№5 Мамыр, 2024
Биыл қазақтың аса көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл. Атаулы шараның қазақ елі үшін маңызы зор, бәсі биік. Мерейтойдың алғашқы конференциясы Астана қаласы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылды. Конференцияға жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың мегері Әлібек Асқар, көрнекті ғалым, жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабекұлы, профессор, алаштенанушы Рахымжан Тұрысбек сынды зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты.
Алғашқы болып сөз алған ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы жазушының тұлғалық болмысы жөнінде айтып өтті.
–Құрметті азаматтар, ғалымдар, мамандар, студенттер, жастар бүгін еліміздің төріндегі елордамыздың қасиетті шаңырағы академиялық кітапханада мәдени, рухани шара өткелі отыр. Бұл шара қазақ әдебиетінің классигі, белгілі драматург, Алаш тұлғасы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналып отыр. Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығы неге бүгін көкейкесті, Жүсіпбек Аймауытов мұрасы неге біз үшін маңызды деген ой туралы пікірді айтып кетсек. Бірінші, Аймауытов мұрасына маңызды болатын себебі – тарихымызға, руханиятымызға қайта қарап, түгендеп жатырмыз. Қазақ руханияты мұхит болса, сол мұхиттың үлкен арнасы – Жүсіпбек Аймауытов. Жүсекеңнің шығармашылығында ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің үлкен ізденіс іздері жатыр.ясдарын толық ақтау жөнінде комиссия құрылды. Былтыр желтоқсанда соның жұмысын қорытындыланды. Көптеген жұмыс атқарылды, қаншама құжаттар қаралған, қаншама құжаттар құпиясыздандырлыған болатын. Сол құжаттың бірінен Жүсіпбек Аймауытовтың «Тез өлмеңдер» деген мұрасы шықты. Ол мұраның мәні: «Тез өлмен» яғни өлмеймін, мен өлмеймін, халқым өлмейді, ұлтым өлмейді» деген ұғым. Салыстыра келгенде, бұл туындының стильі ол кісінің поэзиялық мұрасымен, ойымен сәйкес келеді, сол дәуірдің үнімен үндеседі,–деді ғалым.
Сонымен бірге шарада алаштанушы, абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай қаламгерді жан-жақты талдап, қордалы пікір білдірді.
–Қадірлі ағайындар, бүлдіршін балаларым! Қазақтың сөз өнеріндегі бірден-бір шұғылалы, ұшқынды адам болса, алаштың ішіндегі сөздің көркем сұлулығын алғаш дәм ретінде татырған адам болса, ол – Жүсіпбек Аймауытов. Бір «Күнікейдің жазығының» өзін салқын суды ішкендей сылдыратып оқып шығасың. Айналайындар, үлкендер біледі, мен сендерге өзім қатысқан үш-төрт мәселені айтып берейін деп отырмын. Тақырыпқа байланысты қазақ руханиятындағы Аймауытов жайлы сөйлейік. Бірінші: Репрессиядан кейінгі ең сорлы, ең тебінді тағдырды көрген осы Жүсіпбек Аймауытовтың балалары. Ең соңғы рет 1930 жылы әскерлер вокзалды қоршап, вагонға 32 адамды салып әкетіп бара жатқанда, екі бала жүгіріп пойыздың артынан қалмай қояды. Олар – Жүсіпбектің Жанақ пен Бектұр деген балалары еді. Әсіресе, Жанақ пойызға жабысып тұрған. Сонда ар жағынан Міржақып көріп тұрған екен, кейін ол кісінің айтуы бойынша тордың ішіндегі Аймауытов жылап-еңіреп, балаларына үзіле қарап кете барған. Содан кейінгі Жанақ пен Бектұрдың тағдырларын айтып отырсаң, адамның төбе құйқасы шымырлайды. Жендеттер әсіресе, Жанақты қатты ұрып, соққыдан өткізген екен. Өзі отты жігіт болған, соның салдарынан көзіне зақым келген. Екіншіден, Аймауытовтың азаматтық қасиеті қай кезде көрінді? Бұл – 1921-1922 жылы қазақты басына төнген ашаршылық кезде айқындалған. Мен «Күнікейдің жазығын» 1969 жылы оқыдым. Егерде «Күнікейдің жазығы» қатарлы шығармалары қазақ әдебиетінде ашық оқылып, жазушылар сол бетінде іргелесіп кеткенде біздің қазақ әдебиетінің ішкі көркемдік дамуы кем дегенде 30 жыл ілгері кететін еді. Біз Жүсіпбекті қаншама тұншықтырдық, соншама уақыт қазақ әдебиеті кейіндеп қалды,–деді ол.
Айта кетейік, конференцияға жас оқырмандар көптеп жиналған. Жазушы мұрасы болашақтың алтын терезесіне жеткенінің дәлелі – қаламгердің жаңа ғасыр жастарының жүрегінен орын алуы дер едік. Конференцияда сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова Аймауытов шығармаларын жастарға талдап берді.
–Жүсіпбек Аймауытов екі роман жазған – «Ақбілек» және «Қартқожа». Екі романның да бас кейіпкері қазақтың баласы. Қартқожа ауылдың баласы, аты айтып тұрғандай қара қазақ. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы кішкентай қазақ баласы отбасында қалай тәрбие алғанын жазады. «Қартқожа – Жүсіпбектің өзі», – дейді Ғабит Мүсірепов. Әуелі сауатын ауыл молдасынан ашып, мектепте төрт-ақ жыл оқыған Жүсіпбек Аумауытов өмірге екі классикалық роман мен қаншама әңгімені, повестерді дүниеге әкелді. Жүсіпбек Шымкентте ұстаз болып жүргенде «Ақбілекті» жазған кезін Мәшһүр Жүсіпке хатында былай көрсетеді: «Мен екі ай болды, таңертең тұрамын, педтехникумде сабақ беріп келемін. Сағат үште жұмыстан келгеннен кейін тамақ ішіп алып, төрт-бесте екі сағат мызғып аламын. Содан кейін кешкі бестен таңғы беске дейін роман жазамын» дейді жазушы. Аумауытов «Ақбілекте» «Қазақтың жерін көмірдей басып ақтар өтті» деп бейнелейді. Мұндағы «көмірдей басып» дегені қызылдан қашқан ақ әскерлерінің жерді өртеп, елді тонап, зорлық пен зомбылық жасағанын әшкерегені,–деді ғалым.
Шара соңында белгілі жүсіпбектанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек өзінің ғылыми диссертация қорғаған тақырыбына байланысты, Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы және кейінгі ұрпақтары туралы баян етті. Көрермен айтулы шарадан жазушының өмірі мен шығармалары жөнінде жаңа ақпараттармен танысты. Бұл тойдың басы ғана. Елі үшін өмірін арнаған қайраткер қаламгерді елі де ешқашан ұмытпақ емес!
Тортай Үсен