№3 Наурыз, 2024

Әр халықтың ұлттық танымын, көзқарасын, өзіне тән жеке ұлттық ерекшелігін білдіретін наным-сенімі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бар. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұмытылып кетуіне жол бермей, қазіргі қоғамда өте жарасымды етіп қолданып жүрген халықтың бірі – қазақ халқы. Халқымыз дәстүрге өте бай. Ал салт-дәстүрге бай болу — елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екендігінің айғағы. Салт-дәстүр деген не, соған тоқталып өтейін. Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт — дәстүрмен,, еп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Дәстүр кез-келген қоғамда, отбасында кездеседі.

Киіз үй қазақтың өз өміріндегі ұстанар салты мен дәстүрінің де таңбасы, белгісі.
өйткені қазақ халқының салт-дәстүрінің көпшілігі осы киіз үйге байланысты. Негізінен,киіз үйдің иесінің байлығына, тұрмыс жағдайына қарай, екі, үш қанаттан бастап он екі, он сегіз, отыз қанатқа дейін жететін түрлері болған. О, баста ауқатты қазақтардың киіз үйлері, үлкен және өте бай жиһазды өрнектермен безендірілген.Оларды ел арасында күні бүгінге дейін ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атағандығын естиміз. Одан басқа киіз үйлердің алты қанат ақ боз, қоңыр үй, қара лашық, күрке отау, итарқа т.б. атаулары бар екендігін айта кетуіміз керек. Киіз үйлер өзінің мәдени-тұрмыстық, шаруашылық жағдайына байланысты да үш түрге: 1) жаздыгүні тұруға арналған, 2) мереке-жиын кезінде қонақ күтіп алатын және 3) жорық кезінде тігілетін киіз үй болып бөлінеді. Сонымен қатар,киіз үй – тәрбие көзі. Мысалы; Байырғы қазақ дәстүрі бойынша оң жақта отырған қалыңдықтың ұзатылуына жарты қ. Бөлек шыққан бойжеткен қыз осы үйде бірге тұратын жеңгесінің күнделікті жұмыстарын істеп үйренген.Яғни ерте тұрып, кеш жатып үй тіршілігін атқару, қазан-ошақ таонақ күту т.б. қызметтерді атқарып, отбасылық өмірге «дайындық мектебінен» өткен. Қыздың жеңгесімен бірге тұрған осындай үйді халық тілінде «доғалаң» деп атаған. Сондай-ақ, ерте кезде қазақ дәстүрінде отырып қалған қызға да арнайы үй тігілетін жағдайлар болған. Мұндай үй барлық жасауымен жабдықталады. Алыс-жақын жерлерден қыз көруге шыққан жігіттер осы үйге келіп, танысып-білісуге мүмкіндік алған. Ондай арнайы тігілген үйді «бөде үй» деп атағаны жайында ғылыми деректерде кездеседі..

