№6 (178) Маусым
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек деп атай отырып, XXI ғасырдағы Қазақстандағы дінге ерекше көңіл бөлді. Шындығында, дін зайырлы қоғамымыздың ажырамас бөлігі болып табылады, сондықтан құзырлы мемлекеттік мекемелер еліміздегі діни қатынастарды одан әрі дамытуға әрқашанда мүдделік танытады.Соңғы кезде әлемнің көптеген елдері үшін терроризммен күрес мәселесі аса өзекті болып отыр. Терроризм – бұл қылышынан қаны тамып тұрған зұлмат. Терроризм барлық түрлері және көріністерімен, ауқымы және қарқындылығымен, зұлымдығы және қанішерлігімен бүгінгі заманда ең өткір мәселеге айналды.
Бүгінгі таңда лаңкестік әрекеттер ауқатты дамыған елдерде де, жағдайы төмен кедей елдерде де орын алып отыр. Терроризмнің өріс алуы кез-келген елдің әлеуметтік жағдайына қатысты емес, дінмен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ол — өне боетбұл жұқпалы вирустан аман қалған жоқ. Барлық араб және Африка елдері, Азия құрлығы, Ресей, АҚШ, Англия, Франция, Испания, Норвегия және тағы басқа елдер терроризммен бетпе-бет келіп, көптеген зардаптар шекті.
Соңғы кездері экстремисттер бейбітсүйгіштікке, ұстамдылыққа баулитын және өзге діни көзқарастарға түсіністікпен қарауға тәрбиелейтін ислам дінін ушықтыруға, басқа өркениеттермен қақтығыстыруға талпынуда, осы арқылы тек дінаралық татулықты емес, сонымен қатар мұсылмандар арасында да іріткі салуда.
Біздің пікірімізше, ислам фундаментализмі, яғни салафизм идеологиясы діни радикализмінің пайда болуына қатты ықпал етуде. Бұл жат идеологияны жақтаушылардың көзқарастары мен ұстанымдары зайырлы қоғамда емін-еркін өмір сүретін дәстүрлі исламмен сәйкес келмейді. Сондықтан фундаменталистер ханафи мазхабындағы дәстүрлі дінімізді ұстанушыларға ғасырлар бойы қалыптасқан күнделікті салт-дәстүрімізден безіп, олардың айдауында өмір сүруімізді талап етуде.
Террористердің қауіптілігі сонда, қой терісін жамылған қасқыр іспеттес, қасиетті Құран аяттарының үзінділерін тілге тиек етіп, өздерінің көздеген арам пиғылдарын іске асыру үшін діни құндылықтарды бұрмалауда.
Алайда терроризм және ислам – бір-біріне түпкі тамырынан бастап қарама-қайшы және бірін-бірі жоққа шығаратын көрініс. Дегенмен, бүгінгі таңда халықаралық терроризм исламмен байланыстырылады, осы арқылы ұлтаралық алауыздық және діни төзімсіздік туындайды.
Террористерде не аяушылық, не адамгершілік қасиеттер жоқ. «Терроризм» сөзі – араб тілінде «ирхаб», яғни, «қорқыту, үркіту» деген мағынаны білдіреді. Терроризм өз нысанасына бейкүнә адамдарды таңдап, балаларды аяусыз өлтіреді, оларды ата-аналарынан айырып, жетім қылдырады.
Бүгінгі таңда халықаралық терроризм және діни экстремизм асыл дініміз — исламға да залалын тигізуде. Террористер Құранның негізгі қағидаларын да білмейтін діни сауатсыз сорлы жандар. Зорлық-зомбылықтың барлық түрі Ислам нанымына қайшы келеді. Алла тағала адамдарға өзі белгілеген шектнеуге тыйым салды. Бұған байланысты қасиетті Құранда «…Алла өзі қойған шектен шыққандарды ұнатпайды» деген аят бар.
Сонымен қатар, мұсылман баласы Жаратушы Иесінің алдында өзге адамдартурі үшін де жауап береді. Нағыз мұсылман адам жер бетінде арсыздыққа жол бермей, керісінше игілік және ізгілікке ұмтылуы тиіс. Алланың қасиетті кітабында қоғамдық тәртіп бұзуға қатаң тыйым салынған. Құранның «әл-Ағраф» сүресінің 56-аятында «Тәртіпке келтірілгеннен кейін жер бетінде бұзықтық жасамаңдар» деген Алланың әмірі бар.
