№9, қыркүйек, 2022
1 қыркүйек – білім күні. Бұл күні елімізде миллиондаған оқушы мектепке барып, білім кемесіне аяқ басады. Әр бала жеке тұыпір жас өрендермен толығады.
Бірінші қыркүйек күнінің білім күні болуының себебі неде? Б.з. ІV ғасырларда өмір сүрген Рим императоры Константин әлемді таң қалдырған алып шіркеу тұрғызып, бірінші қыркүйек күні жаңа жыл мерекесін тойлау туралы шешім шығарады. Осы уақыттан бері бірінші қыркүйек маңызды сипатқабіүздің алғашқы күні ғана емес, күнтізбенің алғашқы күні болып есептелген. 1984 жылдан бастап, күнтізбеде «Білім күні» мәртебесі артып, мерейі асқақтады.
Қазақстанда балаларға білім беру ісі мықтап жолға қойылған. Басқа кейбір мемлекеттерде мектепте білім алу ақылы болып келеді. Ал елімізде әр бала үшін мектептегі орыны сақадай сай тұрады. Әрине, бала оқуға міндетті. Неге дегенде, оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоғы белгілі. Оқу қонбаған кісі үй салса – қабырғалары құлап қалар еді, теңізші болса – кемесін қайраңга тіреп қарап отырар еді, тігінші болғысы келсе – тіккен киімінің жеңі желкесіне, жағасы етегіне кетіп, жұртқа мазақ болар еді. Әуел бастан данышпандар мен философтар дүниенің мәні білімде екенін, адамнан адам біліммен ғана артыла алатынын айтады. Хәкім Абайдың қара сөзінде «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп ойын сабақтайды. Ал халқымыздың тұңғыш педагогы, ақын-жазушы Ыбырай Алтынсарин:
Оқу білген таниды,
Бір жаратқан Құдайды.
Танымаған Құдайды,
Не қылғанда ұнайды.
Істің болар қайыры,
Бастасаңыз Аллалап.
Оқымаған жүреді,
Қараңғыны қармалап,–дейді. Иә, оқымаған адамның үлесінде қараңғылықтан өзге не болсын? Өз түнегінде адасып, өзгелерді де адастырып, жалғаннан жаман атақпен өткеннен асқан қандай зауал болсын. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» дегендей, бүгінгі оқушылар міндеті талмай білім алу болғаны абзал.
Білім күні – адам өміріндегі ең маңызды, ең аяулы күн. Балабақшаны аяқтап, балалық дәуреннің алғашқы бөлімін тәмамдап, мектеп табалдырығын алғаш аттап жатқан кішкентай балалар жан-жағындағы мектеп формасын киген адамдар молдығына, биік зәулім ғимаратқа, жылы жүзді ұстазына таңдана қарап, жаңа өмір есігін ашады. Кермедегі құлындай бұлқынған асау балалар алғашында ұстазға үйрене алмай, тыным тауып отыра алмай аласұрса, кейін келе бойын тіктеп, еңсесі көтеріледі. Жаңадан үстелге отырған олар алғаш рет жауапкершілікті сезініп, алға қанат қағады. Қашан да ұстаз мектептің жүрегі. Барлық тарихта ізі қалған тұлғалар ұстаздың алдынан өтіп, сабақ алған. Ұстазды сыйлау ұстамдының ісі, көрегендік белгісі. Халқымыздың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың ұстаз жайлы өлеңі бар-тын.
Мұз жамылып жатпасын деп қыста мен —
жылы жел боп маңдайымнан сүйіп ең.
Бір ғажайып құзар-шыңды нұсқап ең,
Өзіміздің Алатаудай биік ол…
Сен бір үлкен өзен едің мол сулы,
толқыныңның жалы жатыр Ай қағып,
Мен — жас бұлақ, үйретіп ең толқуды,
келем әлі белгісіздеу сайда ағып.
Міне, ұстазға деген махаббат, ұстаздың сарқылмас қадірі жырда көрініс тапқан. Білім күні – оқушылар мен ұстаздардың қауышу күні. Осылайша парасатты одақ құрылып, жарқын өмірге жолдама алу жолына шығатын күн.
«Білім адам – елдің баға жетпес қазынасы. Ұлттың болашағы әркезде де білімді жастардың қолында. Білім – біздің ғұмыр бойындағы қолымыздағы байлығымыз. Басымыздағы білімімізді ешкім де ешқашанда тартып ала алмайды». Иә, байлықты адамның өзі қорғайды, бірақ білім адамды қорғайды. Білімнің орны ерекше, бағасы артық. Сондықтан білім күнінің де мәртебесі жоғары, мерейі асқақ болуы тиіс. Білім күнін әз наурыз секілді, өзге де маңызды мерекелер іспетті биік деңгейде тойлай білсек, білімге деген балалардың ынтасы артып, білімді ұрпақ ұлтымыздың есімін жаңғыртып, әлемге қырандай қанат қағары сөзсіз.
Тортай Үсен