Жалпы, қазақ халқының ұлттық мәдени ерекшелігін айшықтай түсетін еңбастысы құндылығы – киіз үй. Төл өнеріміздің қас шеберлері жасаған қолөнері мен дарыны, дүниетанымы мен сұлулық туралы талғамы, киіз үйдің бойынан айрықша айқын танылады. Ұлттық ұғымда осы киіз үйдің және оның әрбір құрамдас бөлшектері қасиетті болып саналады, соған орай ата – бабаларымыз әрбір затқа ұлықтау, теңеу сияқты ойлы ұғымдармен бірге тәрбиелік қағидалы, қанатты сөздер шығарған. Ол сөздер киелі мүлік, тұтас отбасы дейтін ұғымды бейнелейтін шаңырақтан басталады. Дәлірек айтсақ, киіз үйге жаратылған киізден, кілемнен, қымбат бағалы кездемелерден, бау — басқұрдан, ағаштан ойып, сүйектен, бояулы өрнектермен әсемделген үй жиһаздарынан біздің ұлттық мәдени құндылықтарымыздың дәстүрлі нұсқаларын көруімізге болады. Қазақ руханиятының жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков: «Қай халықтың болса да рухани әлемі, ең алдымен, оның дәстүрлі өнерінен көрінетіні мәлім» — деген болатын. Дәл сол сияқты қаңқасы ағаштан, туырылығы киізден жасалған дәстүрлі қөлөнер туындымыздың бірегейі – киіз үйдің бойынан да халқымыздың бүкіл рухани әлемін, ұлттық болмысын, дүние танымын көре аламыз..
Халқымыздың киіз үйі елмен бірге өмірге келіп, өмір бойы бірге жасасып келе жатқан тұрмыстық мәдениетіміздің көрінісі. Ал, қазір заман өзгерді, ел де, жер де жаңарып, жасарып көшіп-қону дәуірі әлдеқашан артта қалған. Бұрынғы киіз үйлердің орнын қазіргі таңда малшылардың тұруына, көшіп қонуына ыңғайлы етіп жасалған ақ шатырлы үйлер басқан. Малшы ауылында қолданылып жүрген кейбір киіз үйлердің өзі де жасау-жабдығы жағынан көп өзгерген. Оның себебі, қазіргі таңда киіз үйдің күнделікті қолданысқа зәру еместігімен қатар, қолөнер шеберлерінің жүннен жасалған бұйымдарды көз майын тауысып, көптеп тоқымауында болса керек. Бірақ соңғы кезде қайта келген дәстүрлі мерекеміз Наурыз мерекесі халқымыздың көне мұрасы – киіз үйдің сақталып қалуына көп әсерін тигізуде. Осы бір аппақ шатырдай киіз үйлерді қатарластыра тігіп, жылда жоғарғы дәрежеде аталып өтетін Ұлыстың Ұлы күні Наурыз діни мереке емес, дәстүрлі мереке деп есептеуіміз керек. Себебі, Наурыз дәстүрінің өзі, қазақ даласына мұсылман дінінен жүздеген жылдар бұрын орныққан дәстүр екенін ескергеніміз жөн.
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз — біздің дәстүрлі мерекеміз болғандықтан бұл той ақындар айтысымен, спорт ойындарымен және алтыбақан тебумен т.б. өтетін болған. Ақындар қақтығысында олардың әрқайсысы шартты түрде жақсы мен жаманның, инабаттылық пен зұлымдықтың, имандылық пен әзәзілдіктің, жаңа жыл мен өткен жылдың кейпіне кіре айтысатын. Ал спорт ойындпаегі екі жігіт бірін-бірі аударып түсіруі, кілем үстіндегі қазақша күресуі оның біреуі қарсыласын атына теріс отырғызып үлгерсе, жеңілген жігіт жұрттың күлкі- қалжыңына қалатын. Бір сөзбен айтқанда, халқымыздың өрнектемей сөз сөйлемейтін, оюламай зат ұстамайтын, қонақсыз қолаңсып қалатын, той жасап бар жиған тергенін шашқысы келіп отыратын, сол тойында ат шаптырып, палуан күрестіретін, ақындарды айтыстырып жыр-терме ұйымдастыратын әдеттері қазақты басқа ұлттардан ерекшелеп көрсетеді. Қорыта айтсақ, «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» демекші, салт -дәстүрлерден этностың мінез — құлқы, үлгі- өнегесі, зейін- зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл — ойы, сондай- ақ, жаратушы мен жаратылысқа, өзін қоршаған жанды, жансыз әлемге деген танымдық, этикалық көзқарастары көрінеді. Жалпы, халқымыздың рухани өзегі болған, мәдениетіміз біздің елде ғана сақталған-деп айта алмаймыз, себебі жер шарының әр жерінде мекендеген халықтардың дәстүрлі мәдениеті де түрлі-түрлі дәрежеде сақталған және өзіндік мәдени ерекшеліктері бар. Халқымыздың ежелден бері қалыптасқан, ғасырлар бойы сақталған әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің, қолөнерінің кейбір түрлері ескіріп, өткен күннің еншісінде қалып, заманның ағымына қарай өзгеріске ұшырап, ерекшеліктерге ие болғанымен бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Сондықтан да қазақ халқының ана тілі, тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүлері де өте маңызды деп бағалаймыз. Қандай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады.

                                            

Қ.Кемелова, Отырар мемлекеттік археологиялық
мұражай -қорығының аға ғылыми қызметкері,
Қ.Р Мәдениет саласының үздігі