№12 желтоқсан, 2023

     ы

Халықтың жүрегінде мәңгілік қалған Марат Шотаев ж—!— wp:paragraph —>

                             Тектіден текті туады

Тек арамызда жүрген асылдарымыз бен ардақтыларымыз бақилық болғанда ғана олардың қадірін біліп, өкініштен өзегіміз өртеніп жатады.

Өз басым әлі күнге дейін бекзат болмысты, кісіге қылдай қиянаты жоқ, қашан көрсең де, өзін бірқалыпты салиқалы ұстайтын Марат ағамыз күтпеген жерден қайтыс болды дегенге сенбеймін. Ол өмірден өтті деген суық хабарды естігенде есеңгіреп қалдым.

Мынау дүниеде ешқандай мән қалмағандай сезініп, көңілсіз күйді бастан кештім. Алайда, қолдан келер дәрмен бар ма? Бүгінгі жүрген жан ертеңгі топырақ екендігіне көзім айқын жеткендей.

Өйткені, онымен мәңгілік көз жұмардың алдында ғана облыс орталығындағы бір ғимараттың өзі науқастарды қабылдайтын бөлмесінде кездесіп, емен-жарқын сырласқан едік. Ол келгенім, ағаң аздап сырқаттанып қалды. Жақында ғана ауруханада емделдім, енді-енді өзіме келіп жатырмын. Қолымда ұстаған таяғым болмаса, сол баяғы қалпым. Еш уайымдамаңдар, Алла сәтін салса, жүгіріп кететін күн де алыс емес» деген-ді.
Содан арада көп уақыт өткен жоқ, сұм ажал оған құрығын салып, біржола алып кетті. Көрнекті тұлғаны айрықша сыйлап, өздеріне үлгі тұтатын ағайын-бауыр, зиялы қауым өкілдері мен ұрпақтары мәңгілік мекеніне шығарып салды.
М мен шақпен жазамын деп ойламаппын. Ол жайлы сөз болғанда тамырын терең жайған текті әулет жайлы қысқаша баяндауға тура келеді.
Себебі, Мәкеңнің өзі аузынан тастамай ғұмырын ғибрат тұтатын асқар таудай әкесі Ахметқазы Қазкемелұлына тоқталмай өте алмаймын. Рас, оны өз басым көре алмадым. Алайда, оқығаным мен қалың жұртшылықтан естіп, көңілге <анған ұлағатты ұстаздың қазақ елінің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде сіңірген еңбегі орасан. Ол Меңдіқара ауданына қарасты Ұялысай деп аталатын елді-мекенінде 1902 жылы 9 тамызда жарық дүние есігін ашыпты.
Кейбір сенімді дерек көздеріне қарағанда, ол алдымен өзі түлегі болып табылатын ауданда, содан кейін Ресейдің Троицк шаһарындағы ерлер гимназиясында білім алды. Жастайынан өте зерделі шәкірт қай жерде оқыса да, тәлімгерлерінің үздік шәкірті атанды.
Оның негізгі мұғалімдік қызметі 1919 жылғы аласапыран уақыттарда басталыпты. Әрине, оның өткен өмір жолын жан-жақты қамту мүмкін емес. Оны мақсат та тұтпадық. Бізге белгілісі, ол кезінде Ақсуат ауылындағы білім ордасында қазақтың педагог — жазушысы Спандияр Көбеевпен бір ұжымда әріптес болып қызмет атқарғаны. Екеуі қимас дос болып, талай қазақ жастарының үлкен өмірге қадам басуына өздерінің игі ықпалын тигізді.
Ахметқазы ағамыз сонау бір жылдары Еңбек және Қараоба мектептерінде басшы болды. Сондай-ақ Меңдіқара аудандық оқу бөліміне жетекшілік етті.
Ұстаздардың төккен маңдай тері қашан да түлеп ұшқан жастардың жеткен жетістіктерімен өлшенетіні жұртшылыққа аян. Сонау жылдары оның алдынан дәріс алып, парасатты сөздерін естіген ұлтымыздың дарынды ұлдары қазақ ғылымында өздерінің айрықша қолтаңбасын қалдырған Өмірзақ Сұлтанғазин, Манаш Қозыбаев, Қазақстанның халық суретшісі Хәкімжан Наурызбаев, белгілі жазушы Жайсаңбек Молдағалиев, Социалистік Еңбек Ері Оразалы Қозыбаевтар кейіпкеріміздің сенімін ақтаған тұлғалар.
Троицк гимназиясында ерте қолға алған суретшілік өнері одан әрі жалғасын тапты. Тәлімгер-ұстаз қолына қыл қалам ұстап, ғажайып туындыларын дүниеге әкелумен бірге мүсіншілік қырымен де танылды.
