№5 (177) Мамыр
Елінің тәуелсіздігі, халқының бостандығы үшін басын оққа тіккен, жүрек жұтқан батыл, от жалынды ақын, жаужүрек батыр Махамбет бір жырында: «Жау іздеген ерлердің басы қайда қалмаған?» — деп тебіренген еді. Батыр бабамыздың бұл фәниден өткеніне 175 жыл өтсе де батырдың ерлікке, рухқа толы үні еш байыз таппағаны, керісінше бостандықты аңсаған ұрпақтары батыр өлеңдерін жатқа соғып, әлікүнге атойлатып, батыр үніне үн қосып жүргені әмбеге аян. Ол үн әлі талай ғасырларға жете берер базына үн, базына жыр бола берері даусыз. Себебі, ол тәуелсіздікті аңсаған тұтас бір елдің рухүны көзінің қарашығындай сақтау, қорғау, насихаттау – алдаспан ерліктің, елдіктің нышаны, айбынды елдің сақталып тұрған абыройы.
Осы тұрғыда Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының Рахымжан Отарбаевтың тұңғыш 2015 жылы өткен Халықаралық театр фестивалінде премьералаған «Бас» тарихи драмасы – Махамбеттің басын ғана іздеп қоймай, көпшілікке жоғалған баспен бірге рухын да табуға, бет-бейнесін ғана емес, (елдің рухани кодын) жадын да қалпына келтіруге дабыл қағып, сананы жұлқытып оятардай ойлы дүниені сахнаға жұлып шығарған еді. Ол жәй спектакль емес, постмодернистік бағыттағы нағыз перформанс спектакль болып дүниеге келген. Сол қойылымның сценограф-суретшісі ретінде «Бас» қойылымының көпшілікке беймәлім сәттерін ашып, әңгімелеп берсем деймін.
Әлқисса. Сонымен «Бас» драмасының тарихы қалай басталып, қалай сахналанды?! Алдымен бұл шығарманы 2013 жылдары педагог-режиссер Асылбек Ихсан қоймақшы болды. Мен суретшісан Асекең пьесаны өзгертіп сахналық нұсқасын жасайтынын айтты, сонымен мен эскизін жасауға кірісіп кеттім. Сценографиялық жобасын, фор эскиздерін де алдын-ала топшылап сызып қойдық. Бірақ, өкінішктель қойылмай қалды. Менің ұққаным, Махамбет туралы тарихи тақырыпта өзінің де алып-қосары мол, әртүрлі тақырыпта қалам тербеп жүрген білімі терең Асекеңнің ол шығарманың сахналық нұсқасын жасап шыққанымен автордың бастапқы жазбасы біраз өзгеріске ұшырап, бір тоқтам, бір шешімге әлі де болса келмегенге ұқсады. Театр, өнер ағымында жұмыс көп, жақсы, хош бес дедік.
Кейін, бір-екі жыл өткенде сол «Бас» пьесасын режиссер Жанат Телтаев қоятын болды. Суретші-сценограф ретінде пьесаны қайта оқыдым. Шыны керек, толарсақтан саз кешіп тағы да ұзақ жүріп қалдық. Бұл жеп-жеңіл сахналай салатын дүние емес еді, шығарманың түп-тамыры терең, толықтыруды қажет етті. Бұл жолы автор «Басты» толықтырып роман етіп жазып бір-ақ әкелді. Баспен бірге Рахаңның өзі де келді, театрға. Жәй келген жоқ, алшаң басып арындап келді. Театрға ғана емес, Атыраудың рухани әлеміне, өнер айдынына дауыл тұрғызып, толқын тудырып келді. Алғашқы жиналыста-ақ атылар арыстандарғқтарымен таралап тұрып, ұжымға: «Мен сендерге емес, сендер маған мұқтажсыңдар!» — дегенде залда отырғандар қазықтай шегеленіп, үнсіз отырып қалған. Шәкеңнің үнемі айтатын: «Арыстандарым мен жолбарыстарым!» — деген теңеу сөзі әдірә қалғандай. Арыстанның көкесі алдымызда тұр, айбат шегіп, көзінен от шашып. Орнымнан атып тұруға он оқталсам да сабырлылығым жібермеді. Алдыңғы қатарда қазша тізіліп отырған Шәкең, Қайрекең, Төкең бастаған тарландар мен тарпаңдар, Әдемі апамыз бастаған ақжаулықты аналарымыз үндемей отырғанда маған не жорық?! Көпті көрген бұл кісілердің бір білгені бар шығар…. «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без» дегенді де, «Ата тұрып ұл сөйлесе ер жеткені» деген дана сөзді бәріміз де білеміз, дегенмен бұл жерде «ауа райы» басқаша, бір өзгерістің болатыны, жаңа бір бетбұрыс анық байқалып тұр еді. Өнерде де, өнер адамдарының қара бастарында да қордаланған мәселе, мұқтаждық расымен көп еді, бәрінің шешімі табылса жақсы емес пе?! Сөздің емес істің адам екені кесектей сенімді сөздерінен