қанат болысымен атасы мен енесі әуелі суға жүзгізіп үйретеді. Содан соң құрғаққа шығарып ұшырады. Ұшқанда алдымен жер бауырлайды. Қанатын үйретіп, бірте-бірте жоғары көтеріледі. Балапаны жеке ұшып үйренген соң тізіліп топпен ұшуды үйретеді.
Ал біздің құс өмірі мұндай тәжірибе көрмеген. Енесін аңшылар атып, жетім өсті. Ешқайда ұшып барған жоқ. Жалғыз-ақ көлде ғана жүзуді біледі. Одан басқа шеберлігі шыңдалмады. Әлгі құстар сияқты көкте еркін қалқи алмайды. Ұзақ сапарға үйренбеген. Көшке ілесе алмай жолда өле ме деп уайымдаймын.
Қарт біраз үндемей отырды да, мұңды үнмен.
–Қайтейін енді?» Тәңірдің еркін жаратылған құсы ғой. Қанына тартып еркіндікті аңсады. Оны қыс бойы қамап ұстағанмен, ішқұса боп өлер еді.
Кетерінде бізді қимай ұзақ жылады. Топ аққуға қосылайын десе, бізді қимайды. Қосылмайын десе, оларды қимайды. Байғұстың жүрегі езіліп, қақа бөлінген шығар… мына жаман күркенің төбесіне қонып ұзақ сұңқылдады. Тұмсығын Ақмойнақтың бауырына тығып, тағы сұңқылдады. Ит екеш ит те оны соңғы рет көріп тұрғанын сезгендей бір қыңсылап, бір ұлып қатты қиналды. Аққудың тұмсығын жалап, көзінен адамша жас парлап өксігендей болды.
Топ аққу көлден ұшып көтерілген сәтте байғұс құсымның жылағанын көрсең…
Қанатымен көзін сүрткендей, тұмсығын сипай берді. Біресе тұмсығын кеудесіне тығып сұңқылдайды. Оң аяғын көтеріп, жер тырнағандай топырақты сипай берді. Ей, жарықтық… «Бұл топырақты енді қайтып көрем бе, көрмеймін бе»-деп сипаған шығар.
Бізден қырық қадам ұзаған соң қайта айналып келіп, төбеде шыр айналып жүрді. Бізді қатты қимай тұрғаны көрініп тұр. Ақмойнақ мойнын көкке созып, қыңсылай ұзақ үре берді. Екеуінің де сұрқы жануар демесең, іші-бауыры адам сияқты. Қоштасқанда өзектері өртеніп кетті. Мен қолымды бұлғап, «үйіріңнен қалма» деп батамды бергендей түр таныттым. Сол кезде барып, аққу басын кері бұрды да, қанатын әлсіз қағып ұша берді.
Содан бері Ақмойнақ екеуміз жалғыз қалдық. Басында екеуміз де құсты сағынып, көп жыладық. Жанарымды жас жуып: «Мойнағым, құс қайда?»-деп одан сұраймын. Ит менің жылағанымды көріп, мұңды үнмен ұлиды. Кейде жар басына шығып, қыңсылап іздейді.
Менің де ұйықтасам болды аққуым түсіме енеді. Айнакөлде мамырлап жүзіп жүргендей болады. Ояна сала жүгіріп барып, көлге қарасам дәнеңе жоқ,-деді қария көзіне жас алып.