№4 Сәуір, 2023

Елімізде Алма Андарбаеваның есімін білмейтін жан кемде-кем. Мәдениет пен өнер саласының сан түрлі жұмыстарындағы ауыр жүктерді қажымай көтерген, бірнеше мәдениет ошақтарына екінші өмір сыйлап, қайта еңсе тіктеткен Қыңткерінің өмір жолы – аңызға бергісіз.

????????????????????????????????????

Кейіпкеріміз өнерлі шаңырақта дүниеге келді. Әкесі Қазақстанның Халық әртісі Әзидолла Есқалиев – Құрманғазы мен Дина секілді ұлылардың ізін жалғаған есімі елгыңеге келген Алма апамыздың да өнерден құралақан болуы мүмкін емес еді. Әкесінің музыкаға деген махаббаты қызына да дарыды. Оның үстіне, өнерлі отбасы болғандықтан, қазақтың біртуар дарындары осы үйге жиі жиналып, қонақ болатын. Ол отырыстардың өзі ерекше. Роза Бағланова, Бибігүл Тзарі өз репертуарындағы әндерді орындап, отырыстың көркін қыздыратын. Дауылпаз ақын Хамит Ерғалиев, абыз ақын Әбу Сәрсенбаевтар өздерінің тәрбиелік сөздерімен өнеге беретін. Бір сөзбен айтқанда, жастайынан өнерге жақын болып, тау тұлғалы таланттардың жанында жүрді.
Тіпті, мектеп қабырғасында жүргенде, қаршадай оқушы болғанына қарамастан, кездесу кештерін жиі ұйымдастырып, онда өзі танитын әншілерді шақырып, сыныптас құрбылары мен ұстаздарын тәнті етуден жалықпайтын. Бірде, атақты Бауыржан Момышұлын да кездесуге әкелгені есінде.
Бірақ, солай бола тұра, ол шығармашылық мамандығын таңдамай, тосын жаңалық жасады. 1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітіріп, экономист мамандығын алса да, әке қаны, ана сүтімен дарыған қасиет оны алысқа жібермеді. Диплом алып, мамандық иесі атанған соң, ол Қазақстан Республикасының Орталық статистика басқармасында еңбек жолын бастады. Үйде кешкілік әкесі ноталармен, қызы сандармен таң атыратын. Дегенмен, өнерге деген іңкәрлігі оны талай рет жұмысынан алаңдатып, әкесінің жанынан бір-ақ шығаратын. Алғашында сандармен дос болып, өнерге, сұлулыққа, сахнаға деген құштарлығын нақты ғылыммен, қаптаған цифрлармен, кіріс-шығыс, есеп-қисаппен жеңгенімен, музыкаға деген сүйіспеншілігі бәрібір оны өнер жолына қайта алып келді. Содан да болар, 1990 жылдардың басында жасөспірімдер мен жастардың талантын шыңдап, қолдау көрсетумен айналысатын «Азикен» қоғамдың ұйымының вице-президенті болды. Ал 2005 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде қоюшы режиссер мамандығы бойынша екінші білім алып шықты.
Алма Әзидоллақызы өмірінің 20 жылға жуық уақытын, яғни, 2000 жылдан зейнет демалысына шыққанша туған жеріне келіп, Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығын басқарды. Ол бұл орталыққа кездейсоқ келген жоқ. Арнайы шақырту алды. 1999 жылы оның өмірінде төңкеріс жасайтындай шұғыл бетбұрыс кезеңі болды. Неге десеңіз, ару қала Алматыны тастап, батысқа баруға шешім қабылдады. Атырау облысының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның Халық әртісі Әзидолла Есқалиевті, академик Зейнолла Қабдоловты, музыка зерттеушісі, жазушы, композитор Ілия Жақановты және кейіпкерімізді Атырауға шақырды. Бұл – жан-жүрегі шығармашылыққа, өнерге ұмтылған оның өміріндегі тағдырлы сәт еді.
Десек те, ол бұл қадамына еш өкінген емес. Атырауға келе сала, көптеген ауқымды жұмыстарды қолға алды. Солардың бірі – өңірдегі артта қалған домыбра мектептерін қайта жандандырып, облыс мәдениетін жаңа деңгейге көтеру еді. Шынын айтқанда, сол тоқсаныншы жылдары көрерменге ұсынатын жөнді концерттер болған жоқ. Өнер ошақтары аңғал-саңғал күйде тұрды. Бірді-екілі өнер ұжымында дұрыс сахналық костюмдер болмады. Бірақ, мұнайлы өлкеге танымал мәдениет қайраткерлері келісімен бәрі өзгеріп сала берді. Халықтың өнерге деген сүйіспеншілігін оятқан сол өнер майталмандарының арасында Алма Андарбаева ерекше көзге түсті.
Ол өзінің талантының арқасында өңірде халқымыздың өнері мен мәдениетін, ақын-күйші, әнші-жыршылардың шығармашылығын қайта жандандырды. Облыс мәдениетінің өркендеуіне, рухани дамуына барлық күш-жігерін жұмсады. Ел ішінен таланттарды тауып, халыққа танытты. Өнерпаздардың басын қосып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болған сан өнерімізді шетелдерде дәріптеп, кеңінен насихаттады. Тоз-тозы жеткен өнер ошақтарына жаңадан рең беріп, қатарға қосты. Алыс түкпірде жатқан ауылдардағы клуб, мәдениет үйлеріне екінші өмір сыйлап, қайта еңсе тіктетті. Бір ерекшелігі – ол ата-бабасының кіндік қаны тамған туған жеріне бір-екі жылға емес, мәңгілікке қалу үшін келді.
– Маған тағдырдың өзі көмектесті, – дейді кейіпкеріміз. Айтса айтқандай-ақ, ол аталған орталыққа басшылыққа келген сол 2000 жыл елімізде «Мәдениетті қолдау жылы» болып жарияланды. Алма басқарған ұжымға көмек дер кезінде келді. Жаңа дыбыстық аппаратура, түрлі музыкалық аспаптармен бірге орталықтың өз ғимараты пайда болды. Балықшы ауданындағы бұрынғы «Балықшылар мәдениет сарайы» күрделі жөндеуден өткізіліп, орталыққа берілді. Осылайша, аталған орталық бір ғимараттан екінші ғимаратқа көшуден құтылды.
Бірақ, осы ғимаратқа қол жеткізудің өзі оңай болған жоқ. Жекешеленіп кеткен нысанды мемлекет меншігіне қайтару үшін қанша күш пен шыдамдылық қажет екенін тек кейіпкеріміз бен оның әріптестері ғана білетін шығар. Көне нысанды қайта жөндеуден гөрі, жаңасын салу өте оңай екендігі сөзсіз. Сол уақыттарда Алма Әзидоллақызына мәдени орталықтың жетекшісі ретінде кезінде оқыған экономикалық білімі көп көмегін тигізді. Қаржыны тиімді пайдалану мен дұрыс мақсатқа жұмсаудың арқасында, орталық әртістері жаңа костюмдер алды, оның бөлімдері кеңейтілді, өзінің дыбыс жазу студиясы мен жаңа бағыттар – бірден бірнеше үйірмелер ашылды. Міне, осындай қиындығы көп, қыруар жұмыстың басы-қасында ер адамға бергісіз еңбек атқарған, өнерге қанат бітірген Алма Андарбаева тұрды.
Майталман маман орталыққа жұмысқа келісімен, ондағы қызметкерлердің білімін жетілдіруді бірінші орынға қойды. Жылына бірнеше рет көркемөнерпаздар, халық театрларының режиссерлері, хореографтар, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың басшылары, кітапханашылар, мұражай қызметкерлері үшін семинарлар мен шеберлік сыныптарын өткізді. Әсіресе, аудандық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар жұмысының қаржылық мәселелеріне арналған семинардың маңыздылығын әлі күнге дейін ұмыту мүмкін емес.
Алма апамыздың тапсырмасымен бірнеше рет оның орынбасары Абат Кенжеғали мен орталықтың әдістемелік бөлімінің басшысы Әсел Жантілекова қала маңындағы мәдениет үйлерін аралап, олардың жағдайын зерттеді. Кейіпкеріміз оның қорытындысымен облыс басшылығына кіріп, ауыл-аудан, қала маңындағы аудандарда мәдениет үйлерін салу қажеттігі туралы баяндап, сол жылдары елімізде белсенді түрде жүзеге асырылып жатқан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына «100 мәдениет үйін» қосу керектігін айтады. Бірақ, белгілі бір себептермен «100 мәдениет үйі» қолдау таппайды. Дегенмен, ол қол қусырып қалмады. Андарбаеваның өзі облыстағы барлық ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерін аралап, олардың шынайы жағдайын көрсету үшін үлкен фотоальбом жасайды. Аймақ басшысына бірнеше рет кіріп, ақыры, ең болмаса, өңірде мәдениет үйлері ғимараттарының жаңадан салынуына қол жеткізді.
Оның бұл еңбегі зая кеткен жоқ. Өзі зейнет жасына жетіп, қызметтен кеткенімен, облыстың барлық ауылдары мен аудандарында, қала маңындағы кенттерде жыл сайын жаңа мәдениет үйлері тұрғындарға есігін айқара ашуда.
Бұл – бүгінде қарапайым маманнан бүкіл «Қазақтың Алмасына» айналған Алма Әзидоллақызының ғұмыр жолының бізге белгілі бір парағы ғана.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты