№9, қыркүйек, 2022
Жеке ұлтты да, бүтін бір мемлекеттің де алты әлемге абыройы мен беделін асқақтатып көрсететін оның байлығы халқының санының көптігі немесе қару-жарағы күштілігі емес ең әуелі әдебиеті мен өнері, ғылым-білімі танытады, мойындатады, құрмет тұтқызады. Кейбір көбікауыз айтқыштарша қазақты әлем таныған деп лепірмей-ақ қояйық, бүгінде қазақты танитын халықтар мынау арқылы таниды деп екі-үш адамның есімін атап, түсін-түстесеңіз сол екі-үшеудің бірнаден бақиға (мәңгілікке) аттанған әйгілі қаламгер Әбдіжәмил Керімұлы Нұрпейісов-тұғын.
Жақында Алматы қалалық әкімшілігі, Жазушылар Одағының басшылығы, елімізге белгілі саяси және қоғам қайраткерлері бірлесіп қазақ әдебиетінің классигінің алда келе жатқан мерейлі мерекесі 100 жылдығын тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық көлемде тойлап өту керек деген ұйғарымға келді. Бұл үшін даңқты қаламгердің әлем жұртшылығының көпшілігіне мағлұм «Қан мен тер» трилогиясын, «Соңғы парыз» романы мен бірге оның әр жылдары жазған көсемсөздерін, мақалаларын, естеліктерін жаңғыртып баспадан шығару. Жазушының туған, өскен Қызылорда, Ақтөбе уәлаяттарында мектептерге, мәдениет үйлеріне және көшеге оның есімдерін беру мәселелерін қозғады. Және бір қуанарлығы Ә.Нұрпейісовтің шет елдердегі қазір көзі тірі дос-жарандарына ол туралы естеліктер жазып беруге өтініштер жасалып, деректі фильм түсірілу де көзделіп отыр. Жазушы өзінің көзі тірісінде ұлтымыздың өткені мен бүгіні хақында талай-талай толғаулы мақалалар жазып, мемлекеиідің, қазақ ұлтының келешек саяси, әлеуметтік мәселелерінің көкейкесті тұстарын тебірене толғаған болатын. Ол әсіресе, бүгінгі және келер шақтағы қазақ тілі мен салт-дәстүрі, ұлттық тәрбиені қалай сақтау туралы небір келелі ойлар айтқан болатын. Міне, осының бәрін кітап етіп те, кино экраны арқылы да, бейнебаяндар көмегімен де ұрпаққа үлгі-өнеге етіп ұсыну біздің парызымыз. Осыған орай жазушының әдеби, қоғамдық ғұмыры туралы мақаланы да қоса ұснып отырмыз.