№12 Желтоқсан, 2023
Өткен он жыл ішінде халқымыздың саны едәуір артып, ұлттық құрамға қатысты көрсеткіштердің айтарлықтай жақсарғаны туралы ресми хабардың таралуы жұртшылықты қуанышқа бөледі. Ендігі жерде елімізде қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін одан әрі бекемдей түсу қажет.осрытындысы бойынша тақырыптық жинақты жариялады.
Қазақтың үлесі – 70,4%
Бұған дейін жарияланған санақтың алдын ала қорытындылары бойынша қазақтардың үлес салмағы 70 пайыздан асқаны айтылғаны белгілі. Ұлттық статистика бюросы жариялаған соңғы нақты деректер қазақ халқының саны 13,4 млн адамды құрап, 2009 жылдан бері 33,7 пайызға артқанын көрсетіп отыр. Яғни 63,1 пайыздан 70,4 пайызға көтерілдік. Алғашқы бестікке орыс (2,9 млн адам), өзбек (614 мың), украин (387 мың), ұйғыр (290 мың) этносы кірген.
Санақ қорытындысы бойынша еліміздегі этнос саны 124-ті құрады. Олар¬дың арасында лив, вепсі, ороч, долган, удэгей, цахур, маньк, ижор, кет, коряк, қырымшақ, нганасан, саам, чуван секілді аз санды ұлт өкілдері де бар. Айта кетейік, 2021 жылғы санақ сауалдамаларына «ұлтты көрсетпеу» жауап нұсқасы қосылған болатын. Осылайша, 24,8 мың адам өз ұлтын көрсетуден бас тартқан.
2009 жыл және 2021 жылдағы халық санақтарының нәтижелеріне қарасақ, 12 жылдың ішінде қазақтан басқа, негізінен мұсылман ұлттардың барлығы өсім көрсетсе, өзге дінді ұстанушылар қатары, со¬ның ішінде орыстар азайған. Мәселен, қазақтардың жалпы саны орыстардан 4,5 есе көп. Ал 1 жасқа дейінгі қазақтардың саны осы жастағы орыстардан 11 есе асып түскен. Бұл көрсеткіш біздің халықта туу көрсеткіші анағұрлым жоғары екенін, осы ұрпақ өсіп-жетілгенде еліміздегі халықтың ұлттық құрамы мүлдем басқаша болатынын білдіреді. Елімізде алеут, ульча, нгидал, швед халқының өкілдері мүлдем жоғалып кетсе, жаңадан даниялықтар, кет, нганасан, ульта, моңғол халқының өкілдері пайда болған.
117 мың қазақ ана тілінен тамыр үзген
Халқымыздың саны артқаны жақсы, ал тіл меңгеруі мен діни ұстанымы қандай деңгейде? Бұл жағынан, өкінішке қарай, әлі де сан соғар сәттер баршылық. Мәселен, Ұлттық статистика бюросы жариялаған жинақтағы «Ұлты және ана тілі бойынша халық» бөлімінде еліміздегі 13 497 891 қазақ ұлтының 13 380 107-сі қазақ тілін өз «ана тілі» ретінде атаса, 117 784 қазақ басқа ұлттың тілін таңдаған. Бұл елімізде мемлекеттік тілде сөйлей алмайтыны өз алдына, тіпті ана тілінен толықтай тамырын үзген қандастарымыздың да әлі де көп екенін аңғартып тұр.
Бір қуантарлық көрініс, 700 мыңнан астам орыс ұлтының өкілі мемлекеттік тілді меңгергендігін айтқан. Бұл – еліміздегі орыс халқының 25 пайызы. Өзге де ұлттар арасында мемлекеттік тілде сөйлейтіндер қатары артып келеді. Сонымен бірге 629 мың орыс ұлтының өкілі болашақта қазақ тілін үйренуді жоспарлап жүрген болса, 602 мың орыс тілді азамат қазіргі күні мемлекеттік тілді үйреніп жатыр.
Дін ұстану тұрғысына келсек, бұрын «ел халқының 70 пайыздан астамы мұсылман» дейтін болсақ, бұл жолы жағдай күрт өзгергені қайран қалдырады. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша халқымыздың 69,3 пайызы ғана өзін мұсылман санайтынын айтып¬ты. 17,2 пайызы – христиандар. Дінге сенбейтіндер 2,3 пайызды құраса, дінін көрсетуден бас тартқандар 11 пайыз болған. 2009 жылғы санақ кезінде олардың үлесі 0,5% еді. Өз сенімін жасырғандардың қатары 12 жылда 20 есеге артуының артында қандай сыр жатқаны жұмбақ.
Алматы – полиглоттар қаласы
2021 жылғы халық санағы бойынша 5 жастан асқан халықтың 44,9 пайызы екі тілді, 28,6 пайызы үш тілді меңгерген. Санақ қорытындысы бойынша тағы 1,7 пайызы 4 тілде сөйлейді, 5 тілді халықтың 0,2 пайызы біледі. 6 тілді ү 8 845 адамды құрады.
Қызықты дерек, ерлерге қарағанда 4-5 тілді меңгерген әйелдердің үлесі басым, олар сәйкесінше 47,9 және 52,1 пайыз. Бірақ 6 және одан да көп тілді білетін ерлер үлесі, керісінше, әйелдердің үлесінен асып түседі – 55,6 пайыз.
Өңірлік бөліністе 5 және одан да көп тілді білетін полиглоттар Алматы қаласында тұрады. Бұл ретте 35,1% немесе 6 042,1 мың адам ағылшын тілін біледі, оның 27,6 пайызы еркін сөйлейді. Жас сегментінде ағылшын тілін білетіндердің үлесі 10-14 жас және 25-29 жас аралығында көп.
20 миллионға қашан жетеміз?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 қазанда еліміздегі халық саны 19 967 964 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 387 957, ауыл тұрғындары – 7 580 007 адам. Жыл басынан бері халық өсімі 1,02% немесе 201,1 мың адамды құрады. Халық санының ең жоғары өсу қарқыны Астана мен Алматы қалаларында, тиісінше – 4,06, 2,28 және Маңғыстау облысында 1,94 пайыз тіркелген.
Халықтың табиғи қозғалысы есебінен өсудің ең жоғары қарқыны Түркістан облысында байқалды, онда халық саны – 34 097, Шымкент қаласында – 19 242, Алматы облысында 18 251 адамға өсті. Халық өсімінің қарқынын ескерсек, биыл қараша айында ел тұрғындарының саны 20 миллионға жеткен екен.
Өз тілшіміз