Бос уақыттарын әрқашан да тиімді пайдаланатын зиялы азамат қобыз, домбыра, мандолина секілді аспаптарды да еркін меңгеріп, өз ортасында әбден танылды.
Жан дүниесі рухани бай, сұлулыққа құштар, әдебиет пен мәдениетімізді жоғары бағалайтын әулет басшысы есімдері халқымыздың аузында жүрген қайталанбас зиялы жандар және қаламгерлермен тұрақты байланыс жасады. Олардың арасында ұлтымыздың атақты академиктері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, халық ақыны Омар Шипин, көрнекті мемлекет қайраткері Ілияс Омаровтар болды.
Кезінде халық жазушысы Мәриям Хәкімжанова апамыз оған арнап, «Әз аға» деп аталатын өлең де жазғаны жұртшылыққа аян. Бұл да ұлтымыздың мақтанышы, қазақ қыздарының бетке тұтар аяулы ақынына деген үлкен құрметтің жарқын белгісі ретінде салған портретін сыйға тартқаны да көпшілікке мәлім.
Айтулы педагог 1991 жылы дүниеден өтті. Алайда, оның есімін мәңгілік қалдыру мақсатында жергілікті басшылар кейінгілерге ғибрат болар іс тындырды. Оның аты Боровской селосындағы бір мектепке берілді.
Көркем мінезді Ахметқазы Қазкемелұлының көп жылғы ағартушылық қызметі мемлекеттік марапаттармен атап өтілді. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі атанды. Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерін кеудесіне тақты. Қостанай облысының «Құрмет Кітабына» енді. Шотаев әулетін өңірімізде білмейтіндер жоқ десе де болады.
Әке сенімін ақтады
Жоғарыда сөз етілген Ахметқазы атамыз бен отбасының шырайын келтірген ғұмырлық серігі Сәлима екеуі сегіз балаға жастайынан өнегелі тәрбие беріп, олардың бейнетқор да саналы азаматтар болып қалыптасуына айрықша көңіл бөлді.
Ұлдары Болат, Марат, Жангелді, Арнұрды, қыздары Жұпар, Сара, Күләш, Гүлнәрды өз табиғаттарына сай, қайсар да ибалы, үлкен мен кішіге қамқор, инабатты да парасатты болуға баулыды.
Қай отбасы болсын өз балаларының қалың жұртшылыққа пайдалы маман атануларына ерекше назар аударады емес пе. Отағасы Ахаңның өзі көрнекті ұстаз болумен қатар, ұлтымыздың адамның жан сарайын кемелдендіретін өнеріне шексіз ғашық-ты.
Ол негізгі қызметінен қолы бос кездері суретшілік және мүсіншілікпен беріле шұғылдануға уақыт табатын. Онысын әріптестері мен замандастары үлгі тұтып: «Біздің Ахметқазы бесаспап, руханият саласының да нағыз майталманы» десетін.
Отағасының бойындағы осындай қырлары өзі жақсы көретін перзенті Маратқа да жұқты. Өйткені, ұлы мектепте сабақты жақсы үлгірумен бірге саз балшықпен мүсін де жасайтын. Сонымен қатар айналасындағы табиғаттың сұлулығына тамсанып, қиял байлығына барынша сүйеніп, сурет те салатын.
Мүсіншілік дарыны өз алдына бір бөлек әңгіме. Осы сөзіміздің нақты айғағы ретінде өзінің жеке шеберханасында аты-жөндері күллі исі қазаққа мәшһұр тұлғалар – қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлиханов, Социалистік Еңбек Ерлері Жансұлтан Демеев, Кәмшат Дөненбаева, атақты ұстаз Спандияр Көбеевтің мүсінін жасады.
Сонымен қатар Ингушетияның президенті, Кеңес Одағының Батыры Руслан Аушевтің бейнесін арқау еткен туындысы да талғампаз қауымның тарапынан өзінің лайықты бағасын алған еді.
Әрине, өз шығармашылығындағы образын бейнелеген кісінің кескін-келбетін, болмыс-бітімін балшықпен немесе гипспен сомдау айтуға ғана жеңіл.
Марат ағаға мүсіншілік өнерді кәсіпке айналдырып, тиісті білім алуға да әбден мүмкіндігі болды. Бірақ, онымен негізгі таңдаған мамандығымен қатар алып жүруге біржола шешім қабылдады.
Ол жастайынан адам жанының арашашысы яғни, дәрігер болуды армандады. Өйткені, ес білгеннен қиналғанды қолтығынан демеп, қысылғанға тірек болу адамзаттың тіршіліктегі басты парызы деп ұқты.
Сондықтан асыл әке мен аяулы ананың тағылымды тәрбиесін көрген бұл үй ішімен ақылдаса отырып, ақ халатты абзал жан атанғысы келетіндігін білдірді. Әрине, таудай талабы бар бозбаланың құлшынысын жақын жанашыр бауырлары да қолдады.
Содан кейін сонау Қарағандыдағы мүйізі қарағайдай ғұлама ғалымдар мен атақты мамандар шоғырланған медициналық институтқа өзге замандастары секілді құжатын тапсырды.
Сұңғақ бойлы, барлық дүниеден хабардар, озық ойлы, ой-өрісі кең жас жігіт мемлекеттік емтихандардан сүрінбей өтіп, студент атанды. Сол қимас күндер мен жылдар да тек ізденіспен өтті. Өзіне дәріс берген тәлімгерлерінің қабілетті шәкірттерінің бірі болды.
Жоғары оқу орнын тәмамдап, диплом алған соң, туған жеріне туын тігу мақсатында Қостанай өңіріне оралды. Облыстағы Меңдіқара ауданына қарасты бірқатар елді-мекендерде бас дәрігер болып, жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді.
Ауылдық жерлерде өзі секілді әріптестеріне әмбебап болуға тура келеді. Күндіз-түні басы ауырып, балтыры сыздап келген кісілерді былай қойғанда, ауруханаларда төсекке танылып, қаншама өлім мен өмір арасында арпалысып жатқан сырқаттарды емдеп, қатарға қосты. Олар шынайы алғыстарын білдірсе, елдегі абыз ақсақалдардың батасын алды.
Әрдайым кәсібіне байланысты заманға сай болу мақсатында өз бетінше көп ізденді. Сөйтіп, жанына шипа іздеген адамдарға пайдасын тигізуді ойлап, Киев пен Мәскеу қаласында білімін көтеріп, шығыс медицинасын терең меңгерді. Ол аз десеңіз, Қытайдың алтын, күміс инемен емдеу тәсілін де игерді.
Жоғары санаттағы дәрігерлік деңгейге жетті. Ол өзі бір перзенті болып табылатын Қостанай өңірін айтпағанда, Ресейдің сонау Санкт-Петербург қаласында да көптеген кісілердің ілтипатына ие болып, осынау тарихи шаһарға да жиі атбасын бұрып тұратын-ды.
Асырып айтқанымыз емес, ағамыздың киім кию үлгісі, жүріс-тұрысы, сөйлеу әдебі, ішкі мәдениеті басқалардан ерекшеленіп тұратын. Ешкімді шен-шекпеніне қарап сыйламайтын. Сол себепті де оның досы да, рухани үндес замандастары да көп-ті.
Мәкеңнің кейбір қатарластары біле бермейтін қырлары да аз емес-ті. Ол оңашада қолына қазақтың қасиетті қара домбырасын алып, күмбірлете күй де шертетін. Ұлтымыздың классикалық және халық әндерін ерекше ден қойып тыңдайтын. Қазақ радиосынан берілетін әсем әуендерді жібермейтін. Абай атамыздың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас» халық әні «Қарлығашты» тебіреніспен орындайтын. Өзімен кездескен сәттерімде ән-күйсіз өмірін көз алдына елестете алмайтынын айтатын.
Ұлы Әділ талантты мүсінші
Ол Жосалы ауылын жиі сағынышпен еске алатын. Өйткені, оның айналасы өте табиғатқа бай, жан-жағы тұнған нулы орман. Дәл осы құтты қоныс өзінің суретші, мүсінші, емші ретінде халыққа кеңінен танылуына ықпалын тигізіпті. Тіпті, тіршілігінің жалғасы сүйікті перзенттері де осында өсіпті. Білікті дәрігер егер мен ақын болсам, сол ауыл жайлы талай көркем тілмен жазылған кітаптарым жарық көрер еді дейтін.
Ал оқыған-тоқығаны мол, өмірлік тәжірибесі кемел, таным-түсінігі жоғары айтулы азамат кезінде Санкт-Петербург медицина академиясында ұстаздар мен студенттерге шығыс медицинасынан дәріс те оқыпты. Өзімізбен көршілес жатқан Қорған облысында да жергілікті жұртшылықтың арнайы шақыруымен мәртебелі қонақ ретінде сапарда жиі болыпты.
Мәкеңді таныстары мен емшілік шапағатын көрген кісілер өзін тамыршы деп те атайтын. Өйткені, ол алдына шипа іздеп, соңғы үмітпен келген адамның тамырын ұстап, немен ауыратындығын бірден айта беретін.
«Адамның бір қызығы бала деп» Абай атамыз айтқандай, ол қос баласы Әділ мен Зухраны көзінің ағы мен қарасындай жақсы көрді. Соларды отбасының мәні мен сәніне балады. Адам баласы мынау жалған дүниеге қонақ екендігін білгендіктен, ұрпағы деп ғұмыр кешті. Екеуінің тиянақты білім алуы мен зерделі азаматтар болып қалыптасуына әке ретінде барын салды.
Құдай қосқан қосағы Мүгілсім ұзақ жылдар бойы педагогтық қызмет атқарды. Екеуі ұлдары мен қыздарынан Ерназар және Ария есімді немерелерін сүйді. Үлкені компьютерлік дизайнмен айналасады. Ария болса әлі мектеп оқушысы.
Марат ағамыз бен жеңгеміздің тұңғыштары Әділ өте дарынды бала болып қалыптасты. Мүсін өнеріне төрт жасынан ден қойды. Шаңырақ иесі де өзінің жас кезіндегі жетпеген арманына ол көтерілсе екен деген игі ниетте болды. Перзентіне тиісті бағыт-бағдар берді. Ол да әкесін жерге қаратқан жоқ. Алдымен, Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіп, содан кейін Ресейдің Репин атындағы Санкт-Петербург шаһарындағы осындай академияда оқуын жалғастырды.
Ата-анасы келешегінен үлкен үміт күткен қыздары Зухра да кішкентайынан ұстаз болуды қалады. Сол мақсатына қол жеткізіп, өз мамандығының саңлағы атанды. Ағылшын тілін жетік меңгерді. Әріптестерінің алдында беделді.
Әділ қазіргі таңда кәсіби мүсінші. Атасы Ахметқазы мен әкесі Мараттың жолын қуған табиғи талант иесі. Сөздің емес, істің адамы. Орынсыз мақтанды жаны сүймейді. Бұл күндері Ресейдің көркемсурет академиясының Құрметті академигі, Петровск ғылым және өнер академиясының толық мүшесі.
Марат Ахметқазыұлы шын мәнінде үлкен жүректі, тек кісіге болсын дейтін, маңындағыларға шарапаты тиген зиялы жан еді. Адамды бірге өскен, етене араласқан пікірлес достары мен інілерінен артық кім біледі. Ол жөнінде көрнекті ғалым, академик Аманжол Күзембаев, Қазақстанның Құрметті журналисі Жайберген Болатов, филология ғылымдарының докторы Алмас Әбсадық және басқалар толғана сыр шертеді.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген рас. Мұны әсіресе, өзіміз өмірде туған ағамыздай болып кеткен, қажет кезінде ойларымызды жалықпай тыңдап, тиісті ақыл-кеңесін аямаған, сапарға шықсақ ақ батасын беріп отыратын қимас жанды жоғалтқанда қатты сезініп, құлазыдық. Асқар тауымыз құлағандай болдық.
Жүрегі таңғы шықтай кіршіксіз таза да мөлдір, иман жүзді, адам баласын ренжіту дегенді әсте білмейтін Мәкеңді сағынышпен еске алып, өткен күндерді жиі ой елегінен өткіземін.
Ол қазақ және орыс тіліне өте жетік-ті. Өзге ұлттар да оған үлкен құрметпен қарады. Кеше кенеттен қайтыс болғанда, сонау Ресейдің көптеген қалаларынан қабырғалары қайысып, отбасының қайғысына ортақтасты.
Сол өзімен сыйласқан кісілердің бәрі де Марат Шотаевтың азаматтық қасиетін, кәсіби біліктілігін жоғары қойып, жан-күйзелістерін білдіріпті.
Иә, ол шын мәнінде халық үшін туылған, өз мамандығының шырқау биігіне көтерілген ардақты тұлға еді. Сондықтан да жүрегіміз қан жылайды.
Мұндай кісілердің орны ешқашан да толмайды. Енді марқұмға жатқан жеріңіз жарық, иманыңыз серік болсын. Алла тағала мейірімі мен панасына алсын. Жетпеген ғұмырын ұрпақтарына берсін деймін.
Біз сізді ешқашан да ұмытпаймыз, жан аға!

Оразалы Жақсанов, Қазақ журналистикасының қайраткері