№3 Наурыз, 2022

Біз білім туралы, білім саласын дамыту туралы көп айтамыз. Бірақ көп жағдайда сол білімді тәрбиемен сабақтастыру, ұштастыру хақында айта да бермейміз. Ал ақиқатын айтар болсақ білім мен ғылымды игерудің ең басты шартының бірі – тәрбие. Бала тәрбиесі, жасөспірімдер тәрбиесі – ұлттың болашағына тікелей әсер етуші фактор. Жақсы тәрбие, әсіресе ұлттық тәрбие алған бүгінгі жасөспірім балалар ертеңгі елдің тұтқасы болары сөзсіз. Қазіргі балалардың көбі смартфондағы есепсіз видеолармен тәрбиеленіп отырғаны жасырын емес. Қті Өйткені интернеттегі видеолардың көбі орыс тілінде немесе шетелдік танымдағы бейнабаяндар.

Жақында публицист, мәжіліс депудаты Нұртөре Жүсіп: «Біз ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. «Менің мемлекетім», «менің қазақстаным» деген отансүйгіштік сезімді терең орнықтырудың орнына қалай ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың тәк-тәк деген тиымдарымен емес, негізінен тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр» деген келелі пікір айтты.

Қазақ баласын қалай тәрбиелеген? Жалпы қазақы салт, ұлттық тәрбие бойынша баланы қалай тәрбиелеуге тиіспіз? Осы бір маңызды тақырыпқа қысқаша тоқталып өтсек.

«БОЛАР БАЛА ОН БЕСІНДЕ БАСПЫН ДЕР»

ӘКЕГЕ ҚАРАП ҰЛ ӨСЕР…

Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Ерлердің ісі бітер ме?-деген Махамбет мақамындай, ұлдың жолы ұлы жол саналып, болашақ елінің қорғаны ретінде тәрбиеленген. Әсіресе бала мен әке арасындағы тәрбие көзі қазақ отбасында мықтап бекіген. Балалары әкесі наннан ауыз тигеннен соң тамақтануға кіріскен, сосын әкелерінің ас қайыруынан соң ғана орындарынан тұрған. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы саналған. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мақтайды. Ұл тәрбиелей отырып жер иесін тәрбиелейтініміз, қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейтініміз шындық.

                         ҚЫЗҒА ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН ТИЫМ

Қазақта қыз бала дүниеге келсе үйге мейрірім-шуақ енеді деген түсінік қалыптасқан. «Қыз өссе елдің көркі», «Қызы жақсыны қыдыр қориды», «Қыз өсірсең ұятымен», «Қызсыз үйдің жүгі жиылмас», «Қыз қылығымен сүйкімді» сынды мақал-мәтелдердің көп болуы – қыз баласының жоғарғы орнын көрсетеді. Ақындар жырлағандай:
Мен қазақ қыздарына қайран қалам
Жанаағсыз қалай айтқан қайран бабам!

Қызға қырық үйден тиым болатыны белгілі. Анасы қызына тәрбие берген кезде қыздарын бір тізерлеп отыруайеу, тасыр мінез, кеселді сөзден аулақ болу; кісі бетіне, әсіресе, ер адамдардың бетіне қылымсып тсап, былшылдатып, шалпылдата шайнамау; ыдыс-аяқты жуғанда, жиғанда, сылдырлатпау; үлкен адамдар келгенде тұрып жол беру, аман-сәлем жасау; «шеше тұрып, қыз сөйлегеннен без» дейтін халық даналығын сақтау; көпшілік ортасында жыртақтап күлмеу, арын сақтау, ата-ананың рұқсатынсыз жөнсіз қыдырмау сияқты істерден егжей-тегжейлі тәрбие жүргізген. Мұның бәрі арлы қызды тәрбиелеп, арлы қыз болашақта иманы берік, ділі үстем ұрпақ таратып отырған. Қазақы тәрбиенің түп тамыры ислам дінімен, бағзы баба салтымен байланысты болып келеді. Содан да Айша бибі, Баба әже, Домалақ ана, Қызай әже, Зере әже сынды асыл аналарымыз елдің ұйытқысы бола білген.

Қорыта айтқанда, бүгінгі бала тәрбиесінің олқы соғып отырған тұсы – ежелгі діңгектен, яғни, ежелгі ұлттық қазақы тәрбиеден ажырай бастауында жатыр. Ұлтымыздың ғасырлар боқұ, баба сөзін жас ұрпақтың санасына берік сіңіріп өсірсек, жастарымыз бұдан да жоғарғы небір әлемдік асулардан бой көрсететініне сеніміміз кәміл.

Тортай Бекет