№3 Наурыз, 2022

Қазақ халқы ежелден көкпар тартып додаларда топ жарып, әртүрлі ойындар ойлап шығарған көшпелі халық. Жаугершілік заманның батырларын айтпағанда, бергі әлемге алып күшін танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлы, жауырыны жерге тимеген Балуан Шолақ, майданда аты шыққан батыр Бауыржан Момышұлы сынды ержүрек бабаларымызды айтып мақтана аламыз. Бүгінде қазақ спорты жан-жақты дамып, өсіп-өркендеп келеді. Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Ермахан Ибрайымов сынды боксшыларымыз бір кездері қазақтың көк туын жаһан алымн. Содан бері қанжығамызға қаншама медальдар байланып, мемлекетіміздің мерейі асқақтады.

Еліміз тәуелсіздік жылдарынан бері бұқаралық спортқа баса назар аударып келеді. «Тәні саудың жаны сау» дегендей, бұл ең алдымен азаматтармыздың денсаулығы мен сергектігіне септігін тигізері анық. Әрбір ел азаматы қажетсіз дағдылардан арылып, салауатты өмір салтын сақтай білсе ¬– болашағамыз үстем болары сөзсіз.
Ауылдарға спорт кешендерін салып, қара домалақ балаларды спортқа тарту мәселесі де жолға қойылып келеді. Бірақ біршама ауылдарда талантты балалар көрінбей қалып, таланты тұншығып қалатыны бар. Меніңше, әрбір ауылдарға шағын болсын спорттық ғимараттар салынып, әр спорт түрінде жаттықтырушы мамандар жұмыс істегені абзал. Сонда жас өскіндердің таланты дер кезінде шыңдалып, бұрыс жолға түсуден тиылар еді. Қазіргі кезде көбіне қалалық жерде ғана спорттық кешендер көрініс тауып жатады. Екіншіден, спорт жұлдыздарын тиісінше насихаттап, жастарға үлгі ету ісі қолға алынуы тиіс. Қазіргі күні көбіне әншілер мен әртістер көгілдір экранды жаулап алғанын көріп жүрміз. Бұл қауіпті тенденция. Маңдай терімен ұлтымыздың абыройын аспанға шығң , бағдарламалар түсірсек нұр үстіне нұр. Сонда спортшы болуды армандайтын ұрпақ саны артар еді. Мәселен, Жақсылық Үшкемпіровтың батырлық һәм азаматтық болмысын ашатын кино туындылар өмірге келсе, қанша адамға қанат бітірер еді. Спорт журналисі Есей Жеңісұлы өз пікірінде: «Норвегияның халқы аз екеніне қарамастан спортта биік дәрежеге қалай жеткеніне үңіліп қарауымыз керек. Яғни балаларды жастайынан мамандардың көмегімен дайындау арқылы спортқа баулуымыз қажет. Бізде өте әлеуеті зор талантты балалар бар да қайда барарын білмей қалады. Сондықтан оларды бала жасынан алып келіп және Норвегия мен Жапонияның методикасын пайдалану маңызды. Бұл дегеніміз 12 жасқа дейінгі балаларды бір-бірімен бәскелестірмей керісінше сауықтыру мен көңіл-көтеретін нәрсе ретінде көрсетіп, 12 жастан бастап нағыз додаға салу. Біз қолда барды өзіміз пайдалана алмаймыз. Сонша спорт кешендерін салып қойдық, бірақ оның ішінде жүгіретін адам болмаса, мылтық ататын адам болмаса ол кімге керек?! Осыны ойлануымыз қажет, — дей келе, — балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше көңіл бөліп, іргетасын жақсы қалап алмай бізде ешқандай нәтиже болмайды» – деп қорытындылайды. Шынында, балалар спортына көңіл бөлу – ертеңгі жеңістің басы саналмақ.

Қысқы спорт түрлері неге кенжелеп қалды?

Жақында Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарында отандастарымыз бірде-бір медальсыз қалды. 2014 жылы Сочи мен 2018 жылы Пхенчханда өткен сайыстарда тек бір қоладан иеленген Қазақстан құрамасы биылғы жылғы Бейжіңде өткен жарыстан нәтиже көрсете алмады. Біршама үміт күткен спорт саңлақтары жарыс жолының жартысынан сүрінсе, мәнерлеп сырғанаушыларымыз Олимпиада ойындарына мүлде жолдама ала алмады. Неге? Есей Жеңісұлы бұл жөнінде сараптама жасай келе, өзінің маңызды пікірімен бөлісті: «Әрине, әдетте орын алған сәтсіздіктерден кейін біз міндетті түрде кінәлілерді іздеуді әдетке айналдырғанбыз. Бейжің Олимпиадасынан кейін кінәлілерді іздеуіміз керек, бірақ келесі олимпиадаға дейін дүрмек қылып алмауымыз қажет. Сондықтан бұл мәселелердің тамырына үңіліп, оның осыдан 30 жыл бұрын басталғанын айта кеткеніміз жөн. КСРО құлағанынан кейін біздің елімізде Медеу, Балуан шолақтан басқа аса ірі мұра қалған жоқ. Өзіміз егемендік алғаннан кейін Азиада ойындарын өткіземіз деп біраз дайындалдық. Әйтсе де бұдан кейін салынған нысандар жекенің меншігіне өтті де, халықаралық жарыстар әр кезде бір рет өтіп тіпті мүлдем өтпейтін жағдайға жетті. Инфрақұрылым жоқ емес бар, бірақ олардың жұмыстары көрінбейді», – деді Жеңісұлы. Жалпы, қазақ спорты Денис Тен секілді бір жеңімпаз спортшыға зәру болып отыр. Бұл үшін ата-аналар арнайы балаларын мұз айдынына баруға ерте кезден баулығаны жөн. Мәнерлеп сырғанау комментаторы Лилиана Әлжанова жоғарыдағы пікірімізді дәлелдегендей журналистерге берген сұхбатында: «Денис Теннің анасы ұлы мәнерлеп сырғанауға енді келгенде Алматыдағы сауда орталықтарының мұз айдынында жаттыққанын айтқан еді. Мәнерлеп сырғанауда ата-ананың рөлі өте маңызды. Баласын мәнерлеп сырғанауға берем деген ата-ана қиындыққа дайын болып, өзін-өзі жеңуі тиіс. Бастысы, ата-ана мәнерлеп сырғанауды жақсы көру керек, баласын жаттығуда қолдауы керек. Бізде ата-аналар қиындыққа шыдамайды және балам бір жерін сындырып ала ма деп қорқады. 2019 жылы Красноярскте өткен универсиадада қола медаль алған Жансая Адыханова (Әбіш Байытқановпен бірге жұптық сында) деген мәнерлеп сырғанаушының анасынан «қызыңызды бұл спортқа бергенде қорықпадыңыз ба?» деп сұрап едім, «қорықпау керек, бапкерге сену керек, спортты жақсы көру қажет, мен осы спортты жақсы көрдім» деген еді. Бұдан бөлек, баланың ата-анасында қаржылық жағдай болуы керек»-дейді.
Қорыта айтқанда, спорт саласы елімізді әлемге танытудың ең тиімді жолдарының бірі. Әр ел өнері арқылы өзге халықтарға сүйікті болып, беделі артпақ. Бүгінде қателіктерімізден сабақ алып, жеңістерімізден қуатымыз артып, бұдан да биікке өрлеу жайлы ойланатын кез жетті.

ТОРТАЙ БЕКЕТ