№10 (158) Қазан, 2019 жыл
Қазақ табиғатынан зерек халық. Орыс тілінде талай-талай орыстардан сауатты сөйлейтініміз сондықтан. Және мұндай сауаттылық орыс мектебінен білім алған қазақтарға ғана емес, орта мектепті қазақша бітіргендерге де мейілінше тән қасиет. Қажет болған жағдайда қазақ ағылшын тілін де еш қиындықсыз игере алатындығына ешбір күман жоқ. Біз ағылшын тілінің халықаралық дәрежедегі жетекші ролін, сондықтан да ұлт өкілдерінің бұл тілді жетік меңгеруге жаппай құлшыну қажеттілігін де жақсы түсінеміз. Біздің түсінбейтініміз — өкіметтің «үштілділікті» бастауыш сыныптан, тіпті балабақшадан бастап енгізе бастау идеясын, сол сияқты ортаңғы және жоғарғы сынып оқушыларына жаратылыстану пәндерін жедел түрде ағылшын тілінде оқыта бастау қажеттілігін «тықпалап отырғандығы». Бұл ұсыныстың (өкінішке орай, бұл ұсыныс емес, талап болып тұр ғой, себебі оны өкімет мүшесі ресми жарлық ретінде мәлімдеп отыр ғой) әдістемелік негізі жасақталған ба, ондай әдістеме қандай ғылыми зерттеу нәтижелеріне негізделген деген мазмұндағы маңызды сұрақтарға жауап жоқ. Ал жалпылама адами қисын тұрғысынан алғанда оң мен солын толық танып үлгермеген сәбиге үш тілді бірден тықпалау дегеніңіз сол сәбидің психикасына кері әсерін тигізе отырып, оның үш тілдің бірде-біреуінің ішкі иірімдерін бүкіл болмысымен ұғынуға дәрменсіз нағыз дүбәра-міскін болып шығуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сәби он екі-он үш жасқа жеткеннен кейін ғана оған үш тіл емес, он тілді де үйрете бастауға болатындығын жапон ғалымдары дәлелдепті ғой; ал он екі-он үшке дейін ол өз тілінің иірімдерімен ғана сусындауы тиіс. Қазақ тегін халық емес, ол «мүшел жас» дегенді бекерден-бекер «ойлап таппаған». Ал нақ сол он екі-он үш жас — бірінші мүшел болып табылатындығы кез келген «нағыз қазаққа» белгілі жайт.
Бір таңқаларлық жайт — Білім және ғылым министрі мәлімдеген «үштілділікке өту» саясаты, сол сияқты халықты дүр сілкіндірген «Жер туралы кодекстің» жаңа редакциясы жұртшылық тарапынан қызу талқыға түсе бастаған сәтте Министрлер кабинетінің тағы бір белді мүшесі Дариға Назарбаева халқымызға жедел түрде қытай тілін үйрене бастауға кеңес берді. Ресми билік өкілінің бұл мәлімдемесі онсыз да күпті көңілімізді одан сайын ойсыратты. Орыс тілін бір кісідей білеміз. Енді ағылшын тілі мен қытай тілін де игерер болсақ, қазақтың ширек ғасырға жалға берілген шұрайлы жерлерін жаппай мекендеген шетелдіктермен біздің қазақ та «терезесі тең адамдардай-ақ» түсінісетін болады ғой! Әй, біра, егер бүйте берсек, ширек ғасырдан кейін Қазақстанда әрбір ұлтпен сол ұлттың тілінде сөйлесетін қазақ қалуының өзі де оңай шаруа емес-ау! Қазақстандағы қазақтардың саны Ресей а,қ пайызына да жатпейді екен. Олай болса жиырма бес жыл бойына жерімізді мекендеп алған орыстар мен қытайларға (әсіресе қытайларға) қазақ ұлтыньщ жаппай «жұтылып кетуі» табиғи үдеріс болып шықпай ма?! Ол кезде қазіргі Қазақстанның батысы мен солтүстігін «қара орыстар» мекен тұтса, шығысы мен оңтүстік-шығысын «бозғылтым қытайлар» жайлайтьш шығар. Астана мен Алматыда, мүмкін, Шымкент пен Таразда азырақ мөлшерде қазақтар қалуы ықтимал. Айтпақшы, олар да қазақ емес екен ғой, себебі түгелдей дерлік ағылшынша сайрайды ғой олар!.. Аллаһ-тағалам мұндайдың бетін әрмен қылсын!..
Н.Сейітов