№6 (178) Маусым
Ел тыныштығын, ұлт бірлігін сақтау мақсатындағы үлкен маңызы бар шаралардың бірі қасиетті дінімізді ішінен бөлшектеп, қоғамға жат көріністер ойлап табатындармен, яғни, діни экстремизммен күрес екені мәлім. Жасыратыны жоқ осы игі шараны әдейі бұрмалап өзінің бұзақы мақсатына пайдалатындар да ара-тұра болса да ұшырасып тұратыны өкінішті. Сондайларды көргенде сонау 30-шы жылдардың бас кезіндегі елді ұжымдасытру науқаны кезінде (коллективизация) пайда болған «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген кейбір есерсоқтар шығарған ұрансымақ еске түседі. Халқымызда «артық қыламын деп, тыртық қылма» деген жақсы нақыл бар. Бұның еске түсуіне осыдан екі-ақ ай бұрын елге барғанда тап болған бір жәйт есіме түседі. Көптен көріспеген ағайын-тума, жегжат-жұрағат, дос-жаран баяғы ақкөңіл, риясыз пәк сезімдерін аңғартып қуана шүйіркелесіп жатыр. Сондай бір дастархан басында әңгіме дүкен құрып, ас қайтарып, мархұм болғандарға дұға бағышталып жатты. Жұрт алдымда отырған жақын жиеніме көзім түсіп еді, қолын жаймағаны былай тұрсын бетін тыржитып «Қандай отсталый сорлылар» деп күбір ете қалмасы бар ма? Ешкім үндей қоймады. Кенет маған қарап:
–Ал астанаңа қашан қайтасың?-деді. Менің де өз қырсығым өзіме жетеді:
–Құдай қаласа, бүрсігүні жүремін,-дедім.
Сол жерде әлгінің дүйім жамағаттың көзінше маған жиенім: «Әй, осы сенің «Құдай қаласың» не? Немене, үйіңе қайту үшін де Құдайдан тілек тілейсің бе? Сендерді де оқыған, көзі ашық адам дейді-ау. Өркениеттілік деген қайда?»-деп ал кетті дейсің. Қатты кетпейін деп жәй ғана «Ау, Әбекем-ау, бұл енді ықылым заманнан бері ата-бабамыздың айтатын бір жылы лебізі ғой. «Құдай қаласа» дегенде тұрған не бар?» десемде тоқтайтын емес. Қыза-қыза келе «біз қазір діни экстремизммен күресіп жатырмыз» деп қалды. «Ау, сен өзің экстремизм деген не екенін білмейді екенсің ғой. Ол, яғни, діни экстремизм дегеніміз ата-бабаларымыз көне заманнан бері тұтынып келе жатқан дінді бөлшектеу, оны әртүрлі зиянды топтарға ыдыратып, қоғамда алуан түрлі залалды ұғымдар қалыптастыру ғой десем де болмады. Ақыры, «жарайды, сенікі жөн, аман бол» деп қоштасып кеттім.
Мен аса діншіл адам емеспін. Бірақ ата-баба ғасырлар бойы тұтынып келе жатқан қасиетті ислам дінін құрметтеп, қолым сәл босай қалғанда пайғамбарымыздың хадистеріндегі тәрбиеге, имандылыққа толы ұлағатты сөздерді қарап оқитыным бар. үйге келгесін сол хадистерді қарап, әлгінде жиенімнің «Құдай қаласа» деген сөзге неге сонша шу шығарғанын салыстырып көрдім. Сөйтсем, ол ешқандай діни экстремизм емес, яғни, іске кірісер алдында айтуға болатын қарапайым сүннет қана екен. Оқырманға ұғынықты болу үшін сол сөздің түп-төркініне тоқтала кетейік. Ата-бабамыз айтатын «Құдай қаласа!» сөзі әр халықта да бар екен. Мысалы, орыс халқы «Бог даст…» деп бастаса, арабтар «Иншаллаһ» дейді екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні өзіне бірнеше сұрақ қойғандарға «жауабын ертең беремін» дейді. Сонда Жаратушы Иемізден оған яғни, өзінің жердегі елшісіне «Бір нәрсені жасамай тұрып «Құдай қаласа» (Иншаллаһ!,-ред.) деу дұрыс болады» деген аят келген екен дейді.
Мыркен Сахиұлы