сезіліп тұрған жоқ па! Рахаңды сол жолы шын мойындадым. Бұл 2015 жыл болатын. Көп кешікпей Рахаңның өз атындағы Халықаралық театр фестивалі өтетін болғанда жүгіріп жүріп жұмыс жасадық. Аласапыран болып жүгірмегенде түкке үлгермесіміз анық еді. Махамбеттің өзі тіріліп келгендей қуандық. Аласапыран десе, аласапыран, жұмыс қызды да кетті. Фестивальдің ұйымдастырушысы Бәкең: — Фестивальдің бас суретшісі өзің боласың деді. «Құп!» — деп эскиз жасауға кірісіп кеттік. Фестивальдің логотипінен бастадым, театрымыздың брендісі Махамбеттің басын салып құстай ұшып Рахаңның алдына бардым. Театрымыз жаіннып тұрмын. Эскизді қолына алған Рахаң ойланып отырып қалды. Дұрыс болмады ма? –деп іштей үндемей сәл тұрдым да, – жалпы фестивальдің атауы қалай еді, маған жазып берлылін ұйымдастырамыз дегенмен нақты атауы әлі шыға қоймаған. «Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалі» -деп жазылған қағазды қолыма ұстатқанда, ойланбастан: – онда, ортасында сіздің басыңыз тұруы керек – дедім, жұлып алғандай. – Ол қалай болады екен, ыңғайсыз болмайды ма? Жұрт өз басын салып қойыпты демей ме? – деді қозғалақтап. – Жоқ, Раха түкте ыңғайсыз емес, онсызда фестивальдің атауы Рахымжан Отарбаев деп жазылып тұрған жоқ па, суретіңіздің тұрғанының еш сөкеттігі жоқ, тек фотоңыз емес графикалық сұлбаңызды логотип етіп шығару керек – дедім. Жақсы онда саған сенем, суретшісің ғой, өзің қара – деді. Бүгінде осының өзі мен үшін тарихқа айналып бара жатырған шығармашылық жолымдағы ең бір әсерлі сәттер еді. Өнердің айналасында бұндай жағдайлар өте көп бола береді, тек осындай сәттер өнер жолындағы толысу мен кемелденуге жетелесе игі. Біз, сол жылы Халықаралық театр фестивалін жоғары дәрежеде ұйымдастырдық және сол фестивальге Рахымжан Отарбаевтың «Бас» тарихи драмасымен қатыстық. Бұл материалда менің байқағаным басынан айырылған Махамбет болғанымен, батырынан айырылып «маңдайының соры бес елі болып бассыз қалған Елді бірінші планға шығару керек» деген ой тұрды. Бұл батыл шешім, тек өнер тілінде сахнаға шығару үшін бірлескен жұмыс қажет. Режиссер Жанат Телтаевқа бірден ұсыныспен, фор эскиздермен шықтым. Фор эскиз – алғашқы ойдың шатпақталған сызба эскиздері. Режиссер бірнеше сызбаның ішінен алғашқы ойды мақұлдап соған тоқтады, оқиғаны әрі қарай тарқатып, оңды шешімін тауып, суреттерді тірілтіп, сахнаға алып шықты.
Махамбеттің басынан айырылғаны, расыменде – бүкіл бір елдің бассыз қалғанымен пара-пар, рухы өшкенімен тең құбылыс еді. «Бас» романында үндістердің жаралы жолдасын жау қолына тастамай басын кесіп өзімен бірге алып кететіні жайында ащы ақиқат айтылады. Өйткені «бас» сол тайпаның рух символындай сипатталады. «Аманатқа қиянат жасауға болмайды» десек, біздерге, бізден кейінгі ұрпақтарға рухани жаңғыру жолында мүлде енжарлық танытуға болмайтынын осы Рахымжан Отарбаевтың трагедияға татырлық «Бас» тарихи драмасы айтып тұрғандай. Тарих сыры – сандар, дүние сыры – ойлар, бұның бәрі иығында басы барларға ғана мәлім…
«Бас» тарихи драмасын театрда қона жатып сахналағанымызды сол қойылымға қатысқан шығармашылық топ жақсы біледі. Ертең сахнаға шығады деген күні театрдан таң атырып, премьерасында киім ауыстырмастан шаң-шаң болып паклонға шыққанбыз. Басы жоқ он массовканың сегізге қысқартылғаны болмаса, айтылар ащы ақиқат сахнада өнер тілінде айтылды, қалың көрерменге көрсетілді. Тіпті, әсерге бөленген өнер адамдарының өзі, өнертанушылар көшпенділерде, шығыста жоқ европаның бас шабатын гельотинасы қазақ даласына қайдан келген? –деген сұрақты қоюды да ойлаған жоқ. Менің ол сұрақты күткенім рас еді, жауабымды да дайындап қойғанмын, себебі соңғы жазылған «Бас» ол тек қазақтың басына түскен нәубет емес, халықаралық шеңберге шығып кеткен бүкіл адамзатқа ортақ өзекті мәселе ретінде қарастырылған. Бастапқы фор эскиздегі төбеден самсаған қайқы қылыш жаудырамыз деген ойдың орнына бір ғана алып станок адамзаттың басына қауіп төндіріп тұрған үрейді нақ бере алды. Қойылым жүректерді шынымен дір еткізді, қалың көрерменді сөзсіз селк еткізді. Қойылымның премьерасында автордың өзі орнында отыра алмай, сахнаның артына шығып кетті: – Қашан бітеді? – қанша уақыт қалды? – деп, бір қарасам әзер де безер болып режиссер Жанатты іздеп жүр екен. Режиссер Жанат картинаны қысқартуға қимайтындай, картиналар бірінен бірі өтімді. Ақиқат айқайлап тұр. Мизансцена – қайсысы-қайсысынан кейін, барлық картина кім-кімнен кейін шығатыны тізбектеліп схнаның екі жағындағы портальға мұқият рет-ретімен жазылып ілініп қойылған. Бұның бәрін жасап жүрген режиссердің ассистенті, тәжірибелі ҚР Мәдениет қайраткері Анета Баетова және режиссердің көмекшісі Әміржан Нұрланұлы. Режиссер абстракцияға жақын болса, суретшісі постмодернист. «Адамның басы Алланың добы» деген бар, ешқандай қан-жосасыз аппақ домаланған бастар сахнада допша домалап, жұмыртқадай (тұқым, код) шашылғанын көру – жәй ғана әсерлі көрініс емес. Ол өнер арқылы жанды түршіктіріп, тебірентерлік ғажап перформанстық көрініс болды. Көрермендер мен актерлардың, өнер адамдары мен журналистердің ойлары сан-саққа жүгіріп, әркім әрқилы түсініп, бірі өздерін, бірі жұртты көріп, оқиғаға араласып кеткен еді.
Қойылым сол жылы Р.Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалінде жүлделі ІІ орын алып жеңімпаз атанса, 2017 жылы «Бас» тарихи драмасы Астанада «Экспо-2017» Халықаралық көрмесі аясында өткен, көрнекті театр сыншысы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ә.Сығайдың 70 жылдығына арналған ХХV Республикалық театр фестиваліне қатысып, «Өзекті тақырыпты көтергені үшін» номинациясымен екінші рет жеңімпаз атанды.
Бұл қойылым туралы кезінде республикалық басылымдар жарыса жазған болатын. Солардың ішінде «Үш қоңыр» республикалық әдебиет, мәдениет өнер газеті 2015 жыл, №44, 30 қазанда «Тұлғалар рухын тірілткен театр тойы» деген атаумен, «Жас Алаш», «Айқын» газеттерінде белгілі өнертанушылар Айгүл Ақанбайқызы, Әсия Бағдаулетқызының мақалалары жарық көріп ел талқысына түскен.
Фестивальден кейін, «Бас» романынан алған шағын әсерімді 2016 жылдың 12 ақпанында республикалық «Үш қоңыр» газетінің №6 санында «Рахаң туралы кесек ой» атты материал арқылы білдіріп, оны көзі тірісінде Рахаңның өзіне әкеліп оқып беріп, разылығын, батасын алғанмын. Кино қоюға сұранып тұрған триллер, тіпті әлемдік прокатты жарып шығар тарихи мистикалық драма шығаруға болатын дүние екен – дегенмін Рахаңның өзіне. Алматыдағы гастрольдік сапарда қойылмай қалғанымен, «Бас» қойылымының басты «фишкасы» бассыз адамдар спектакльдің нағыз заманауи перформанс екенін одан кейін де сан мәрте дәлелдеп, талай шараларда түрлі тақырыптардың әрі мен сәнін келтіріп, көпке қызмет етіп жүргені көпке аян. «Бас» қойылымында ешқандай саяси астар жоқ, бар болғаны боямасыз болмыс, шығармашылық шындық бар. Өз көлеңкесінен өзі қорқатындар кейін Борис Пастернактың «Доктор Живагосын» оқыған Кеңес үкіметінің басшысы, ЦК КПСС бірінші хатшысы Никита Сергеевич Хрущевтің: «Не деп жүрсіңдер?! Мына кітаптан ешқандай саясат көріп отырғаным жоқ» -деген сөзіне ұқсас жауап естірі кәміл. Бассыз жүргендер – олар бар болғаны адамдар. Олар ешқандай шонжар, шенеуніктер немесе мұғалімдер болмаса депутаттар емес. Олар бар болғаны – адамдар. Ал адамдар қашанда тәрбиеге көнуі, өнерді түсінуі, салт-дәстүрді берік сақтауы тиіс! Киелі «Бас» мейлі, ондаған жыл жертнднда емес, ең бастысы – «Бас» өз мекенінде, өз елі, өз жерінде. Ол дегеніңіз рухы сынбаған ел екеніміздің бек айғағы.
Темірбек Мәжитұлы, Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі