№11 қараша, 2022
Жалынан оңайлықпен ұстата қоймайтын драматургия жанрына өткен ғасырдың 80-жылдары аралығында келген Дулат Исабековтың ерекше қолтаңбасы оқырманы мен театрсүйер қауымды сол кездің өзінде-ақ елең еткізген еді. Жазушының «Әпке», «Мұрагерлер», «Алыстан келген ананас», «Тыныштық күзетшісі», «Ескі үйдегі екі кездесу», т.б. драмалық шығармалары күні бүгінге дейін қазақ театрларының репертуарынан түскен емес. Әрине, мұны драматург шығармаларындағы айтар ойдың ашықтығынан, уақыт ағымындағы сан садіп беруінен, қаламының оқырманы мен көрерменін баурап алатын тылсым құдіретінен дейміз.
Қаламгердің қай драмалық шығармасын алып қарасақ та, барлығында ең алдымен адамның талайлы тағдыры, гуманистік ұстанымдары көрінеді, әрі олардан тұлғалық деңгейге көтерілген бірбеткей, батыл, өзіндік ойы мен мінезі бар кейіпкерлерді кездестіреміз. Жалпы Д.Исабековтің прозалық шығармалары мен драмалық туындылары идеялық мазмұн, құрылымдық форма, қисынды оқиғалар желісі мен тосын характерлер жасау жағынан бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Әрбір кейіпкерінің кешкен өмірі, оның әлеуметтік ортасы әр алуан: бірі – соғыстың зардабынан «есалаң» атанған, бірі – жалғыздықты серік еткен, енді бірі –махаббатта жолы болмаған, тағы бірі – отбасылық қақтығыстарды бастан кешкен, т.с.с. Қаламгерлік шеберлік, көркемдік көрегендік деген осы болар, сірә.
Ал «Әпкедегідеңлық-Зарлықтағы» Мұңлық, «Актрисадағы» Айгүл, «Бөртедегі» Бөрте, т.б. әйел тағдырының күрделілігін, олардың қоғамдағы тарихи-әлеуметтік орнын айқындап беретін қаһармандар. Әйелдер әлемінің жұмлстармен, келісті бояулармен суреттеп беру кез келген жазушының қолынан келе бермейтіні анық. Негізінен пьесаның экспозициясынан финалға дейін¬гі аралықта драма теориясының негізгі канондарын, оның өзгеше құрылымын сақтай отырып, театр өнеріне ғана тән атмосфераға лайықты кейіпкер тудыру үрдісінің жоғары деңгейі – Д.Исабеков пьесаларының құндылығы. Мәселен, бүгінгі күнде өз болашағы мен өмір қызығын көруден саналы түрде бас тартып, керісінше, туған бауырларының тағдырына алаңдайтын әпкелер жоқ деп айта алмаймыз. Жазушының дәл осы «Әпке» пьесасынан ұлттық тәрбие, қазақы бауырмалдық сезім айқын байқалып тұрады. Сол сияқты, қай қоғамда да «Мұрагерлердегі» Сызғановтар сияқты оңай олжаға жеңіл жолмен қол жеткізгісі келетіндердің де кездесетіні рас. Олардың бейнесінен рухани құндылық саналатын моральдың, ар мен ұяттың материалдық құндылықтардың тасасында қалуын көреміз. Алайда аталған пьесадағы Салиха бейнесі Сызғановтардың жиренішті әрекетіне тосқауыл болып, жақсы мен жаманды таразылап береді.
Тәуелсіздік жылдары жазылған «Мұңлық-Зарлық», «Жаужүрек», «Жүз жылдық махаббат», «Бөрте» пьесалары Д.Исабековтың қазақ фольклоры мен тарихына да немқұрайлы қарамайтынын байқатады. «Жүз жылдық махаббатта» ұлы ақын Мағжан мен оның жары Зылиханың арасындағы мәңгілік махаббат сарыны баяндалса, «Жаужүректе» сал-сері, композитор, жауырыны жерге тимеген балуан Нұрмағанбет Баймырзаұлының зорлық пен өктемдікке қарсылығы, күрескерлігі ашылады, ал «Бөрте» тарихи драмасында жарты әлемді жаулаған әмірші Шыңғыс ханның жұбайы Бөртенің өткір мінезін, қайсарлығын, ақылдылығын танимыз.
Осындай шығармалардағы драматургтың жүйрік қиялы мен қарымды қаламының сүзгісінен өткен кейіпкерлерінің драмалық ахуалы терең өлшеммен беріледі және олардың мінезінің даралығы өзгеше сарынмен баяндалады. Автор өз заманының үнін барынша ашық та анық сезінуімен ерекшеленсе, пьесалары ішкі тартысы мен сыртқы мазмұнының біте қайнасып жатуымен өміршең. Бұдан бөлек, жазушы шығармаларындағы идеялар қай заманда да, қай ортада да өткір, өзекті. Жалпы, заманның зары мен дәуірдің маңызды мәселелерін ерекше рухта жырлайтын қасиетке ие Д.Исабековтің пьесаларын оқи отырып, оның адамтанушылық, өміртанушылық, қоғамтанушылық ұстанымын байқаймыз.
Драматург Демесін атты кейіп¬кері арқылы бейбітшілікті, әлемнің тыныштығын, Құлахмет арқылы үлкен адамгершілікті, тазалықты, Салиха арқылы мейірімділік пен адалдықты, Қамажай арқылы сабырлылықты, Айгүл арқылы өнер адамының нәзік те күрделі өмірін, халқына Балуан Шолақ деген атпен танылған Нұрмағанбеттің көркем бейнесі арқылы батылдық пен өжеттікті жырлады. Олай болса, Дулат Исабеков – өмірдің кедір-бұдырлы соқпағында небір кедергілерге кездесіп, психологиялық-моральдық теперіш көрсе де мойымайтын қаһармандар галереясын жасаудың хас шебері.
Зухра ИСЛАМБАЕВА,
театртанушы, өнертану кандидаты,
Т.Қ.Жүргенов атындағы
Қазақ Ұлттық
өнер академиясының профессоры