Құранда өз-өзіне қол жұмсау да үлкен күнә болып саналады. Мұсылман ғұламалары беліне жарылғыш заттарды байлап, жазықсыз жандар арасында өзін-өзі жарып жіберетіндерді қатты айыптайды, өйткені Алла тағала өзін-өзі өлтіруге ашық тыйым салған. Құранның «Ниса» сүресінің 29-аятында «… өздеріңді өздерің өлтірмеңдер…» деген әмір бар. Сондықтан, Аллаға деген сенімі зор және Құранның жолымен жүретін мұсылман баласы мұндай әрекетке ешуақытта бара алмайды.
Ислам өнегесінің негіздері – бұл қайырымдылық, жомарттық, адамдарға ізгі ниеттілік, кешірім және әділдік. Мұхаммед Пайғамбарымыз: «Өмірде пайдалы іс істейтін адамдар – Алланың сүйікті құлдары болып саналады. Ал ең пайдалы іс – бұл мұсылман бауырыңа қиналғанда қол үшін беру, ашыққанда – азық беру, тарыққанда – қарызын өтеу. Мұсылман бауырыңа жасаған жақсылығың – мешітте бір ай бойы жатып, дұға айтқаныңнан да артық. Шындығында, сірке суы қалай тәтті балды бұзса, жаман мінез-құлықта та солай өмірін бұзады» деген.
Мұхаммед Пайғамбарымыз өзінің тағы бір хадисінде: «Кім адамдарға жақсылық жасаса, Алла соған мейірімін төгеді. Жер басып жүрген жандарға мейіріммен қараңдар, Алла да сендерге рақымшылық жасайды» деген екен.
Біз діни экстремизмнің алдын алу бағыттарының бірі ретінде Қазақстан қоғамында діни сауаттылықты арттыруға ерекше мән береміз. Қазақстандықтар діни көзқарасының әркелкілігіне қарамастан, зайырлы елімізде имансыздық, діни ой-пікірлердің радикалдануы секілді шектен шығушылықтардың таралуына жол бермеу жолында бірігуі керек.
Республикадағы діни ахуал жалпы алғанда тұрақты екенін атап өткен жөн. Дей тұрғанмен, еліміздің жекелеген аймақтарында діни экстремизм ошақтарының шоғырлануы байқалады. Дін санаға айла-шарғы жасаудың қолайлы құралы болуда және мұны деструктивті күш пайдалануда.
Діни терминдерді және идеологиялық алғышарттарды ұтымды пайдалана отырып, экстремисттік ұйымдардың мүшелері өздерінің насихаттау қызметінде географиялық және әлеуметтік ортаны кеңейте білді. Нәтижесінде елімізде мемлекетке және қоғамға өзін қарсы қоятын діни теріс ұғымдардың күшіне ерген жастардың саны артты. Құқық қорғау органдары діни негіздегі, оның ішінде радикалды діни ағымдар өкілдері тарапынан діни экстремизмге және терроризмге байланысты қылмыстарды ашу жағдайлары жиеледі.
Ұлы Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп ұстанған қазақтардың дәстүрлі мұсылмандығында басты негіз ретінде соқыр сенім емес, ақыл-парасат алынған. Ұстамдылық және қоғам бірлігін қорғау идеялары көптеген қазақ ойшылдарының философиялық еңбектерінде көрініс тапқан және бүгінгі қазақстандық қоғам арасында да кеңінен таратуға лайықты. Қазақ даласының әл-Фарабиден бастап Абайға дейін жалғасқан 1100 жылдық рухани тарихы бар. Сөзімнің соңында дін саласындағы түйшектелген мәселелерді шешу, экстремисттік және террористтік мақсатта дінді пайдалануға жол бермеу, зайырлы қоғамымызға қауіп төндіріп тұрған үрдістерге тосқауыл қою – ортақ жұмысымыз екенін атап өтемін.
Ең бастысы – біз қоғам өкілдерін діни экстремизм және терроризм идеяларын түсініп, жиренетін дәрежеге жеткізуіміз керек. Бұл — біздің ортақ міндетіміз.
Қайрат Лама Шариф